Бауыржан Момышұлы Москва үшін шайқас (роман)



Pdf көрінісі
бет4/45
Дата19.05.2023
өлшемі1,68 Mb.
#94921
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   45
Байланысты:
199Бауыржан Момышұлы-Москва үшін шайқас 230330 123802

КАПИТАН БУЛАТОВ 
Кеш батардың алдында қарсы алдымыздан екі салт атты шықты. Оның бірі Шехтман 
полкының штаб бастығының орынбасары, көк көз. арық сұңғақ бойлы, сары жігіт 
лейтенант Блинов екен. Ондай орындағыларды қысқарта помощник начальника штаба 
деудің орнына ПНШ деп атайтынбыз. 
Блинов біздің дивизияның штаб начальнигі бұйрығы бойынша біздің батальон Шехтман 
полкының қарамағына өтіп, бұдан былай Шехтманға бағынып, соның бұйрық-
жарлықтарын орындау жағын хабарлағалы келген екен. Одан соң ол полк командирінің 
бұйрығын карта бойынша баяндады. Сұрастыра келсек Блиновтың жалпы жағдайдан 
хабары аз көрінді. 
— 
Полк командиріне айта барыңыз, — дедім мен оған ол аттанар алдында, — ол 
кісінің бұйрығын біз орындаймыз. Біз азық-түлік жағынан өте мұқтаж халдеміз


50 
оқтарымыз да, қорамсақтарымыз да орталанып қалды. Қойшыны жұмсағанда да қарнын 
тойдырып, саймандарын түзеп жұмсайды ғой, бізді қамтамасыз етсін. Екінші айтарым: 
бүгін күн бойы бізге жәрдемдерің тиместен біздің денемізді қалқаңдап бір оқ атпай 
шегіндіңдер, ал енді болса бізді ашық далалы жерге жұмсап, өздерің орман ішіне паналап 
отырсыңдар. 
— 
Жолдас комбат, оның несін маған айтасыз? 
— 
Айтып барыңыз менің сөздерімді полк командиріне. Сіз оның сөзін маған айтып 
келдіңіз ғой. Батальон 23-ші октябрьден бері мандытып демалып ұйықтаған жоқ. Кешелі 
бері нәр татқан жоқ. Титықтап келеміз ешкімнен әдеп сақтап жасырар жайым жоқ. 
— 
Айтып барайын, жолдас комбат, барайын, — деді ұяла қызарып Блинов... 
Командирлерді ертіп болашақ позисиямызға бардық. Қаланың шығыс жағы Бықи 
қыстағына дейін ап-ашық дөңдеу келген жер екен. Дөң ортасын бір саяздау сай қақ 
бөліпті. Сай табанында ағып жатқан бұлақтың жағасы қалың біткен тал, шыбықтар адам 
бойынан биік емес. Сайдың сол жағасындағы дөң оң жағасындағыдан биіктеу. Қала мен 
Бықидің арасында аңырап жатқан кең қара жол дөңнің үстін баса өтеді. Оң жақтағы орман 
шетінен тағы бір қара жол дөңді бауырлай барып Бықиге қарата жосылып жатыр. Екі 
жолдың да сайдан өте берісінде көпірлер бар.
Демек, біздің маңдайалды міндетіміз осы ашық далада екі жол мен екі көпірді мықтап 
ұстау болды. Кімге де болса түсінікті. Рота командирлері тиісті бұйрықты алып топтарын 
жаңа орында бекініс жасатуға ертіп кетті. Рахимов біздің тоқтамды шешімімізді дұрыстап 
схемаға түсіріп полк командирінің атына ақпар жазды. Оны көріп шығып мен қол қойдым 
да, алға кеттім... 
Қараңғы түн. Аспан бұлтсыз, үстіміздегі күмбез меруертіндей жылтырай жыпықтап 
тұрған жұлдыздар шоғы. Мен алдағы шепті аралап келемін. Жауынгерлер жауырындай 
кішкене қалақтарымен жердің қыртысын аударып ор қазып жатыр. Қимылдары сылбың, 
өте шабан. 
