Бауыржан Момышулы. Ушкан уя



Pdf көрінісі
бет14/16
Дата08.12.2023
өлшемі0,82 Mb.
#135372
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16
Байланысты:
Ұшқан ұя. Бауыржан Момышұлы (1)

Куəдүрміз, куəдүрміз,
Куəлікке жүрəдірміз.
Таңның нақ қасында
Дəл бүгін халық қасында
Ақ куəлік берəдүрміз,
— десіп, куə қимылмен Аюбайға жеткенше айтып та үлгерді.
Аюбайдың алдына келген соң, олар тергеуге ала бастады.
Момыштан сызған,
Рəзиядан туған.
Үбиан перизатты адал жар тұтуға ризамысың?
Аюбай сəл қызарақтап отырды да, ұялғаннан «ризамын» деп мұрнының
астынан сөйледі. Куəлер енді осылайша əндетіп Үбианға да жетті.
Майлыбай сызған,
Зылихадан туған,
Аюбайдай арысқа,
Жар болуға ризамысың?


Үбиан қыбырсыз отыр. Қасындағы абысындары түртпектеп, «айта ғой,
келінжан», «тақсырды көп тостырма» деп ақыл беріп жатыр. Үбиан батылы
жетіп айта алмады. Куəлар жауап алмай кетер емес. Мен əпкем жаққа
тесіліп қарап отырмын. Əлден соң əпкем төмен қарап басын изеді.
— Е-е, бұл болмайды да! Өз аузынан естімесек болмайды, — деп қожа
қазақ сөздерін созып, бөлекше мақаммен айтты.
Əлгі екі жігіт тақпақтай əндетіп əпкемнің қасына қайта барды. Енді
арашаға əжем түсті.
— Тақсыр-еке, үлкендердің алдында жас баланы ұялтып қайтесіз. Бас
изегені бəріне ықтиярлығы емес пе? Некеңізді қия беріңіз.
— Солай болсын, тақсыр, — деді Майлыбай да.
Қожа қайтадан кеседегі суға төніп, əлденені оқыды да, бетіндегі
орамалын алды. Сөйтіп куəге жүрген жігіттерге ұсынды. Олар кеседегі
суды Аюбайға апарды. Ол суға ернін тигізіп қайтып берді. Сонан соң
куəлар Үбианға апарды. Əпкем де ернін тигізді. Бұдан кейін куəлар неке
суынан дəм татты... Осылайша үйде отырған елдің бəрі неке суынан ішісті.
Кеседегі су таусылған соң, қожа екі жастың некесі қиылды деп жариялады.
Майлыбай бір текше ақшаны қожаның алдына қойды. Енді қайтадан
қазан көтеріліп, жас келіннің қолынан дəм тату үшін жұрт дастарқанға
қайта отырысты.
Ертеңіне Майлыбай əжеме алғыс айтып, алдынан кешірім өтініп
отырды.
* * *
Үбианды барынша ырғап-жырғап Аюбайға ұзатып, Мамыттан алған
қалыңмалдың қалдығын қайтарған соң, біздің үй мал-мүліктен мүлдем
тақырланып, көпке дейін түзеле алмай жүрді.
Өгей шешеміз осы тарыққан сəттерімізде əкеме тиісе беретінді
шығарып алды. «Қазаныңда май қалмады, қатықталған шай қалмады,
жайғасатын жай қалмады. Бір қызымды ұзатам деп аш өзек етіп ұлытып


қоймақпысың» деген сөздер жиі естіле берді.
Бірбеткей əкем мұндай сөзге шыдай алмады. Əйелінің төркіндерін
шақырды да, бəрінің басы қосылған соң өкімді сөз айтты:
— Ағат кетсем айып көрмеңіздер. Бірақ осыншама қартайған шағымда
қаңқу сөз есітем деген жоқ едім. Өгей деп өңменінен итермес, өзім деп
бауырына басар деп ем балаларымды. Адасқан екем. Кеш болса да, жөнімді
табайын. Табалау табына күйгенше жалғыздықпен жағаласып өткенім
жақсы. Қыздарыңызды ала кетсеңіздер екен. Салғыласып отыра алатын
жайым жоқ, — деді.
Сол-ақ екен, өгей шешеміздің апасы қызына ұрысып, қуырып жеп
жібере жаздады. Əкем мұндай ашық əңгіменің арасында болғысы келмей,
Əлиман екеумізді əжемнің үйіне алып кетті.
Бұл оқиға əжеме, əсіресе, қатты батып еді. Көзіне жас алып, қамыға
берді. Шешемізді еске түсіріп:
— Қайран ырымалды келінім-ай, Рəзияшым. Маңдайыма сыймай
кеттің-ау. Оны алғанша, мені алмадың ба, тəңірім- ау, — деп отырып алды.
— Қойыңызшы, aпa. Тағдырмен тəжікелесер шама бар ма бізде. Онан
да немерелеріңіздің тілеуін тілесеңізші, — деген əкеме əжем бар ашуын
төкті:
— Немене, мені жаңа туды деп пе едің! Менің тілегім сендердің
бірліктерің мен тірліктерің емес пе.
— Қойдым, апа, қойдым, — деп əкем күле берді.
Бұл кезде екінші үйдегі кісілер де өзара кеңесіп біткен еді. Екі үй бас
қосып отырып, бір-бірінен кешірім сұрасты. Шешеміз «абайламай айтып
қалыппын. Енді ондай қайталанбайды» деп уəде берді. Шешесі:
— Қарағым, Момыш, қызымды алып отырған соң, сен де баламсың.
Анам десең, бір жолға тілегімді қайтарма. Татулықтарың бұзылмасын. Енді
ерні қыбырлап, бейпіл сөзге үйір болса, қызымның жон терісін сыпырсаң
да ризамын, — деді.


Сөйтіп бұл үйде керіс қайталанбайтын болып еді. Бəріміз соған
қуандық.
* * *
Мен əпкемнің ауылына жиі баратынмын. Аюбай жездем де ат ізін
суытпай келуші еді. Үйде екі-үш күн болып, біраз шаруаны тындырады.
Жер жыртып, дəн сеуіп беретін. Шөп жинап, қырман бастыратын. Өз
туыстарына «балдызым жас, атам шал. Үлкен ұлындай болғандықтан, үй
тірлігін бітіріп берейін де» дейтін.
Келесі жылы əжем ауырды. Көп жатқан жоқ. Төсекке құлаған соң үш
күннен кейін əкемді қасына шақыртты. Ентігіп жиі дем алып, денесі от боп
жанып жатқандай еді. Ақ жастыққа селдіреп шашылған бозғылт шашы
үлбіреп тұр. Əжімдері қатпарланып, əбден қартайған өңін онан сайын
қажытып жібергендей. Алайда, əжем ешбір қиналмаған кісідей, дыбыс
шығармай сабырлы жатыр. Қайта əлдебір сапарға дайындалғандай көңілі
біртүрлі көтеріңкі сияқты.
Əкем келіп қасына отырғанда, əжем мейірлене көз тастады:
— Момышжан! — деді əлден соң дауысы қалтырап,
Қыздарым мен немерелеріме хабаршы жібер. Жүздесіп қоштасайын.
— Қойыңызшы, апа, оныңыз не! — деп əкем шоршып түсті.
— Сен алдымен сөз тыңдап ал, — деп əжем қатал əмір етті. — Тəуіп
іздеп таусылмай-ақ қой. Əзірше молданың да керегі жоқ. Онан да
Момынқұл екеуің кезектесіп қасыма келіп отырыңдар. Тəңірден иманымды
тілеп мінəжат етіңдер. —- Аз ғана тыныс алып, əжем ойланып жатты да,
сөзін жалғады. — Серкебайды шақырма, бəріңе айқайлап əңгіртаяқ
ойнатып жүрер. Ал егер өзі келіп қалса, Момынқұл көзіне түсіп көңілін
бұза бермесін...
Əкем əлдене айтпақ боп оңтайланып еді, əжем тыңдаған жоқ.
— Бар-бар, енді айтқанымды орында, — деп сабырлы əрі қатал сөйледі.
Қыс кезі еді. Бəріміз үрейленіп аяғымыздың ұшынан басып жүрміз.


Əкем мен көкем кезектесіп əжемнің қасында отырады. Бізді кіргізбей
қойды.
Əйелдер əжемнің киімдерін қағып-сілкіп, жуып-шайып əлек боп жатыр.
Үш күннің ішінде хабар алған екі қызы мен Үбиан əпкем де жиналып
еді. Сонда ғана əжем бəрімізді өзіне шақыртты. Біз кіргенде, əжем
жастыққа сүйеніп əрең бас көтеріп отыр екен.
— Ал шырақтарым, менің де аттанар сəтім жеткен сияқты,— деп барып
демін алды. Сөйтті де болмашы езу тартып, сөзін жалғады.
— Кəне, маған деген «жасау-жабдықтарыңды» көрсетіңдерші.
Мұны естігенде үлкен апамыз Пияш көзіне жас алып, дауыс шығарып
еді, əжем əмірлі үнмен тыйып тастады.
— Көз жасыңды көрсетпе, былай!
Əкем қинала отырып, қолы қалтырап əжеме арналған бұйымдарды
көрсете бастады. Содан соң əжем Момынқұл көкемді қасына отырғызды да,
құран жолдарын дауыстатып оқытып көрді.
Əжем тап қазір көз жұмады екен деп үрейленген бəріміздің де зəре-
құтымыз қалған жоқ. Əсіресе қолына құран ұстаған көкем біртүрлі өзін-өзі
игере алмай теңселіп кетті. Құран бетін əзер ашып отыр. Сол күйі даусы
бұзылып оқи бастап еді, əжем қолынан ұстап тоқтатты.
— Е-е, балам-ай, «бисмилла рахман рахимді» қайда тастап кеттің.
Қайтадан баста.
— Бисмилла рахман рахим. Ағузибилла имене шайтан ражим... — деп
көкем даусы сүрініп қайта оқыды.
Əжем көзін жұмып, біртүрлі рахаттанғандай біраз тыңдап жатты.
Сонан соң бəрімізге тіл қатты.
— Ал, енді шырақтарым, барып демалыңдар. Тағы да өзім
шақыртамын.


Біз екінші бөлмеге кеттік. Сəлден соң көкемді қалдырып əкем де
шықты.
Кенет үрейлі үн бəріміздің миымызға ине шаншығандай дегбірімізді
алып жіберді.
— Апамның жайы нашарлап барады. Апам əлсіреп барады. Көкемнің
осы дауысы бəрімізді төсектен жұлып-жұлып алды.
Əкем жүре киініп жүгіріп барады. Таң қылаң беріп келеді екен. Əлиман
екеуміз əжемнің үйіне жақындағанымызда, шеткі көршіміз Аршабектің
үйінен таңды ауаны қақ тілген əйелдің ащы даусы естілді. Оған зер салуға
мұрша қайда, жүгіріп ішке кірдік. Əкем аурудың бас жағында дауыстап
құран оқып, дем алып отыр екен.
Əжемнің көзі жұмулы. Кірпігі болар-болмас қыбырлағандай. Көкем
көзіне жас алып:
— Апа! Апатай! — деп əлдене айтпақ еді, əкем зекіріп тастады.
— Дем салып болғанша тыныш отыр.
Осы сəтте əжемнің кеудесі сəл көтерілді де, аузын ашып, дем жұтқандай
болды да сұлық түсті.
Əкем жасқа булығып:
— Хош бол, анашым! Ақ сүтіңді кеше гөр!— деді де, əжемнің бетін ақ
матамен бүркеді.
Kөкем мен жеңешем көз жасына ерік беріп, бар зарымен дауыс салды.
Айнабек келіп əкеме көңіл айтып, өзгелерден сабыр тіледі:
— Бүгін таңда тəңірім бір сүйікті құлын өзіне алып, біреуін бізге
жіберіпті. Шүкіршілік етейік, — деді.
Біз сонда барып түсіндік. Əлгі ащы дауыс Айнабектің əйелінің толғақ
үстіндегі үні екен. Жарық дүниеге жас нəресте — қыз келген екен. Кейін ол
қызға əжемнің атын беріп, əжемнің қызы атанып кетіп еді. Ауыл тегіс
жиналып қалды. Ауланың қары күреліп, оңаша үйге əжемнің денесі


қойылды. Жиналған ағайын-туғандар күзетіп отырды.
Əр жақтан «Апам-ай!», «Апам-ай!» деп дауыс салып келген
жақындарымыз мол еді.
Үйімізде қазан көтерілмей, келгендер көршілердің əкелген тамағынан
дəм татысты. Сүйекті үйде түнетіп шыққан соң, ертеңіне жаназа шығаруға
қамданды. Ел өте көп жиналған екен. Ауыл-ауылға, ата-атаға арнап жыртыс
жыртылды. Осылайша менің ең сүйікті əжеммен қоштасқан едік. Əжемді
апта сайын еске алып, жұма күндері шырақ жағатынбыз, көкем құран
түсіретін. «Үлкеннің өлімінің арты той» деп əншейін көңіл жұбату үшін
айтылатын сөз екен. Əжеміздің жоқтығы алғашқы күннен-ақ сезіліп, көпке
дейін жетімсіреп жүрдік.
* * *
Əжемді, əсіресе, көкем көбірек сағынғандай еді. Үйді бір түрлі ауыр зіл
меңдеп алып еңсемізді көтертпей қойды. Бұрынғы ашық-жарқын əңгімеден
тыйылып, үй-іші күбірге көшкендей. Көкем болса шалқадан жатып алып,
көкке телмірумен болады. Мең-зең күйден арыла алмай ауыр күрсінеді.
Мұндай сəттерде оны əкем сейілткісі келіп əрі-бері жұмсап, тірлікке
араластырғысы келеді. — Момынтай! — дейтін əкем баяу үнмен.
— Басыңды көтерші, шырағым. Сейілсеңші. Бар, малды жайғап қайта
ғой.
Көкем үн-түнсіз орнынан сүйретіліп тұрады да, ілби басып далаға шыға
береді. Сыртқа шыққан соң қой-ешкіні суарып, шөп шашады да сонан кейін
жүресінен отырып алып, бейжай күйі қала береді.
Əкем енді оны үйге шақырады.
— Тұр енді, ішке кір, шай ішейік.
Көкем тағы да үн-түнсіз орнынан тұрып, əкемнің соңынан ілесе береді.
Күннен-күнге қабағы қатып, кірпігі ілініп барады. Баяғы қуақы мінезі,
содырлау қылығынан жұрнақ та қалмағандай. Бəріміз де қолбасшысынан
айрылған жауынгердей жалтақтаумен жүреміз. Əжем үйге кіріп келетіндей
үнсіз күтінеміз. Біз əжемнің зілсіз айғайын, мейірбан тілегін, қатал мінезін,
қайырымды жүрегін, адалдығы мен ақ батасын əбден аңсадық. Əжем


бардағы алаңсыз дəурен басымыздан кетіп, əрқайсымыз енді ғана тірлік
қамын ойластырғандаймыз. Алайда, ешқайсысы да əжем сияқты ұйытқы
болар міндеттен қаймыға ма, əйтеуір əлі біреуі де бел шешіп берік мінез
көрсете алған жоқ. Түс көргендей аңтарылған сəтімізден əжем келіп
құтқарар ма еді. Қайдан болсын ондай күн. Күн өткен сайын ардақты ана
бізден алыстай берген екен.
Атамнан қалған ағаш төсекке енді əжем жата алмайды. Үйдің сол
қанатында жиюлы күйі тұр. Бұл төсек атам мен əжемнің көзіндей қымбат
қой. Қараған сайын қамыға береміз. Түнде сол төсектің баяу сықыры,
əжемнің қақырынған үні естілгендей елеңдейтінді шығардық.
Сөйтіп жүргенде əжемнің жетісі де, қырқы да өтіп кетіп еді. Ел
жиылып, құран оқып, тие берсін айтысқан.
Иə, қазекем жаңа келген нəрестеге жан-тəнімен қуана да білетін, қазаға
қалың жұрт боп қайғыра да білетін халық қой, шіркін.
...Бұл кезде əкем алпысқа шығып қалған еді. Мен ес білгелі оның
самайында ақ бар болатын. Алайда əжемнің тірісінде ешкім де əкемді жасы
ұлғайған кəрия деп елемейтін. Өйткені өле-өлгенше əжем əкемді
«балапаным» деп өтті ғой. Əжем барда ол жай ғана біздің үйдің үлкені
болатын. Енді ауылдың ақсақалдары қатарына қосылыпты. Сөзі де өсиетке
жақындап, бізге арғы-бергіден əңгіме айтып отыратынды шығарды.
— Біз үйміз, біз елміз, біз халықпыз. Адам туады, адам өледі. Ал халық
ешқашан өлмек емес, қарақтарым, — дейтін ол. — Бір анадан екі ұл, алты
қыз қалыппыз. Ал, немерелері, Аллаға шүкір баршылық қой. Бір еменнен
отыз бір бұтақ жайыпты. Сендерден де ұрпақ тарап, өніп-өсесіңдер əлі.
Əкем өсиетін осылай шүкіршілікпен аяқтаушы еді.
* * *
Көктемде біздің үй Кузьма Гончаров деген орыс мұжығымен
ортақтасатын. Ол жирен сақал, қызғылт қабақ, бет-аузын əжім басқан
жұқалтаң шал еді. Өзінің бала-шағасы көп. Үлкен ұлын — Сашке, одан
кейінгісін —Некоди, үшіншісін — Тишко, төртіншісін — Керилля жəне
менің құрдасымды — Босиль деп отырушы едік. Кемпірін


— Мəтке, екі келінін Сəнке жəне Мəнке дейтінбіз. Қазақтар кісінің
мінез-құлқына, жүріс-тұрысына. сөзі мен өзіне қарай ат қойғыш халық қой.
Қызыл Жагор, Григорийді — Жүгөрі, Дмитрийді — Метрей, Луканы —
Илуке, темірші Иван, тілмаш Антон болып атала беретін.
Кузьмамен ортақтасудың өз шарты болатын: жер біздікі, тұқымдық дəн
тең ортақ, ал көлік күші олардан. Біз жақтан көктемгі егіс кезінде жəне
жиын-терін уақытында көкем жүреді. Дəм-тұзымыз бірігіп, айран-сүтке,
бар болса, таршылық жасамаушы ек.
Гончаровтар көктемде тайлы-тұяғымен түгел көшіп келетін. Екі арбаға
жүгін, темір соқа, тырмасын арта жүреді. Əкем мен Кузьма шал қатар
жүріп жерді өлшейді де, көп алаңдамай илеуге кіріседі. Көкем соқа ұстап,
атқа қамыт кигізуді үйренген соң, құлшынып жер жыртады.
Екі соқа тізбектесіп, қара жердің қыртысын толқындай тіліп бара
жатады. Құйқалы қыртыс дөңбекшіп барып жалданып қалғанда, мен соқа
соңынан қызықтап жүгіруші ем. Парлап жеккен төрт жирен ат соқаны
қиналмай сүйрейтін. Біз Василий екеуміз атқа мініп тырма бастырамыз.
Гончаровтың кемпірі əртүрлі жапырақтан тəтті көже жасайтын. Бəріміз
соған таңырқаушы едік.
Гончаровтың үй-іші, үрім-бұтағы жайлы кейінірек айтармын. Əзірше
өзге жайға тоқтала тұрайын.
* * *
Қыстың бір сарынды қысқа күні мен созылған шұбалаң түндері
таусылып, көктем келді. Наурыз айы ерекше бір көрікпен, ерекше сəнімен,
бар мейірбан мінезбен өлкемізді жайната берді.
Шуақты күн молайып, шұғылалы сəттер елді қызықтырған кез. Жер
бетіне тебіндеп шыққан шөп төңірекке жасыл кілемін жая бастады.
Ағаштар бүршік атып, жапырағын жаймақ. Атам еккен жеміс ағаштарының
да бұтақтары бадана бүршікке кенеліп тұр. Төңіректің бəрі бусанып, баяу
балқып жатқандай. Тек Алатаудың мұз бүркеген шындары міз бақпай ызғар
шашады. Аспанда тырна тізбегі көрініп, айналадан құс даусы естілген
болды. Мал төлдеп, рахаты мол мазасыз сəттер көбейді.


...Бір күні қасқа сиыр бошалап, көкем бұзауын тартып алды. Үлбіреген
танауына еппен үрледі де төселген сабанға жатқызды.
Ұрпақ деген қандай тəтті еді, шіркін. Əлгінде қиналып жатқан сиыр
орнынан тұрып, керемет қызғанышпен өз төліне төнді. Маңына жан
адамды жолатар түрі жоқ. Жақындаған кісіні мүйізімен жасқап қойып
шаранасын жалай бастады. Бұжыр тілі бұзаудың тықыр жүнін жалаған
сайын төлдің үсті кеуіп əлдене беретін сияқты. Енді ол мөлдір тамшыдай
таза жұмсақ тұяқтарымен жер тартып ұмтыла бастады. Осынау тірлікке
келген соң, жұмыр жерді нық басқысы келгендей денесін əрең көтереді.
Сидиған əлсіз аяқтары қалтырап, ұзақ тұра алмай, қайтадан бүгіліп кетеді.
Бұзау сабанға сауыры тиіп жатып қалады. Енесі болса, тұмсығымен
сүйемелдеп бауырына икемдейді. Бұзау да алғашқы шарасыздыққа көнгісі
келмей ұмтыла береді, ұмтыла береді.
Ақыры алғашқы кадамын да жасады. Енді ол тұмсығын əзер көтеріп,
енесінің бауырына апара бастады. Уыз сүтке жетуге ұмтылады. Алайда
ебедейсіз үлкен басын көтере алмай қайта сүрінеді. Тағы да ентелей тұрып,
емшек іздейді. Осы сəтте көкем жақындады да, ала көзденіп қызғаныштан
шатынап тұрған сиырды айқайымен жасқап, бұзауын теліді. Ана мен
баланың табысқан сəтінен тəтті нəрсе жоқ екен ғой. Əлгінде ғана бізге
мүйізін қадап, қызғаныштан тыным таппай тыпыршыған қасқа сиыр
бұзаудың ерні желінге тиісімен біртүрлі рахатқа бөленіп, көзін жұмып тұра
берді.
Оқтын-оқтын мейіріммен мекіренген үнінен біз мал екеш малдың да
қуанышын шын сезінгендей едік.
Бір қарасақ, қойнына қоңыр қозыны қысқан күйі жалаң аяқ, жалаң бас
зыр жүгіріп Əлиман келеді екен. Мəз-мəйрам боп күліп келеді. Соңынан
жанұшыра маңырап қара саулық қалар емес. Төліне ұмтылып, Əлиманның
төңірегін шыр айналады.
Сонау беткейде əлі қыстық жүні түлей қоймаған жабағылар тасыраңдай
ойнақтап, көктем қызығына өз үлесін қосып жүр.
Күні кеше еңсені басқан қыстың ауыр күндерінен белгі қалмағандай,
бүкіл дүние ерекше шаттыққа еніп кеткен сияқты...
* * *


Жұрт көктемгі егіске қамдана бастады. Көкем балта-балғасы қолынан
түспей соқа-саймандарын жөндеумен жүр.
Əр үйдің алдында үлкен қара қазан асылып, наурыз көженің исі
шығады. Ырыс алды, кеңшілік басы, молшылық жолы осы наурыз көжеден
басталатындай, бұл күні еш əйел қазанына таршылық жасаған емес. Қайда
барсаң да қатығы мол бидай көжеге қарық боласың. Ел жаңа жылын—
жарқын кезеңін осылайша ашық пейіл, ақжарқын көңілмен қарсы алады
екен ғой.
Онсыз да қонақжай халқымыз, əсіресе, наурыз күні қабақ шытқан емес.
Қай үйге болсын қаймықпай кіріп, қалаулы қонағындай төрінен орын
аласың. Ел топ-тобымен қыдырыстап, дастарқан үстінде ортақ тілектерін
тоғыстырады.
— Аман-есен наурызға жеткізгеніне шүкір Алла. Көрер күніміз, есітер
жырымыз бар екен де. Келесі наурызға да төрт көзіміз түгел жетейік,—
десетін олар.
Келген қонақтар наурыз көжені салт бойынша түгелдей тауысып шығуы
керек. Кейбір əзілқой əйелдер осындайда құрбы-құрдастарын аспен
«жазалауға» тырысатын. Топ ішінде өзінің қалжыңдасып жүрген адамы
болса, оған наурыз көжені үлкен шараға құйып əкеледі. Əрі салттан аса
алмай, əрі санадағы діни сенімінен қаша алмай, əлгі құрдасы азаптанып
отырып шарадағы көжені əрең тауысар еді. Өзгелері күлкіге қарық
болатын. Оның үстіне дастарқан иесі құрбысына тілек айтқан боп
əзілдейді.
— Іше ғой, көкжалым, іше ғой. Тілегімнің зор екенін көрдің ғой.
Өзгелерден артық деп, жөнің бөлек деп, сыбағаңды асырып отырмын.
Бақытың алдыңдағы шарадағы дəннің санынан да артық болсын, — деп
күледі.
Əлгі жігіт аз дем алып қасыққа қайта ұмтылады.
— Ниетіңе рахмет, айналайыным. Бұл жақсылығыңды ұмытпаспын, —
деп булыға міңгірлейді.
Қасындағы кісілер онан сайын күлкіге мəз.


— Тезірек алсаңшы, суып қалады ғой. Бағың суымасын десең, наурыз
көжені ыстықтай ішер болар,—деп қоймайды əйел.
Жігіт көжені үнсіз ұрттай береді, ұрттай береді. Ол осылайша көжемен
арпалысып отырғанда, өзгелері күлкілі əңгіме айтып, қызықты шежіре
қозғап, əн салатын. Салтанат алды басталғанын сезіп, бала-шаға шексіз
қуанушы ек.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет