Бердібек соқПАҚбаев



бет18/51
Дата06.06.2023
өлшемі280,24 Kb.
#99012
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   51
Байланысты:
Balalyk\' shak\'k\'a saiakhat - Bierdibiek Sok\'pak\'baiev

Менің ғажап пималарым




Бала аштыққа да, жалаңаштыққа да төзеді. Ал бірақ ойнамай төзе алмайды. Ойын оған өмір тауқыметінің бәрін ұмыттырады.
Бала ішегін сүйретіп ойнайды деген рас сөз.
Қыстыгүні сабақтан тыс уақытта сіз Қостөбенің бар баласын Текестің бойынан, сырғанақтың басынан табасыз. Текес қыста қатып қалады. Жұрт суды ойықтан алады.
Қар жаумаған кезде мұз айнадай жап-жалтыр болып жатады. Беті толған бала. Болат коньки, шаңғы ол кезде таптырмайды. Қайқы бас базар коньки тек Жанбосында бар. Басқалардың аяқтарында табанына сым­темір қағып, Қолдан жасаған ағаш коньки. Жанбосын жұлдыздай ағып зымырағанда, біз бортаңдап ілесе алмай қаламыз. Жанбосын сәйгүлік ат мініп, біз өгіз мініп жүргендейміз.
Осы артықшылығын Жанбосын әбден пайдаланады. Ағызып келіп, арамызды жарып өтеді, қағып-соғып­ жығып кетеді. «Сиырымыз» омақасып, тырайып құлап жатқанымыз. Тұра қуып, өш алуға жете алмаймыз. Мықтағанда келістіріп бір боқтаймыз.
Конькиі жоқтар Текестің тік жарқабағын сырғанақ етіп алады. Содан шанасы барлар шанамен, шанасы жоқ­тар астарына сиырдың жапасын қойын сырғанайды.­
Шаналы жұрт аз. Баласына құнттап шана жасап беретін өнерлі ата-ана ауылда сирек ұшырайды.
Ауылда сиырдың кез келген жерге тастап кете бере­тін жапасынан арзан не бар. Қыстыгүні ол жапалар тоң болып қатып жатады. Шанасы жоқтарға шана болады. Текестің суына бір матырып алсаң, тіптен лазым. Аязға аз ғана қойып қойсаң, сырты одан бетер тоңазып, көк­пеңбек көк жалтыр мұз болып шыға келеді. Шананың ең жүйрігі дайын, отыр да сырғанай бер.
Мұз жолақтың басынан жібергеніңде, жолдағыларды басып озып, құйындатып алып жөнеледі. Шана тә­різді жолдан не олай, не бұлай қиялап шығып кетуді біл­мейді. Жалтыр мұздың нағыз ойықтау ортасымен зымырайды.
Жапа – шанада бір ғана айып бар – орнықты емес. Тай мінгендей бұлтылдап астыңда тұрмайды. Сәл қи­сайсаң, бұлт етіп, жығып кетеді. Сосын етекке құйрықпен немесе жамбаспен сырғанап жетесің.
Осыдан соң киімде тамтық қала ма?
Қай баланы көрсең де құйрығын қасқыр тартып кеткендей жамау құйрық. Жыртықтан жылт-жылт еткен жалаңаш еттері көрініп жүреді. Сырғанақты ол сонда да қоймайды.
Күнде кешқұрым шешең байғұс сығырайған бөтелке шамның жарығымен шалбардың пәре-пәре болған құйрығын, тізесін бырқ-бырқ ұрсып жамап отырады:
– Сырғанақта басың қалғыр, жүгермек. Кеше ғана қандай етіп жамап бердім. Бір күн болмай, қарашы, тағы да жалбыратып әкелуін. Ендігәрі сенің жар басына жақын барғаныңды көрейін. Мойның үзілгір, мойныңды үзіп жібермесем неғылсын!
Қамқор ананың күйінуден айтып жатқан домбытпасы. Оны өзі де, сен де жақсы білесің. Сырғанаққа ер­тең мойным үзіледі екен деп қорықпай, тағы барасың. Барғаныңды шешең де көреді. Бірақ ол әлгі айтқан антында тұрмайды – сенің қылдырықтай нәзік мойныңды бір бұрап, үзіп жібермейді.
Құйрық жалбырап тағы жыртылады. Көнбіс ана бырқ-бырқ ұрса отырып тағы жамайды. Өмір осылай өте береді.
Жалаңаш болуға төзесің. Ал бірақ ойнамай төзе алмайсың.
Өзге киімнің нашарлығы түк емес, аяқ киімің нашар болса, қыстыгүні адамның қорысың.
Мүгедексің.
Мен бір ескі жаман бәтеңке киіп жүруші едім. Сыр­ғанақтың көмегімен бір күні біреуінің ұлтаны қақырап түсті де қалды. Қабыршағын жарып шыққан балапан­ға ұқсап ар жағынан кір-кір аяғым көрініп тұрды. Бір аяғымды өкшелеп басып үйге келдім.
Жарақат бәтеңкені әкем төңкеріп олай қарады, былай қарады. Емдеудің еш ретін таба алмады. Жамап-жасқаудың неше түрін ол бұған дейін бастан кешіп үл­герген. Біз шаншатын сау жері қалмаған. Ғұмырың біт­кен екен деді де, әкем әлгі бәтеңкелерді қораның арт жағындағы күресінге лақтырып тастады.
Мен енді жалаң аяқпын. Ертең оқуға қалай барам?
– Осыған дұрысырақ бір аяқ киім қамдап беріңдер деп, күз түскелі қақсап келем. Әне, енді оқуынан қалатын болды, – деп, шешем әкем мен ағаларымды жазғы­ра бастады.
Қамсыз әкем тап осылай болар деп, күндердің кү­нінде мені жалаң аяқ қалар деп ойламаған. Қиын болды­ ғой деп, желкесін қасып біраз тұрды. Төңірегіне қарағыштап, басы артық бейсауат жатқан аяқ киім іздестіре бастады. Басы артық аяқ киім біздің үйге қайдан келеді? Босағада шешемнің өкшесіне жамау түскен, үшкіл бас азия калошы жатқан. Әкем соны көрді:
– Әсбет, қашан аяқ киім табылғанша оқуға сенің калошыңды киіп барып келіп жүрсе қалай болады?
Әкемнің ойлап тапқаны осы еді.
– Ой, жазған. Онымен қалай барады? Аяғына қар құйылмай ма?
Амал жоқ, әкем маған аяқ киім іздеуге кірісті.
Өзіміздің үйден түк таба алмай, көршілерге кеткен еді. Бір кезде қонышынан басқа түгі қалмаған ескі екі жаман сұр пима алып келе жатыр. Құдай біледі, әлде­кімнің лақтырып тастаған пималары.
Әрі маған шақ емес, үлкен пималар.
Қораның сорайып шыққан бел ағашына ұрғыштап шаңын қағып жатыр. Шаң түтінше бұрқ-бұрқ етеді. Ұра берсе, таусылмай, шыға беретін тәрізді. Түк таппа­ған әкем енді маған осы пималарды табандап бермек болды.­
Немен табандайды? Жай құрым киізбен табандаса,­ түк болмайды. Екі-үш күнде тесіліп шыға келеді.
– Ей, Смаш, застап жаққа барып келші. Солдаттың­ ескі пималарының қонышы табылмас па екен? – деп, әкем інісін жұмсады.
Смағұл заставаға кеткен еді. Бір кезде автомо­биль­дің жарты балонын көтеріп әкеле жатыр.
– Бұл табан бола ма?
– Мен болғызамын. Болғанда ең мықты табан болады.­
Тәтем айтқанын істейтін адам. Балонды ол кескі­леуге кірісті. Мен бұдан қандай табан шықпақ деп, қы­зықтап қарап тұрмын. Пышақ жүрмейтін ғажап мықты­ зат болады екен. Қарағайдың үстіне салып балталап, одан соң ұстаға апарып, атауызға тістетіп, күшпен пәре-пәресін шығарды, ұлтанға лайықтап кесіп алғандарының қалыңдығы төрт елі, ап-ауыр.
Тәтем пималарды осымен табандауға кірісті. Пы­шақ түгіл, біз зорға тесіп өтеді. Біз өткен тесіктен тарамыс өтпей әлек қылады. Не керек, тәтем қажырлылығының арқасында бір күн, бір түн тапжылмай отырып, пималарды табандап бітті-ау әйтеуір.
Ал енді киіп көрейін. Өзі менің бойыма лайықсыз үлкен пималар, табан деген әлгідей шомбал бірдеңе. Та­бан емес, зілдей тас байлап қойғандай.
Адымдай жүріп көрейін.
Бір аяғым бір аяғыма шалынысып, жүре алмай жы­ғы­лып қала жаздадым. Құдай біледі, әр пиманың салма­ғы бір пұт келер. Оның үстіне шомбал табандар жүрген кезде илікпейді.
Менің зәрем ұшып кетті. Қалай жүрем бұнымен? Көшеге қалай шығам? Мектепке қалай барам? Менің мына түрімді көрген балалар цирктің дарақшысын көр­гендей мазақтамай ма?
– Кимеймін! Бұның киім болғанының әкесінің аузын... – деп, отыра қалып, жексұрын пималарды бірі­нен соң бірін есік жаққа аттым.
Пималар жығылмай, табанына қорғасын құйған сақаша дік-дік етіп тікесінен түседі.
Менің тулауым онша ұзаққа созылмады. Жоққа жүйрік жете ме? Бұл пималарды кимегенде, не кимек­пін? Оқуға қалай бармақпын?
Түн. Дала қараңғы. Жұрт аяғы басылған кез. Жексұ­рын пималарды аяғыма шұлғау орап, киіп алып, сыртқа­ шықтым. Антұрған шұлғау шақ келмейді. Табылғанның бәрін орадым. Табаныма ұлтарақ салдым. Қараңғы­да олай-бұлай жүріп байқамақпын. Ертең мектепке осымен баруға бола ма, болмай ма? Солай, күн бұрын жаттығып алмақшымын.
Пималар ауыр болғанымен, іші ып-ыстық. Осыған дейін жұқалтаң бәтеңкемен тоңып жүрген аяқтарымды қыз-қыз қайнатып қуантады. Ал бірақ жүруге тым қолапайсыз-ақ. Әрі үлкен, әрі ауыр, тіземді бүгіп, отырайын десем, отыра алмаймын. Қиқиған қатқыл қо­ныштар тақымымды тіреп қалады.
Жаман бәтеңкелермен терең қарды кеше алмай тек жолмен жүруге тырысатынмын. Ал мына «автомобиль» пи­маға жолды-жолсыз бәрібір. Тек қонышынан қар асып кетпесе болғаны. Ал қоныштан асатын қар бұл өлкеде жаумайды.
Бұл пималардың жақсы жағы мен жаман жақтары тең еді.
Бұл түнгі ұйқым шала болды. Оянып алып, ертең жек­сұрын пималарды мектепке қалай киіп барамын деп, қайғырғанды білем. Жоқ әлде бармасам ба екен?
Оқудан қалу және қасірет.
Өзге балалар мен үшін ештеңе емес. Мазақтар да қояр, басылар. Өте-мөте Майраға қалай көрінем деп, қасірет шегем. Басқалардың күлгенін елемеспін. Ал Майра күлсе ше?
Таңертең әдеттегіден ерте ояндым. Тамағымды апыл-ғұпыл ішіп, мектепке басқа балалардан ерте жөнелдім. Ешкімнің көзіне түспей, ешкімнің мазағына­ шалынбай, жалғыз келе жатырмын.
Класқа кірдім де, құйрығым партаға жабысып қалған адамша тапжылмай отырып алдым.
Біреуден, екеуден басқа балалар да келіп жатыр. Мен болсам қыбыр етпеймін. Аяқтарымды партаның астына жасыра түсемін.
Әдетте класқа қоңырау соғылмай кірмейтін ойын құмардың бірі едім. Сабақтан тыс уақытта байлап қоймаса бүйтіп отырмайтынмын. Құданың құдіретімен енді міне ол мінезімнен өзгере қалғанмын.
Ұшқалақ болу да, отырған орнынан тапжылмас шойын құйрық болу да оп-оңай екен.
Қоңырау соғылды, балалар класқа түгел кіріп отырды. Сабақ басталды. Менің күткенім де міне осы еді.
Қасымдағы Көпекбайұлы Қожақанды шынтағына түртіп, қаратып алдым. «О не» деген түрмен Қожақан бе­тіме қарады. Мен сәл жымиып күлдім де, партаның ас­тындағы аяқтарымды бері таман әкеп, нұсқап көрсеттім.
Қожақан көрді де, бағжаң ете қалды. Сонымен тынды. Сабақ беріп тұрған мұғалімнен қорынып, басқа еш­теңе айта алмады.
Осылай боларын мен білген едім. Ойлағанымның дәл өзі болды. Сұмдық пималарымды енді біртіндеп басқа балаларға да көрсете бастадым.
Бәрінің әсері бірдей: көздері бағжаң ете қалады. Сабақты бұзып, айқай сап, мені мазақтай алмайды.
Үзіліске шыққанда мазақтар, күлер. Бірақ тосын кө­ріп, таңырқап шуласқандай болмайды енді.
Бұл ақыл менің басыма түнде ұйықтай алмай жат­қан­да келген еді.
– Мәссаған! Мынаған қараңдар! Мынаның пимасына қараңдар! Әкесінің пимасын киіп алған ба, ей?! Ой-ой, табанын қара! Немен табандаған, ей! Көтерші. Мәссаған, автомобильдің дөңгелегі! Әй, сен мұны қалай көтеріп жүрсің? Қане, жүріп көрші! Ой-ой! Ізін қара, құдды машинаның ізі!
Бұны айтып жатқан менің ата жауым Жанбосын. Әлгінде сабақтың үстінде отырып, пимамды оған да көр­сеткенмін. Көзін бағжитып, аузын қусыра созып, таңырқап қарап қалғаннан өзге ол онда ештеңе дей алмаған. Кесір неме үзіліске шығуды күткен екен.
Мен қашанғы тапжылмай отыра берейін. Мазақтайтын иттер тезірек мазақтап тынса екен. Киімімнің нашарлығынан мазаққа көкпар болуым менің осы ғана ма? Өлмеспін, бұдан да тірі қалармын.
Сыртқа шығар-шықпастан-ақ балалар мені қоршап алған.
– Бұған енді тақаның да қажеті жоқ, – дейді біреулер.
– Жүріп көрші, қалай жүрер екенсің? – дейді екіншілер.
– Жүре аласың ба? – дейді үшіншілер. Жанбосын сөзбен тәлкектеп қоймайды. Пимамды аяғымен теуіп, жүгір деп, қолымнан жетелеп, осы тұста мені басынып-ақ жатыр.
Тоқтай тұр, бәлем, Жанбосын. Өш алатын кез әлі-ақ келер, «Автомобиль» пиманы мен сол жылы қыстап­ киіп шықтым. Біраз күннен кейін өзіне үйреніп кеттім. Үлкендігі де, ауырлығы да байқалмайды. Кадімгі дағды­лы аяқ киім тәрізді онша елемейтін болдым.
Бұл пимамен сырғанақ та тебем, ләңгі де ойнаймын. Тек тосын көрген біреулер:
– Өй, мынаның пимасы өзінен де үлкен ғой! Қалай көтеріп жүрсің?! – деп, таңырқаса, аяқ киімімнің бойы­ма шақ емес екені есіме сонда ғана түседі.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   51




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет