Баяндама ғылымның дамуының тарихи кезеңдері



Дата06.01.2022
өлшемі22,08 Kb.
#15072
Байланысты:
2 баяндама Касенова Динара Александровна


БАЯНДАМА

ҒЫЛЫМНЫҢ ДАМУЫНЫҢ ТАРИХИ КЕЗЕҢДЕРІ

Кез келген қоғамның қалыптасуы, өсіп—өркендеуі, тарихи сатылармен ілгерлеуінде ғылымның маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Ғылым — қоғамның өзін дүниеге келтірген, оның өркендеуіне жағдай туғызған құбылыс. Ғылымның дүниесін танып, игеру — данышпандық пен зерделіктің қайнар көзі.

Осы орайда, ғылымның тарихи даму кезеңдеріне тоқталып өту қажет, ғылымның бастамасын анықтаудың оңай емес екендігі белгілі, бірақ оның даму тарихын ең алдымен үлкен екі кезеңге бөліп зерттеуді ғалымдардың көпшілігі жақтайды. Ғылым зерттеуші ғалым А.Карноның пікірінше, суы мол, арнасы кең ұзаққа созылған үлкен өзеннің бастауын дәл табу қандай қиын болса, ғылымның да қайнар бастауын да табу оңай емес.

Ғылым дамуының 5 тарихи кезеңін атап айтуға болады, олар – Антика заманының ғылымы, Орта ғасыр ғылымы, Қайта дәуірлеу ғылымы, Жаңа заманның классикалық ғылымы және классикалық емес ғылым.

Дүниетанымдық және әлеуметтік – саяси принциптер салдарынан ғылым дамуының қайнар көзі Грекиядан бастау алды. Ежелгі өркениеттер дәуірінде (Қытай, Үндістан, Шумерлер, Африка, Америка) жүйеге әртүрлі табиғи және астрономиялық құбылыстар енді. Қолданбалы білімдер математикалық кестелерде өңделіп, әртүрлі техникалық құрылғыларды жасау туралы білімдер жинақталды. Ғылым адамдардың күнделікті тәжірибесінде кездесетін қажеттілігінен, мұқтаждығынан, сонымен қатар олардың айналысып жатқан шаруашылығына байланысты туды. Мәселен, жер учаскілерінің ауданын, көлемін өлшеу қажеттілігінен геометрия ғылымы дүниеге келді. Сауда – саттықтың өркендеуі сол бойда үлкен сандармен шұғылдануға келтірді, сөйтіп, математиканың дамуына себеп болды. Аса үлкен инженерлік жобалар математиканың, механиканың, материалдар кедергісі мен басқаларының бастау – көздерінің пайда болуына ықпал етті. Астрономия туралы алғашқы білімдер де сол уақытта дами бастады.

Ежелгі Грекияда ғылым сол кезеңнің мәдениеті мәнмәтінде пайда болып, дамыды. Әрбір ғылыми теорияның өз дәуірінің мәдениетінен тамыр тартқан білімді түсіндіру, дәлелдеу және ұйымдастыру идеалдары болды. Басқаша айтқанда ғылым белгілі бір ғылыми бағдарламалардан өсіп шығады. Антиканың негізгі 3 ғылыми бағдарламалары – Пифагор – платондық математикалық бағдарламаcы, Демокриттің атомдық бағдарламасы және Аристотельдің бағдарламасы.

Пифагор – платондық математикалық бағдарламасы жайлы айтатын болсақ, бұл бағдарламаны Пифагор ұсынып, кейін Платон дамтықан. Пифагоршылар ұсынған дүние бейнесі өзінің үйлесімділігімен таң қалдырады: геометрия заңдылықтарына бағынған созылыңқы денелер әлемі, математика заңдарына бағынған аспан денелерінің қозғалысы. Бұл бағдарламаны әрі қарай дамытқан элеаттар мен софистер дәлелдеу теорияларын жасады.

Антиканың келесі бағдарламасы атомизм ілімі болды. Атомизм физикалық бағдарлама болды. Демокриттің пікірінше, ғылым заттық әлемнің құбылыстарын түсіндіруі керек. Табиғаттағы барлық өзгерістердің себебі – атомдардың қозғалысы.

Аристотель бағдарламасы бойынша әлем табиғи жолмен пайда болатын, өз себебі өзінде, тұтас құбылыс болып көрінеді. Аристотель болмыстың мынадай төрт себебін бөліп көрсетті: формалық, материалдық, әрекеттенуші және мақсатты. [1]

Тарихшылар әлемдік тарихтың Орта ғасырларына Батыс – Рим империясының құлауынан бастап, Қайта өрлеу дәуіріне дейінгі кезеңді жатқызады. Бұлайша жіктеудің негіздемесіне өндіру тәсілінің өзгеруі, яғни құлиеленушіліктен феодализмге өту салынады.

Орта ғасырда ғылым мен техникада өзгерістер орын алды. Қытайда VI ғасырдан бастап фарфор өндірісі дамыды, ал 1041 жылы алғашқы баспа станогы пайда болып, шарап спирті өндіріле бастады. Солернода (Италияда) 1010 жылы алғашқы медициналық мекте ашылды. XII ғасырдан бастап темір соқа шығып, енді жер өңдеу түбегейлі жақсарды. Жел тиірмендері, сәл кейін су тиірмендері ойла табылды. XIII ғасырдан бастап адамдар көзәйнектердің шыныларын тегістеуді үйренді, оқ – дәрі пайдаланылатын құралдар пайда болып, механикалық сағаттар жасалды.

Университеттердің ашылуы тамаша жаңалық болды. 1215 жылы Париж университетінің Жарғысы жарияланып, кейіннен Падуа, Болонья, Флоренция, Оксфорд, Прага университеттері есіктерін айқара ашты. Осы фактілердің барлығы Орта ғасырда қоғамның қарқынды дамығанын дәлелдейді.

Орта ғасыр теориялық жаратылыстану, физика, география, химия ғылымдары бойынша ғылыми жаңалықтар мен ашуларға толы болды. Мәселен, ортағасырлық алхимиктер қорғасынды алтынға айналдыра алмағанмен, тәжірибе жасау жолымен көптеген заттардың қасиеттері зерттелді, ғаламат зор эмпириялық мәлімет жинақталды.

Философиялық ізденістер саласында түбегейлі өзгерістер болды. Өзгеше ғажап құбылыс орын алды: адам өзінің ішкі жан – дүниесінде рухты және өзінің бірбүтін Құдаймен байланысын тапты. Ол рухты зерттеп білуге байланысты сенімдегі философияның жаңа түрінің пайда болуына жеткізді.

Қайта Өрлеу немесе Ренессанс дәуірі Еуропа тарихында XIV – XVI ғасырлар бойы жалғасқан феодализмнен капитализмге өту кезеңіне тап келді.

Әлеуметтік – экономикалық тұрғыда кәсіптер мен сауда – саттық, балық шаруашылығы, тоқыма өндірісі қарқынды дами бастады. Сауда – саттық пен балық аулау арқылы байып алған шаруалар өз қожайындарынан іргелерін аулық салып, еркін адамдарға айналды. Олар еркін жалдамалы еңбекті пайдаланып, әртүрлі шеберханалар мен дүкендер салды. Сөйтіп, капиталистік қатынастардың бүршіктері пайда болып, феодализм бірте – бірте шегіне берді. Қалалар жылдам қарқынмен өсіп, тауарлар импорты мен экспорты серпінді жүзеге асырыла бастады, сән пайда болып, шетелдерден тәтті – тәрім, жібек мата әкелінетін болды. Феодалдық қоғамның бірсарынды өмірі осындай экономикалық және әлеуметтік өзгерістердің дүмпуінен күрт өзгерді. Өмір түбегейлі өзгеріске ұшырады.

Әлеуметтік – экономикалық салада орын алған күрт өзгерістер рухани өмірде де жаңашылдық үдеріске жеткізді:


  • Өндірістік күштерді дамыту қажеттігі схоластиканы кейін ысырып тастап, жаратылысты ғылыми тұрғыда тануға, табиғатты зерттеуге себепкер болды;

  • Бірақ табиғат дегеннің өзі не? – Материя. Бұл өз кезегінде, ойшылдарды материализм жағына қарай бағыттады;

  • Табиғатқа жүргізілетін кез келген зерттеу әртүрлі тәжірибелер жасауға байланысты болады, философия тілінде бұл – эмпиризм деп аталады;

  • Фактілердің жинақталуына қарай оларды қорытындылау қажет болды, демек, рационализм пайда болды;

  • Бұл, өз кезегінде, зиялы қауым рөлін арттырады;

  • Енді, ақыр соңында, даралық үшін жол ашылды: ортағасырлық корпоративизм екінші орынға ығысып, ал алдыңғы орынға талантты, жоғары дарынды тұлғалар шықты.

  • Дарынды тұлғалар “Studia Humanitatis” (гуманитарлық зерттеулер) деп аталатын үйірмелер ұйымдастырды.

Бұл Қайта өрлеу заманының аса маңызды жетістіктері еді. [2]

XVII – XIX ғасырлар философия мен ғылым тарихында жаңа заман де аталады. Жаңа заманда ғылымның дамуы, қоғамдағы басқа әлеуметтік өзгерістер сияқты, дін мен шіркеудің ықпалын әлсіретті және философияда да жаңа көзқарас тудырды. XVII ғасыр философиясының алдында тұрған проблемаларды түсіну үшін, біріншіден, жаңа ғылым – эксперименттік – математикалық жаратылыстанудың ерекшелігін, және, екіншіден, осыған байланысты философияда да ғылым жетекші рөл атқаратындықтан ғылыми таным теориясының проблемалары бірінші орынға ие болғанын білу керек. [3]

Капиталистік өндірістің қажеттіліктері адамдардың ғылымға, адам танымының мақсаттары мен маңызына деген көзқарасын түбегейлі өзгертеді. Алдңғы орынға табиғатты тәжірибе арқылы зерттеу шығады, ал соның нәтижесінде тұтас жаратылыстану өркендейді. Бұл жағдай философияда да көрініс тапқан: онтологиялық мәселелерден гносеологиялық мәселелерді зерттеп білуге көшу басым болады. Алдына ғылымды дамыту мақсаттарын қойған жаңа мекемелер мен ұйымдар ашылады. Олар Платонның мысалы бойынша, «академиялар» деп аталатын болды.

Осы уақытта танылып үлгерген ғылымдардың ішінен механика суырылып алға шығады. Ол түсінікте де: жаңа машиналар, мехенизмдер мен станоктар жасау қажет болды. Сөйтіп, Жаңа дәуірдің материализмі механистік түрге айналады.

Ал енді сол заманның жаратылыстануына келсек, бір – біріне қарама – қайшы екі бағыт: эмпиризм мен рационализм шықты. Егер эмпиризм ғалымдары тәжірибелер арқылы дамытуды құптаса, ал рационализм, керісінше, барлығын да ақыл – ой сүзгісінен өткізуді тала етеді. [2]

XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасыр басынан бастапқы ғылым классикалық емес ғылым деп аталады. Классикалық емес ғылымның дамуының аса маңызды сипаты – ғылымдар бірлігіне қарай бет алу, яғни ғылымаралық интеграцияның дамуы. XVIII ғасырдан бастап XIX ғасырдың аяғына дейін біртұтас натурфилософиядан жеке – дара ғылымдардың енші алып, бөлініп шығуы, яғни дифференциялық процесс жүрген болса, ал енді бір – бірінен бөлініп шыққан жеке білім салалары, жеке ғылымдар арасында ортақ проблемалардың тууы және осыған байланысты бір ғылымдардың идеялары мен әдістерін басқа ғылымдарда пайдалану күшейді, яғни ғылымның дамуы дифференциация мен интеграция процестерінің бірлігі негізінде іске асты.

Дифференциация құбылыстар мен процестердің белгілі бір саласына жататын білімдердің тереңдігі мен дәлдігінің дамуына жағдай жасағанымен, бірақ сонымен қатар жеке ғылыми пәндер арасындағы байланыстың әлсіреуіне, сөйтіп ғалымдардың өзара түсінуінің біртінде нашарлауына алып келді. Қазіргі заманда бір ғылым саласындағы түрлі тар шеңберлі мамандық иелері бірін – бірі түсінбейтін, зерттеу әдістерін білмейтін жағдайлар да кездеседі. Сөйтіп, жеке пәндік зерттеу біртұтас ғылымды бір – бірінен алшақ түрлі мамандық иелерінің жиынына айналдырып, әрбір ғалымның біртұтас дүниетану саласындағы өз, орнын, маңызын түсінуіне зиянын тигізуі мүмкін. [3]

Қорытындыға келетін болсақ, қазіргі жаһандау заманында білім мен ғылымды терең игеріп қоймай, оны зерттеп, қоғамның игілігіне айналдыра білген ел — көш басында тұратыны айдан анық. Қазақтың Ұлы ақыны Абайдың он сегізінші қара сөзінде: "Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де - ақымақтық" делінген. Ұлы ойшылдың әр айтқан тағылымы қанша ғасыр өтсе де өз құндылығын жоғалтпай, ұрпақ игілігіне қызмет етуде. Демек, болашақ білім мен ғылымды терең игерген, жаһандық бәсекеге қабілетті жастардың қолында.



ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1. Адаева Г.А. Ғылым тарихы және философиясы. Қарағады, 2017. 19 – 20 бет.



2. А.И.Артемьев, С.Қ.Мырзалы. Ғылым тарихы және философиясы. Алматы, 2011.

3. Тұрғынбаев Ә.Х.,Кенжебаев С.Ж.,Т.Есімханов. Ғылым тарихы мен филосоофиясы. Алматы, 2006.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет