1
2
Бауыржан Момышұлы
Москва үшін шайқас
(роман)
3
Бірінші кітап
КАПИТАН ЛЫСЕНКО
Күзгі таң. Түнерген аспан. Ой-шұңқырдағы сулар кілегейленіп, қабыршақтанып қата
бастаған.
Ел орнынан жаңа тұрып жатыр. Батальон салтанатты сап түзеп, қала ішімен ырғақпен
адымдап келеді. Әйелдер жылы төсектен иықтарына жылы түбіт орамалдарын асығыс
жамылып, терезелерін ашып, жақтауға сүйеніп қарап тұр. Қауіппен үрейленіп те,
таңданып та тұрған тәрізді. Колоннаның алдында келе жатып бұрылып артыма қарадым:
роталар төрт - төрт қатардан сап түзеп, бірінің соңынан бірі тізіліп, қатарларын бұзбапты.
Біз алты жүздей адамбыз. Колонналар арасында екі-екіден, төрт-төрттен жегілген 36 пар
ат тас жолды тағалы тұяқтарымен сартылдата басып, зеңбіректерді, оқ-дәрі жәшіктері
тиелген арбаларды сүйреп келеді. Саптың соңында жаралы жауынгерлер мінген, қос
дөңгелекті арба келеді.
Көптен бері жуылмаған беттері тотыққан, тозаңданған, кірпіктері кіртиген, ұйқы
көрмеген, көздерінің жиектері қызарған, еріндері кезерген, сақал-мұрттары түксие өсіп,
иықтарына винтовка асынған жауынгерлер сап тартып, салтанатпен кере басып жүріп
келеді.
Таңғы аяздан сұрғылт тартқан мылтық найзалары колонна үстіне талшыбықтың иін тіресе
өскен сабау бұтақтары тәрізді. Ол жел лебімен теңселе - ырғалып тұрғандай көрінеді.
Адамдардың аяқ басысы шашау шықпай, тас жолды зілді салмақпен алма-кезек, келсап
соққандай солқылдатып барады.
Жігіттер лай жабысқан сатпақ - сатпақ етіктерінің тұмсығын қайқайта көтеріп, серпе
тастап, қолдарын барынша құлаштай, екпінді адымдай басып келеді. Ұзыннан - ұзақ
созылған колоннаның адымдай аяқ басынан көше солқылдан, үйлер теңселіп тұрғандай...
Адамдардың түрлері сұсты, байсалды, қатал жүрістері екпінді, салтанатты.
—
Өлең баста! — деп команда бердім. Қатарымда келе жатқан Толстунов жеңімнен
тартып қалып:
—
Ойбай,оның не, комбат - ау! деп сыбырлады. Оған жауап берудің орнына
дауысымды бұрынғыдан қаттырақ шығарып:
—
Өлең баста! - деп бұйрығымды қайталадым. Рота командирлері «бір. екі; бір, екі»
— деп аяқ басуды ырғақтап жөнге сала бастады.
Бірінші ротаның өлең бастаушысы суық тиіп, қарлыққан дауыспен:
— Слушай, рабочий, война началась, Бросай свое дело, в поход coбирайся – деп әннің
басын бастай беріп, кенеттен шумақтың соңғы сөзінде даусы кілт үзілді. Үзілген үннің
елегізуіне ырық бсрмей, оның қасындағы жолдасы өктем, гүрілдеген даусымен сол сәтте
ән аяғын жұлып ала жөнелді:
Вот и окопы, трещат пулеметы, Но их не боятся советские роты!..
Ол әннің, әр топтың ырғағын сол аяғының басу ырғағына қарай сайма-сай, қазықты
қолағашпен қағып тұрғандай нақ-нақ саңқылдата айтып келеді.
—
Осының даусын естігенде жуан қаз қоңыр дауысты Михайловтың даусын
естігендей боламын да тұрамын. Па, шіркін, өйт деген - ау! — дейді Толстунов
4
құшырлана күлімсіреп. Оның сөзін өлеңнің қайырмасында әншіге екпіндете қосыла
шыққан жүздеген лектің даусы бөліп жіберді:
—
Смело мы в бой пойдем за власть Советов, И, как один, умрем в борьбе за это.
Әлгінде ғана елсіз, жұртсыз, иесіз қалғандай мүлгіп тұрған қала, көп дауысты тасқынды
әннің жаңғырығынан лезде тірілгендей, көшесіне адамдар аңдап, әр үйден шыға бастады.
Қала адамдары көшеге шығып, бізге состия, түнере қарайды. Біреулері колоннаны көзімен
бір шолып өтіп, теріс қарап қапалы жабырқау күйде көшенің жиегімен бет алдына кетіп
барады. Біреулері таңырқана таңданып, тұрған орнынан қозғалар емес... Біреулері бізді
есіркегендей көңілі босап жыламсыраған тәрізді.
Мыналардың көзқарасы ыңғайсыз - ау, ыңғайсыз көрінеді,деп күйзеле сыбырлады
Толстунов.
— Амал қанша, қайтерсіз енді, біз болсақ шегініп келеміз, біздің осы түрімізді көру
бұларға оңай дейсіз бе? Бұл жер мен Москваның арасы жап-жақын - ақ қой, «үйіме ертең
ойран салынады» деген қауіп кімді қажытып, кімді мұңайтпас, жолдас аға политрук, —
деді төмен қарап бізбен қатар келе жатқан Жалмұхамед Бозжанов.
Көшеге жапырлап шыққан балалар, ә дегенде орамалдарының ұшымен көздерінің жасын
сүртіп тұрған шешелерінің етегіне имене тығылып, олар артына қарамастан зыр жүгіруге
бата алмай, баспалап қарайды. Шешелері оларға бірдеңе деп сыбырлайды. Балалар бірте-
бірте батылданып, көшенің ортасына шығып, топтанып, солдаттарға еліктеп, бізбен
қатарласып, аяқтарын көтере басып, қолдарын сермей сілтей еріп келеді.
Біз жүріп келеміз, біз көшені жаңғырта ән салып келеміз. Қала орталығында тонауға
ұшырағандай ашық-шашық қалған магазиндер; ойран - сайраны шығып, орнында күлі
ғана қалған өртенген үйлер; дәл бір жер сілкінгендей, содан жұлынып түсіп, жалғыз
шегеге ілініп қалған сырмен жазған жарнамалар... Біз соғыс ойранының тұсынан өтіп
барамыз, көрген көзде жазық жоқ - біз оларды көріп барамыз...
Біз жүріп келеміз. Біз әңкілдете әндетіп келеміз.
Смело мы в бой пойдем за власть Советов, Ээ! Ээ... пока не помрем в борьбе за это... —
деп айқын үніміз қарқынды болса да, көмей астындағы түйе жіліктің басындай бір нәрсе
жұтылмай үн сырын бөгеп, ән ырғағын зорлап тұншықтыра шығарады. Сөйтсе де біз ән
салып, өлең айтып келеміз. Күйзелген елді, қиналған ананы, қираған қаланы көріп
келеміз... бірақ та: 1917 жылғы Октябрьдің осы бір өлеңі енді ширек ғасыр өткен соң, 1941
жылдың октябріндегі күзгі таңда гимн болып естіледі. «И как один, умрем в борьбе за
это» деген соңғы жолы ән салғандардың антыңдай болып екпіндете қайталанады.
—
Бұлардың есіне бұл ескі өлең қайдан түсті екен? — дедім Бозжановқа, не
айтарымды білмей келе жатқан мен.
—
Мынау ойранды көргенде кімнің есіне түспесін, жолдас комбат, түсінікті ғой, —
деді ол, егжей-тегжейін айтып жатпай...
Екатерина заманындағы үлгімен салынған, маңдайша, босағалары, терезе жақтаулары
оюмен нақышталған кішкене үйдің есік алдында тұрған әйелдердің ішінен бұрыл шашты
егде әйел бізге қарай бет алды. Ол тура бізге қарай келеді. Үстінде жағасы мен жеңі
кестешелеп ескі үлгілі көне көйлек, басында иығынан сусып түскен түбітті жылы орамал...
Колоннаның басында келе жатқан бізге аяғын жорғалатып кібіртіктей басып жақындады
да, қатарласа жүріп, неге екенін білмеймін, Бозжановқа қарап сөйледі. Көңілі босап, жасқа
булыққандай даусы қалтырап шығып, тұтыға сөйлеп:
5
—Шырақтарым - ау, айналып кетейіндер - ау, қайдан келесіңдер, қарақтарым, қайда
бармақсыздар?..
—
Иә, шеше, соғыстан келеміз, соғыстан,—деді Жалмұхамед.
—
Соғысқа, майданға барамыз, шеше...
—
Немістер де кешікпей келе ме, қалқам? — деп сұрады кемпір.
—
Ертең, бүрсігүндері келе қалса, біз осы жерде оларды табан тіресіп қарсы
алмақпыз, шеше... олармен біз соғысамыз, шешетай!
—
Иә, қарақтарым, иә, неміс осы жерге ойран салып, бомбалап кетті,—деді қарт
кемпір. Күйреген үйлерге тарамыстай сұқ қолын шошайта нұсқап. — Тіпті бір рет дәлдеп
шіркеуге де тастады. Қарғыс атқан құдайсыз бас ұрмаңдар, тегі құдай үйі шіркеуді де
аямады. Ешнәрсеге қарамастан бомбалай берді, қарғыс атқан қара беттер.
—
Осы келе жатқандарыңның көбі мұсылман тұқымы екенін қайдан білсін бұл
кемпір, — дедім мен Толстуновқа қазақшалап.
Бейтаныс сөзді естігенде кемпір түршіккендей, бізден қаша жөнелмек болғандай - ақ,
маған шүбәләнә, тесіле қарап, сасқалақтап қаймыға:
—
Сіз біздің адам боласыз ба? Әлде?..
—
Әлбетте, біз өз балаларыңызбыз, шеше, әйтпесе кім деп ойлап едіңіз? — деп
Бозжанов күлді. — Бәріміз де сіздің балаларыңызбыз, шеше.
—
Өзіміздің қара көз қазақтар мен қырғыздар ғой, шеше,— деді Толстунов
қалжыңдап, күле сөйлеп. — Арамызда орыстар да аз емес, шеше. Әлде көрмей тұрсыз ба?
Өзіміздің жігіттерді танымай қалғансыз ба, шешетай - ау?
— Бір құдай сақтасын сендерді, қарақтарым. Біздің медеуіміз де, қорғанымыз да
сендерсіңдер ғой. Шырақтарым, лайым өмірлерің ұзақ болғай, балаларым! — деді кемпір
бата бергендей бізден қалып бара жатып. Сөйтіп, соңымыздан көпке дейін қарап тұрып
қала берді кемпір.
Біз қаланың көшесімен жүріп келеміз.
Қаланың шыға беріс іргесіне жақындай бергенімізде, жаңбыр баяулап сылбыр себелей
бастады... Біз қала шетіне шықтық, ойпаңмен қырға көтеріле бергенімізде алыстан
мұнарлана орман жиегі көрінді. Біз қаладан өттік, мен бұрылып кейін қарадым:
соңымыздағы ойпаңда жаңа ғана оның орталық көшесімен өткен, ойран басталып, ойран
күткен түзу көшесі, әп-әдемі соғылған, қаз-қатар тігілген шатырдай ықшамды үйлі
Россияның, көп қаласының бірі.
Иә, көп қаланың бірі. Ол қалаға соғыс лебі жетіп «ертең үйіңді өртеп, күліңді көкке
ұшырып, таудан тозаң, көлден тамшы қалдырмай бүлік салып, басыңа қиямет-қайым
орнатамын...» деген жалмауыз қарт — соғыстың ызғарлы үні іргесіне жақындаған сайын
тітіркеніп, үрейлене қауіптеніп, көшесінде болашақта қан төгілерін сезіп, соғыс безгегімен
қалшылдап тұрған мұңды қаланың бірі. Ол қаланың аты Волоколамск. Ол Москва
өлкесінің бір қаласы — астанамыздың ту сырты...
Қала шеті артымызда қалды, таяудағы Возмище деревнясына жақындағанымызда бұлт
қоюлап, жаңбыр сіркірей бастады. Біз жүріп келеміз.
6
Алда, деревня үйлерінің ауласы мен бірен-саран әскери форма киген адамдар көрінеді.
Алыстан бізге олар да таңдана қарайды. Біз жүріп келеміз... Жаңбыр үдей түсіп, бетке
бүркіп - бүркіп жібереді.
Алдыңғылар тақтай шарбақты шағын ғана аппақ үйдің тұсынан өте бергенде,әлдекім
менің атымды атап шақырды.
Жалт бұрылып қарасам, генерал Панфиловтың адъютанты маған қарай жүгіріп келеді
екен.
—
Сәлеметсіз бе, жолдас аға лейтенант! Сізді генерал... шақырады, жолдас аға
лейтенант... — деп қуана, аптыға, асығып, қызыл шырайлы лейтенант ентіге қуып жетті...
Батальонды бастап әкете беруді Рахимовке тапсырып,өзім шетке бұрылып шығып
тұрдым. Алдымнан роталар топ-тобымен өз командирлерінің соңынан бұрынғысынша
қаз-қатар тізіліп өтіп барады. Жаңбыр себелеп жауып тұр. Одан именіп, одан қорғанып
бұғып бара жатқан ешкім жоқ. Бәрінің еңсесі жоғары, бастары көтеріңкі. Үсті -
бастарынан тарам-тарам сорғалап аққан судың арасынан бірнеше қиын-қыстау жағдайда
міндетті борыштарын орындап, алыстан ардақты елін сағынып келе жатқан. соғыстарда .
сағы сынбаған ер тұрпаттары көрінеді.
Байқап қарған адамға олардың көздерінен қуаныштың оты білінер-білінбес жылтырайды .
Ия, біздің мына жігіттердің еңсесі жоғары. Басты көтеріңкі ұстап, адымдай басуына ақысы
бар. Олар от шарпыған, қан құсқан жерлерді басып , жау құрсауында, түсі суық ажал
шеңгелінде қалып қойды. Жоқ, қалып қойған жоқ, жан түршігерлік арпалыспен қанды
шеңгел жау шебін жарып өтті. Қанаттарының ұшын шалдырып жаудың берік қамалдай
шебін ойрандап, талқандап бұзып шықты. Кеше ғана орындалмас армандай болып
көрінген мақсатқа бүгін жетті. Өз үйіріне қайта қосылды. Өткен күндерде шеккен
мехнаттарымыздың бәрі түс көргендей артта қалды. Сапта кетіп бара жатқан азаматтар
маған үнсіз, тілсіз жылы шыраймен қарайды. Оларға мен де жылы жүзбен қарағым келеді.
Кеше ғана ақырып-зекіргенім олардың есінде жоқ.
Осы сәтте олардың кеше ғана қыңырланып, қинала бағынғандары менің де есімде емес.
Кешегі менің зекіргеніме, онымды олардың көңіліне ауыр алғанына бүгін күлгендейміз.
Біз бір-бірімізді жап-жақсы түсінетін адамдарға ұқсаймыз. Ендеше арамыздағы кешегі
дүрдараздықтың керегі не еді дегендейміз. Ер азаматтар деп осындай-ақ солдаттарды
айтарсың...
—
Бұ жаққа, бұ жаққа жүріңіз, жолдас аға лейтенант, — деп епелектеп адъютант
шарбаққа кіре беріс есікті ашып, маған жол берді.
Мен ауыз үйден өтіп, адъютант көрсеткен маңдайшасы аласа есікті ашып, табалдырықтан
аттап тік тұрып, тәртіп бойынша рапорт бермекші бола бергенімде, генерал Панфильов
аузымды ашуға да мұрша берместен, сергек басып алдымнан қарсы шықты. Қос қолдап
қолымды ала амандасып, әкелік мейіріммен қолымды сипай қысып, өзіме таныс мейірімді
баяу дауыспен:
— Терезеге қарап тұрсам, әскерлер келе жатыр екен. Мұншама сап тартқан салтанатты
қол қайдан келе жатыр деп таңданып біраз тұрдым. Колонна басынан сізді көріп тани
кеттім, — деп ол қолымды босатып, солға қарай қолтықтап ерте жүріп. сөзін сабақтай: —
Шынымды айтсам, ә дегенде сенер - сенбесімді білмедім. Шеңберді жарып өтіп, жау
сыртынан келіп, өз тобымызға қосылғандарыңды көріп, қуанышым қойныма сыймай
кетті. Жақсы келіпсіздер, жақсы келіпсіздер... — дей беріп тебіренген генерал кілт тоқтап,
маған шешінуді ұсынды.
7
Қысылтаяң жағдайда мына сұрапыл соғыста ұзақ уақыт көріспей жүріп, кездескен шақта
генералдың қуанышты, әкелік сүйіспеншілігі, сүйкімді сөзі менің тамырымды иіткендей
елжіретті. Өткен күндері мен бұлай кездесеміз деп ойламап едім. Бастапқы соғыс
күндерінде штабпен жөнді байланыса алмай, көрші батальондармен иін тіресе
қолтықтасып бірге тұра алмай, өз полкымның командирімен байланысты үзіп алып,
барлығынан айрылып қалып, жеке дара соғыс жүргізіп, жау сыртында қалғаным үшін
генерал мені үлкен айыпқа бұйырар деп ойлаушы едім. Өткен күндері мен зор уайым
соңында едім, уайым да менің қыр соңымнан қалмап еді.
Сондағы ойымша генерал біздің қайтып оралғанымызды естіп, мені мұндай құшағын
жайып қуана қарсы алмас, тек менің полк командирім майор Елинге: «Момышұлын
орнынан ал! Шенін төмендет!»—деп жарлық етер де қояр деген ауыр ой толқытып, нар
жүгіндей жаншып басып, еңсемді бірнеше рет төмен түсіріп еді.
Егер де бетпе-бет кездесе қалсақ, генерал қасына шақырып алып,маған ақырмас та,
зекірмес те, нұқымас та, соқпас та, балағаттап ақыреттемес те деуші едім ішімнен.Ондай
одағай мінез генералда жоқ екенін мен бұрыннан білетінмін. Бірақ қабағын шытына түйіп
тұрып, даусын жарқын шығара қаттырақ сөйлеп, әдепті тілде зілдей ауыр сөздермен мені
кінәлап, айыптарымды мойныма қоя отырып: «Жолдас аға лейтенант, батальонға өзіңіз
қолқалай сұранып бардыңыз.Мен сізді өз тілегіңіз бойынша тағайындадым. Батальон
басқару оңай іс емес екенін мен сізге сол кезде-ақ ескертіп айтқан болатынмын... Енді
батальонның батарея емес екеніне көзіңіз жеткен болар, жолдас аға лейтенант. Батальонда
сіздің «ноль - нольмен», «солға таман, оңға таман ноль – нөліңізбен», «соңынан бәрін
бастырмалата ат» емес. Батальон басқару үшін тактика керек. Әдіс қолданып, соғысу
керек екенін кезінде сізге ескерткем. Соғыс ойыншық емес, шырағым...
Мен сізге сеніп журуші едім, сөйтсем қолынан іс келмейтін болбыр командирлердің бірі
екенсіз ғой... Ал сіз болсаңыз біздің ісімізге көп кесір - кедергі келтірдіңіз. Әскери саптан
түгел бір батальонды алын кетіп, ешкіммен жөнді байланыса алмастан, жау сыртында
салақтап қалып қойып, партизан болғыңыз келді ме? Жоқ, жолдас аға лейтенант, менің
дивизиям партизан отряды емес, салалы, арналы армияның дивизиясы. Сіз сияқты кез
келген аға лейтенант дивизиядан бір-бір батальонды беталды суырып алып кете берсе, не
болмақпыз? Мен партизан отрядының командирі емеспін. Meн тұрақты дивизия
командирімін. Менің әскери жоспар - жобама кесір келтіруіне жол бере алмаймын... Сіз
сияқты пайдасынан зияны мол батальон командирінің енді маған керегі жоқ...». Кездескен
кезде генерал маған осылай айтып айыптар деп ойлаушы едім.
Соңғы бес күн, бес түн бойы мен осындай қатал да болса әділ үкімді естуге өзімді-өзім
дайындап едім. Ал енді болса, генерал менің алдымнан шығып рапорт айтуыма да
мұршамды келтірмей, шапшаң басып қасыма келіп, қолымды қос қолдап қазақша алып,
сәл қиғаштау қара көзімен маған тебірене, қуанышты жүзі жайдарылана қарап, көпке
дейін қолымды өз қолынан босатпай тұрды. Meн сенер - сенбесімді білмей, тұрдым да
қалдым.
— Отырыңыз, жолдас Момышұлы, отырыңыз, — деп үстінде топография картасы жатқан
столдың жанындағы орындықты нұсқады. Отырыңыз, отырыңыз... Шай ішкіңіз келе ме?
Тамақтанып алсаңыз қайтер еді? — деп қадірлі қонағыңдай қарсы алып, менің жауабымды
күтпестен есікті ашып, бір кісіге бұйрық берді.
Мен «не болып қалды екен» деп сұраққа жауап таба алмай, ал-дал болып генералдың
осынша мейіріммен қарсы алғанына түсіне алмай, имене жалтақтап, күйгелектей барып,
орындыққа отыра кеттім...
8
Біз көріспеген аз уақыттың ішінде генерал арықтап, бұрынғыдан да кішірейіп еңкіштеніп,
кителінің жағасы мойнына кеңейіп қалыпты. Мықынынан балағына дейін екі елі қызыл
әдіпті генералдық белгісі бар шалбары өзіне шақ еместей олпы-солпы болып көрінеді.
Жүзі тотыққан, әжімдері бұрынғыдан гөрі терең сызаттана түскен.Қысқа бурыл шашы
қылтанақтай тікірейіп тұр. Мұрны мен иегі аздап сүйірленген. Бұрын мұқият күзеп
жүретін суағарындағы бармақтың тырнағындай төрт бұрышты қара мұрты бұрынғыдан
гөрі тікірейе өсіп кетіпті. Соғыс әуресі кейінгі күндері мұртын басуға мұршасын
келтірмегені сезіледі. Генерал маған осы жолы бірінші рет қартайып, қажығандай көрінді.
Генералдың мына мұндай келбеті өзімнің марқұм қарт әкемді есіме түсірді. Әкем де
генералдай сақал-мұртын, шашын бурыл басқан кісі еді. Генералмен осы кездесуім
әкеммен соңғы рет кездескенімді көзіме елестетті. 1938 жылы Қиыр шығыстың өркеш-
өркеш таулары, Уссуридің дүлейлене біткен ұшы-қиыры жоқ ормандары, Сквородино мен
Волочаевкадағы мәңгі суық аймағы арқылы жүріп Амурдың ирек өзенін тіке кесіп,
Байкалдың жағасындағы алыс тескен тауларынан өтіп, Сибирьдің кең дала жазығы мен
тауларын басып, Қырғыз Алатауының бауырында жатқан Жуалыдағы туған ауылыма
Владивостоктан он бес күн, он бес түн дегенде зордан жеттім. Көптен көрмеген қарт
әкемді сағынып жеттім. Алдына алып әлдилеп, саған келген маған келсін деп тілеп, бөпем,
балам деп, бауырына басып, мәпелеп өсірген, тентектік етсем кешірген, мені көп жасап,
азамат болсын деп тілеген әкемнен қымбат маған кім бар еді? Сол кісімен жолығуға асыға
келіп жеттім.
Мен ауылға жақындай бергенімде, еңсесі түсіп бүкірейген қарт әкем үйден кібіртіктей
басып жүгіре шығып, қарсы алып, әкелік мейірім билеп, қол-аяғы қалтырап, көкірегі
сырылдап, көзі жасаурап қолымды ұстап аймалап сүйіп, мойнымды теберіктей иіскеп,
балапандай бауырына қысып көпке дейін құшақтап тұрғанын мына кездесу есіме түсірді.
Мені құшағынан босата беріп, әкем хал-жайымды сұрамастан, даусы дірілдеп,
сасқалақтап, біздің ауылдың кісілеріне: «Әй, сендер, неғып тұрсыңдар, неге осы уақытқа
дейін самауыр қоймайсыңдар? Әлгі соятын қойды осы уақытқа дейін өрістен алып келген
жоқсыңдар ма? Тез бір баланы шаптырып жіберіңдер! Үйге киіз, көрпені қалыңырақ
төсеңдер, неғып тұрсыңдар, барыңдар», — деп ауылдағы қарсы алған жігіттер мен қатын-
қалаштан мені қызғанғандай олардың әрқайсысын әр жаққа жұмсағанын есіме түсірді.
Әкемнің соншама күйгелектейтіндей - ақ мен жолда арынын ашынып келмеген едім. Бірақ
та әкем жарықтық шырылдап, аузын ашқан балапанына дән берген қарлығаштай, алдымен
мені жұмсақ орынға отырғызып, ыстық тамақ беру үшін басқалардың да мазасын алып
еді. Мен шынында да аш та, жалаңаш та емес едім. Сонда да болса жыл сайын өте алыс
Қиыр Шығыстан қарт әкемді, кіндігімді кесіп, кірімді жуған туған жер, туысқан елді аңсап
келуші едім. «Бөпем» деп сүйген әкесін, оның «адам бол, қалқам» деп тілеген тілегін,
«сергек бол» деп сенген ұясын кім сағынбайды? Иә, мен шынында да жыл сайын демалыс
алғанда Қиыр Шығыстан ауылға «ашығып» жететінмін. Сағынып аңсап келетінмін.
Әкемнің аймалағанын, қампиған ескі сары самауырын шайын сусынымды қандырып, әке
мейірімінен бал жеп, біздің Айнабұлақтың шербет суына жуынуды аңсап келетінмін.
Айнабұлақ! Мыңбұлақ! Өмірге тұңғыш келгенімде дүниеде теңдесі жоқ нәрлі сумен мені
шомылдырған, мені жуындырған бұлақ. Мен алғаш суын ішкен, мені әлдилеп сүйген,
маған сенген, туған жерім Мыңбұлақ!
— Кәне, жолдас Момышұлы,— деп генерал менің ойымды бөліп жіберді. — Ал енді сөз
бастаңыз. Адам шығыны көп пе? Осыны айтып ол бір нәрсе есіне түскендей, тықыршып
қабағы түйіліп, маңдайы жиырылып кетті де, әлденеге ашуланғандай-ақ сөзін үзіп, —
кешіріңіз, батальоныңызда тамақ бар ма, жігіттердің қарны аш емес пе? — деді.
9
Мен біздің жорық ошақтарымызда екі күннен бері от жағылмағанын айттым. Генерал
орнынан ұшып тұрып терезе текшесіндегі телефонды алып:
Момышұлының батальонына тездеп ыстық тамақ берілсін! Үйлерге орналастырылсын!
Демалу жағы қарастырылсын, — деп шаруашылық бөліміне бұйрық берді.
Генерал орнына қайтып келіп, маған қарама-қарсы отырды да, папирос ұсынып сұрағын
қайталады.
—
Ал, адам шығыны көп пе? Мен болған шығынымды айттым.
—
Жараланған жауынгерлер қалып кеткен жоқ па?
— Ешкімді қалдырған жоқпыз, оларды осында алып келдік, жолдас генерал.
Генерал тағы да телефонды алып, штаб бастығымен сөйлесіп: «Момышұлының батальоны
жау тылынан өтіп келді» деп армия штабына хабарлауды бұйырды.
— Иә, солай деңіз, Иван Иванович! Батальон түгел күйінде, жауынгерлік қалыпта деңіз.
Жойылып кетпепті, жау қолына түспепті, артиллериясы да, көлік, арба - саймандары да
түгел, ұйымдасқан түрде Волоколамскіге келіп жетті деңіз.
Иә, солай деп баяндаңыз, Иван Иванович. Генералдың осы айтқаны менің ойымды орнына
түсірді. Мен оның сөзін бөліп:
—
Жолдас генерал, алты жүз адамның тоқсаны біздікі емес. Оларды біз бытырап
жүрген жерінен жол-жөнекей жинап алдық дей бергенімде: «Орынсыз араласып сөзімді
бөлме» дегендей ишарат білдіріп, генерал телефонды тыңдап тұра берді. Мен қысылып
сөзімді тыя қойдым. Ол тұрған бойы штаб бастығының баяндамасын тыңдап, стол үстінде
жатқан картаға үңіле қарап тұрып:
—
Иә, мм... ме... солай, солай. Жоқ, жоқ, жоқ, — деді кенет шорт кесіп. — Олай
болмас, мұндай жым-жырт тыныштыққа мен сенбеймін. Тағы да сұрастырып, әбден
анықтаңыз, Иван Иванович. Дауыл алдында күн райы әрдайым ашық болдының кері келіп
жүрмесін. Оларға бір сенімді пысық офицер жіберіңіз. Иә, иә... иә... Капитан Гофманды
немесе майор Стариковты...
Телефонды орнына қойып, генерал картаға тағы үңілді. Қолына қалам алып, аспай-саспай
бірнеше белгі түртіп түсіріп тұрып, қасы тағы да түйісіп кетті. Қаламның сыртымен
столды тоқылдақша тықылдатып, біраз ойлап тұрды да, өзіне өзі күбірлеп, — иә, иә,
солай, солай... — деп мақұлдады да, сонан соң жалт бұрылып маған қарап: — Айтпақшы,
сіз маған не демек едіңіз, жолдас Момышұлы, — деді.
Мен жол-жөнекей бір-бірлеп, топ-тобымен бізге қосылған жауынгерлер туралы, олардың
кейбірі сонау шекарадан бері келе жатқаны туралы, оларды бөлек колоннаға тұрғызып,
жан-жағына күзет қойып алып келгенім туралы айттым. Осыны айтқанымда генерал
ұнатпастан, ренжігендей пішін білдіріп, қабағын шытты.
— Meн бұл мәселе жөнінде сізден басқаша ойлап, басқаша түсінемін, жолдас Момышұлы,
деді ол салқын жүзбен көзіме тіке қарам. Қоршауда қалған жалғыз-жарымдар кім еді? Сіз
оларды кімдер деп танисыз? Олар мына қырғын соғыста полктерінен, бөлімшелерінен
адасып қалған біздің бейшара жауынгерлеріміз. Мына шәт - шәлекейде сүйенер, медет
етер командирінен, жолдастарынан ажырап, қорғансыз қалып, ашып - азып, өз тобын, өз
үйірін іздеп келе жатқан өзіміздің солдаттар олар. Олар ел десе еңіреген, ақ ниетті адал
жігіттер, жолдас Момышұлы. Олар опасыздар емес. Олардың неміс қолында қалғысы
10
келмей, өз тобын табуға талпынып, өзегі талып, азаптанып, қорлыққа көніп, тәуекелге бел
байлап, бірнеше қиындықтардан толарсақтан қан кешкендей өтіп шығыпты. Бұл сізше
ерлік пе, қорқақтық па? Меніңше, бұл ерлік. Азаматтық, адалдық. Олар өзіміздің адамдар
ғой, шырағым-ау! Олардың қоршаудан ұйымдасып шыға алмағанына көбі кінәлі емес,
олар бізге қосылып соғысқа қайта бармақ болып келгендер емес пе?
Генералдың бұл сөзінен кейін жаңа бізге қосылған тоқсан жауынгер туралы бірбеткей тіке
сөйлегеніме енді өзім қатты қысылдым. Жорық кезінде оларға тым қатал болғаным қазір
көз алдыма елестеп, жаныма батты. Оларды бөлек тұрғызуға бұйрық бергенімде, шекара
формасын киген, сақал-шашы өскен, ұзын бойлы әлеуетті бір жігіт наразы болып, бетіме
тіке қарап тұрып: «Немене, жолдас аға лейтенант, біз сізге тұтқынбыз ба соншалықты?»
—деп еді. Meн зекіріп тастамақшы болғанымда, оның қасындағы жай киім киген бір қаба
сақал жолдасы әлгі жігітке жылы сөйлеп, оны жұбатқандай: «Ештеңе емес, Иван
Митрофанович, құдайдың мұнысына да шүкір,өзіміздің адамдарға тұтқын болсақ
арманымыз не?» — деген еді. Содан кейін әлгі шекарашы жігіт түсі жылып, күлімсіреп:
«Мейлі, жолдас аға лейтенант, мақұл, сіздің қарамағыңызда - ақ болайық» — деп сапқа
барып тұрып еді.
Біраз ойланып өз сөзін өзі ұқыптағандай болып, ол тағы: «Майдан шебін бұзып өткеннен
кейін бізге қару - жарақ береді, сонда жауға біз де қайта тиісеміз», — деген еді,«өзіңнің
қаруың қайда?» — деп оның сөзін кекесін түсініп, мен зекіре сұраған ем сонда: «Міне,
жолдас аға лейтенант», — деді ол сабырлы түрде қойнынан бір револьверді суырып алып,
түсі суық қара револьверді қолына салмақтап ұстап тұрды да, тағы да былай деді: «Бірақ,
жолдас аға лейтенант, мұның ішінде небәрі екі-ақ патрон ғана. "Сақтықта қорлық жоқ"
дегендей бір айдан бері қасқалдақтың қанындай сақтап жүрмін. Жаман айтпай жақсы жоқ,
бірдеңе бола қалса бір оғы неміске, бір оғы өзіме деп сақтаған едім». Сөйтіп, ол
револьверді қайтадан қойнына тығып қойып еді. Қазір бұл әңгімені генералға айтуды
ұмытып кетіппін. Енді есіме түскенде әдейі айтпай ішке бүгіп қалдым. Өйткені тоқсан
жауынгер туралы өз айтқаным өзіме соққы болып тигені онсыз да жеткілікті болды.
— Мен сізге қарағанда көпті көрген солдаттардың бірімін, жолдас Момышұлы. Мен
олардың мұңына,қайғылы халдеріне түсінем, олардың қадірін білем. Осы кездің өзінде
олардың талайымен кездесіп әңгімелестім де, — деп генерал сөзін жалғастыра беріп, —
олардың көбі жігерлі, ұстамды, тұрақты адамдар. Өзіңіз ойлаңызшы, жау жағына өтіп
кетуге немесе жау басып алған аймақта қалып қоюға олардың мың мәртебе мүмкіншілігі
болды ғой. Бірақ олар мейлінше қорлық көріп, азаптана құз-қиядан өтіп, азып-тозса да
қайтадан сапқа тұруға тырысыпты. Олар соғыстан қашып келе жатқан жоқ, соғысты іздеп
келе жатыр. Өйткені, олар біздің жеңісімізге шын жүрегімен сенеді. Ал егер Совет өкіметі
жеңіледі деген пасық пиғылда болса, мұншама азаптанып, жаннан түңіліп тәуекелге бел
байлап несі бар еді олардың? Жеке-жеке бытырап келе жатқандарды жиып алып, басын
қосыл алып келгеніңіз дұрыс болған екен.
Генерал өзінің айтқан сөздерін пайымдап, қайта-қайта таразыға салып отырғандай-ақ
біраз үнсіз отырды. Шынымды айтсам, генералдың көкейге қонымды әділ сөздерін сонда
бірден түсіне алмадым, әрі тоқсан адамға бола генералдан сөз естігенім жаныма батты.
Генерал ақырып айтпаса да, әр сөзі зілдей ауыр тиді, жәбірлендірді, зығырымды қайнатты.
Оны сезген генерал мұртынан күлімсіреп:
—
Қане, қане, ал айта беріңіз, айта беріңіз, — деді. Оның «айта беріңіз» дегенін мен
«әңгімеміз осымен бітті» деп сыпайылатқаны ғой деп түсіндім. «Мына сын сағатта
жұмысы көп, шаруасы тығыз кісінің уақытын алып отырмын - ау», — деп ойладым да,
оның ойын бөліп, басты істерден қол үздірмеу үшін барынша қысқаша баяндауға
тырыстым.
11
Қала күйреп, от құшып, көк күңіреніп, жер тебіреніп, ел күйзеліп жатқанда, өмір мен өлім
арасындағы қиян-кескі арпалыс, жойқын сұрапыл болып жатқанда, генералдың менімен
әңгімелесіп отыруға уақыты мүлде тапшы деп түсінгенім ғой.
Жиырма үшінші октябрь күні кешке, — деп бір жетіні аттап өтіп бара жатыр едім...
Жоқ, шырағым, жиырма үшінші октябріңді қоя тұр, -— деді генерал сөзімді бөліп.
— Сіз сөзіңізді Житаха мен Синьководан бастаңыз, — деп генерал сол жерлерді картадан
шұқып көрсетті. — Біздің соғысты жобалауымыз есіңізде ме? Сол жоба іс жүзінде қалай
болып шықты. Әңгімені содан бастаңыз.
Мен лейтенант Донских пен Брудный бастаған алдыңғы шептегі взводтардың соғысы
туралы, олардың ерліктері туралы қысқаша баяндап бердім.
Бәрін тыңдап болғаннан кейін, генерал маған: Бір ұрыста тоғыз мәртебе жараланса да бір
адым кейін шегінбеген Донскихты наградаға ұсынуды және оның туған-туысқандарына ол
жөнінде хат жазуды бұйырды.
Брудныйдың әңгімесін айта бастағанымда, генерал үн-түнсіз тыңдап отырды, бірақ
елеңдеп, сабырсызданып, қалтасынан сағатын аларын алса да, оған қарамай, тек оң
қолының бас бармағымен дөңес шынысын сипалай берді. Мен де сасқалақтап, бұл нышан
жақсы хабардың белгісі емес-ау деп сезе қойдым. Мен нар тәуекел, не болса о болсын
деген оймен жасырмастан, жаппастан бұл лейтенант туралы жай-жапсардың бәрін түгел
жайып салып барып, бір-ақ толастадым. Генерал да үн қатпай отырды. Сағатын столдың
үстіне қойып, маған жақындай беріп, жылы шыраймен сөзімді бөліп, өзі сөйлеп кетті.
Қызуым басылмаған мен сол шақта бұл кісі өзімен-өзі сөйлесіп отыр ма деп қалдым.
Талап қою бар да, қаталдық бар. Талап қою — заңды нәрсе. Қаталдық заңнан тыс.Әйтсе
де... — деді ол осы бір сөзді созып айтып, маған көзінің қиығымен қарап. Мен де оған көз
тайсалдырмай тіке қарадым. — Әйтсе де, — деп қайталады, бір жағынан сіздікі өте дұрыс.
— Менің нем дұрыс екенін айтпастан, осы мәселені ойлап, пішіп тұрғандай тоқтап қалып,
стол үстінен сағатты қайта алып, шынысын тағы сипалар отырды да, ой желісін
сабақтағандай: — Сіз, әрине, білесіз ғой, соғыс бұл екі ұғымды жиі-жиі
шатастырады.Олай болмаса соғыс та бола ма. Шатақ, шатасу соғыстың кесапатты заңның
бірі емес пе. Брудныйдан және қоршауда қалған тоқсан солдаттан міндетті орындауды
қатал түрде болса да, әділ талап еткенсіз. Оныңыз дұрыс. Мен де сүйтер едім. Соғыс кей
кезеңде табандылықпен талап қою мен қаталдықтың арасындағы айырмашылықты жойып
жібереді.Соңғы сөздерді генерал салмақпен айтты. — Әлбетте, соғыста кезінде дауласып,
мәселені ортаға салып талқылап жатуға уақыт жоқ. Кей кезде мейірімді, қайырымды
болуды, адам баласына жан ашырлық сезім білдіріп жатуды ойлауға да уақыт аз. Соғыс
пен ұрыс пәрмені әрекетті, әсерлі, тапқыр, қатал қимылды уақытында тез талап етеді.
Сонда да болса, шектен шығып, қалыптан аспау керек. Командир ер серкесі, ер ағасы,
жауынгерлердің жетекшісі. «Сергек ой — ер серігі» деген мақал бекер айтылған емес.
Қызбалыққа жол бере берсек, қырып алу оп-оңай-ақ. Ашуға тізгінімізді меңгертсек,
орынды айыптаудан адасып, жазасызды жазалап адасуымыз сөзсіз...
—Жолдас генерал, менің жаза басып, қате кеткен жерім қайсы, сонда? Ашық айтыңызшы?
— деп жіберіппін қысылғанымнан.
—
Менің жаза басып, қате кеткен жерім қайсы, сонда? Ашып айтыңызшы? — дедім
мен шыдай алмай.
12
—
Сіздің қиын-қыстау жағдайда бір шешімге келіп, оны іс жүзіне асырғаныңыз оңды
екені даусыз. Сіздің командирлік еркіңіз, сіздің шешіміңіз сәтті орындалыпты — бұ да
жақсы.
Сіздің алдыңызда Брудныйдың кінәлі болғанына дау жоқ. Оны сіз қуып жіберіпсіз. Ол ыза
мен намыс бойын кернеп, жаны ашынып барып ерлік істепті. Ерлікпен өз кінәсін ақтап
шығыпты. Кетіп қалмапты, өзіңізге қайтып оралыпты. Міне, енді соның алдында сіз
кінәлісіз. Оған тым қаталдық істеп кінәлі болдыңыз. Сіз оған: «Қайда барсаң онда барғын,
ақыры немістерге кете бер, сен енді маған керек емессің!» — депсіз. Қаңғып жүріп қаза
тапса немесе айтқан жердей аулақ, Отанға опасыздық істеу жолына түссе сонда не
болмақ?..
Бұныңыз дұрыс екен. Адамды өлімге итермелегенім үшін немесе опасыздардың жолына
айдағаным үшін өмір бойы жаным қиналып, арым күйзелер еді, жолдас генерал.
Е, мәселе сонда, жолдас Момышұлы, мәселе сонда. Мұны өзіңіз енді байқап, түсініп
айтып отырсаңыз, жақсылықтың белгісі.
Мұны маған түсіндіріп, байқатып айтқан өзіңізсіз ғой, жолдас генерал.
Айту, әрине, оңай. Бірақ, сол айтқанға түсініп, ұғып, білу қиынырақ... Ал, біздің көп
жігіттер кейде, жаманшылық ойламаса да асыра сілтеп ұрда – жыққа салып кетеді. Сіз
мына жағдайда командирлік билікті аздап асыра сілтеп жібергендейсіз - ау. Меніңше,
Брудныйды командирлік қызметіне қайта қойып, жолдастарының алдында оны ақтау
керек болар. Бұдан былай өте - мөте бір ерекше жағдай болмаса, кісілерді орнынан
ауыстырудың қажеті жоқ. Қанша дегенмен, әрбір жауынгер өз командиріне, өз
жолдастарына, өз полкына бауыр басып, үйір болып қалады да, туған үй ішімдей жақсы
көреді. Брудный қайтып келіпті, өйткені ол сізге бауыр басып, үйір болғанның бірі, — деп
генерал сұқ қолымен нұқи сөйледі. Бұрын-соңды генералдың бұлай нұқи сөйлегенін
көрмегендіктен мен шегіншектеп барып состиып қалдым. — Сөз жоқ, сіз оның көңіліне
қатты қаяу салғансыз, бірақ та ол сізді ішінен жақсы көреді, жақсы көрмесе қайтып келіп
несі бар еді оның.
—
Оны мен де жақсы көремін, жолдас генерал.
—
Әңгіменің өзі сонда болып тұрған жоқ па.
—Рас, жолдас генерал, мен оз правомды аздап арттырып қырап жіберген екем.
— Аздап емес, көбірек арттырып жібергенсіз. Бұдан былай командирлік билігін қалыптан
асырмай істеп көруге тырысқаныңыз жөн болар. Ал, менің дәрежем сіздікінен гөрі
жоғарылау ғой. Бірақ мен әзірше дивизиядан ешкімді қуған жоқпын. Брудный үшін маған
айтылған генералдың осы сөздерінен ауыр сөгіс қайдан болсын?
Рас, айып менде екен, жолдас генерал, оған түсініп отырмын.
Айыпты емессіз, қызбалаусыз, кей кезде тым қызбалаусыз. Ал, жаңағы соғыс жөніндегі
әңгіменің жалғасын айта беріңізші.
—
Ар жағы белгілі ғой, жолдас генерал. Оның несін айт дейсіз?
—
Қорықпаңыз, именбеңіз, мен сізге әлі бірде-бір рет зекіріп, не ұрысқан жоқпын
ғой. — Осыны айтқанда генералдың бұрынғы байсалды жүзі өзгеріп сала берді де, түрі
жайдарыланып, мұртынан күліп қойды.
13
—
Рас, ұрысқан жоқсыз, — дедім мен де қалжың ретінде. Сөйтіп екеуміз де күліп
жібердік. Бағанадан бергі аңдысып тұрған салқын қатынас осы күлкімен шайдай ашылып,
бұдан былайғы әңгімеміз жылып сала берді.
—
Қалай соғыстыңыздар, соғыстан не үйреніп, не біліп шықтыңыздар, алдымен
осыны айтыңыз. Соғыс тәжірибесін үйреніп, жіпке тізіп қорыту, кәнігі болу — біз үшін
өте маңызды мәселе.
Мен оған Новлянск, Васильево түбінде болған бірінші ұрыстарды айтып бердім. Генерал
кейбір кезде сөзімді бөліп, көп нәрсені қайта сұрап, әбден анықтап алып өз картасына
түзетулер енгізіп отырды да, бір нәрсе есіне түскендей қаламын столға қоя беріп:
—
Сіз капитан Лысенконы білуші ме едіңіз? — деп сұрады.
Мен капитан Лысенконы бұрыннан, Алматыдан білуші едім.
«Ол кісіге не болып қалды?» деп сұрадым генералдан. Генерал қабағы жабыңқы, жүзі
қапалы кескінмен біраз отырды да:
—
Ол өз батальоньмен бірге ерлікпен қаза тапты, — деді.
Сол сәтте капитан Гофман кіріп келді. Аласа бойлы, бұйра шашы қысқа қысқартылған,
жас пішінді, жылы жүзді жігіт. Мен орнымнан тұрып, Гофман екеуміз амандастық.
—
Иә, жолдас Гофман, бүгін біздің тобымызға жолдас Момышұлының батальоны
келіп қосылады, — деді генерал. — Мен мұның сөзін тыңдап, сіздің сызған
жобаларыңызды түзетіп отырмын, — деді ол тағы да қартаны көтеріп, — жолдас Гофман,
бұл кісі болған оқиғаның тірі куәсі. Сіз бен біз мұнда отырып дұрыс жобаламаппыз,
жоғарғы орынға кейде дұрыс мағлұмат бере алмаппыз.
—
Жолдас генерал, мен сізге әрдайым біздің болжауымызды ғана айтқан болатынмын,
— деді Гофман қысылыңқырап.
—
Әрине, — деді генерал, — кейбір деректеріңіз сайма-сай келсе де, кейбіреулері
шәлкес. Ал, не айтайын деп едіңіз?
Гофман көзінің қиығымен қолтығындағы қара папкаға қарап:
—
Мынаның ішіндегіні сізге баяндайын деп келіп едім, жолдас генерал, —деді.
—
Қап, осы жағдай асықтырып, аптықтырып, жағадан алады да тұрады. Айыпқа
бұйырмаңыз, — деп генерал маған бұрылып әбігерленгендей, — әңгімеге айналып
отырып сізге деген тамақ естен шығып кетіпті ғой. Ал, анау кішкене бөлмеге барып,
тамақтанып алыңыз, — деді көрші бөлмені нұсқап. — Сіз тоя тамақтанып алғанша, біз
Гофман жолдас екеуміз біраз сөйлесіп, сөзді пісіріп алайық, — деді.
Мен аласа ғана дөңгелек столдың жанына келіп отырдым. Аспаз қаймақ қатқан капуста
сорпа әкеліп алдыма қойды.
- Бір жұтым арақ ішіп жіберсеңіз қайтеді, жолдас аға лейтенант? — деді маған адъютант.
Көрші бөлмеден генералға мән-жайды баяндап жатқан Гофманның қоңыр сазды даусы
естіледі.
Meн оған зейін қойып тыңдамастан,көптен бері ішпеген ыстық сорпаны үсті-үстіне бір
екі-үш ұрттап жіберіп, қанағаттанып алғаннан кейін капитан Лысенко ойыма түсті.
14
Әлі есімде: біздің дивизия жаңадан құралып жатқан кезде ол штабқа келіп еді. Бір жолы
мен генерал Панфиловтан шығып келе жатқанымда, ат жақты, баптап ширатылған
жылтыр қара мұртты, бір жағына жыға қайырған шашы бар, бір сылқым атты әскердің
офицері ауыз үйде отыр екен. Оның жалпы пішіні маған Чапаевтың бас киімсіз түскен
суретіне ұқсағандай көрінді. Аяғын алшайта созып, орындыққа шалқая отыр екен. Сәнді
етігінің сірнесінде күміс білезіктей тағылған жалпақ шпор жалтырап тұр. Мен оған жүре
сәлем беріп, өтіп бара жатыр едім...
—Ей, аға лейтенант, тоқтай тұршы, — деп нақ мен оның екі туып бір қалған інісіндей - ақ,
үйіре қолтықтай беріп, жауырынымнан қағып, құлағыма бетін тақап: Анда қалай? — деп
сыбырлады.
Сеніңше қалай, генералдың үстіне рұқсатсыз кіріп барғаным айып болмас па екен? — дей
бергенде кабинеттің есігі ашылып генерал көрінді. Ол табалдырықтан аттай беріп кідіре
тоқтағанда, қасымдағы капитан шпорын сыңғыр еткізе екі өкшесін сарт еткізіп, ізет құрып
тікесінен тік қалт тұрды да қалды.
—
Жолдас капитан, сіз маған келіп тұрсыз ба? — деп сұрады генерал.
—
Солай, жолдас генерал, сізге келіп тұрмын.
— Кіріңіз онда, кіріңіз,—деп генерал шегіне басып кабинетке қайта кіріп кетті.
Капитан шпорын сыңғырлатып салқын басып, кабинеттің алдына бара бергенде,
қайырыла жымыңдап, ымдап кідіріп тұрып мені шақырып алып:
—
Сен мені күте тұр, — деді де, генералдың кабинетіне еніп кетті.
«Осы сылқым кавалеристердің бейтаныс адамға тапа туған кіші жиеніндей «сен» дейтіні
не деген әсіренділік», деп ішімнен жиренгендей болсам да, бірақ, осы қайтер екен деп
күтіп тұра бердім. 10-15 минуттан кейін капитан кабинеттен шықты. Бұрынғыдай сылқым
емес, салы суға кеткендей, түрінде реніштің ізі бар. Маған жақындай беріп, қабағын шыта:
—
Жүр, кеттік, — деп бұйыра сөйлегеніне мен ішімнен шамданып: «Осының өзі
немене, мені атқосшы нөкер етіп алғысы келмек пе» деп ойладым.
—
Білгің келсе, мына сенің генералың мені жаяу әскердің батальон командирі етіп
жіберіп отыр, — деді өте ашулы дауыспен.
—
Е, несі бар, жолдас капитан, құтты болсын, жақсы болыпты. Ал, мен жаяу әскерге
өзім сұранып барып отырмын, — дедім мен.
Ол маған әрі таңдана, әрі түксие қарап:
—
Сен өзің ақылыңнан адасқан біреуден саумысың ? — деп ақырып жіберді.
—
Жоқ, денім сау, әлі ақылымнан адасқан жоқпын. — Ол үндемей қалды. Екеуміз
көше жиегіндегі көлеңкемен жүріп келеміз.
—
Сен білесің бе, — деді әлден уақыттан кейін ол, — мен өмірімде жер бауырлап
көрген адам емеспін. Он жыл бойы ат үстінде қылыш шауып, найза шаншып
дағдыландым. Атты әскерлердің жоғары дәрежелі мектебін бітірдім...Енді болса мынау.
Немене, сондай-ақ енді мен осының бәрін жер бауырлағыштарға барып етпеттеп,
еңбегімнің бәрі зая кетпек пе?! — деп ызалана айқайлап жібере жаздады.
15
—
Жоқ, жолдас капитан, жер бауырлағыштар емес, жаяу әскерлер деңіз, — деп мен
кекете күлдім.
—
Па, шіркін, қарай көр мұны, демнің арасында жаяу әскердің бел баласы бола
қалуын, — деді ол мені мысқылдап. Сөйтіп, мұртын күйгелектей сипап қойды да:
—
Сен онан да маған осы қалада шұрқыраған ішегімді жұбатып, жем жеп алатын жер
бар ма, соны айтшы, — деді.
—
Біздің қалада сұлы мен арпа беретін жер жоқ. Бірақ іздеп көрейік, сұлы жейсіз бе,
арпа жейсіз бе? — дедім мен.
—
Ой, жігітім, сен де атпен істес болғанның біреуі көрінесің ғой, — деп жылтыр қара
мұртын сипай беріп, мырс-мырс күлді. Мен де күліп жібердім. Сөйтіп, екеуміз қарқ-қарқ
күлісіп асханаға кірдік.
Лысенко екеуміздің танысуымыз осылай басталып еді. Сол күннен бастап екеуміз жақсы
жолдас болып кеттік. Кейінірек майданға аттанардың алдында әскер өнеріне машықтанып
жүрген кезімізде мен бір жолы оған қалжыңдап:
—
Халің қалай, капитан, жер бауырлағыштардың өнеріне қанығып келе жатырсың ба,
жоқ әлде қылыш, найзаңды аңсап жүрсің бе? — дегенімде ол маған:
—
Шүкіршілік, аз-аздап ұғып келе жатқанға ұқсаймын, — деп күлімсіреді.
Бір күні маған оның полктастары: біздің Лысенко өзінің батальонындағы адамдардан атты
әскерге тән сылқымдықты, жылдамдықты талап етеді. Ол ол ма, тіпті бұйым дорбасын —
ат дорба деп, кейде «сапқа тұр!» деудің орнына: «атқа мін!» деп бұйырады екен деп
күлкілі әңгіме ретінде айтып еді...
Есік ашылып адъютант кіріп келді де, генерал шақырып жатыр деді. Мен жаңағы ойдан
тез айығып, бой жинап генералға кірдім. Генерал маған орындық нұсқады да:
- Қалай, біраз қанағаттандыңыз ба? — деді. Мен генералға рахмет айтып, бұрынғы
орныма отырдым.
— Мен жаңа сізге капитан Лысенко туралы айта бастап едім ғой. Бірақ та сөзіміз бөлініп
кетті, — деді генерал. — Сіз бен біз оның батальонының алдында көп қарыздармыз...
Генерал картаны стол шетіне сырғытып тастап, әңгімесін айта берді. «Булычево»
совхозының қасындағы болған ұрыстан кейін, ол дивизиядағы екінші полктың командирі
полковник Капровқа капитан Лысенконың батальонын кейін, майдан төріне шығар. Дудан
орталығы Осташовода жауға қарсы тұрар бекініс ордасын құр. Сол қорғаныс құрамына
көпір алқымындағы бекіністі де қосып, шумақты түйін жаса деп бұйрық бергенін айтты.
Осгашовода Руза өзеніне салынған көпір бар еді. Генералдың ойы бойынша, егер біздің
бөлімшелер шегініп келе жатып осы аймаққа, Руза өзенінің бойына табан тіреуге шамасы
келмей тұрақтай алмаса, мына үлкен даңғыл жолды кесе-көлденең күні бұрын
дайындалып қойған қорғаныс орда үйін және өзен жағасындағы тың күші бар гарнизон
жаудың алдын белгілі уақытқа дейін бөгеп, шегініп келе жатқан бөлімшелеріміздің
топтанып есін жиып, күш біріктіріп, топтанып жаңа шепке бекініп алып, жаудың алдына
қайта бөгет болуына мүмкіндік беруге тиісті екен.
Бұл аймақтағы Руза өзенінен өтетін жалғыз өткел — көпір Осташовода ғана
болғандықтан жау оны оңайлықпен не басып, не орағыта айнала өте алмас.
16
Екі күн ұдайы қасарыса соғысқаннан кейін, 21 октябрь күні жау Капровтың полкын
ығыстырып, ізінен өкшелеп соңынан қалмай ықсыра қойса да, ол Лысенконың
батальонына келіп, маңдайы бір-ақ соғылмақ. Капровтың полкы шегініп келе жатқанда,
өкшелеп, бастырмалатып, зор сеніммен, бетпақтықпен ентелеген, өршіген жау Лысенко
бастаған тас түйін берік бекінген ортаға тап болмақ...
Жаудың алдыңғы қатардағы отрядтары осы түйінді екпінмен басып өтуге талай рет әрекет
жасайды, бірақ қаншама тырысса да түк шығара алмайды. Лысенконың батальоны
мызғымай табан тіресіп, тайталасып жаудың қадамын қысқартып, алға жібермей
тойтарып, орнынан қозғалмай тұра береді, тұра береді. Осыны айтып генерал былай деді:
— Шынымды айтсам мен Лысенконың батальонының күшін асыра бағалап, ондағы
жауынгерлердің арпалыста майысқан беліне кезінде тіреу бола алмаппын, — деп генерал
мерт болғандардың аруағын еске алғандай, әрі кінәлі боғандай - ақ шашты бурыл басын
қайғылана төмен иді де, домбыраның шегі енді болмаса үзіліп кеткелі тұрғанын білсем
де, құлағын тым қатты бұрай беріппін... Жігерімді құм қылып, жанымды қатты күйзелткен
қатемнің осы екенін кейіннен біліп, опық жеп отырмын...
Сөйтіп, капитан Лысенко соғысқан жерді маған картадан көрсетті. Генералдың әңгімесіне,
картадан көрсетіп берген белгілеріне қарап, мен капитан Лысенконың батальоны
жүргізген соғысты көз алдыма елестеттім.
... Міне, Осташовоның кіре берісіндегі көпір... Оның арғы алқымында немістің бірнеше
танктері қирап жатыр. Көпірге кіре берістегі тас жолдың ернеуінде әлденеше мотоцикл
жайрап жатыр. Үстінде тышқан сұр шинелі бар жау өліктері мына жерден де, ана жерден
де көрінеді.
Бұлар Осташово көпірінен қарқынмен тоқтамай өтіп, сонымен негізгі күштеріне Руза
өзенінен жол ашып бермек болған немістің алдыңғы барлаушы отрядтары...
... Miнe, үстінде атты әскердің мәуіті шолақ бешпенті бар, белдігін қыса буған,
кұлақшынын шекесіне қисайта киген Лысенко. Ол, Осташовоның шетіндегі кірпіш үйдің
тасасында, бақылау пунктінде тұр. Ол дүрбімен алға қарайды. Ол Курганов артиллерия
полкының екі зеңбірегін көреді. Оның алдындағы екі пулеметтің сорайған мойындарын
көреді... Кейде траншеяларда жүгіріп жүрген біздің жауынгерлердің дулығасы қылт - қылт
етіп қалады... Айналада әлемді тұншықтырып тарсылдап, гүрсілдеп жау снарядтары
жарылып жатыр. Немістің бір танкі көпірге қарай ентелеп өктем келеді. Оны өкшелеп
тағы екі танк зымырап келеді.
Олар оқтын-оқтын тоқтап оқ атып, бірінші танкке жол ашып сүйемелдейді.
Неге біз жақтан үн жоқ? — деп айқайлайды Лысенко кіріп келген адъютантқа. Дем ала
алмай аптыққан адъютант оған:
—
Жолдас капитан, немістер оңнан да, солдан да орал алып барады...
—
Бұл жағдайда баяндау емес, дұшпанды соғу керек, — деп Лысенко адъютанттың
сөзін кілт үзіп, тыңдамастан блиндаждан жүгіре ыршып шығады. Шығады да окоптың
жиегіне секіріп түсіп, артиллеристерге айқай салады. — Ей, сендердің үндерің өшіп
қалғаны несі, неге атпайсыңдар анталап келе жатқан жауды? А?
Сол сәтте зеңбіректің күбідей соясы кеңірдегін төмен түсіре беріп, келе жатқан танкке
қарсы тұрғандай болғанда: «Алдыңғы танктің тұмсығын дәлдеп ат!» деп команда беріледі.
Зеңбірек гүрс етіп атылғанда даусы құлақты шың еткізіп, ауа толқыны екпінімен
Лысенконы тәлтіректетіп орнынан ұшырып жібере жаздайды. Алдыңғы танктың тұмсық
17
жағындағы сауыты лап eтe қалып, қою түтін бұрқ етіп, жалыны аспанға өршіп, жана
бастайды.
Зеңбіректің атыс жаңғырығы өше бергенде, оның жанындағы пулемет те безектей
қорғасын оғын жауға бүркіп жіберіп, кенет құлаққа ұрған танадай жым болды.
Лысенко жалт бұрылып қарап, пулеметтің тұтқасына басы сұлық түсіп, құлап жатқан
солдатты көреді. Ырши қарғып пулемет ұясына барып, өлі пулеметчикті тез жылжытып,
оның орнына өзі жатады. Пулемет тұтқасын жұдырығымен қойып, қойып қалып, екінші
номерлі пулеметчикке: «Оқ тізілген лентаны әкел бері» дейді. Пулемет нысанасындағы
саңылаудан ол жүгіріп келе жатқан немістердің тізбегін көреді... Сол кезде Лысенко
шаппаны басып - басып жібереді.
Пулемет қақалмай, сыртылдап, сарнап жөнеледі. Лысенко екі көзінен от шашып,
құшырланып тісін қайрап, безгегі ұстағандай тісі - тісіне тимей, сақылдаған пулеметтің
тұтқасын қатты ұстап жатып, оның үстіне үн қоса: «тақ, тақ, тақ, — солай, солай, солай!»
— деп жау тізбегін жайпата жусатып, пулемет оғын дамылдатпай сеуіп - сеуіп, төгіп -
төгіп жібереді... Оқ күні бұрын қарқындап, алқынып келе жатқан жауды жерге жапсырып
бас көтертер емес...
Менің көз алдымда елестеген капитан Лысенко жауды осылайша қанға бөгістіріп, қызыл
май қылып жер құштырып. топырақ қаптырып, маңдайынан, самайынан саулап аққан ащы
терді сүртуге мұршасы келмей, толғана тепсініп ән үстіне ән салған ақындай өктем өшігіп,
ыза мен кектің оғын жау үстіне нөсердей боратып жатыр...
Оның қолындағы пулемет біресе бажылдап, біресе шажылдап, біресе тұтығып, біресе
булығып, тісін сақ-сақ қаққан аңдай — жау тобына оқ бүркуде...
***
Қабағын қарс жауып, түксие түнерген түн. Айнала оқ зуылдап, снарядтар түн қараңғысын
қақырата қақ жарып, күрс - күрс жарылып жатыр.
Лысенко бас киімсіз. Басы таңулы күйде орындықта отыр. Үстіндегі мәуіт бешпеті қанға
боялған, түймелері ағытылған.
—
Бізді қоршап алды, — дейді ол күңгірт қараңғы жертөле ішінде оның аузына қарап
отырған командирге, — іргемізді ығыстыра, қабырғамызды қайыстыра, айнала құрсаулап
қысқалы екі күн, екі түн болды, жігіттер. Осыны айтып оң қолымен санын қағып,
зығырданы қайнап, бетіне от теуіп, ызалана былай деді: — Жоқ, олардың бұл қыспағынан
ешнәрсе шықпайды. Тірі тұрғанымда көпірді де, Осташовоны да бермеймін... — даусы
әлсіреп барып үзіліп кетеді. — Жігіттер, көзіміз тірі тұрғанда көпірді де, Осташовоны да
жауға бермейміз. Сіздер менің айтқанымды түсінесіздер ме? — деп сұрады
командирлерден... Есік ашылып қолына ақ мата байлаған бір неміс офицері кіріп келеді.
Отырғандардың бәрі аң-таң болады. Неміс офицері қаздиып тікесінен тік тұрып, қолын
шекесіне көтеріп, сәлем беріп, орыс тілін бұзып сөйлеп:
—
Кім болады осы жерде командир? — деп сұрайды.
«Мен» деп тура келеді Лысенко. Неміс мырс етіп езу тартып,қолын тағы да шекесіне
апарып:
-
Өте жақсы, өте жақсы, — дейді ол. — Мен елшімін, майор Кандель.
—
Капитан Лысенко.
18
-
Сізбен таныспыз, капитан мырза, — дейді неміс.
—
Әрине таныспыз, майор мырза, — деп Лысенко мұртынан күліп мысқылдап, —
құдайға шүкір, біз төрт күн, төрт түннен бері бір-бірімізді қапсыра құшақтап танысып,
«достасып» тұрмыз ғой.
-— О, достасып!.. — деп неміс қарқ-қарқ күледі.
—
Сіздің қай қажетіңізге жарай аламын, майор мырза? Келген шаруаңызды айта
тұрыңыз.
—
О, сіз көп-көп қызмет көрсете алады, капитан мырза.
—
Айта беріңіз, майор мырза.
—
Капитан мырза, ендігі қарсыласуларың пайдасыз болады. Арыстанға тышқан
қарсыласа ма?
— А-а, сіздер солай ойлайды екенсіздер ғой, майор мырза, — деді Лысенко оның сөзін
шорт бөліп.
—
Болады күмәнданбауыңызға, капитан мырза. Сіз біреусіз, біз көп, біздікі күш көп.
Сіздікі дивизия жоқ болған. Дивизия өлген. Біз Волоколамск алған. Ертең Мәскеуді
аламыз. Менікі генерал сізге ұсынады қолға түсуді. Бағыныңыз. Менікі генерал сізге
жақсы жағдай, жақсы қызмет уәде етеді...
Лысенко оның сөзін беті түтігіп, айбарлана, қаһарлана, ызаланып үзіп - үзіп жібереді.
—
Генералыңыза айтып барыңыз, біз бұл жерде жаудың айтқанына көніп, айдауына
жүру үшін соғысып жатқан жоқпыз. Біз жаудың құлақ кесті құлы болғалы соғысып
жатқан жоқпыз. Генералыңыз жақсы жағдай мен жақсы қызметті опасыз сатылғандарға,
жүзі қара лағынеттерге жасасын. Біз тұтқын болып ешуақытта тізе бүгіп, жау алдына шөге
алмаймыз. Біз табан тіресіп, арпалысып бағамыз. Соғыс көрсетеді, майор мырза,
қайсымыздың арыстан, қайсымыздың тышқан екенімізді, оны тек соғыс көрсетеді.
—
Қызбалық, қызбалық іс мұныңыз, капитан мырза. Сізге қарсыласуға күш қалған
жоқ қой...
—
Жоқ! Сіз бізді аямай-ақ қойыңыз, есіркемеңіз, сіздің аянышыңыздың бізге керегі
жоқ. Біз не көрсек те соғысып көреміз.
Біз соғысамыз! — Лысенко неміс майорының өңменінен өткізе ызбарлана бір қарап алып,
өзінің бір лейтенантына бұрылып:
—
Майор мырзаны біздің шептен аман-есен шығарып салыңыз, — деп бұйырды.
Сонан соң неміске қарап, — жолыңыз болсын, майор мырза, — дейді.
Неміс өкшесін сарт еткізіп, қолын шекесіне апарып:
—
Қош болыңыз, капитан мырза, ауф видерзейн! Ай-ай, қайсар адам екенсіз ғой! —
деп кілт бұрылып шығып кетеді.Оның соңынан есік жабылған кезде Лысенко жанында
отырған командирлерге қарап, жаңағы елші келердің алдында айтқан сөзін қайталайды:
—
Көпірді де, Осташовоны да тірі тұрғанда бермейміз, жолдастар!
Ала көлеңке, қарабарқын жертөленің ішінде отырғандар Лысенконың сөзін ант бергендей
қоштап:
19
—
Көпірді де, Осташовоны да бермейміз! — дейді бір ауыздан.
***
—
22 октябрь күні немістер Лысенконың батальонын тар қыспаққа салып, айнала
қоршап алды, — деді генерал әңгіменің жібін сабақтап. — Сөйтіп ол қаламның ұшымен
картадан Осташовоны айналдыра сызып майысқан сақинадай көк шеңберді көрсетті. —
Міне, сонда ғана барып Лысенконың мүшкіл халі есіме түсті. Бірақ амал не, шабан ойлап
соғыс жағдайын асқындырып алғанымызды бір-ақ сездім, — деді генерал.
Полк командир: полковник Капров «Болычево» совхозының аймағына табан тіресе
шегініп, жолындағы Ипгатово, Федосино, Княжево және басқа деревняларда айбындаса
арпалысудың әуресінде жүріп капитан Лысенкоға дер кезінде демеу бола алмапты,
шынын айтқанда да көмек беруге мүмкіншілігі де жоқ екен.
Генерал Панфилов батальонның өте қиын жағдайда қалғанын біле салысымен қолда бар
жүз адамнан отряд құрып, лейтенант Каюм Гариповтың бастауымен Лысенкоға дереу
көмекке жібереді.
Бірақ, Гарипов Осташовоға жау шебін бұзып өте алмапты. Отряд жаудың жеті танкін
жайратып, өздері түгел дерлік қоян - қолтық найзаласқан арпалыста мерт болады.
Отрядтан небары алты адам қайтыпты, олардың өзі де жарақаттанып оралыпты.
Иә, лейтенант Каюм Гариповты да мен білуші едім. Ол біздің Талғар полкінің үшінші
батальонындағы рота командирі болатын.
Алатаудан арқырап аққан Талғар өзенінің жағасы, полкта әскери жаттығулар өтіп жатқан
кезі Орта бойлы, маңдайы кере қарыс, қара торы татар жігіті ине-жіптен жаңа шыққан
офицерлік форманы олпы-солпы киініп, аспалы белдікке оң қолын икемсіз сұғып ұстап оқ
атып жатқан шепте ары-бері күйбеңдей жүгіріп жүр. Жүрісі әскери адамға тән емес. Босаң
буынған офицерлік жалпақ белдікті қайыс қаптағы пистолеті салмағымен төмендете оң
мықынында қисая салбырап тұр. Үстіндегінің бәрі жаңа, бәрі олпы-солпы. Әскери
формаға дағдыланбағаны сонша, Гарипов үстіндегі киімін, киім Гариповты жатырқап
тұрған сияқты. Ол өз адамдарына жасықтау бұйырып, кесіп әмір айтпай, қол
астындағылармен саудаласқандай болып, жалынғандай көрініп тілін сонда барып қана
алдырғанын байқадым. Соның ротасының сылбыр шұбалаңдығына бола біз атуға
машықтану сабағын бастамай біраз күтіп тұрып қалдық.
—
Жолдас лейтенант, бері келіңіз, — деп бұйырдым мен оған.
Гарипов бар ынтасымен маған қарай жүріп келе жатты. Бірақ, қимылы солғын. Маған
таяп, қолын желкесіне сырғып кеткен пилоткасына икемсіз апарып, жұмсақ дауыспен
аспай-саспай:
—
Ләппәй, жолдас аға лейтенант, — деді.
Менің ескерте айтқан сөздерімді ол қысылып, ат жақты секпіл бетінен тер шығып.
мейірімді қой көзі жыпылық қағып тұрып тыңдады.
—
Егер сіз қол астыңыздағы адамдарға тым ұяң сөйлеп, балаша әлдилеп, кесіп айтып
бұйырудың орнына саудаласып, әкелеп - көкелеп тұратын болсаңыз, ротаңызды бұл қысқа
мерзімнің ішінде түкке де үйрете алмайсыз. Бір айтқанды екі айтқызбайтындай етіп,
жаппай тіл алдыру үшін жалынып, жалпаймаңыз, талап қойыңыз, бұйырыңыз!
«Бүйтсеңші» емес, «Былай ет!» Қатал бұйырып айтқанға жарылатын жүрек болса жарыла
берсін.
20
Гарипов ұяла қызарып тұрып:
— Қазірше ешнәрсе шығара алмай жүрмін, құрғыр осы... Мен қатты зекіріп сөйлеп,
бұйыра жұмсауға дағдыланбаған мұғалімнің біреуі едім, жолдас аға лейтенант, — деп
шынын айтты.
Өз айтуы бойынша, Гарипов бұдан бес жыл бұрын педагогика институтын бітіріп, соғыс
басталғанға дейін орта мектепте мұғалім болып істепті.
Бір айдан кейін мен оның бір сержантты бидайдай қуырып, шыжғырып жатқанының
үстінен шығып:
—
Е, мұғалім жолдас, енді ақырып ұрсуды да үйреніпсіз ғой, — деп күлдім.
Гарипов қолды-аяқтай үйіріліп, тап-тұйнақтай жинақ тұрып, әскери ізет көрсетті де:
—
Иә, солай, жолдас аға лейтенант, шын қысылған жаннан тер шығады деген ғой.
Кейбіреулері орынсыз зығырыңды қайнатып, ұрыспайын десең де лажсыз ұрыстырады
екен, — деп кінәлі түрде күлімсіреп жауап берді. Сол кезде Гариповтан сыбағасын алған
әлгі сержант айыбын мойындағандай оның алдында сіресіп жерге қаққан қазықтай
қақайып тұр еді.
—
Оқасы жоқ, жолдас лейтенант, соғыста қанды аз төгу үшін, қазір терді көп
төккеннің пайдасы болмаса зияны жоқ.
Енді, міне, генерал маған сол Гарипов туралы, оның жауынгерлері туралы, жолдастарын
басқа төнген бәледен құтқармақ болып, өзінен күші әлденеше артық жаумен шайқаста
ерлікпен мерт болғанын айтып отыр.
Лысенко тура үш күн, үш түн арпалысыпты. Үш күн, үш түн бойы зеңбіректер жер
сілкіндіре гүрсілдей атылып, пулеметтер тынбай безілдеп, моторлар күңірене гүрілдеп,
Осташово тозақ отына оранып жанталасқан қырғын арпалыс болып жатқанын төңірекке
жар салғандай мәлімдейді.
—
Қолға түскен немістің унтер-офицері Осташоводағы қызыл әскерлерден тұтқын
болған ешкім жоқ деп айтты, — деп генерал сөзін жалғай берді, — Лысенконың
батальоны мен Гариповтың ротасы біздің дивизиямыздың жаппай ерлік көрсеткен бірінші
бөлімдері. Олар жау жолын үш күн, үш түн бөгеп, біздің дивизия үшін маңызды бағыттың
бірін жаумен тістесіп, бір сүйем жер шегінбей ұстап тұрды. Сол қырқысқан соғыста,
меніңше немістер қатты қансыраса керек. Талай танктерінен айрылып, талай солдаттары о
дүниеге аттанды. Қазіргі жағдайда ержүрек Лысенконың батальоны мен Гариповтың
ротасы алдында көптен қарыздармыз деуімнің себебі, міне, осы.
Мен генералға совхоз поселкесі жанындағы тоғайда болған соғысты, Софатовадан келе
жатқан артиллериялы неміс колоннасына төрт зеңбіректен оқ бората тиіскенімізді түгел
айтып бердім. Генерал маған түрлі түсті қалам ұсынып, картадан Софатованы сұқ
қолымен шұқып көрсетіп:
—
Жаңағы айтқандарыңыздың бәрін картаға сызып түсіріңіз,деп бұйырды.
Мен картаға еңкейіп біздің батальонның тоғайдағы орнын, зеңбіректердің тұрған жерін
салып, қоңыр қаламмен тартылған жолға қаламның көк ұшты жағымен сүйірлеп үш белгі
түртіп, неміс колоннасын орналастырып, астына қара қаламмен соғыс болған күнді,
сағатты жаздым.
21
—Иә, солай екен ғой,—деді генерал,—демек, осы жермен сол кезде жаудың жаяу әскері
батальон және артиллерия дивизионы өтіп бара жатқан екен ғой?
—
Иә, жолдас генерал.
—
Дұрыс, дұрыс, айта беріңіз, сөзіңізді бөлмей айта беріңіз, тыңдаушы да, ұғушы да
мен болайын. Соғыс жағдайын мына картаның бетіне сыза отырып сөйлеңіз. Сіздің салған
нақыштарыңыз бұған да тіл бітіреді, — деді генерал картаны нұсқап.
Әңгімеміз жайдарылана, жандана берді. Мен айтып отырып картаға қаламның қызыл
ұшымен біздің, көк ұшымен жаудың қимылын түсіре сөйлеп отырмын.
Генерал зейін сала қарап ұйып тыңдап тұр. Мұны көріп мен бұрынғы күдіктен әбден
құтылып, енді именбестен, жасқанбастан еркін сөйлеп кетсем керек.
—Міне, мына жерде, жолдас генерал, винтовка біздің кәдемізге жарап берді, — дедім мен
картадан Миловани деревнясын көрсетіп, дүркін-дүркін оқ себелеп неміс колоннасын
тойтарып тас жол арқылы жау үстінен аттап өткенімізді айттым.
—
Сабыр ет, сабыр ет, шырағым, тұра тур. — деді генерал, — бұл оқиға қашан, қай
сағатта болды? Мен толық айтып бердім.
—
Мм, да... енді маған біраз нәрсе айқындала бастайын деп тұр. Кәнеки, қаламды
маған бере тұрыңызшы...
Генерал маған қарамастан картаға ирек сызық салып отырып:
Сол күні таңертең Капровтьң полкі мен Кургановтың артиллерия полкі соғысқан жерлерді
түртіп көрсетіп, тағы сөйлеп кетті. Мен тыңдап отырмын. Генералдың айтуы бойынша:
полковник Каировтың полкі мен подполковник Кургановтың артиллериясының қалдығы
жаңағы көрсетілген жерлерге тез өтіп бекініс жасайды. Волоколамск алқымындағы
бақытқа тірелетін Рюховское мен Спас -Рюховское түйініне бас командование аса зор мән
беріп, зор көңіл бөледі. Армия командованиесінің күш қорынан Кургановтың полкіне
танкке қарсы тұратын артиллерия дивизионы келіп қосылады. Сонымен генерал
Панфилов оз артиллерия командирі подполковник Марковты ертіп, артиллеристерің
күшін Капровтың полкымен байланыстырып, соғыс әрекеттерін бір жүйеге салу үшін сол
аймаққа барады. Соғыс жобасы бойынша, Волоколамск аймағына мықты бекініс
дайындау мақсатымен осы жерде жаумен неғұрлым көбірек соғысып, уақытты ұту керек
еді. Келесі күні таңертең жаудың бомбардировщиктер полкы осы пункттерге бес рет
айнала ұшып келіп бомбалап, артиллериямен жиырма минуттай оқ атқылағаннан соң,
кенеттен жау алпыс танкпен шабуыл жасайды. Дұшпанның алпыс танкы алдымен тіке
шабуылға шығады, бірақ артиллерияның дәлме-дәл нысанасына тап болып тойтарылады.
Жау енді біздің шепке артиллериясынан да үсті-үстіне атқылап, оңнан да, солдан да орап
алып, танктер, жаяу әскерлер біріге қимылдап қос бүйірден соға бастайды. Біздің
артиллеристер де қатты қысыла қимыл жасайды. Жау дамыл таппай үсті-үстіне
шабуылдайды.
—
Жолдас генерал, полк енді төтеп бере алар емес, — деп баяндайды Капров.
—
Жолдас генерал, зеңбіректердің тең жартысы істен шықты, оқ-дәрі де таусылып
барады, — деп хабарлайды Курганов.
Күштің тең емес екенін генералдың өзі де біледі. Ол біраз күшті соғыста қалдырып, соның
оғын тасалай отырып келесі шепке шегініп шығыңдар деп бұйрық береді.
22
—
Кенет жаудың қыспағы әлсіреп сала берді, — деді генерал,бұл қалай? Не боп
қалды? Жау неғып тына қалды? Сөйтсем жаудың қарқынды шабуылына нұқсан келтіріп,
кесір еткен сіздер екенсіздер ғой...
—
Менің одан хабарым жоқ еді, жолдас генерал.
—
Мен сізді жауға кесір келтірді деп отырғаным жоқ қой. Сізге тас жолды кесіп өту
керек болды. Оныңыз дұрыс табылған ақыл.
Генерал аз ойланып қалды да, қулана күлімсіреп сөзін айта берді: — Айтпақшы, сіз
дүркін-дүркін залппен оқ атуды өзіңіз тапқан жаңалықтай етіп айтып отырсыз. Әрине, сіз
үшін бұл жаңалық, бірақ бұл тіпті де жаңалық емес, ескі тәсіл. Амал не, бір өкінетін жай,
біз осы тәсілді ұмытып кетіппіз. Бұл соғыстың оны сіздің есіңізге түсіргені жақсы болған
екен. Біз дүркін - дүркін оқ атуды әлі патша армиясында жүргенде қолданушы едік. «Рота,
дүркін-дүркін, соқ!» деген команда бойынша ататынбыз. Генерал біраз ойланып отырды
да мынаны айтты: — Бірақ жолдас Момышұлы, мұны сіз көңіліңізге алмаңыз,
солдаттарды осы атысқа үйрете беріңіз, бұдан былай да осы әдісті керек жерінде
қолданыңыз.
Генерал орнынан тұрып, арлы-берлі жүріп, орнынша қайтып келді де, картаға тағы
еңкейіп, өзімен-өзі сөйлескендей - ақ:
—
Нендей сәтті, нендей ақиқат кездейсоқ, — деп ол «осы айтқаным рас па» дегендей
маған қарады. Бірақ оның не туралы айтып отырғанын түсінбей, үндеместен отыра бердім.
—
Нендей оқиға кездейсоқ, — деді ол тағы да. — Әттең мұның тек кездейсоқ қана
болған екен.
—
Сіз не туралы айтып отырсыз, жолдас генерал?
—
Бір мезгілдің ішінде сіз Милованиде, біз Рюховскоеде соғысыппыз ғой. Соны
айтам. Екеуміздің соғысқанымыз жаудың бір бөлегі болуы керек. Япырай, тіпті, қатар
тұрғанымызды қарашы... Иә, сіз байланыса алмадыңыз, байланысуға мүмкіншілігіңіз де
болған жоқ, сөйтіп біз, бір-бірімізге жақын тұрғанымызды білмедік. Біз жағаласып
тұрғанда, сіз оның етегінен алған екенсіз. Ал, неміс, осының бәрі күн ілгері ойланып,
жобасымен істеліп жатыр деп ойлап сескене кідірген болуы керек.
Сірә, осы кездейсоқ сәтті жайды генерал Панфиловтың тапқан амалы — маневрі да
шығар, генерал осыны айтып ішек-сілесі қата қарқ-қарқ күліп жіберді. Бұрын мен оның
бұлай күлгенін байқаған емес едім. Күле - күле көзінен шығып кеткен жасты орамалымен
сүрте отырып:
—
Соғыс тарихында талай-талай сенер - сенбес, ойда жоқ нәрселер бола береді.
Айталық, жағдайдың кездейсоқ сәтті істерін қолбасшының ойлап әдейі істеген тапқырлық
әдісі десіп дәріптеу де кездеседі. Сәтті іс жерден тауып алғандай алдынан шыға келсе
—
одан кім тартынып, мақтаулы атақты кім жек көреді дейсіз,
—
деп тағы да мырс-мырс күліп генерал біраз ойланып қалды:
—
Бұл бұндай жағдай сіз бен бізге, бұдан былай сабақ болуға тиіс. Рас. Әзір
байланысымыз нашар, радио станцияларымыз аз,—
деп генерал күрсініп қойды. —
Егер біз Рюховскоеде радиомен байланыса алсақ қой жауды ең жоқ дегенде екі күн
әурелер едік.
23
Телефон шыр ете қалды да, генерал трубканы алды. Сірә, штаб бастығы оған бір нәрсе
хабарлап тұрса керек.
Мен олардың сөзін тыңдап тұрғаным ыңғайсыз болар дедім де, үйден шыға беріп едім.
—
Сіз қайда кетіп бара жатырсыз? — деп тоқтатты генерал.
—
Темекі тартайын деп едім, жолдас генерал.
—
Осы үйде - ақ тарта беріңіз. Сіз бен біз әлі әңгімемізді аяқтаған жоқпыз ғой.
—
Жолдас генерал, сіздің шаруаңыз тығыз, жұмысыңыз көп қой. Бекер уақытыңызды
бөліп...
—
О не дегеніңіз? — деді генерал сөзімді үзіп. -— Сізбен әңгімелескенім жұмыс
істегенім емес пе?! Біз бір-бірімізге ертек айтып отырған жоқпыз ғой. Сізбен бірге отырып
қай жерде не болғанын біліп, анықтап алсам, бұл үлкен жұмыс. Кел, отырыңыз, тағы да
тарамталдап, әңгіменің иін қандырып алайық.
Енді қандай әңгімеміз бар деп мен аң-таң қалдым. Генерал мұнымды сезе қойып:
—
Біз бейбітшілік кезде сабақ өтіп машықтанып жүріп, сол сабақтан кейін күні бойы
талдау жасаушы едік қой. Есіңізде ме? Ұмытқан жоқсыз ба? — деді.
—
Есімде, жолдас генерал.
—
Ендеше мен сізбен әңгімелессем, сөйлессем, мәселенің анық-қанығына жетсем,
уақыттың бос кеткені ғой деп ойлайсыз ба? Жоқ, мен уақытты бос жібермеймін.
Сіздіңше, соғыс талдауды керек етпей ме? А? Біле - білсеңіз, әрбір соғыстан кейін талдау
жасап, соғыс қалай өтті, не ұттық, неден ұтылдық — осының бәрін мүшелеп жілікке бөліп
қарап, жеке-жеке бағаласақ басқалардың пікірін біліп, ақылдасып, кеңесіп, талдау жасап
отырсақ, іске пайдалы қаншама ақылға ие болар едік. «Кеңесіп шешкен тон келте
болмайды» деп бекер айтылды дейсіз бе?..
Қоштасар алдында генерал маған бірнеше тапсырма беріп, соғыста ерекше ерлік
көрсеткендерді наградаға ұсынуды бұйырды.
—
Егер де, жауынгерлердің ішінде Совет Одағының Батыры деген атаққа тұрарлық
ерлік істеген кісі болса, именбестен ұсыныңыз!
Мен генералдан шығып, қайтып келе жатырмын. Жаңбыр себелеп айналаның бәрін
тұнжыратып, түкситіп тұр. «Батыр атағына (?!)» деген генералдың сөзін ішімнен
қайталап... Деревняның шетіне шыға берісте атқосшым Синченко алдымнан қарсы алып,
штаб орналасқан үйге ертіп кірді. Николай Митрофанович Синченко Жетісуда туып өскен
орыс жігіті. Оның орысша, қазақша тілі бірдей. Онымен екеуміз ылғи қазақша
тілдесетінбіз. Үйге кіріп келсем, жерге шинельдерін төсеп тастап, противогаздың
дорбаларын бастарына жастанып, ұзын бойлы, ат жақ, ақ құба Рахимов, онымен қатар
балапандай үрпиген ақсары шашты, қыздай қызыл шырайлы лейтенант Тимошенко,
жалпақ қара торы еңгезердей палуан Бозжанов, тағы бірнеше " байланысшылар ұйықтап
жатыр екен. Ұйықтап жатқан жоқ, есінен танғандай сұлап жатыр. Етіктерінің қонышына
шұлғауларын жайып қойыпты. Үйге кіргенде қолаңса қоңырсыған иіс мүңк ете қалды.
Бәрі де қатты ұйқыда, дабыл қақсаң оянбастай. Шын шаршап, қажығандар ғана осылай
ұйықтаулары мүмкін.
—
Тамақ әкелейін бе? — деді Синченко, мені әбден ашыққан болар дегендей, бетіме
қарап...
24
—
Жоқ, мен тамақтанып келдім, Николай Митрофанович, — дей салдым мен оның
қалбалақтағанына мән берместен.
—
Сізді күтіп, сыбағаңызды от үстінен түсірмей отыр едік.
Ең болмаса бір-екі қасық ыстық сорпа ұрттап бойыңызды жадыратыңыз...
—
Мен саған айттым ғой.
—Иә, иә, тек әншейін...—деп сөзін аяқтамай Николай шығып кетті.
Орындыққа отыра кеттім де, шырт ұйқыда жатқандарға қарадым: Рахимов шалқасынан
түсіп, екі қолын кеудесіне айқастырып, түсі боп-боз болып, табыттағы өлген адамдай
көгере бозарып жатыр.
Тимошенконың беті күйіп-жанып жатқандай лаулап қызарған, жас баладай жиі-жиі дем
алады...
Бозжанов бір жамбастап жатыр. Үлкен басы противогаздан сырғып түсіп, оң қолының
алақанын жастанып жатыр...
Байланысшы жауынгер тіреуге сүйеніп, бүк түсіп ұйықтап отыр. Аяқ жағында иесіз
қалғандай телефон тұр. Басындағы құлақшыны бір жақ шекесіне қисайған, телефон
трубкасы қолынан түскен күйінше, тастай салған тоқпақ жіліктей екі аяғының ортасында
жатыр.
Біреуін оятып алайын дедім де. ұйқысын қимай, қалтамнан папирос құтысын алып, темекі
тұтатып тартып отыра бергенімде:
—
Ей, сендерге не болды, тоқтай тұр деймін. Қарашы, мұның қылығын, дәл бір
генералдан келген шабармандай екпіндеп, — деп есік сыртынан Синченконың ашулы
даусы шықты. — Сендерге мен жаңа ғана келді, тамақ ішкен жоқ, демалған да жоқ дедім
ғой... немене сонша...
—
Барып айт деймін мен саған! Тез айтқын деймін, — дегенде, мен айбарлы
гүрілдеген өктем шекарашының даусын танып:
—
Кім ондағы? — деп сұрадым.
—
Жай, мына біреулер, — деп Синченко кінәлі адамдай сөйлеп, есікті ашып ауыз
үйде тұрғандарға ала көзімен қарай беріп, — не қылған адамдар екенін түсінбеймін, ай-
шай жоқ ентелеп, баса-көктеп барады, — деді.
Қарасам ауыз үйде бастығы шекарашы болып, тоқсан жауынгердің бір топ өкілі тұр екен.
Оларға кіріңдер деп рұқсат бердім. Ең алдымен шекарашы кірді де, ыржия езуін жиып,
қолын көтеріп сәлем беріп:
Жолдас аға лейтенант!.. — деп гүрілдей жөнеле бергенде арт жағындағы жай киінген қаба
сақалды кісі жеңінен тартып қалып, «мыналардың ұйқысын бұзба, ақырын сөйле»
дегендей иегімен ұйықтап жатқандарды меңзеді. Шекарашы аузына құм құйылып, жым
болды. Сонан соң аяғының ұшымен басып қасыма келді де, сыбырлап:
Жолдас аға лейтенант, біздің жұртшылығымыздан сізге көп рахмет, — деп тікесінен тік
тұрып, екі езуі кең, ен жайлау болып, ыржия күліп, есіктің алдында топырлап
тұрғандарды нұсқап: — Мен мыналардың бастығы ретіндемін. Бұлар маған тапсырды...
Рахмет сізге, —деді. Біздің құйрығымызды тәуір - ақ қатты бұрадыңыз. Бірақ оның есесіне
25
қоршаудан алып шықтыңыз. Сусын беріп, тамақ беріп қатарға қостыңыз. Енді бізге киім
ауыстыруға баруға рұқсат етіңіз, — деп ол сақалды кісіге көзін улана қысып қойды. —
Винтовка алайық, не керек, немістермен соғысу үшін сақадай сай қалыпқа келейік.
-
Рахмет, жолдас аға лейтенант, — деді бірнеше жолдасы оны жабырласа қоштап, —
өзіміздің адамдарға әкеліп қостыңыз...
Оларға менің соңында не айтқаным есімде жоқ. Есімде қалғаны: сол жолы мен оларға
зекірмедім де, ақырмадым да, өз жанымнан ақыл айтпадым. Тек оларға генералдың маған
айтқанын айтып бердім. Сонда олардың маған риза болып кеткені есімде.
Ой, шіркін, батырлардың ұйықтасын - ай, — деді біреу жер астынан шыққандай.Жалт
қарасам Толстунов екен. Көңілі шат, жүзі жайдары.
Сен неге ұйықтамай жүрсің? — дедім.
-
Е, өзің неғып ұйықтамай отырсың?
Мен жаңа ғана генералдан келдім.
Ал, мен комиссарға барып қайттым, — деді Толстунов.
-
Федор Дмитриевич, берірек отыршы сен. Генерал маған бір жауапты тапсырма
жүктеді, — дедім мен Толстуновқа.
Немене, тағы да соғысқа бармақпыз ба?
Соғысқа бармағанда тойға барамын деп келіп пе едің сен мұнда? Жә - жә, кекетпей-ақ,
айтатыныңды айтсаңшы, немене осы мен сенің ен салып алған бәсіреңдей - ақ... осы
комбат... деп Толстунов шамдана бастады.
—
Әй, тұра тұрсаңшы. Ең алдымен тыңдасаңшы. Генерал ерекше ерлік
көрсеткендерді наградаға ұсын дейді.
—
Е, несі бар, ұсынғын...
—
«Несі бар» деуін. Кім? Кімді ұсынамыз? Сен кімді ұсын демексің? Сенің ойыңша
кім лайықты?
—
Кім лайықты деген сөз бе екен? — деп Толстунов таңдана қарап. — Меніңше
ұсынатын адамдар аз емес. Мысалы, Донских, Рахимов, Муратов, Севрюковты қайтесің?
Ползунов пен Бозжановты қайда қоясың? Онан соң сәл кібіртіктеп: — Брудный ше?..
Тағы басқалар аз ба, тәйірі? — деді.
—
Мүмкін, сен бүкіл батальонды тұтас наградаға ұсын дейтін шығарсың?
—
Е, ұсынса несі бар? — деді ол сәл ренжіген пішінмен, — сен комбат, өзің әрдайым,
осы...
—
Жоқ, жоқ, Толстунов, — дедім мен оның сөзін бөліп. — Кімде-кім жақсы соғысқан
екен, оны екшелеп керегі жоқ. Әркім жақсы соғысуға міндетті, жақсы соғысу, міндетті
адал атқару — әркімнің борышы. Рас солай екен, ендеше мен оларды наградаға ұсынбақ
тұрмақ, рахмет те айтпаймын.
—
Сен қызық екенсің, комбат, — деді Толстунов ашуланып, — сен өзің немене,
мінезің қызық - ақ? Немене соншама, жұрт жанын аямағанын білесің, енді...
26
—Жоқ, сен өзің қызықсың. Біз ұдайы шегініп келеміз, шегініп келеміз... Сонда награданы
не үшін алу керек? Шегінгенің үшін бе? Сонда жаныңды аяп шегінгенің үшін бе? — деп
Толстуновқа ызалы ақырып жібердім.
Толстунов сасқалақтап, көзі жыпылықтап:
—
Неғыл дейсің енді? Маған айқайлағанша, генералға сөйтіп неге айтпадың... — деді.
—
Айттым да, — дедім мен. — Бірақ ол кісі әрбір солдат адал еңбегі үшін жылы-
жылы сөз естігісі келеді, әрбір солдаттың соғыста көрсеткен ерлігін елеусіз қалдыруға
болмайды дейді. Сөйтіп, жігіттерді наградаға ұсынуды бұйырды.
—
Бұйырса орындау керек, — деді Толстунов даусын бәсеңдетіп, — генерал үш
соғысты басынан кешірген, не істеу керек, не істемеу керек екенін ол кісі бізден жақсы
біледі.
—
Ол рас, бірақ мен қалай, не үшін наградаға ұсынуға болады соған әлі түсіне алмай
отырмын. Мүмкін, сен түсіндірерсің маған.
— Қайт кейін? Өй, енеңді... — деп кенеттен Краев көзі ұйқыда, көкірегі ояу жатып,
жұдырығын түйе көтеріп аунай беріп айқай салды. —Деревняны аралап бет - бетіңмен
кетіп қалғанды көрсетермін мен сендерге? — Краев енді ұйқысы әбден ашылып,
Толстунов екеумізді көріп, абыржып тұра отырып көзін уқалай берді.
—
Кімді сыбап жатырсыз, Краев?
—
Жә, түсімде әлгі тоқсан тағы да бет-бетімен бытырап кетпекші болғаны ғой, жолдас
комбат, — деді Краев қарлыққан дауыспен.
Толстунов екеуміз күліп жібердік. Краев етігіне аяғын сұғып, қонышын тарта беріп
күңкілдеп:
—
Осы жерге жеткенше солар-ақ менің қызыл қанымды қара етіп бүлдіріп болды.
Тіпті ақыры ұйықтап жатсам түсіме де кіреді. Әсіресе, әлгі бір еңгезердей шекарашы, —
деді ол, екінші етігін тарта киіп.
—
Жолдас лейтенант, ол шекарашы жаңа ғана келіп кетті, — деді Синченко Краевқа.
— Сізге рахмет жаудыра - жаудыра кетті. Бірақ сіздің ұйқыңызды бұза алмай, ауыз - екі
тілдесе алмағанына қатты өкініп кетті.
—
Мейлі, тәңірім алды - артынан жарылқасын, енді бара берсін баратын жағына, —
деді Краев.
—
Краев, осы бізде батырлар бар ма? Сіз қалай ойлайсыз?
—
дедім мен.
—
Бар емей ше, әрине бар, жолдас комбат. Біздің батырлар аз емес. Мысалы, Блоханы
алайық, батырдан несі кем оның...
Сонда мен біраз ойға шомып тұрдым да, құлшына дауыстап:
—
Рахимов! Тұрыңыз. Краев! Оятыңыз мыналардың бәрін!
-
деп бұйырдым.
Достарыңызбен бөлісу: |