Бердібек соқПАҚбаев "менің атым қожа"



Pdf көрінісі
бет2/29
Дата15.12.2023
өлшемі0,56 Mb.
#138631
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29
БІРІНШІ ТАРАУДА
Оқушы шығарманың бас кейіпкерімен, яғни
менімен танысады
Менің атым...
Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады да
тұрады. Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін. Мəселен,
Мұрат, Болат, Ербол, Бақыт деген аттарды алып қараңдаршы. Айтуға да
ықшам, естір құлаққа да жағымды. Əрі мағына жағынан да, қазақ тілінен
сабақ беретін Майқанова тəтейше айтқанда, бұлар жоғары идеялы есімдер.
Мұндайлар өз атын кəдімгідей мақтаныш көріп, біреумен таныса қалса,
мəнерлеп, көтеріңкі дауыспен айтады. Ал енді айтуға да, естуге де
қолайсыз есімдер бар. Өзге түгіл өзіңе де ұнамайды-ақ. Əттең қолдан келсе,
табанда өзгертіп, əдемі аттардың бірін иемденіп алар едің. Бірақ амалың
нешік, сен қызылшақа болып, жөргекте жатқанда, сондағы
ақымақтығымды пайдаланып, əке-шешең немесе шілдеханаға келіп,
дуылдап отырған басқа біреу солай атап жіберген. Өкембайдың баласына-
Тыңжыртар деп ат қойған секілді өзге қызу жұрт сол арада ду қостап, осы
болсын баланың аты, осы болсын. Мұнан жақсы атты дүниені шырқ
айналсақ та таппаймыз дескен. Міне сол күннен, сол мезеттен бастап, əлгі
ат сенімен бірге туғандай маңдайыңа шапталған да қалған. Енді одан көзің
тіріде қашып құтыла алмайсың. Ұнатпасаң да, мойныңа іліп жүре бересің.
Өмірде осы тəрізді əділетсіздіктер толып жатыр. Жуырда мен газеттен
оқыдым: қытайлардың ат қоюы қызық болады екен. Бала бес-алты жасқа
толғанша, оның тəуелді аты болмайды. «Ортаншым», «кенжем»,
«сүйіктім», «жұпарым» деген секілді шартты атаумен атап жүреді. Ал есі
кіріп, бес-алты жасқа толғаннан кейін, бала өзіне қандай есім ұнаса, соны
таңдап алады. Міне, əділдік деген. Осы дұрыс емес пе?
Жарайды, өткенге өкініш жоқ дегендей, істің турасына келелік. Менің атым
Қожа. Көріп отырсыңдар, пəлендей əйдік ат емес.
Шынын айтсам, бұл о баста Қожа емес, Қожаберген екен. Туу куəлігінің


өзінде солай деп жазылған. Бірақ дүниеде не қилы ғажайып құбылыстар
бола беретіні тəрізді, бертін келе «Қожабергеннің» құйрығы үзіліп түсіп
қалыпты. Бұл құбылыстың дəл қай жылы, қай айда, қай күні болғанын тап
басып ешкім де айтып бере алмайды.
Сонымен мен өзім ес білгелі Қожамын. Ауыл-аймақтың бəрі солай атайды.
Біз бір класта екі Қожа бармыз. Сүттібайдың үлкен баласының аты да
Қожа. Оқушылар екеумізді шатастырып алмас үшін өңімізге қарап, мені
Қара Қожа, оны Сары Қожа деп атайды.
Əуел баста мен бұған да шамданып қалатын едім. Бірақ жүре-бара құлағым
үйреніп, дағдыланып кеттім. «Қара Қожа» дегендерге «əу» деп, жалт
қарайтын болдым.
Жантас тəрізді қужақтар осының өзін де дұрыс айтпайды, əдейі бұзып,
келемеждеп, «Қара Қожа» деудің орнына «Қара Көже» дейді. Мен
байқамай қалып «əу!» деймін. Бірақ бұл қылығы үшін, бейшараның обалы
нешік, тиісті сыбағасын менен талай рет алды...
Фамилиям Қадыров. Бір кезде «Қадырұлы» деп те жазып жүрдім. Бірақ
жұрттың бəрі «ов» болып жатқанда менің олардан ала-бөтен жырылып
шыққаным жарамас дедім де, «Қадыровқа» қайтып келдім.
Қадыр – менің əкем. Ех, шіркін дүние-ай, десейші! «Əке» деген сөзді
айтқанда, жүрегім қарс айрыла жаздайды-ау. Қандай жақын, қандай ыстық.
Балалар менің əкем өйтті, менің əкем бүйтті. Менің əкем ананы сатып-
əперетін болды деп, менің əкем мынаны сатып əперетін болды деп,
мақтаныш етіп жатады. Ал мен болсам, əкемнің қандай адам екенін де
білмеймін. Өйткені ол майданға аттанғанда мен екі жастамын. Екі жасар
ақымақ не біледі, не түсінеді? Сол кеткеннен абзал əкем мол кетті,
оралмады...
Ех, қайран əкем. Егер сен тірі болсаң, мүмкін мен бұдан гөрі басқадай
болар ма едім. Кім біледі, жер əлемді тулатып, сотқар Қожа атанып
жүргенім əкесіз жетім өскендігімнен де шығар.
Кімге де болса бір əке əбден керек. Тіпті селкілдеген шалдардың өздері
кейде «жарықтық, əкем анандай еді, əкем мынандай еді» деп, еске алып,
армандап отырмай ма?


Ал, күйеу керек пе əйелге? Меніңше, əбден керек. Кейде Миллат мамам
əкемнің суреттерін ақтарып қарап отырады да, мұңға батып, бір түрлі егіліп
кеткендей болады. Кірпігі жасқа шыланады... Мен сол кезде маматайымды
керемет аяп кетем. Бірақ аяғанмен не пайда, білем, сезем неге күйзелетінін.
Егер оның күйеуі, яғни менің əкем тірі болса, Қаратай ұятсыз мамама
өзеуреп сөз айтпақ түгіл, оның маңынан жүре алар ма еді.
Сөйтіп, мен сендерге өзімнің аты-жөнімді айттым. Ал көркем шығармада
кейіпкердің кім екені аталып қана қоймай, сырт бейнесі қоса сипатталатын
дəстүр бар ғой. Енді соған көшейін. Тоқтаңыз, бұл үшін əуелі өзімді-өзім
айнадан байыптап қарап алайын... Мынау, міне, мұрным. Əжем кейде менің
атымды атамай «тəмпіш неме» дейді. Оның айтқаны ып-рас екен ғой. Екі
танауыма екі саусағым еркін сыйып кетерлік, қосауыз мылтықтың
аузындай үңірейіп тұр. Екі шекемнің шығыңқылығы болмаса, басым
қарбыз тəрізді доп-домалақ, тап-тақыр. Шашымды Əубəкір шал кеше ғана
ұстарамен сыпырып алып тастаған.
Ох, менің шашым! Қаттылығы, қайраттылығы шошқаның қылшығынан бір
кем емес. Осы ауылда оны алуға жарайтын бір ғана ұстара бар – ол
Əубəкірдікі. Оның өзі де алғаш салған бетте тұтқырланып, жүрмей қалады.
Шашымды əр алған сайын Əубəкір мені бірінші рет кездестірген адамдай
таң қалып бітеді.
– Япыр-ай, мұндай да шаш біте береді екен-ау! Мынау шаш емес, тікенек
қой. Тікенек. Мінезіңнің шатақтығы осыдан-ақ көрініп тұр.
Сыпатталмаған енді нем қалды? Қаралығымды əуел баста-ақ айтқанмын.
Сол жақ құлағымның астына таман бір түйір қалым бар. Бəтшағардың
бітпейтін жерге бітуін қарашы. Одан да бетімнің ұшына таман болсашы.
Сонда əдемірек көрінер ме едім. Бір азуымды былтыр... жə, оны айтудың
қажеті де болмас. Кімнің тісін құрт жемейді дейсің жəне ол былай
қарағанда көрінбейді де.
Ал бойымды біреулер орта бойлы дейді. Əжем болса, əкең тəрізді сұңғақ
боласың дейді. Кімдікі рас екенін құдайым білсін. Өткен күзде мектепте
дəрігер қарап өлшегенде, бір жүз отыз тоғыз сантиметр шыққан едім. Егер
шашым болса, жүз қырық шығуы сөзсіз еді. Тақыр бас жүргеннің осындай
залалы да бар. Жасым он екіде. Бесінші класты бітіріп отырмын.


Повестің бірінші тарауын осымен доғарамын да, келесі тарауға көшемін.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет