Жасыратыны жоқ, осы кезге дейін отбасындағы зорлық-зомбылық ашық айтылмай келді. Бұл жағдай әлеуметтік проблема ретінде қаралмайтын. Ал Ішкі істер министрлігінің ақпаратына қарасақ, елімізде жыл сайын 10 мыңнан астам зорлық-зомбылық фактілері тіркеледі. Мысалы, 2008 жылы 715 әйел мен 129 бала қазаға ұшыраған екен. Бірақ, тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің басым көпшілігі тіркелмейді. Сарапшылардың айтуынша, ресми статистиканы қорықпай, ең кемінде, төртке көбейтуге болады. Өкініштісі, зорлық-зомбылыққа ең көп ұшырайтын адамдар - сол құқық бұзушының ең жақыны, жанашыры, бірге тұратын отбасы мүшелері. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген мұндай адам дене, психикалық, моральдық зардаптан бөлек қорғансыздық сезімде болып, тығырыққа тіреледі. Оның санасында «мемлекет менің құқығымды қорғай алмайды» деген түсінік пайда болады. Сонымен бірге, әрине, отбасында көрген қиянаттың «жарасын» жазу қиын.
Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан негізгі демократиялық құндылықтар мен институттарды бекітті. Еліміздің Конституциясында адамның денсаулығына, оның ар-намысы мен абыройын кемсітуге бағытталған іс-әрекеттерден, оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі нормалар бар. Тұрмыстық зорлық- зомбылықтың алдын алуға қатысты халықаралық құқықтық құжаттар ратификациядан өтті.
Қолданыстағы заңнама бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік көзделген. Азаматтық кодексте әр адамға өзінің құқығын сотта қорғауға мүмкіндік береді. Дегенмен, мойындауымыз керек, бұл заңдардың барлығы, бір жағынан, тұрмыстық зорлық-зомбылықты жедел түрде алдын алуға, екінші жағынан, жәбірленушілерге қауіпсіздік жағдайларын жасауға, оларға медициналық, психологиялық, құқықтық және басқа да әлеуметтік көмек түрлерін көрсетуге мүмкіндік бермеді. Полиция органдары адам «таяқ жемейінше» және құқық бұзушының іс-қимылында әкімшілік құқық бұзушылық немесе қылмыс белгілері анықталмайынша, ара түсуге құқығы болған жоқ. Ал, мұндай құқық бұзушылық белгілері болғанымен де, жәбірленушіге қажетті қауіпсіздік пен әлеуметтік көмек қамтамасыз етілмей келді.
Сондықтан 2006-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы гендерлік теңдік стратегиясы мен Елбасының ІV Қазақстан әйелдер форумында қойған міндеттерін іске асыру жөніндегі шаралар жоспарына сәйкес Үкімет Мәжіліске «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» заң жобасын енгізген болатын.
Осы заң жобасын қарайтын жұмыс тобының жетекшісі ретінде айтарым, Парламентте тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты екі заң жобасы қаралды. Біріншісі, жаңа айтып өткендей, Үкімет енгізген «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» заң жобасы. Оны талқылау барысында басқа заңдарға түзетулер енгізбейінше, бұл негізгі заңның жұмыс істемейтіндігіне депутаттардың көзі жетті. Басқаша айтқанда, бұл негізгі заңды басқа қолданыстағы заң актілерімен атап айтқанда: Қылмыстық істер жүргізу, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерімен, ішкі істер органдары, қару айналымы туралы заңдармен және тағы басқа заңдармен сәйкестендіру қажет болды. Сондықтан, екінші, яғни қолданыстағы заңдарға түзетулер енгізуді көздейтін ілеспе заң жобасы қажеттілігі сезіледі. Осыны ескеріп, біз негізгі заң жобасын Үкіметке кері қайтаруға құқымыз болған. Бірақ, оның әлеуметтік маңыздылығын, көптеген үкіметтік емес ұйымдардың өтініштерін ескере отырып, бір топ депутаттар Парламент қабырғасында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа екінші заң жобасын әзірлеп, Мәжіліс қарауына енгізді.
Айта кету керек, депутаттар үкіметтік заң жобасының мазмұнына елеулі түзетулер енгізді. Атап айтқанда, заңда жәбірленуші, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлері, оның ішінде, күш көрсету, психологиялық, сексуалдық және экономикалық зорлық-зомбылық түсініктері берілген. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, отбасы-тұрмыстық қатынастарға берілген түсініктер өзгертілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық деп отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында бір адамның басқаға (басқаларға) қатысты дене зардабын және (немесе) психикалық зардап келтіретін немесе келтіру қаупі бар құқыққа қарсы қасақана әрекеті (іс-әрекеті немесе әрекетсіздігі) түсініледі. Ал, отбасы-тұрмыстық қатынастар деп - неке-отбасылық қатынастағы адамдар, жеке тұрғын үй, пәтер немесе өзге де тұрғын үй-жай шегінде бірге тұратын адамдар арасындағы, сондай-ақ бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы қатынастар шеңбері айқындалған.
Заңда тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасын жүргізетін субъектілердің құзыреті егжей-тегжейлі ашып көрсетілген. Оларға Үкімет, жергілікті атқарушы органдар, Президент жанындағы әйелдер және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, ішкі істер органдары, білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органдар, көмек көрсету жөніндегі ұйымдар жатқызылған. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өз ерекшеліктері бар. Себебі, мұнда бір-біріне жақын, бір үйде тұратын адамдардың арасындағы қарым-қатынастар туралы сөз болып отыр, яғни қауіп-қатер төндіруші мен әлеуетті жәбірленуші әрдайым бірге.
Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі заңдар келесі міндеттерді көздейді: шұғыл түрде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу; жәбірленушіге қауіпсіздік жағдайларын жасау; жәбірленушіге көмек түрлерін көрсету (ақпараттық, құқықтық, психологиялық және т.б.) және құқық бұзушыға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдану.
Осы міндеттерді орындау мақсатында полиция қызметкерлеріне жаңа құзыреттер беріліп отыр. Оларға құқық бұзушымен профилактикалық әңгіме жүргізу, хаттама толтыру немесе қорғау нұсқамасын шығару үшін құқық бұзушыны ішкі істер органдарына жеткізу және құқық бұзушының жәбірленушіге қатысты іс-әрекетін шектейтін қорғау нұсқамасын шығару құқығы жатады. Мұндай шара жәбірленушінің арызының негізінде қолданылады. Ол бойынша құқық бұзушыға бір ай мерзімге жәбірленушіні іздеуге, соңына түсуге, оған баруға, онымен ауызша, телефон арқылы сөйлесуге және өзге де тәсілдермен байланыс жасауға жазбаша түрде тыйым салынады. Сондай-ақ 48 сағатқа дейін әкімшілік ұстау (жәбірленушіден аластату), құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу туралы сотқа жүгіну құқығы бар. Бұл шара қорғау нұсқамасы сияқты, бірақ бір жылға дейінгі мерзімді қамтиды және бірқатар қосымша шектеулерден тұрады. Сонымен қатар тергеу кезінде күдіктінің немесе айыпталушының құқығын шектеу де полиция құзыретіне жатады. Қылмыстық процесті жүргізетін орган күдікті немесе айыпталушыға жәбірленушінің арызы бойынша оны іздеуге, соңына түсуге, оған баруға, онымен ауызша, телефон арқылы сөйлесуге және өзге де тәсілдермен байланыс жасауға жазбаша түрде тыйым сала алады. Қорғау нұсқамасын, мінез-құлқына белгіленген ерекше талаптарды және қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқан адамдарға қойылған шектеулерді бұзғаны үшін қатаң жауапкершілік немесе қатаң бұлтартпау шаралары көзделген.
Соңғы уақытта отбасындағы зорлық-зомбылық проблемасымен айналысатын түрлі үкіметтік емес ұйымдардың саны мен белсенділігі артып келеді. Негізінен Алматы, Павлодар қалаларында шоғырланған үкіметтік емес ұйымдармен тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қиянат көрген адамдарға түрлі көмек көрсету бойынша үлкен жұмыстар атқарылып жатыр (консультациялық және психологиялық көмектер, тұрғын-жай беру және т.б.). Олар бұл проблемамен әбден таныс және олардың тәжірибесі мен білімдері, әлбетте, заңдардың мазмұнын жақсартуға едәуір көмегін тигізді. Депутаттардың ұсынысымен бюджет қаржысы есебінен көмек көрсету ұйымдарын (дағдарыс орталықтарын) құру мүмкіндігі пайда болды. Үкімет біздің келтірген дәлелдемелерімізбен келісіп, нәтижесінде олар заңда көрініс тапты. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жәбір көрген адамдарға мемлекет есебінен арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетілетін болады. Денсаулық сақтау, білім және ғылым, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері қазіргі таңда осындай әлеуметтік қызмет түрлерінің стандарттарын әзірлеуде. Одан кейін тегін және ақылы қызмет түрлерінің тізімі бекітілетін болады. Басқаша айтқанда, көмек көрсету ұйымдары мемлекеттік те, мемлекеттік емес те болуы мүмкін. Мемлекеттік емес ұйымдар бюджет қаржысы есебінен мемлекеттік қолдауға үміттене алады.
Заң жобасын әзірлегенде біз әрбір адамның бостандығы басқа адамның бостандығы басталатын жерде аяқталады деген тұжырымға сүйендік. Басқаша айтқанда, полицейлер құқық бұзушының тек жәбірленушіге қатысты құқықтарын шектеуге құқылы. Бұл ретте қорғау нұсқамасы - ол уақытша (он күнге) және аудандық ішкі істер бөлімі бастығының немесе оның орынбасарының деңгейінде қабылданатын шара. Оның үстіне бір тәулік көлемінде ол жөнінде прокурорға хабарлама беріледі. Құқық бұзушыға жәбірленушіні іздеуге, соңына түсуге, оған баруға, онымен ауызша, телефон арқылы сөйлесуге және өзге де тәсілдермен байланыс жасауға жазбаша түрде тыйым салынуы мүмкін.
Егер он тәулік қорғау нұсқамасы аз болса және жәбірленуші ол мерзімді ұзартқысы келсе, онда оның арызы бойынша және прокурордың рұқсатымен ол 30 күнге дейін ұзартылуы мүмкін. Егер құқық бұзушы белгіленген талаптарды орындамаса, онда полиция қызметкері хаттама толтырып, істі сотқа жолдауға құқылы. Ал, сот бір жыл көлеміндегі тиісті шектеулерді белгілей алады. Мысалы, түрлі жанжалдар тек отбасында ғана бола бермейді ғой. Көрші де, бірге оқитын азаматтар да бір-біріне қауіп туғызуы мүмкін. Біреу біреуден қорқуы мүмкін. Мұндай жағдайларда соттар құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу мүмкіндігіне ие бола алады.
Полиция қызметкерлері жаңадан берілген құзыреттерді асыра сілтеп пайдалануына жол бермеу үшін аталған шараларды қай кезде қолдану керек екендігін нақты көрсетіп жаздық. Полиция қызметкері жағдайды бағалап, қауіптің бар-жоғын, туа бастаған жанжалдың деңгейін анықтауы керек. Бірақ, ең маңыздысы, шара қолдану үшін жәбірленушінің арызы болуы тиіс.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесінде ең маңыздысы құқық бұзушыны жазалау емес, отбасын қолдау және сақтау. Жазалау шараларынан гөрі алдын алу шараларын қарастыру, құпиялылық, өмірлік қиын жағдайда жүрген әрбір адаммен жеке жұмыс жүргізу сияқты принциптер басшылыққа алынды. Сондықтан, тиісті мемлекеттік органдардағы зорлық-зомбылықтың алдын алумен айналысатын қызметкерлер отбасы және адам психологиясын жақсы білетін, тәжірибесі мол азаматтар болуы қажет. Әрине, бұл ретте біздің құқық қорғаушылардың алдында күрделі міндеттер пайда болады. Оларды ойдағыдай шешу үшін Ішкі істер министрлігіне сапалы нұсқамалар жазып, біліктілігін арттыру және қайта дайындау, психологиялық курстарды ұйымдастыру қажет болады. Бірақ, қазірдің өзінде полиция органдарында мамандандырылған, яғни әйелдерге, балаларға қарсы жасалған қылмыстармен айналысатын құрылымдар бар. Жасөспірімдер мен отбасына қатысты істерді қарайтын арнайы мамандандырылған соттар да құрылып жатыр.
Әрине, бұл жаңа заңның іс жүзінде орындалуына талдау жүргіземіз. Мүмкін, кейін оның кемшілік тұстары да анықталатын шығар. «Көш жүре түзеледі» деген бар ғой. Сондықтан, келешекте осы саладағы заңнаманы жетілдіруіміз әбден мүмкін. Сонда отандастарымыздың құқықтары барынша қорғалып, отбасында, қоғамымызда зорлық-зомбылық емес, татулық пен береке сән-салтанат құрады деген сенім бар.
Достарыңызбен бөлісу: |