Бауыржан Момышулы. Ушкан уя



Pdf көрінісі
бет8/16
Дата01.04.2023
өлшемі0,82 Mb.
#78189
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   16
Байланысты:
Бауыржан Момышұлы — Ұшқан ұя

...Мал бергені барады алып кетіп,
Қолымды кедейшілік кесіп отыр,
— деп бір сабаз сүйгенінен айрылып, құсадан күйіп-жанып, қараша
үйде қан құсқандай, өз тағдырына тағылық заңына лағынет айтып,
Зəпирасын жоқтап күңіренген де болар.
Зəпира келбетті келген жан еді. Талдырмаш сұңғақ бойына əркім-ақ
сұқтана қарайтын. Оның атжақты жүзі, қыр мұрыны, үлбіреген беті
шығыстың сұлуларын елестететін. Жайнаған мөлдір көзі, қарлығаштың
қанатындай қияқ қасы, шоқтай қызыл қалыңдау ерні өзгеше бір
сұлулықтың нышанын аңғартып тұрушы еді.
Өзі де айналасындағы күйкі көріністі мойындағысы келмей, өзін
қоршаған сұрықсыз тірлікті көзіне де ілмей, батыл да еркін жүретін.
Жас келіннің мінезіндегі мұншалық еркіндік ел ішінде күңкіл де
туғызды. «Əдепті білмейтін, тəрбие көрмеген» деген сөздер де айтыла
бастады. «Əйтпесе қазақтың қай келіні босағаны аттай салып тайраңдап
еді». «Жусаннан аласа, бетегеден биік» бон иіліп жүрмеуші ме еді.
Зəпира осынау қалыптасқан қараңғы дағдыға бірден қарсы тұрды. Ол
енесі Анаргүлге де, қайнағалары мен абысындарына да орынсыз бас иіп
төмендемеді. Оның көзқарасынан, қимылы мен ісінен, үні мен мінезінен
жəрбиген жаман күйеуіне деген, күйеуінің ағайын-туғанына деген
өшпенділік оты ұшқындап тұратын.
Енесі Анаргүл мен өзінің күйеуі ерке келінді көнбіс етіп алуға, иін
жұмсартып, айтқандарына көндіруге талай-талай əрекет те жасады. Бірақ
қайсар да жігерлі Зəпира ұшқын атқан бір көзқарасымен ғана олардың
аузына құм құйып, үндерін өшіруші еді. «Жалғыз қатынға шамаң келмесе,
бай болғаның құрысын» деп Дəулетті шешесі де, ағалары да тұқырта
беруші еді. Осындайда жəрбеңдеп келіп, қоқыраңдай қыр көрсетіп тиісе
беретін Дəулет кербез келіншектің жүзінен жасқанып күңкілдеп қала
беретін. Соның бəріне де, өзінің тағдырына да Зəпира құлақ аспай, кекесін
кейіппен жүре беретін. Қара жұмысқа қол тигізбей, қолы көсеу, шашы
сыпыртқыға айналмай, қыз күнінің еркелігін жоғалтқысы келмеді.
Қасақана ақсаусаққа айналғандай, еркіндік атаулыға ерік беріп еді.


Нығмет əулетінің өзге түңлігіне, біздің үйге Зəпира ерекше ізет
көрсетіп, барынша биязы болатын. Келін боп келген алғашқы жылдары
осылай еді ол. Біздің үйге жиі келетін. Кім білсін, бəлкім, өзі сыйыспаған
ортасынан аз болса да аулақ кеткенді аңсайтын шығар. Оның басын
шалқайта ұстап, маржандай тізілген ақ тістерін көрсете бұралып отырғаны
əлі есімде. Ақторғын кимешектің сыртынан əсем ораған күндігі ерекше
жарасып тұрушы еді. Мен одан көз алмай қарайтынмын. Бұрын өзім
аңғармаған əлдебір сезім жанымды жайлап алатын. Əлі толық ояна
қоймаған ынтығу мен іштей аяныш ізін менің балғын жүзімнен оқи ма,
əйтеуір Зəпира маған ерекше елжірейтін.
Күз түсісімен, Нығмет əулеті Ақкөл жақтағы қыстауына көшіп, бүкіл
қысты Нұрбай ауылының маңында өткізетін. Бұл кезде Зəпира перзент
көріп үлгеріп еді. Тұңғыш қызы Дəулеттен аумай қалыпты. Жайын ауыз,
шегір көз біреу əйтеуір. Мұны көрген Зəпираның жаны түршігіп еді...
Айналасынан зəбір көріп, кеудесін қарыған қайғыға іштей ысталып құса
боп келген Зəпира күйеуін отаудан қуып шығып, ағайындарын аластап
əкесінің үйіне кете барады. Нығмет əулетінің бірде-біреуі шұрқ етіп, оның
жолына тұра алмады.
Келінін қайтару үшін соңынан барғандарға Зəпира мен Нұрбай ырық
бермепті. Сондықтан Нығмет əулеті менің əкем мен бүкіл Үсен əулетіне
хабар жіберіпті. Алыста жүріп мұқатылғанын, келіні кетіп, күлкі боп
отырғанын, бұл тек ер ағына мін емес, бүкіл руға түскен сын, ақсаулы ақау
екенін айтыпты. Ру намысына таңба түсірмей кек алуға, болмаса бітістіруге
келсін депті.
Өзге үсендіктер Нығмет əулетімен тату болмаса да, мына хабар оларға
қозғау салып еді. Ру намысын əрқайсымыздың арымыздай қорғаймыз деп
жиырма шақты жігіт атқа қонды. Оларды менің əкем басқарып,
Нығметтерге жүріп кетті.
Бұл бүкіл аймақтағы үлкен бір дау болып еді. Анау-мынау кикілжіңге
қарағанда, бұл жанжал екі рудың қақтығысқан қара күшіндей еді. Бірін-бірі
ақырына дейін тұқыртып кетпей тынбайтын тірескен шақ болатын.
Əрқайсысы ата намысына, ауыл намысына арқа сүйеп, алыспай беріспейтін
кезеңге таянған сəт сияқты.
Нұрбай қайраты мол, айтқанынан қайтпайтын, айналасына ықпалды


адам еді. Оны ырыққа көндіру де оңайға түспейтін жай болатын. Би кесімі
бойынша мұндайда кейде келісіп, кейде керісіп, кейде қорқытып, кейде қол
күшімен үкім айтылады.
Келін дауы екі рудың арасында қыс бойы созылды. Бірақ бітер болмады.
Байланған түйін шиелене берді, шиелене берді. Ұзақ дауға шыдамай, біздің
жақтың жігіттері бірі ауылға оралып, оның орнына бірі қайтып бара жатты.
Бүкіл ауылдың құлағы түріліп, осы даудың шешімін тағатсыз күтумен
болды. Дүрліккен жұрт дүбірге елеңдеп, екі арада барып-келіп жүрген
жігіттерден мəн-жайды сұрастырып сыр тартады. Оралғандар келісім қай
ауылда, кімнің үйінде жүріп жатқанын, кімдердің қалай сөйлеп, кімнің
адуыны қаншалықты екенін əңгімелейді. Хабаршылардың айтуынша, менің
əкем билердің айтысында асқан шешендік көрсетіп, өзін салауатты ұстай
біліпті. Үсендіктердің үлкені ретінде бүтін бір рудың атынан сөйлеп, пəтуа
сұрапты, тұрысар жерді нұсқапты.
Алайда, қайсар Нұрбай дегенінен қайтпапты. Қызын қайтарудан бас
тартып, сөз дарытпапты. Қызымды қайтара алмаймын, малға келіселік деп
отырып алған көрінеді. Нұрбайдың мұнысына біздің жақтың даушылары
көнбепті. Мал-мүлік емес, адам керек екенін айтып бұлар болмайды.
Ол кезде қай қазақ шаруасын мандытқан дейсің. Көктем шықса,
алақандай жерді жырту — екі-үш күннің тірлігі. Бұл да əдетке сіңіп кете
қоймаған жай. Елдің бəрі жер жыртып егін салмайды. Сондықтан
шаруашылыққа керекті азын-аулақ мардымсыз құрал-жабдықты да кезінде
бүтіндеп алады. Бұл ретте қыс мезгілі еріккеннің ермек іздейтін шағы
сияқты. Бүкіл аймақтың еркек кіндігі кеш болса қыдырып боза ішіп, таң
атса, туысқан аралайтын əдеті еді.
Осындай ұрынарға қара таппай жүргендер аз ғана қақтығыстың өзіне
желігіп шыға келетіні де сондықтан. Сыбыс шыққан ауылға сойыл сүйретіп
жетіп баруға əзір тұратыны да сондықтан. Ауыл арасын шандатып, атой
салып өткенге мəз мұндайда. Құрысқан арқалары жазылардай құлшына
кірісетіні де сондықтан. Оның үстіне əлекке түскен Нығмет əулеті Үсен
əулетіне ат шаптырып, адам жіберіп отырғанда қарап қалсын ба? Ағайынға
ара түскен боп, даурықпалы сапар шексе, сараң байдың соғымын төрінде
шіреніп жатып жеп қайтса, еріккен жігіттердің несі кетіп барады. Бай
ауылының хабарына тез құлақ түргені де осыдан болса керек.


Күн сайын жиырма-отыз адам жамбастап жатып, жақ-жақ боп
айтысады да, егескен жаққа арадағы ағайын ақыл беріп, дау төресі — билер
шешімін айтады. Жанжал иелеріне шешімнің əділдігін ойлануға бір-екі күн
мұрсат береді де, өздері жамағайын, жегжат-жұрағаттарын аралауға
кіріседі. Қайта жиналып бітіспес дауды жалғастырады. Осылайша бұл
тартые бір-екі айға созылады.
Əркімнің аузына бір-бір жалтақтап, күйеу баладан да күй кетіп еді.
Онсыз да тумысынан тұрқы келіспеген Дəулет бүріскен үстіне бүрісіп,
жарғанатша жəпірейіп бітті. Жақсылық келсе, сен жақтан болар дегендей,
Үсен
ауылының
адамдары
мініп
келген
аттардың
айналасынан
шықпайтынды шығарды. Күйбеңдеп əр аттың жалын сипап, күбірлеумен
жүргені.
Амал не, Дəулет тілеуін бермей-ақ қойды тəңір. Нұрбай айтқанынан
қайтпай отырып алды. Зəпира болса жаны сүймеген жарына, қаны
сүймеген жұртына қайта барғысы келмеді. Жалғыз қызының тағдырына
пышақ салып, өзі отқа итергендей болған Нұрбайдың қанында əкелік сезім
қайта қайнап шыға беріп еді. Қалайда қайғы тырнағынан босатып алу үшін
аянып қалған əке жоқ. Құда жақтың сан түрлі ұсынысына құлақ аспай
мүлдем қатайып алды, қайралған пышақтай бірте-бірте сөзі де алғырланып
барады. Перзентінің алдындағы айыбын, мейірімсіз қаталдығын біржола
сəуір жаңбырындай жуып өтпек жайы бар сияқты.
Біз жақтың қуғыншылары да талабынан танбапты. Ат сабылтып арын
ту етіп келгенде, арқасын жерге тигізіп қалай қайтсын. Қадалып отырып,
қалайда дегеніне көндіруге түйініп алған бəрі де.
Талайдан бергі тартыс, іштей толқу мен сапырылысқан ой ұстамды
деген Нұрбайдың өзін сарсаңға салып əбден болдыртып, ақыры дау иесі
Дəулетті сайысқа шақырып еді. Күні кеше өзінің сүйікті қызының ері
болған мынау сұрықсыз Дəулет бес ұлының қалағанымен жекпе-жекке
шығып, жеңе алса Зəпираны əкете берсін. Ал жеңіліп қалса, Зəпира деп
аузын ашпасын, ат-шапан айыбын төлеп ауылына аттансын дейді Нұрбай.
Біздің жақ қарсы алдында қаңбақша қалтырап тұрған бір шөкім кекеш
Дəулеттің кейпінен шошып, Нұрбайдың ұсынысына келіспейді. Нұрбай
екінші ұсыныс айтты.


— Ау, халайық, ауылымда ат ойнатып жатқаныңа аз болған жоқ. Сен
иісі Үсен əулетінің намысын жыртып аттана шапқанда, мен үкіше
үлбіреткен жалғыз қызымның жанына сая бола алмасам, несіне тірі
жүргенім. Сен руыңды қорғасаң, мен бауыр еті баламды қорғаймын. Сен
ата намысын айдар тұтсаң, мен баламның көз жасына тұншығудамын. Сен
сағым сынбасын деп күрессең, мен құса мен күйіктің лаулаған ошағына
өзім тастап, жанып жатқан жас өмірге жайбарақат қарап тұра алмадым.
Ендігі өмірімде сол өртке қарлығашша су тасып сөндіріп, қызымды
қанатыма қайта аламын.
Аянып қалар халім жоқ. Айбат шексең, алдыңа қаймықпай кеуде тосам.
Бес белестей биігім деп жүрген бес ұлым да алақанында аялаған жалғыз
қарындасының қарғысына қала алмайды. Ендеше бес мың қолдай бел
тұтқан бес ұлымды атқа қондырып, алтыншы боп өзім де айқасқа
шығамын. Нығметтің намысын жамылғам азамат арасынан алтауың қарсы
шығыңдар. Əділ күресте бағымызды сынайық.
Дəулеттің дəрменсіздігінен жер шұқылап, қор болып отырған даушылар
бұл жолы Нұрбайдың ұсынысынан бұрыла алмады.
Ақыры Нығмет əулетінің алты жігіті Нұрбай тобына қарсы шығады.
Қалған жұрт екі жаққа бөлініп, тілеулес боп тұрады. Əр көңілде күдік
ұялаған, жанарда жас ұялаған жабырқау сəт еді бұл. Нұрбай аулының
жанындағы қырқаға жиналған жұрт екі рудың намысын көкпарша тартып,
таласқа еніп еді. Бір ру мен бір үйдің таласы, ер намысы мен ана арының
айқасы басталған сияқты. Сайысқа шыққандар білегіне қамшы іліп,
тақымына шоқпар басып, қойнына тығып бір-біріне өшіге шүйлігіп еді.
Оңтайға келсе шоқпармен соғып, жақындаса қамшымен жасқап, алшақ
кетсе таспен атқылап аямас, аянбас айқас бастады. Сілкілесіп-жұлқыласып,
тіктесіп-тістеніп, беттесіп-белдесіп бір сойқанның əр пұшпағынан ұстасқан
жайы бар.
Үш қайтара қақтығысқанда, Нұрбайдың балалары Нығмет тұқымының
қорбаңдаған қолапайсыз үш жігітін шоқпармен қаңбақша қағып түсіріп еді.
Алғашқы жеңіске желіккен Нұрбай туыстарының бір баласы қуанғаннан
қырдам қиқу сала көтеріліп, айқас ортасына жетінші боп шауып кірді. Бұл
сайыс шартын толық бұзғандық еді.


Онсыз да шыбын жанын шүберекке түйіп тұрған Нығметтің руластары
өре тұрды. Менің қызу қанды ағайым Момынқұл өзінің жаман байталынан
қарғып түсіп, əкемнің астындағы атқа келіп жармасты. Ат шылауын ұстап
əкемді ер үстінен түсіреді де, өзі қарғып мініп, қарсы шабады. Ұзын
бақанды қолға алып, Нұрбай тобына сыпыра тиіп, қуып жүріп үшеуін
құлатады. Жеңіле бастаған əулетінің намысын жердей қайта көтеріп алады.
Тағы бір айнала соққанда ағам төртінші етіп Нұрбайдың өзін сұлатып
кетіп еді. Есінен танған Нұрбай қарт қара жерді құшып қала берді.
Айқас аяғы айқындалып қалып еді. Ағам ер үстіндегі Нұрбайдың ендігі
екі баласын ауылына дейін қуалап, тоз-тозын шығарады.
Əкем сұлап жатқан Нұрбай шалға жүгіреді. Басын сүйеп, көтереді. Есін
жиған Нұрбай кемсеңдеп: — Сенбісің Момыш, — дейді қалтыраған үнмен.
— Қайтейін, осыны қалаған өзің ғой, амалым не, ақсақал, бейбіт сөзге
келмедің ғой, — дейді əкем оған.
Нұрбай күдер үзген бəсең үнмен:
— Ендігісін өзің білесің, Момыш. Би де, билік те сенде. Əлгі есерсоқ
болмағанда бұл күйге ұшырамас едім-ау, Қайдан ғана келе қалды, сол
найсап. Уəде бұзылған соң, үміт те үзілді ғой, — деп сұлқ түседі.
Əкем айқасты тоқтатуға белгі береді. Ат айылын босатып, дауласқандар
екі күн ойлануға мұрсат алады. Үшінші күні Нұрбай ауылынан шабарман
келді. Біздің адамдар қайта кетті.
«Ата жолын аттап өтіп, баба салтын бұзғаны» үшін əкем Нұрбайға
азын-аулақ ат-шапан айыбын төлетіпті. Ал байғұс Зəпира лажсыз сағы
сынып, тұншыға қайтып келді.
Ағайым өмір бойы мақтанатын. Жалғыз Дəулет пен Нығмет əулетінің
намысын ғана емес, бүтін аз ғана Үсен руының да арын сақтап қалдым деп
көрінген жерде күпінетін. Əкем оның бұл қылығын жақтырмаушы еді. Қарт
Нұрбайға қол көтергенін кешірмейтін.
— Ұрғаныңа ұлдары да жететін еді ғой, — дейтін жем кейісті үнмен. Ат
астында аунап жатқан Нұрбайдың аянышты жүзі жүрегінде ұмытылмас бір


түйткіл қалдырған-ау, шамасы.
Зəпираның сол бір қайғылы оқиғасынан кейін, мен оны екі жылдан соң
көрдім. Баяғы батылдықтан, еркіндік пен өжеттіктен жұрнақ та қалмапты.
Қатты шөгіп, ауым-сауым халге түсіпті. Шамасы, бұрынғыдай бой түзеп,
таранып, жинақты жүруді де ұмытқан-ау. Басындағы ақ жаулығы да
бозарып бітіпті. Жүрісіндегі өзіне тəн ерке қимыл суға түскен кесектей еріп
кеткен сияқты. Жəудіреген мөлдір жанары бұрынғыдай нұр шашпай,
жасаурап, солғындап кеткен. Айналадағының бəріне өшіге, жанымен жек
көре қарайтын сияқты. Жұрт енді ол безілдеген Анаргүлдің жыбыр-
жыбырына көніп болған, тіптен күйеуі дауыс шығарып, қол көтеретін де
болыпты деп жүрді.
Осылайша қалыңмалдың қара күші, ескі əдет, тырнағы у боп жабысқан
ру қатынасының ұзын қолы асау Зəпираның алқымына да бұғауын мықтап
салып бұрап тастаған еді. Жанындағы жарқын нұрды өшіріп, үлкен
сезімнің тамырын қиып біткен болатын. Енді жайнап тұрған гүл емес,
күздің күлгін жапырағындай күн сайын солып барады екен. Зəпира да əйел
басына түскен езгіні үнсіз көтеріп жүре берді...
1943 жылы ауылға демалысқа келгенде, қайтыс болған бір
ағайынымның үйіне көңіл айтуға кірдім. Сырттан елдің ең соңы болып белі
бүкшиген, кір орамалы көзіне дейін түсіп кеткен бір əйел келді. Алғашында
кім екенін танымай қалып, сəлем беруге орнымнан тұра бергенімде, əлгі
əйел асқан бір жылы мейіріммен құшып, еркелете сөйледі. Киізге кайта
жайғасқанымызда, менің хал-жайымды, денсаулығымды, мынау «қағынған
соғыс кезіндегі» амандығымды сұрай бастады. Өзінің ерте келіп сəлем бере
алмағанына
кешірім
сұрап
жатыр.
Сонда
барып
майшамның
алакөлеңкесінде əйелдің Зəпира екенін əрең танып едім. Əбден қажып
бітіпті. Шүйкедей боп шөгіп, бүріскен күйі отыра берді.
Шамның күңгірт жарығы əжімдерін адырайта айқындап, тіссіз қушиған
иегін де əйгілеп тұр.
Мен шыдай алмадым.
— Жеңеше-ау, қартайып кеткенің қалай?
Зəпира алғашында бұл сөзімді естімегендей бейжай қалпы ауыр бір
күрсінді. Сонан соң мұңлы жанарын маған қадап, жай ғана үн қатты:


— Е, шырағым-ай, жеңешең не көрмеп еді? Тобыңа сегіз күшік асырап
қосқанда, жалғыз жанымның несі қалды дейсің? Əйтеуір аман жүргеніме
шүкірлік еткейсің, шырағым!
Бұл сөзді ол толғанып, қайғылы үнмен айтып еді.
Ошақбай қарт мына сөзді ұнатпай, бас шайқай берді:
— Асылық етпе, келін. Ауыл əйелдерінің бақыттысы өзің емессің бе
Зəпира?! Есігіңді соғыс сойқаны қаққан жоқ, байың да алдыңда, сегіз балаң
да алдында. Бұдан артық не демексің Аллаға....
- Бөрік кигеннің бəрі азамат атын жоғары ұстап халқын қорғауға
аттанғанда, Дəулет оған да жарамады ғой, — деп ызалы сөйледі Зəпира. —
Анасы сол үшін туғандай менің қорушым боп жəрбиіп отырған жоқ па.
Оның үнінен мен сол баяғы қарсылық кегінің, зорлық көргісі келмеген
бұлқыныстың, қалыңмалға деген қарғысының ұшқыны əлі өшпегенін
аңғарып едім.
* * *
Енді əпкемнің бой жетіп, жар тандап, ұзатылған кезін баяндайын.
Мамыттан қол үзгенімізді естіген жұрт тұс-тұстан қыз айттырып, жаушы
жіберуді көбейтті.
— Мамыттан кейін бар қалауды қыздың өзіне бергенбіз. Барар жерін,
бақытын сеніп тапсырар азаматын өзі қаласын! — деуші еді əжеміз.
Əпкем əбден толысып. ауылдың бұрала басқан бойжеткені болды.
Содан ба, оның қолын қара жұмысқа тигізбей, тек өрнек тігуге
отырғызатын еді. Əпкем кестенің не түрін, алаша тоқудың сырын, кілемнің
өрнегін салуды үйреніп алды. Енді ол мойны мен кеудесін алқаға
толтырып, шашына шолпы тағатынды шығарды. Үкілі кəмшат бөркінің
жиегіне де шетірмек тігуші еді. Саусақтары жүзікке толы. Ауылдың еркесі
атанып, жиын-тойдың, айтыстың көркіне айналды. Өзі де еркін жүріп, əн-
күйдің ортасында өсіп, жасының жиырмаға шығып бара жатқанын
аңғармай да қалып еді. Кейбіреулер əпкеме «кəрі қыз боп отырып қалады»
деген кінəрат та таға бастады. «Айттырып келгендерді алдаусыратып
сыпайы сөзбен сырғытып жібере беруші еді. Міне, жиырмаға да келіпті.


Мұның артын оңғарсын» — дейтіндер де табылды.
Бір күні ауылымызға екі салт атты келді. Бірі Батырбек əулетінен
шыққан Балтабай деген кісі де, екіншісі мұрты енді тебіндей бастаған
жиырма бестер шамасындағы бейтаныс жігіт екен. Əкем үйде жоқ.
Жолаушыларға самауыр қайнатып, дастарқан жайылды. Жас жігіт басын
сəл иіп үнсіз отыр. Кеседегі шайын баппен ұрттайды. Əпкеме айтқан екі-
үш ауыз сөзі үйлеспеді.
Олар кеткен соң, біз ортаншы əпкеміз екеуміз əлгі жігіттің сызданған
түрі мен сызылған қылығын салып, сөйлеген оралымсыз сөзін қайталап мəз
болыстық. Алғашында үлкен əпкем қосыла күліп еді, кенет лезде
ашуланды. Біз одан сайын мазақтап күлдік. Осылай көпке дейін үлкен
əпкемнің мазасын алып қоймаған соң, ақыры шапалақ жеп тындық.
Кешке əкем үйге келгенде, біз бүгінгі қонақтар жайын айттық. Үбиан
үйден шығып кеткенде, ортаншы əпкем екеуміз əлгілердің қылығын жүріс-
тұрысын, сөздерін салып мазақтадық. Сонан соң: «Жігіт Үбианға ұнап
қалса керек, біз күліп едік, қатты ашуланды», — дедік. Əкем бізді тыңдап
алды да, жымиып күлді. Сөйтті де бұл оқиғаны екіншілей еске алмауды
ескертті.
Сөйтіп өзі бізге нақыл болар бір жайды айтып берді.
— Баяғыда байдың ерке өскен баласы ел-елден қыз айттырған екен.
Бармаған жері, көрмеген қызы қалмапты. Қасы-көзінен нұр тамған небір
сұлуларды көріпті, ақылына адам бойламас əдептілерін де көріпті. Бірақ
біреуін де ұнатпапты.
Енді ол алыс сапарға аттанып, жеті күншілік жердегі бөтен елге келген
екен. Жүздеген ауыл аралап, тағы да ешбір қызды ұнатпапты. Осылай ел
аралап жүріп ол бір алты қанат ақ үйге кезігеді. Алдынан толықсыған ару
шығып «аттан түсіп, сусын ішіңіз» депті. Жігіт атын желіге байлап үйге
кіреді. Төрде отырып қыздан көз ала алмапты. Қыз мұны елемегендей
жайбарақат мейманға дастарқан əзірлей бастайды.
Шай қайнапты. Қыз лезде дастарқан жайып, жігітті əдеппен асқа
шақырады.
«Жігіт мен іздеген сұлу осындай-ақ болар. Көркіне тоқтадым. Ал ақылы


соған сай ма екен, байқап көрейін» деп ойлапты ішінен.
Түрулі есіктен сыртта жатқан томарлар көрініп тұр екен. Жігіт сынар
жерім осы шығар депті де оқыстан сұрақ қойыпты.


— Құдаша, айып көрмесеңіз айта отырыңызшы, көлік ат анау томардың
қаншауын тартар екен?
Жігіт қызды сүрінтер сұрақ бердім деп ішінен масаттанып отырады.
Сол сəтте қыз сəл жымиып күліп жауап қатыпты:
— Жақсы ат болса бір-бірден тартар, жаманы болса екеуден артар.
Жігіт мырс етіп күліп жіберіпті. Мұнысы мұқатқаным дегені еді. Өзі
іштей «бəсе ақыл мен көрік сай келуші ме еді. Мынау қыз ақылы кемдеу
біреу болды» депті. «Əйтпесе жаманы екеуден артар, жақсысы біреуден
тартар дер ме еді. Жоқ, бұл менің теңім емес. Жар болып жарытпас».
Осылайша жігіт ешкімге көңіл тоқтатпай аттанып кетеді.
Үйге келіп əкесіне бар жайды айтқан екен.
— Жеті күн жол жүріп, қияндағы елдерді араладым. Өзіме тең
таппадым. Бір көрікті қыз кездесіп еді, өкінішке орай ақылы шамалылау
боп шықты. Сынай сұрақ беріп едім «жақсы ат бір-бірлеп тартар, жаманы
екеуден артар» деп жауап қайырды. Ұлының сөзін естігенде əкесі күйіп
кетіпті.
— О, сормаңдайым-ай есуастың үлкені сен екенсің ғой, балам. Қыз
сөзінің байыбына бара алмаған көкми сен болдың. Шамасы сен қомағай
дастарқандағы бауырсақты қос-қосынан бұралақтап аузыңа тыққансың ғой.
Қыз соныңды мінеген. Ол ақылды ғана емес, дана қыз екен.
Сонда жігіт бармағын шайнапты. Естеріңде жүрсін, балаларым,—деп
күліп еді əкем.—Бəлкім біздің үйге келген жігіт əдеп сақтап тартынған
шығар. Шайды сыздықтатып ұрттады дейсіңдер ме?
— Иə.
— Е-е, онда мен сендерге тағы бір əңгіме айтып берейін, — деп əкем
сөзін қайта жалғастырды. — Баяғыда қыз айттырған бір жігіт шаршап-
шалдығып, шөлдеп бір ауылға əрең жетіпті. Қызы бар үйге бас сұғып демін
алған екен. Алдына дастарқан жайылып, шай келіпті. Шөлдеп ерні кезеріп
отырған жігіт қыз ұсынған шыныаяқты ала салып ұрттап жіберіпті.


Абайсызда аузы күйіп шайды əрең жұтады. Көзі жасаурап, қызға сездіргісі
келмей аспанға қарай беріпті. Енді тіл қатпаса жеңілетінін біліп жігіт
шаңырақтың ағашына көзі түсіп:
— Мынау, қандай жердің ағашы болды екен? — депті.
Сонда қыз күлімдеп:
— Бұл саздау жердің ағашы, сабырсыз ердің жазасы, — деген екен.
Жігіт өзге тілге келмей аттанып кетіпті. Біздің үйге келген жігіт əлгі
айтқандай қолайсыз жайға ұшырап қалудан сақтанған шығар.
Əкемнің бұл сөздері бізді ойлантып тастады. Кейін байқасам, қыз
айттырған жігіт қыз сынаймын деп отырғанда, оны ауылдың кəрі-жасы
түгел барлайды екен ғой.
Арада екі апта өткен соң Балтабай қайта соқты. Əкем екеуі оңаша
əңгімелесті де, қайтып кетті. Біз сияқты балаларға мұндай кеңестің жөнін
айтпақ түгілі үй маңына жолатпай жіберді. Бірде əкем екеуміз қыстауға
барғамыз. Əкем жоңышқа шапты. Кешке ауылға жиналып жатқанбыз. Ойда
жоқта Балтабай келді. Əкем мені қайраққа жұмсап жіберді. Іздеп-іздеп таба
алмадым.
Кенет атын жетектеген жігітті көрдім. Жүзі таныс сияқты. Ол мені
қасына шақырып алып, атымды сұрады. Тəтті беріп, мақтап жатыр. Ішім
əлденеге сезіктенгендей болды да, бағдарлай зер салдым. Алпамса денелі,
ебедейсіздеу, шықшыты томпайған құс тұмсық, қоңыр жігіт екен.
Саусақтары шектен тыс үлкендеу көрінді. Тəтті ұсынғанда алақанының
мүйізденіп қатып кеткенін байқап қалдым. Қағазға ораған үгітпе темекіні
сорып тұр. Киімі əжептеуір екен, бірақ белтек-салтақ болып өзіне
қонымсыздау көрінді. Əкемнің қасына қайтып келгенімде, Балтабай
қоштаса бастады.
— Асып жатқан атағы болмаса да, адал жігіт. Табан ақы, маңдай теріне
сүйенген еңбекқор ер. Қарапайым болғанмен, жаны кең. Жақында ғана
əскерден оралды, — деді Балтабай.
— Жарар-жарар, Балтабай. Ақылдасалық. Қабырғамызбен кеңеселік.
Аздап мұрсат бер, — деді əкем.


Сөйтсем Балтабай жігітке қыз көрсетіп, қыз ұнаған соң, екі ел арасында
жаушылыққа жүрген кісі екен. Сол жаушылық парызымен Балтабай ауылға
талай келді. Қалыңмал мен кəде жайына дейін əңгімелесіпті. Сөйтсем
əпкем мен Аюбай жиын-тойларда, жастардың сауық кештерінде бірнеше
рет «кездейсоқ» кездесіп те үлгеріпті. Енді екі жақ берік шешімге келер
алдында əпкемнің ойын білуге сұрау салды. Əпкем бұл сұраққа жауап
беруден жалтарып, көзін тайдыра беретін. Бар айтқаны «мен бір байлаулы
бұзау емеспін бе. Əжем мен əкем кімге жетектетем десе еркінде» деген сөз
болды. Бұл сөздің келісім сөз екенін сол кездің өзінде қаршадай басыммен
мен де сезгем. Екі аптадан соң Балтабай Аюбайдың ауылынан жеті кісі
ертіп келді. Ел жақсылары арнайы құда түсіп, бата алысуға келген екен.
Қалыңмал жайы сөз болды. Келісім немен біткенін қайдам, əйтеуір əкем
қыз ұзату тойы ең жақын дегенде бір жарым-екі жылдан кейін өтетінін
айтып отырып алды. Кұдалар жағы оған көнгісі келмеді.
Қазір ойласам, əкемнің сондағы той мерзімін ұзартуға күш салып
отырғанының түрлі себептері бар екен ғой. Біріншіден, əкем дəулеті
шалқып отырған бай емес еді. Сондықтан қалыңдықтың жасауын қолма-
қол əзірлей қоюға шамасы жоқ болатын. Ал бір жарым-екі жылдың ішінде
əкем шəрі аралап, базар барып жүріп, қыз жасауын атына сай етіп əзірлеп
үлгеретініне сенген сияқты. Екіншіден, болашақ отау тігетін екі жас бірін-
бірі толығырақ білсін, қалыңдық дəуренін қызықпен өткізсін дегені екен.
Үбиан əпкем ренжімей аттансын, бойжеткен шағында көрер тамашасын
қысқартпай-ақ қояйын деген қамқор көңілден шыққан шешім екен.
Құдалар жағы болса келіндерін ертерек қолына алуға асығады. Кім біледі,
қайтадан айнып кетіп, қыз өзге біреуді қаласа масқара ғой. Сонан соң
даурығып, дауласып жүргенің. Ондайда кейде өткізген малың түгел өнбей,
жырымдалып кететіні бар. Жігіт жағы соны да ойлап қыпылдаған сияқты.
Өйткені қалыңмалы төленіп, енді-енді келін боп түседі деп жүрген кейбір
қыздар Октябрь берген жаңа заманды арқа тұтқанына, сөйтіп өзінің
сүйгеніне қашып кеткенін естіп те, көріп те жүр еді олар. Дегенмен құда
түсіп, бата алысқан бұғауды көп ару бұза алмай, көнбіс əдетінен кетіп
жатқан.
Базар күні еді, Аюбайдың ауылынан жиырма шақты адам келді. Сөз
бастары, жөн бастар, жол сілтері Аюбайдың немере ағасы Онғарбай деген
ақсақал екен. Қонақтардың құрметіне мал сойылды. Бүкіл ауыл барын
құдалардың алдына тосып, аяғынан тік тұрып күтіп жүр. Барлық сый-


сияпаттан соң, екі ауылдың игі жақсылары тізе қосып отырып бата алысты.
Қонақтар ат-шапан алып, көңілді аттанды.
Бір жұмадан соң бізді Аюбайдың ауылы шақырыпты. Құдалар
қалыңмалдың бір бөлігін бермек екен. Əкем бұл жолы барған жоқ. Он
шақты ауыл жігіттерін қасына ертіп көкем кеткен. Ертеңіне олар бес
жылқы, екі өгіз, отыз қойды алдарына салып келді. Оның үстіне
əрқайсысына жекелей сый-сияпат көрсетіпті.
Үбиан мұңайып жүрді. Кім білсін, атастырған қыздың аяғына тұсау
түскендей болатыным сезіп қынжылатын шығар. Көз алдында елі енші
бөліскендей алыс-беріске түскені де қинай ма, əйтеуір əпкем сынық мінез
боп алды.
Meн əпкемнің қас-қабағын андып, бала көңіліммен шын қиналдым.
Сөйтсем əпкемнің мұнысы сырт көзге көрсеткен мінезі екен. Əйел
баласының айлалы қылығын алғаш осылай сезгенімде, мұзға отырғандай
болдым. Өйткені əпкем маған бауыр ғана емес, шешем сияқты еді.
Жастайымнан көре алмай қалған ана мейірімін мен əпкемнен тапқандай
болғам. Сондықтан да оны ешкімге қимайтынмын, жан біткеннен қызғанып
шиыршық атушы ем. Менің ойымша, əпкем өмір бойы осылай қыз
қалпында қасымнан ұзамай қамқор боп жүре беретін сияқты көрінген. Жоқ
олай емес екен.
Көкемдер алып келген мал лезде сатылды. Көкем базаршы болып, жан-
жақтан əпкеме жасау əкеле бастады. Үбиан енді жібек киіп, жүріс-тұрысы
өзгеріп, кесте тігуден басқа жұмысқа қол созбайтын болды. Үйіміз ою
ойып, өрнек салатын, киім пішіп, кілем тоқитын шеберханаға ұқсайды.
Əжем «табақ-аяқ, көрпе-төсек, жасау-жабдығыңды түгелдеп, ине-жіпке
дейін қалдырмаймын» деп отыратын.
Алты айдан соң Аюбай күйеу жолдасы Оңдас екеуі іңір қараңғысын
жамылып елге келіпті. Бұл болашақ жармен жүздесудің басы екен.
Күйеу бала ауыл шетіндегі топ талдың түбінде бой тасалап қалыпты да,
жолдасы екі қоржын арқалап жалғыз келіпті. Ондағы ойлары қызбен
көрісіп, қалыңдық түнін бірге өткізбек екен.
Мол сыйлықты көргенде, жеңгейлер көңілденіп, көздері жайнап шыға


келді. Оңаша отау əзірлеп күйеуді құрметпен қарсы алудың қамына кірісіп
кетті. Сол кезде күтпеген жерден əпкем тулап шыға келді. Күйеу баламен
көрісуден бас тартып, бұлқан-талқан боп жүр. Оны жеңгелері, құрбылары
қоршап алып, ақыл айтып жатыр. Бірақ бұның бəрі ем болмады. Əпкемнің
өңі құқыл тартып, дауысы қалтырап, ентігіп отырып тіл қатты:
— Сұмдық-ай, не деген ұят еді. Бұл қай басынғаны. Сонша асығып жау
қуып бара ма екен. Алдымызда əлі жыл жатыр ғой. Неге соны ойламаған.
Мұндай жеңілтектігі үшін жек көріп кететінімді ескертіңіз. Мұнысы несі,
менімен санаспай тосыннан-тосын тосырлатып жетіп келгеніне қорланып
отырмын.
— О не дегенің, жарқыным. Ата жолы сол емес пе? Енді сен
қалыңдықсың. Қалыңдыққа күйеу бала келер болар, — деп бір жеңгесі
жұбата бастап еді, Үбиан тыйып тастады.
— Өз үйімнің оң босағасында отырғанда, сонша басынатын мен оның
əйелі емеспін əлі. Егер ендігəрі қылжақтап осылай қылтиып келе берсе,
қалыңдығы болуға қарсымын. Солай айтыңдар, — деп Үбиан бетін басып
отырып қалды.
Үнемі салмақты, үні қатты шықпайтын байсал мінез əпкемнің дауыс
көтере алатынын, қарсылық көрсете алатынын, бұлтартпай бұйыра
алатынын мен тұңғыш рет сонда сездім.
Əпкем əлдебіреу күшпен жетелей жөнелетіндей тартынып, сандыққа
сүйеніп тұр. Оның шырайлы өңі сұрланып, жұқа еріндері дір-дір етеді.
Бұл қақтығысқа үлкендердің араласпайтыны қандай жақсы еді.
Қыз ықыласын ала алмай, ауылына қайтып бара алмай, Аюбай ағаш
түбінде түн жарымына дейін тұрыпты. Оңдас əкелген қоржындарын
қалдырмақ еді, Үбиан бұған да қарсы шықты.—Жо-жоқ айыпқа
бұйырмаңыз. Басын əуреге салып, базарлығын алып қалар жөніміз қайсы.
Қоржын болса келе жатар, он күн болса көре жатар.
Үбианның бұл мінезінен құдалар жағы секем алғандай болған екен.
Аюбайдың ауылынан əйелдер келгіштеп кетті. Əпкемнің жай-күйін сұрап,
алыстан сыр тартатынды шығарды. Үйге келгендері жеңгелерімізбен,
Үбианның өзімен сөйлесетін. Не айтқандарын біле алмай сыртта қала


берем.
Ақыл айтып, қыздың алды-артын орап алатын жеңгетайлар көбейді.
Сөйтіп жүргенде тағы да алты ай өтіпті. Ауылымыз енді асыға бастады.
Киіз басылып, киім-кешек жиі тігілді, кестелі бұйымдар молайды.
Қолының ебі бар өнерлі əйелдер бар ниетін салып аянар емес. Алынған
жиһаздарды, тігілген бұйымдарды қайта-қайта ашып көріп, нақ бір көрмеде
жүргендей-ақ масайрап мəз болысады. Осындай сəттерде əркім ойын
ортаға салып, жиһаздардың кем-кетігі мен олпы-солпы жерлерін түзетіседі.
Қолда бар мал сынапша сусып кетіп жатты. Базар сайын сатылып,
ақшасына жасау əкеледі.I
Аюбай өзінің хабаршылары арқылы əпкемнен жақсы лебіз естісе керек.
Бір күні кешке Оңдас қоржын көтеріп тағы келді. Бұл жолы жеңгейлер
күйеу бала мен күйеу жолдасты қолпаштай күліп, жайраңдап қарсы алды.
Қалжыңмен қағытып, əзілге қарық болысып жатыр. Оңаша отау тігіліп,
Оңдасты базарлығымен қоса сонда алып кірді. Отаудың ішін жиһазға
жайнатып қойған екен. Екі жас алғаш рет осында жүздеспек. Аюбайды бір-
екі жеңгей ішке алып кірді. Екі жігітті құрметті орынға отырғызып,
жеңгейлер жүгірісіп жүр. Сол кезде ауыл жастары жинала бастады. Қыз-
келіншектер қызыл-жасыл киініп құлпырып алыпты. Бəрі де күйеу баламен
жүздесіп, жақын таныспақ. Мұндайда əрқайсысы өткір сөзбен, оңтайлы
əзілмен, ойнақы қылықпен, жарқын күлкімен көрінгісі келеді ғой. Күйеу
баланы жан-жақты сынап, биігін білгісі келгендер жағалай ұтымды сөз
айтуға тырысады.
Кейбіреулер жұмбақтай сөйлеп, астарлы пікірдің жауабын күтеді.
— Ай қай жақтан туар екен? — деп күлген бір жеңгесіне Аюбайдың
тура жауап бергені бар:
— Кеш батқалы қашан, ендігі ай да шыққан шығар.
Аюбайдың аңғал айтылған адал шындығына біраз келіншектер
шиқылдасып күлісіп алды.
— Шолпанның тұрағы қайсы екен, ай мекені қайда екен? — деді енді
біреуі.


Аюбайдың жауабы тағы да қарабайыр болды. Тағы да көңілдегі
шындығын айтып салды.
— Ай мен Шолпанның тұрағын үйде отырып қалай ажыратайын.
Келіншектер қайтадан күлісті. Аюбай қызарақтап, күйеу жолдасына
қарай береді. Қысылғанда көмек сұраған сыңайы бар.
— Жетіқарақшы жұлдызы қоныстасыңыз емес пе еді, — деп бір
келіншек енді Аюбайдың қалжыңға олақ қарадүрсін екенін қағыта сөйледі.
Шошынған болып дауысын əдейі құбылтып тұр. — Япырай, жарық
жұлдызды жақын қондырғанымыз қалай болар екен. Қолды боп жүрмегей.
Келіншектердің мысы əу бастан басып алған Аюбай енді шын мəнінде
қысылып жер шұқылай берді. Əлгі қалжыңға берген жауабы тіптен
ебедейсіз шықты. Үні де араз болған баланың үніндей біртүрлі естілді:
— Жетіқарақшыңыздың мекенін аңғармаған едім. Бірақ əйтеуір ұры
болған жайым жоқ.
Келіншектер тағы ду күлісті.
— Айдың жүзі толар кез қашан екен? — деді бір қу тілді жеңгей.
Аюбай тағы ұтылды.
— Жеңгей ол жағын білмедім. Ай мен жұлдыз сырына үңілген ғұлама
емес едім. Ауылымызда ондай тəуіп болған жоқ.
Күйеу баланың бұл жауабына елдің бəрі күлгені сонша, үй теңселе
жаздады. Енді Аюбай тіптен жер болғандай күреңітіп еді.
Осы кезде арашаға күйеу жолдас түсіп, жеңгелеріне ұтымды қалжың
айта бастады. Оңдас тіс қаққан қу екен, келіншектерге шалдырар емес.
Дастарқан жайылып, алдымен шай келді. Əзіл-күлкімен шай ішіліп
болғанда, ыстық ас əкелінді. Аюбайдың бүгінгі күні тұзы жеңіл тарта берді.
Əбіржіп, қызарақтап, қиналып əрең отыр. Маңдайы тершіп, мазасын қоса
алыпты. Терін сүртем деп қайта-қайта орамалына жармасады.


Дастарқан жиналып. ойын-сауық басталды. Мұндайда алдымен айтыс
жүретін əдет қой. Қыз-келіншектер жағынан екеуі қосылып сызылта əн
шырқады. Күйеулер жағына салмақ тастап, жауап айтып отыр. Алайда
жігіттер жағы жуық арада əн айта қоймады. Аюбайдың мойны салбырап
иіліп, бас көтерер емес.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет