Уа, жараңдар, жараңдар.
Құлақ сап маған қараңдар.
Қарагер атты жоғалттық,
Кім көрді, қандай адам бар!
Иесі мына ер жігіт,
Жинайтын дəйім адал мал.
Күміс жал, күржік желкелі,
Құйрығы оның келте еді.
Құлыннан қолда өсірген
Қиқу көрсе көсілген,
Жүйрікке қошқар атаймыз —
Табылса, сақтап кесірден,
— деп тақпақтап, тəптіштен өтіп барады. Əлгі атын жоғалтқан кісі «бəрі
дұрыс» дегендей бас шұлғи береді.
Бері қайтқанда Өтеп енді сол жағындағы жігіттің өтінішін айтып жар
салды. Ол жігіт əкесінің жетісін бермек екен, соған елді шақырыпты.
Əкесі жақсы кісі еді,
Жетпістен асқан мүшелі.
Иманды болсын жарықтың,
Нұр жұмақ болғай түсері.
Кісі екен жүрер көпті іздеп,
Тірлікте қалған текті із көп.
Келіңдер, қырқын өткізбек, —
Өтінді ұлы жеткіз — деп.
Осыны айтып қан базарды қақ жарып өтіп барады. Мен «базар деген
хабар-ошардың, жарлық пен жалпы жаңалықтың да орны екен-ау» деп
ойлап ем...
Біздер базардан ол-пұл қарыштап, Евгеньевкадағы Гончаровтардың
үйіне келдік.
Бұған дейін орыс қыстақтарында болған емес ем. Əйтеуір жыбырлаған
үйлерге сыртынан қарап өте беретінбіз. Енді көшелерін аралап, үйіне де
кірмекпін. Жол бойы біз базардан қайтқан евгеньевкалық тұрғындардың
біразын басып оздық.
Жолдың бəрі барынша сəнді киінген адамдарға толып кетіпті Екі еркек
кеудесі алқам-салқам, шашы əбден ұйпаланған бір мас жігітті теңселтіп
сүйреп барады. Анау болса тартыншақтап жүрмей, бар даусымен барқырап
айқайлайды. Тіптен балағат сөз айтатын болуы керек, қыз-келіншектер
құлағын басып зытып барады. Көкем əлгі масты таныды — «мынау бұзық
Иван ғой!» — деді қасынан өте беріп.
Иван да танып үлгерген екен, жетелеп келе жатқан екеудің қолынан
сытылып шықты да, жерден тас алып бізге қарай лақтырды. Бұл тас
көкемнің атының жамбасына тиді. Сол-ақ екен көкем ат басын бұрып
ұмтыла берді. Бірақ əкем қатты зекіріп тыйып тастады.
— Маспен егесіп мас боласың ба? — деп ұрысты.
«Бұзық Иван» тағы бір кесекті атып жіберіп, біз жаққа жұдырығын
түйді. Сөйтсем, ол көкем екеуі ертеден бері егесіп жүреді екен.
— Бұл ит атқа мініп қорықшы боп жүрген кезінде талай тиіскен. Сонда-
ақ қамшымен сабап ем. Енді құдайға шүкір, бəріміз теңбіз ғой...
— Оттама! — деді əкем əлгі сөзді бөліп, — теңдік сен сияқты
тентектердің төбелесі үшін берілген жоқ шығар..
— Өзі тиісе берсе,жұдырығына жон тосып тұра бермекпін бе? — деп
қызына сөйледі көкем.
— Сəлем, Момыш! — деді осы кезде арбада отырған ши қалпақты кəрі
орыс.
— А, Тимошка, аман-аман! — деді əкем де жымиып. — Неге қарайлап
тұрсың?
— Ей-ей, мына ақымақты апарып салмасам болмас, — деді шал мастың
қылығына ұялғандай қызарақтай сөйлеп. — Бір оңбаған болды ғой. Базар
сайын ішіп алып құтырынады да жүреді албасты.
— Тимофей аға, — деп айқайлап келе жатыр екен əлгі мас. —
Момынқұлды ұстаңыз. Мен оның мойнын бұрап алайын.
— Ал жүре беріңдер. Мұнымен байланысып абырой таппассыңдар, —
деді Тимофей бізге масты нұсқап.
Біз ілгері озып кеттік. Түп-түзу көшесінің қос жиегін көк терек
көмкерген Евгеньевка Алатаудың алақанында жатқандай көрінеді екен.
Аппақ əдемі үйлерінің төбесі өркештеніп аспанға өрлеп тұр. Сабанмен
жабады екен. Əр үйдің аумағы да, ауласы да үлкен. Тор темірмен қоршап
қойыпты. Тек қақпаға кіре берістен көпір жасалған. Шыны терезелер күнге
шағылысып, əлемнің сəулесін молайтып жібергендей сезіледі.
Əр жылғаны, бастау басын қуалап үрке қонған біздің ауыл
Евгеньевканың жанында ойыншықтай көрінеді. Қатар түзеген еңселі
үйлердің мысы басып біртүрлі боп келем. Үлкен қалалар да осы сияқты
шығар, бəлкім.
Біз үшінші көшені кесіп өте бергенімізде, бір үйдің қақпасының
алдында тұрған Тишконы көрдік. Шамасы, бізге қарайлаған болуы керек.
Тани салып қол бұлғап қарсы жүрді. Осылайша Гончаровтардың ауласына
да кірдім. Балшықтан соғылған кең аула тап-таза екен. Қақ ортада тырна
мойын құдық тұр.
Гончаровтың балалары біздің аттарымызды жайғастырып жатыр. Ал
кемпірі мен шалы үйге бастап кірді. Аппақ етіп əктеген үлкен бөлмеде ағаш
кереует тұр. Үстін қолдан тоқыған бүркеншекпен жауыпты. Бір бұрышта
үлкен орыс пеші. Биік сандық, стол, екі ұзын отырғыш, үш-төрт пəкене
орындықтан басқа жиһазы жоқ, жер еден үй екен.
Пеш қабырғасында ішекше созылып, ұзыннан-ұзақ кенеп орамал ілулі
тұр. Ішке кіргенде бұрышта қайтаған икондарға бірден назарым ауды.
Көзімді алмай қараппын да қалыппын. Суреттің жиек темірлері жалт-жұлт
етеді. Мұнда қаба сақал ата қудай бейнеленіпті. Оның оң жағында сəби
көтерген ана құдай. Сол жағында Айса пайғамбар. Бəрінен төменіректе
басы салбырап, қолы қадаға керілген біреудің суреті. Жан түршігер азапқа
түсіп тұрғаны жүзінен аңғарылады. Дəл соның түбінен балауыз шам жағып
қойыпты. Көмескі жарық осынау күңгірт бұрышқа еміс-еміс сəуле
шашады. Əр суреттің жиегін дала гүлімен көмкеріпті...
Менің шектен тыс таңырқап отырғанымды сезген əкем, егжейлеп
түсіндіре бастады.
— Мұның бəрі орыс құдайларының бейнесі, — деді əкем суреттерді
нұсқап. — Осы суреттерге бəрі табынады. Анау ақсақалды шалы — Ата
құдай, мына сұлу əйел — Айса пайғамбардың шешесі, қолындағы
көтергені пайғамбардың сəби кезі. Ал мына сол пайғамбардың есейген
шағы. Төмендегісі Айсаны дінсіздердің азаптағаны ғой...
Əкем біраз ойланып отырды да, сөзін жалғады. — Əрине, орыстар
жаңсақ діннің жолында жүр. Əйтпесе өздері салған суретке өздері табынар
ма еді. Адамды құдай жаратты, құдайды адам жаратқан емес, — деп бітірді.
Əкем мен Кузьма шал шаруа жайын əңгімелеп отырғанда да, мен
икондардан көз алмадым. Бұл кезде дастарқан да жайылып еді. Стол
шетінде ысқырынып бүйірлі самауыр тұр. Кемпір сүлгімен шыны-аяқтарды
сүрте бастады. Екі келіні Манька мен Санька, пышақ, шанышқы əкеліп, нан
кесіп жатыр. Піскен картоп, қара өрік қосқан созба қойылды, Ең соңында
буы бұрқырап шөген қазан келді.
Гончаровтар құдайларының қасына барып шоқынды да, асқа келді.
Кемпірі шай құйды. Шал əкемді дəмге шақырып ишарат білдірді. Тишко
бұл сөзді аударып берді.
— Əкем мына дастарқанның үстінде шошқа атаулының исі араласқан
тағам жоқ дейді. Міне нан, мынау шекер, мынау картоп, жеміс — бəрімізге
ортақ. Қазандағы — құстың еті. Сондықтан Момыш тартынбай,
жиіркенбей, сескенбей, өз үйіндей отырып тамақтансын, — деп отыр.
Тишконың тілмаштығынан кейін шешесі күліп жіберді.
— Мыналарың не деп жатыр, Тишко? — деп сұрады əкем əлгі күлкіден
қысылып.
— Бұлар Момынқұл дастарқанға күдікпен қарап отыр,— деп күліп
жатыр, — деді Тишко бізге қарап күліп қойып.
— Ал дəм алыңыздар.
Дастарқан басында бəрі де көңілді отырды. Мені Василий далаға ымдап
шақырып жүр. Əкемнен рұқсат алып, сыртқа шықтым.
— Біздің бар байлығымызды көрсетсем, жалықпайсың ба? — деп
сұрады Василий босағадан аттай беріп-ақ.
Алдымен құдық басына келдік. Ол құдықтың қақпасын ашты. Төмен
үңіліп қарап жатырмын. Құдықтың қабырғасы таспен өрілген екен. Түбінде
көздей тұнық су беті көрінеді. Василий тырна мойын иінмен қалайша су
тартылатынын көрсетті. Суы əрі мөлдір, əрі мұздай екен. Сонан соң ол мені
атқораға, онан соң қамбаға, содан кейін бау-бақшаға ертіп апарды. Екеуміз
бəрін асықпай аралап шықтық. Мен бұлардың бар шаруасы тындырымды,
тап-тұйнақтай, өте жинақы екеніне қызықтым. Біздің ауылдың тірлігі
мұның қасында ретсіз дүниедей көрінді.
Мен енді шіркеулеріңді көрсетші деп едім, Василий басын сипап тұрып
қалды. Сонан соң аз ойланып:
— Жарайды, тағы бір келгенінде көрсетермін. Бүгін болмайды, — деді.
* * *
Күз жаңбырлы болды да, суық ерте түсті. Айнала көктайғақ боп,
көңілсіз сəттер көбейген сияқты. Жазда шаң, күзде қақаған қара суық,
қыста алай-түлей боран əкелетін құбыланың желі күшіне қайта еніп тұр.
Осындай күндердің бір кешінде əкем менімен кəдімгідей ақылдасты. Оқу
жайлы сөз қозғап отыр.
— Сені орыс оқуына берсем ғой, өмірді жетігірек білер едің. Орыс оқуы
тұрмысқа да, тұраққа да, ілімге де, білімге де жақын сияқты, — деп
бастады əңгімесін əкем. — Біздің молдалар құранның екі-үш сүресін
жаттаумен тынады емес пе. Ал орысша оқысаң, жаза да білесің, басқа тілде
кітап оқисың, орысшаға жетік боласың. Қатарыңнан кем етпейтін де осы
орыс тілі сияқты ғой.
Көкем əкеме қарсы дау айтып, күдігін білдіріп жатыр.
— Момыш жалғыз ұлын орысқа беріп, мұсылмандықтан кеткелі жүр ме
деп күлмей ме еліңіз. Сол жағын ойласаңызшы,— деді.
— Жұрт сөзіне еріп қайтеміз, — деді əкем інісіне. — Олай десең,
пайғамбардың да арғы тектері дінсіз болған ғой. Ал, біздің Бауыржан,
құдайға шүкір, мұсылманша көзі ашық емес пе. Орысша оқыдым деп
діннен безе қоймас. Қазіргі заман ағымы да осы оқуды қалайтын сияқты.
Анау Садықты көрмеймісің. Елдің сүйіктісі болып жүрген жоқ па?
Орыспен де тіл табады, істің орайын біледі.
Түнімен ағайынды екеуі осылай айтысып отырып, ақыры ортақ
мəмілеге келген сияқты. Мені орыс мектебіне беруге келісті. Ертеңіне
көкем Евгеньевкаға барып қайтты. Кешкі ас үстінде ол менің
Гончаровтардың үйінде жүріп оқитынымды айтты. Ол үшін мұғалімге бір
пұт ұн, бір пұт жарма, бір пұт бұршақ бермек болып келісті. Ал оқу
құралдары қағаз, қалам үшін бір қой сұрапты. Гончаровтар менің жүргенім
үшін пəтерақы алудан бас тартты. «Əйтеуір Бауыржанның өзіне жететін ет
жеткізіп берсеңдер болғаны» депті. Көкем қой апарып беретін болыпты.
Таңертеңмен көкем екеуміз жолға шықтық. Көрпе-жастық, аздаған
азық-түлік алып келеміз. Жолда ауылдың бір кісісі жолығып қалып, жөн
сұрады. Біз мəн-жайды түсіндіріп едік, ол тулап шыға келді.
— Апырау, бұл не боп барады? Демек, шоқындырғалы апара жатыр
екенсің ғой. Ай-ай, масқара-ай, Момыш сияқты сыйлы ақсақалдар өзінің
жалғыз ұлын орысша оқытса, өзгемізге не жоқ. Өле кетсек, құран орнына
шоқынды сөзін айтқызбақ па екен? — деп соңымыздан айқайлады.
— Жоқ, Бауыржан, əлгінің сөзі рас. Бұл болмайды екен. Ауылға
қайтамыз, өзге балалар не күн көрсе, соны көрерміз,— деді көкем.
Мен үнсіз ілесе бердім.
Осы бір оқыс оқиға менің оқуымды бүтіндей екі айға кешіктірді. Көкем
орысша оқуыма мүлдем қарсы болып қасарысып алғаны. Аюбайдың
ауылына барып, молдадан оқы деді. Бірақ оған қарсы əкем екеуміз едік.
Ақыры жеңді-ау.
Сол жылы қыс қатал болды. Қар қалың жауып, аттатпайтын халге
жеттік. Мал қолға қарап, жинаған шөпті жалмап бара жатқан соң, көкем
бірлі-жарым малды Қаратау жаққа туысқандарымызға айдап апарып
тастады. Малдың шөбі таусылып, отыннан да жұтай бастадық. Бəрін
үнемдеп жұмсамасақ, үрпиісіп отырып қалатын түріміз бар. Əсіресе малды
ауылда маза жоқ.
Көкем Головочевка жақтағы қыстаудағы малдарға жиі баратын болды.
Келген сайын қабағы түсіп, қайғысы молайып қайтады. Бір бау шөптің өзі
бір малдың құнынан асып кетіпті.
Көкем бір орыстан шөп алуға келісіп, жартылай төлеп сенім пұлын
тастайды да, өзі базарға мал айдап сатыпты. Қайтып келіп қалған ақшасын
төлеп, шөбін алайын десе, əлгі орыс бас шайқап мəз болып отыр дейді.
Сөйтсе көкем алатын нарықтан да қымбаттатып өзге біреуге сатып
жіберіпті. Бұған ашуланған көкем жанжал шығарып, ақыры аяғы
төбелеспен тыныпты. Екеуін де бөлімше милициясы бір күн қамап жауап
алыпты. Милиция өкілі бір ауыз да қазақша білмейтін адам екен. Көкемнің
сөзіне түсінбей «бильмей» деп отырыпты. Содан не есесін ала алмай, не
егжей-тегжей түсіндіре алмай, тіл білмей қор боп келген беті екен.
—Бұл тілдің қорлығын-ай! Арызыңды айта алмай, дəлелді жауап
қайтармай, мақау адамша иығыңды шошаңдата береді екенсің, — деп
күйіп-пісті көкем.
— Болды енді, түңіле бермей, — деп басу айтты əкем.
— Қайта орыстар қабырғаңды сындырып, қаматып тастамағанына
шүкір де.
— Неге өйтеді? Мен уəдемде тұрып, қалған ақшасын əкелдім ғой. Ол
болса алдапты.
— Е-е, соныңды түсіндіре алсаң жақсы ғой.
Осы оқиға көкемнің шымбайына қатты батса керек. Мені орыс
мектебіне оқытамын деп құлшынып шыға келеді.
Сол оқиғадан кейін көкем көп уақыт тұнжырап жүрді. Əсіресе малға
қалған шөпті тараштап шашып тұрғанда қатты қынжылатын. Мал мазасыз
маңырап шулағанда, көкем еріксіз солармен сөйлесетін еді.
— Болды-болды. Мұнан артық берерім жоқ, — деп қолын қаға
бастағанда, ала сиыры келіп алақанын иіскелейтін. Көкем оған да тіл
қатады. — Қоя ғой əукешім. Көктем шықсын. Сонда көк шөпке
тойдырмасам ба сені. Көктемге дейін сүйегіңді сүйреп шықты, əйтеуір, —
деп тұмсығынан жайлап итеретін...
Құбыладан жел үдеп, боран бұрқап кетті. Апта бойы басылмай ақ
көбігін шашып, долданып тұрып алды. Үй арасына қатынаудың өзі мұң
болып, ел от басында отырып қалды. Тек көкем ғана тонға оранып тысқа
шығады да, мал суарып қайтады. Үйге келгенде үстіндегі қарын ұзақ
қағып, тонын сілкілеп тұрғаны.
— Түу, айнала боз боран. Тіптен көршінің үйі көрінбейді,— дейді ол
қолын уқалап. — Төңіректің бəрі құтырынып тур.
Біз тонға оранып алып, тамақ ішіп, ертегі тыңдаумен күн батырып
жүрдік.
* * *
Көкем мені Гончаровтарға алып келді. Бұлардың үйі жып-жылы екен.
Сыртта сөмкелерін қолтықтаған балалар бір-біріне қар лақтырысып
ойнайды. Араларында Василий де бар екен. Ол өзінің қарсыласын қармен
қадап ұрды да, үйге қарай жүгірді. Мені көріп қуанып айқай салады.
— А-а, Бауыржан келді!— деп құшақтай алды.
...Василий мен Тишко бізді орыс «молдасына» ертіп барды. Əкемнің
молда деп жүргені ұзын бойлы. Ат жақты, қыр мұрынды, шашына ақ
кірген, кең маңдай орыс əйелі екен. Біз кіргенде, ол қамыр илеп жатты.
Бізбен қолын алжапқышына жасырып тұрып əңгімелесті. Тишко бізді
таныстырды. Əңгіме өте қысқа. Ол маған еңкейіп орысша бір-екі сұрақ
берді. Мен жауап қата алмадым. Сонан ол Тишкоға əлдене деп тіл қатты.
Тишко бізге аударып берді.
—Бұл кісі, Бауыржан орыс тілін білмейді екен. Түсінбеген соң қиын
болады ғой. Өзім болсам қазақша білмеймін. Қалай үйреніп, қалай
ұғынысамыз деп тұр.
— Егер Бауыржан орыс тілін білетін болса, мұнда əкеліп əуреленіп
неміз бар? — деді көкем.
Мұғалім күліп жіберді. Əлден соң келісім берді.
— Жарайды, орысша оқытайық деп талап қылған екен, қала қойсын.
Көрерміз, бəлкім еңбегіміз жанып, үйреніп кетер. — Сөйтті де Василийге
бұрылып: — Сен енді бұған көмектес?! Əйтпесе оқи алмай жүрер, — деді.
— Көмектесем.
Көкем «əдепті бол, ұқыпты бол. Бұзықтармен дос болма. Сабағыңа
көбірек көңіл бол. Шошқаның етін жеп жүрме. Орыс құдайына табынып
жүрме» деп пысықтады да, ауылға аттанып кетті.
Көкем кеткен соң, Гончаровтың кемпірі отыратын орынды көрсетіп,
жататын жерімізді белгіледі. Василий екеуміз пеш үстінде жататын болдық.
Кемпір аз ойланып тұрды да оқыс сұрақ қойды.
— Сенің «қойың» көп шығар?
Мен сұрақтың мағынасын аңғара алмай, үйіміздегі қойдың санын
айттым. Кемпір күлді де, қойнына қолын салып тырнағымен əлденені алған
болды. Сөйтіп сығып көрсетіп жатыр:
— Міне, осы сияқты «қойың» бар ма?
Не дерімді білмей, ызаға булығып, кеміткеніне шыдай алмай,
көйлегімді сыпырып алып кемпірдің қолына ұстата салдым. Кемпір
көйлектің бүкіл тігісін қарап шықты да, ешнəрсе таба алмай өзіме
қайтарып берді. Сұрағына ыңғайсызданды ма, кешірім өтінгендей
басымнан сипады. Арқамнан қағып, көйлегімді кигізіп жатыр. Мұндай
қорлыққа шыдай алмай жылап жібердім. Шал кемпіріне бақырып ұрыса
бастады. Гончаровтардың өзге мүшелері де шешесін жазғырып кінəлады.
Бейшара кемпір сасқалақтап ақтала сөйлеп жатыр... Мені жұбатқысы келсе
керек, Василийді ұстап алды да, қыңсылағанына қарамай көйлегін шешіп
тігістерін тексерді. Мен сонда да өзіме келе алмай, өксігі тұрдым. Бəрі де
мені аймалап, осы бір өкпеден тезірек жазып алғысы келгендей құрақ
ұшады. Кемпір маған мейіріммен қарайтын болды. Біраз күннен соң мен
өкпемді ұмытып кетіп едім...
Кешкі астан соң Василий сабағына отырды. Ал Тишко менің əліппемді
алып əріп үйрете бастады. Мен бұл алфавитпен таныс едім. Бірақ əкем
үйреткенде Б мен В-ның, К, Г жəне X əрпінің, С мен Ц-ның, Е, И, Э жəне Й
əріптерінің айырмасы жоқ сияқты бірдей естілуші еді. Ал Ъ, Ы, Ь əріптері
дегенді естіген емеспін. Гончаровтар бəрін анықтап ұзақ үйретеді. Амал
қанша, жуығырақта басыма қонар емес.
— Ал, кəне, — Василий деп айтып көрші.
— Басиль, — деймін мен оған.
—Жоқ, Басиль емес, Василий,—дейді Тишко,—түсіндің бе, В, Ва...
— Бесиль, — деймін мен. Сөйтемін де одан — солай ма деп сұраймын.
— Жоқ, тағы да дұрыс айтпай отырсың, Бе емес, Ва, Васи-лий. Түсіндің
бе?
Олар осынау қиын əріптер кездесетін орыс жəне қазақ сөздерін мысалға
келтіреді. Бірақ миыма кіріп жатқаны шамалы.
Орыс мектебіндегі алғашқы сабағым осылай басталған еді.
* * *
Василий пеш үстіне шығады да, мені шақырады. Пеш үсті ысып тұр.
Мен əкелген көрпе көлдей, əрі түйе жүні салынған еді. Василий, мен
келгенше, кеудешесін киіп, жұқа без көрпе жамылады екен.
— Ал, кəне, — деді ол. — Сенің көрпеңді төсеніп, менің көрпемді
жамыламыз ба? Ысып кетеміз ғой.
Екеуміз келісе кеттік.
Пеш үстінде жатып көрмегендіктен бе немесе жаңа ортаға үйрене алмай
жатырмын ба, əлде ертең көретін мұғалімнің алдында қалай боларын
ойлаймын ба, əйтеуір дөңбекшіп ұйықтай алмадым. Василий болса
рахаттанып ұйқыға кеткен. Денем күйіп кеткен соң көрпені теуіп тастадым.
Көзім ілінер емес. «Мен мына жерде ыстықтан буынып жатқанымда,
ауылдағылар үй ішінде қалтырап, қабат-қабат көрпе жамылып жатыр-ау»
деп ойлаймын. Бір ой мен бір ой сапырылысып, əбден қалжырағанда
қалғып кетіппін. Таңертең Василий мені тартқылап жүріп əрең оятты.
— Бауыржан, тұр-тұр. Мектепке барамыз. Мен ұйқылы-ояу əлденені
айтып, Василийді итеріп жіберіппін. Əбден болмаған соң Василий
аяғымнан сүйретіп еденге түсіргенде ояныппын. Ұйқымды аша алмай,
сонда да жата берсем керек, Санька сөйледі:
— Сілкілесеңші оны. Көзін аша алмай жатқанын көрмеймісің. Мына
«қырғыздың» ұйқысының қаттысы-ай, — деп қарқ-қарқ күледі. — Өз
үйінің төрінде жатқандай жайбарақат қой өзі. Дамбалын сыпырсаң тұратын
шығар, бəлкім.
— Мама, мынаны қарашы, — деді Василий шешесіне,
— Санька ұйықтап қалған балаға күледі.
— Не десең ол де, Василий. Мұғалім екеуің босқа əуреленесіңдер.
Қалай оқытсаңдар да мынауың баяғы «қырғыз» күйінде қалады.
Осынау тілі қыршаңқы əйелдің ұлы сөзінің мəнін кейін түсіндім. Мен
тұрып киінгенде де, Василий мен кемпір екеуін қағытып, Санька келіні əлі
тиісіп жүр екен. Тіпті болмаған соң кемпір келініне кейін ұрысты. Сонан
соң ол Василий екеумізді тамақтандырып, сөмкемізге бір-бірден созба нан
салды. Василийді бұрышқа ертіп апарып шоқындырды да, маңдайынан
сүйді. Менің қасыма келіп:
—Ал, Баурбуржан, енді сен мұсылман болсаң да, құдай тілеуіңді берсін
деймін, — деп басымнан сипады. — Якши, жақсы оқы. Ал сен, Василь,
бұған бас-көз боп жүр. Байқа ауылдың тентектері тиісіп жүрмесін...
Василий екеуміз мектепке қарай жүгірдік. Тысқа шықсақ, əр үйден кітап
ұстаған балалар өріп келеді екен. Бізге келіп қосылған соң, бəрі мені
түртпектей бастады.
— Бұл, қай «қырғыз», Василь?
— Бұл — біздің танысымыз Момыштың баласы, енді бізбен бірге
оқитын болады, — деді Василий.
— Өзі орысша біле ме?
— Аздап біледі. Үйреніп кетеді ғой.
— Əліппені біле ме, жоқ па?
— Оны аздап біледі.
— Жазуын қайтеді?
— Өзің қалай үйреніп ең? — деп дүрсе қоя берді Василий.
— Сен сияқты бұл да үйренеді.
— Өзі қайда тұрмақ?
— Біздің үйде, менімен бірге тұрады, — деді Василий.
Осы кезде қоңырау үні естіліп еді, балалар мектепке
қарай жүгірді. Есік алдында көз нұры тайған, көнелеу тері құлақшын
киген шал кішкене қоңырауды сілкілеп, безілдетіп тұр екен.
Класқа балалардың соңынан кірдім. Оқушылар шешініп, сыртқа
киімдерін іліп жатыр. Оларды көріп мен де шапаным мен құлақшынымды
шешіп, ең шеткі шегеге ілдім. Мұғалім келді. Барлық оқушылар орнынан
тұрды. Мұғалім сəлемдесіп еді, оқушылар бəрі де бір дауыспен «сəлеметсіз
бе, Мария Ивановна» деді.
Мұғалім қабырғадағы қара тақтаның алдына тұрып алып, оқушыларға
күлімсірейді. Жұмсақ шашы желкесіне түйіліпті. Ақ жағалы қара көйлегі
жер сызады. Қынай бұған барқыт белбеуі мықынын айқындай түседі екен.
Жоғарыдан бір түрлі тəкаппар қарағандай сезілді. Осылайша ол мені көрді.
— Бері келші, балақай, — деп шақырды ол мені. Қасына бардым. —
Міне, бері қараңдар, оқушылар, — деді ол өзгелеріне, — мына қазақ
баласы бізде оқитын болады. Сендер зəбірлеп жүрмеңдер, араларыңдағы
жалғыз қазақ қой. Өздеріңдей көріп, өгейсітпеңдер. Бұл — біздің
Гончаровтардың танысының ұлы.
— Бұл орысшаны аздап түсінеді, — деді Василий мен үшін жауап беріп.
— Жарайды, жақсы екен. Онда енді оқуға кірісеміз, — деп мұғалім мені
көкшіл көз, шашына бантик байлаған қыздың қасына отырғызды.
Мен отыра бергенде, əлгі қыз одырая қарап, партаның екінші шетіне
сырғыды.
Сабақ басталды. Мұғалім əліппені ашты да, тақтаға қасымдағы қызды
шақырды. Ол үй тапсырмасын тақылдап айтып берді. Бормен қара тақтаға
үлкен əріптің жазылғанын тұңғыш рет сонда көрдім. Қыз бірнеше сөз
жазды да, оны өшірген соң орнына келіп отырды. Тақтаға тағы бір бала
шығып, əлгі сөздерді жазып еді, талай қате жіберіпті. Мұғаліміміз сол
арада түзетіп көрсетті... Əрине, мен оның көбін түсініп отырғам жок.
Мектебіміз мені баяғыдан қоңырау үнімен елеңдетіп жүрген шіркеудің
қарсысында екен. Кəдімгі қам кірпіштен салынған еңселі үй. Күмбезденіп
ойылған үлкен жиектері бар. Баспалдақтары ағаштан жасалған екен. Төбесі
темірмен түнікеленген. Оның үстіне ағаштан соғылған үйшік бар. Үйшік
толған үлкенді-кішілі қоңыраулар. Ең төбесінде айқыш темір қадалған
күмбез. Шіркеудің іргесіндегі топтың үйі. Аумағы екі-үш үйдің жеріндей
көсіліп жатқан шіркеу өзге үйлерге төбеден қарап тұрғандай сұсты көрінді.
Сабақ арасындағы үзіліс кездерінде балалар осы шіркеудің алаңында
ойнайтын.
Екінші сабақта мұғалім оқушыларға тапсырма берді де, мені. шақырып
алып қасына отырғызды. Əліппені ашып, жеке түсіндіре бастады.
— Көрдің бе, əліппені біледі, — деді Василий қасындағы балаға.
Мұғалім менен əліппені сұрады. Алфавиттің бəрін айтып бердім.
Мұғалім ретті жерінде түзеп отыр. «Ве, Ка, Ха, Це, Ша, Ща, Че, Ю» деп ол
мен дұрыс айтпаған əріптерді қайталады. Сонан соң əлгі əріптерді əдемілеп
жеке жазды да:
— Міне, осыларды жаттап кел. Оқу мен жазуды кейін бастармыз.
Енді ол əліппені ашты да, бір бетіндегі жазуды жаймен оқып шықты.
Мағынасын түсіндірді. Оқушылардың өздеріне оқытты.
Үшінші сабақ— есеп екен. Қызықты өтті. Сабақ алдында мұғалім үйге
берген тапсырманы шығардыңдар ма, деп сұрады. Оқушылар шығарып
келіпті. Мұғалім тақтаға есеп жазды.
— Бəрің де осылай жазып келдіңдер ме? — деп сұрады.
— Бəріміз де, — деп шу ете қалды оқушылар.
Мұғалім дəптерлерді тексеріп, қателерін көрсетті. Шығару жолдарын
тақтаға жазып көрсетті. Сонан соң жаңа есеп түсіндіріп, үйге тапсырма
берді. Оқушылар тақтадан тапсырма көшіріп жатқанда, мұғалім менің
қасыма келді. Дəптеріме анықтап тұрып онға дейін сандарды жазып берді.
— Один — бир, два — еки, три — үш, четыре — торть, — деп
аудармасымен түсіндіре бастады. Маған қайталатып еді, мүдірмей санап
бердім. Өйткені орысша жүзге дейін мүдірмей санай алатынмын.
Оқушылар мен жаққа райсыз қарап қапты. Мұғалім оларға жауап
бергендей: — Иə, орысша санай біледі екен, — деді.
Мақтауға мəз болып, жиырмаға дейін санадым.
— Жақсы, — деп құптады мұғалім, — бірақ «дбанасат» емес —
«двенадцать, тринадцать» деп айт. «Шеснасат» емес, — «шестнадцать».
«Дебетнасат» емес — девятнадцать». Түсіндің бе? — деп сұрады.
Василийге де менің дұрыс айтуымды қадағалауды тапсырды.
Менің орыс мектебіндегі алғашқы сабағым осылай басталып еді.
Гончаровтардың көмегімен мен жаман оқығам жоқ. Кемпір мен шалдан
басқасы маған қамқор болып, сабақ үйретеді. Шал мен кемпірдің өздері
сауатсыз еді. Есептен жүйрік боп шықтым. Бірақ есеп жолдарын дəптерге
ретімен жаза бермейтінмін. Ойша шығарып, жауабын ғана жаза салам.
Мұғалім бұған қиналатын. Сабақ сайын есеп жолдарын жазуды түсіндіреді.
Тілді нашар білетіндіктен мұғалімнің түсіндіргенін шала-пұла ұғушы ем.
Бірақ ол үйретуден жалыққан емес.
Əліппе оқитын болдым. Дəптеріме де бірлі-жарым өрнектер түсе
бастады. Көп сөзді түсінбесем де, көшіре беретінмін. Сөздің мағынасына
мəн бермесем де, жаттап алушы ем...
Күн сайын орыс балаларымен достасып, оқуым да жақсара берді...
Бұл өз алдына бір əңгіме. Реті келгенде кейін айтып берермін.
Document Outline
Достарыңызбен бөлісу: |