— 
Жігіттер өте шаршады, жолдас комбат. Қалай үлгереміз, қайдам, — деп күрсінді 
Краев. 
— 
Дастарқанның бетіндей ашық жерде пана болар ешнәрсе жоқ қой. Асықпай қаза 
беріңдер. Басқа не лаж бар. Мүмкін бір нәрсе жіберсе нәрленерсіңдер, — дедім мен оған. 
...Штабқа қайтып келдім, сайдың бір жағасына жігіттер күркеше тұрғызып қойған екен. 
Ішіне енсем шөпті қалың төсеп қойыпты. Отырып түнгі әрекетті біраз әңгімелеп болған 
соң мен жантайып жаттым. Күрке сыртында аттар құрғақ пішенді күртілдете жегі тұр. 
Күрт-күрт... жүгеннің ауыздығын сылдыратып, бастарын бір көтеріп алып аттар қайтадан 
пішенді күрт-күрт жеп тұр... Мен күркенің ішінде тыңдап жатырмын. Бала кезімде кешкі 
тамақтан кейін үйден ұрланып шығып, ат ханаға барып, ақырдың алдында байлаулы 
тұрған аттарға баулаулы жоңышқалар салып, өзім бір бұрыштағы шөп үстінде жантая 
жатып аттардың жоңышқаны күртілдетіп жегенін тыңдауды жақсы көруші едім. Сол 
шағым есіме түсті. Өзім күрке демін, ойым баяғы замандағы ауылда. 
— 
Уақыт он бірден асып барады, жолдас комбат, әлі тамақтан хабар жоқ. Жігіттер 
бүгін де аш жататын болды-ау,—деді қинала Рахимов. 
— 
Жолды қазақ әңгімемен қысқартушы еді. Ашаршылық жылы біреу «аштықты да 
қызық әңгіме үстінде елемеуге болады екен», — деп еді. Соның сонысы рас қой деймін, 
Хаби, а? 


51 
— 
Рас болуы керек, жолдас комбат. 
— 
Татарлардың биляши деген тамағы болады ғой. Майда тураған етті қамырға орап 
майға пісіреді. 
— 
Ия, майға пісіреді. Әсіресе, оны ыстықтай ерінді күйдіре жеген қандай рахат. 
— 
Қазір бізге суыған биляши берсе, екеуміз оған таласып қалар едік. 
— Таласпай-ақ тең бөліп жер едік. 
— 
Таласатын да, бөлісетін де ешнәрсе болмай тұр ғой. 
— 
Ал, не айтайын деп едіңіз, жолдас комбат. 
— 
Сол биляшидің дәмін мен он тоғыз жасымда бірінші рет татып едім. 
— 
Степанов! Әлі ұйықтаған жоқсыз ба? — деді Рахимов. 
— 
Жоқ. Сергек отырмын, — деп жауап қатты Степанов күрке сыртынан. 
— 
Онда біраз ұйықтап алыңыз. Біз комбат екеуміз биляши мен бесбармаққа тойған 
кезде сізді бір-ақ оятармыз. 
— 
Жарайды, жолдас лейтенант, ұйықтасам біраз ұйықтап алайын. Маған аз да болса 
сарқыт қалдырарсыздар, — деп Степановтың мырс етіп күлгені естілді. 
— 
Бастаңыз әңгімеңізді, жолдас комбат. 
— 
Өткен-кеткенді қозғап қайтеміз, Хаби, командирлерді қай уақытқа шақырып қойып 
едің? 
— 
Олар келгенше екі сағаттай уақыт бар. Бәрібір солар келгенше отыруымыз керек 
қой. Әңгімеңізді айтыңыз, жолдас комбат. 
— 
Айтсам айтайын, ол кезде өзіміздің ауданда аудандық аткомның секретары болып 
істейтінмін. Ауданның орталығында мал дәрігерлік пункті бар болатын. Мал дәрігеріміз 
іркілдеген семіз, қасқа бас, орта бойлы Леонтьев Тимофей Васильевич деген егде тартқан 
кісі еді. Біздің фельдшер Киреевті көрген сайын Леонтьев есіме түседі. Екеуін қатар 
қойсаң, ұқсастығы сондай — бір туған аға мен іні сияқты боп көрінер еді. 
Жексенбі күні осы уақытқа дейін аудан орталығында базар болады. Бір базарлы күні 
кеңсеге әкем келіп: «Мал докторының алдына барып тұршы, қарағым, онда бір шаруам 
бар еді», — деді де шығып кетті. Қағаздарымды жайғастырып мал дәрігерлік пунктке 
бардым. Леонтьевтің қорасы кең еді. Қора толған мал: біреулері түйе, біреулері ірі қара, 
біреулері жылқы алып келген қазақтар кезегін күтіп тұр. Леонтьев жәрдемшісімен екеуі 
қораның ортасында кезегімен ауру малдарды қарап, дәрілеп - дәрмектеп, мал иелеріне 
ымдаумен, шала-шарпы қазақсымақ тілмен сөйлесіп, кеңесін айтқансиды. Бір түйелі қазақ 
олардың сөзіне түсіне қоймады. Мен жақындай барып тілмаш бола қойдым. Бір кезде 
менің әкем төртөбел дөненді жетектеп қораға ене бергенде, тұрған қазақтар: 
«Ассалаумағалайкүм, Момеке» десіп сәлем беріп, ол кісінің жасын сыйлап «кезексіз 
апарыңыз атыңызды, көрсетіңіз, біз тұра тұралық» деп шуылдасты. Әкем артқы аяғын 
сүйрете басқан төртөбелді жетелеп Леонтьевтің қасына келді. Леонтьев ала көзімен қарап, 
әкемнің кезексіздігін жақтырмады білем, аттың аяғына бір қарады да: «Сенікі алаша 
жаман. Аяқ совсем жаман», — деп қолын сілтеді. «Ай доктор, аяғын ұстап көрсеңші, несі 
бар екен?» — деді әкем. «Жаман алаша, жаман». «Бүл кәпір бір нәрсе дәметіп тұрған 


52 
болар», —деп әкем қалтасына қолын салып, ақша шығара бергенде Леонтьев ашуланып, 
«Скажи этому ахмаку, чтобы он своего коня на махан пустил» дегені. Әкем ешкімге үн 
қатпастан атын жетелеп қорадан шығып кетті. Қаба сақал орта бойлы дембелше бір қазақ, 
ұстап тұрған сыңар мүйіз қара сиырының ноқтасын біреуге ұстата салып, Леонтьевтің 
қасына жетіп барып «Тбоя жаман локтыр, моя қарошай старик, пошему сен аяқ 
қарамайды?» — деп араға түсе кетті. 
Екі айдай мен ауылға барғаным жоқ. Әкем де келіп маған жолыққан жоқ. Бір базар күні 
біздің ауылдың бір жігіті келіп: «Сені Момекең шақырып жатыр. Мал докторша келсін 
деді», — деп шығып кетті. Өткен жанжал есіме түсіп, қынжыла, қаймыға, ұяла - қызара 
Леонтьевтің қорасына бардым. Бұрынғыдай қора толған мал алып келген қазақтар. 
Олардың арасында әкем көрінбейді. Біраз күтіп тұрдым. Бір уақытта төртөбелге мініп 
әкем қораға шауып кірді де, ай-шайға қарамастан атын ойнақтатып мал қарап тұрған 
Леонтьевтің алдына барып тізгінін бір-ақ ірікті. Елдің барлығы және мен де таңғала қарап 
қалдық. Леонтьев жұмысын тоқтатып тұрып қалды. Әкем қораның топырағын бұрқылдата 
Леонтьевті айнала біресе желе жортып, біресе кәдімгідей шапқылап шыр көбелек 
айналды. Бір кезде алыстаңқырап барып аттың басын шұғыл бұрып қайтарды да, 
Леонтьевке қарай шаба ұмтылды. Доктор сескене қаймығып екі-үш адым шегінбегенде ат 
омырауымен қағып кететін түрі бар. Тізгін тартып тоқтады да, ойнақтап тұрған аттың 
үстінен қамшымен нұсқап маған: «Әй, тілмәш бала, скажи этому дураку, что его самого 
надо пускать на махан» деп орысшалап атын тақымдап, ат байлағыш желіден ырғып 
көшеге қарай шаба жөнелді... Тұрған ел қыран күлкі. Мен төмен қарап кеңсеме кеттім. 
Екі-үш сағаттан кейін кеңсеге Леонтьев келді. «Әкең қайда, мен шалдың алдында қатты 
кінәлі екенмін. Үйге шақырып кешірім сұрамақпын. «Сіз, жігітім, маған көмектесіңіз»,— 
деді егде тартқан дәрігер. 
Әкем өзінің құрбыларымен базар ортасындағы бір шайханада қымыз ішіп отыр екен. 
Леонтьевтің үйіне барғысы келмеп еді, оған бір жасы үлкендеу шал: — Момыш! Алдыңа 
келсе әкеңнің құнын кеш деген бар. Барғын, докторда иман бар екен. Алдыңа айыбын 
мойындап ұялғанынан келіп тұр ғой», — деген соң, қасындағы екі шалды ертіп әкем 
бізбен ілесті. Келсек Леонтьевтің өзінен де семіз шикі сары, ашық мінез, жайдары 
бәйбішесі қораның көлеңкесіне киіз төсеп қойған екен. Үлкен сары самауыр гүжілдеп 
қайнап тұр. Біз отырғаннан кейін қазақша дастарқан жайылып тамақтар келе бастады. 
Тамақ - шай үстінде доктор әкемнен кешірім сұрады. Екеуі қол алысып татуласты. Әңгіме 
басталды. Мен орталарында тілмәш болып отырып, дастарқан үстіндегі биляшиді 
тойғанша жедім. 
— Екі шалдың шоқысып қалып келіскені қызық екен. Дәрігер жақсы, тура дәрігер екен. А 
биляши еще лучше, — деп, орысшалап Рахимов қарқ-қарқ күлді де, — ал әкеңіз 
төртөбелді қалай емдепті,— деп сұрады. 
— 
Бұрынғы қазақтардың өмірі ылғи малмен байланысты болған ғой. Малды емдеу 
жағына тәжірибесі мол халықтардың бірі осы біздің қазақ болар. Біздің елде мал 
«хирургін»—«оташы» деп атайды. «Ота» деген түбірінен шығуы керек. «Ота» кес, жой 
деген мағынада. Әкем тартылып қалған сіңірдің айналасындағы ісікті кесіп, аттың 
жарасына дәрі шөптер таңып, төртөбелді емдеп жазыпты. Кейіннен Леонтьев әкемнен 
және басқа біздің оташылардан көп нәрселерді сұрап алым жүретін... 
*** 
— 
Жолдас комбат! Жолдас комбат! Тұрыңыз. Полк штабынан кісілер келіп тұр, —деп 
Рахимов мені оятты. Мен ұйқымды аша алмай отырғанымда: 


53 
— 
Мұнда батальон командирі кім болады,— деп киімі солбыр - солбыр аласа бойлы, 
сүйір мұрындау, бетін әжім басқан ақсары капитан күркешеге кіріп келді. Оның соңынан 
кешегі ПНШ Блинов енді. Мен орнымнан тұрып ізет көрсете қарсы алмағаныма 
шамданған болуы керек, капитан маған тесіле қарап, зекіре сөйледі. 
— 
Неге сіздің батальонда ешқандай тәртіп жоқ! Не деген бейбастық?! 
— 
Қандай бейбастыққа кез болдыңыз? 
— 
Сіздің адамдарыңыздың барлығы ұйықтап жатыр. 
-— Курортта жүрмегендігімізге бәріміздің де көзіміз жетеді. Оның несін сұрайсыз, — 
дегенімде капитанның артында тұран Блинов мырс етіп күліп жіберді. Капитан бұрылып 
ПНШ - қа ала көзімен қарады. 
— 
Жағдайды баяндаңыз, — деді маған капитан. 
—Алдымен сіз маған кім екеніңізді, не үшін мұнда келгеніңізді айтыңыз, мен сізді бірінші 
рет көріп отырмын, жолдас капитан. Маған зекіріп сөйлейтін мен сіздің тоқалыңыздан 
туған бала емеспін, — дегенімде Блинов тағы да мырс етті. Капитан ұялғандай біраз 
кідіріп тұрып: 
— 
Мен полктың химелужбасының начальнигі, капитан Булатовпын. Біз ПНШ екеуміз 
сіздің батальонды тексергелі келдік. 
— 
Тексергенде немізді түзетіп, қай жерімізді қалыпқа келтірмексіздер? Сіздердің 
тексеруіңізден батальонның хал - ақуалы өзгере қоймас. Кеше кешке мына тұрған ПНШ - 
да келіп, тексеріп кеткен болатын. Батальон аш! Қорамсақтарымызда оқ аз! Жағдай 
осылай, жолдас капитан. Мына тұрған ПНШ адал жігіт болып шықпады. 
— 
Жолдас комбат, мен сіздің сөзіңіздің барлығын айтқам. Менде билік жоқ қой, — 
деп қапаланды
— 
Сіз, жолдас аға лейтенант, өте қызбаланып сөйлемеңіз, — деді капитан. 
— 
Кімнің алдымен қыза сөйлегенін құдай бар болса көріп-ақ тұрған шығар, — 
дегенімде капитан да күліп жіберді. 
— 
Ақыл айтумен, зекіріп сөйлеп қысымға салумен батальонның қарны да тоймайды, 
қорамса да толмайды, жолдас капитан, — дедім мен бастырмалап. — Батальонды ашық 
алаңға айдап тастадыңыздар, жағдаймен жөндеп таныстырмадыңдар. Әрі-беріден кейін 
түсінікті бұйрық та бермедіңдер, кешелі бері шаршап-шалдыққан аш жауынгерлерге 
қандай қамқорлық істедіңіздер. Меніңше екеуіңіз де зеріккеннен ғана бізді тексергелі 
келіп тұрған кісілерсіздер. 
Капитан Блиновқа қарап бір нәрсе деді де: 
— 
Бәрі түсінікті, жолдас батальон командирі, бәрі де түсінікті. Ал ПНШ қайтпаймыз 
ба? — деді Блиновқа. 
Олар кеткен соң мен бұлақ суына жүзімді шайып алып, алғы шепке кеттім. Таң атты. 
Күзгі таңсәрінің суығына жер беті күрең қырауланып жатыр. 
Мен взводтан - взвод, ротадан - роталарды аралап келемін. Біздің шала-шарпы қазған саяз 
окоптарымыз қыр басынан теңбілденіп, кейбіреулері шоқпыттана көрінеді. Окоп түбінде, 
салқын қара жерде, бүрсиіп, екі бүктеліп бос құрсақ, шаршап - шалдыққан жауынгерлер 


54 
ұйықтап жатыр. Бақылаушылар біресе отырып, біресе тұрып тықыршып тұр. Мен бір 
шеттен бір шетке қарай келе жатып — әскери атағы да, жасы да үлкен капитан 
Булатовпен ренжісе қатты сөйлескеніме өкініп келемін. Ұялып келемін... 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   45




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет