15 қазанда Алматы облысының Нарынқол ауылында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, кейіннен Мәскеуде Жоғары әдеби курсты бітірген. Біраз жыл ауыл мектебінде бала оқытқан. «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Балдырған» журналында, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында істеген. Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті жөніндегі әдеби кеңесші болған.
Шығармашылық жолын өлеңмен бастап, 1950 жылы «Бұлақ» атты жыр жинағын шығарған. Кейін балалар мен жасөспірімдерге арналған 20-дан астам әңгіме, повесть, роман кітаптарын ұсынды. «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Бозтөбеде бір қыз бар», «Өлгендер қайтып келмейді» және «Қайдасың, Гауһар» секілді туындылары КСРО халықтарының және шетелдердің көптеген тілдеріне аударылып, сахналық, экрандық нұсқаға айналған. 1967 жылы Балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің Канн қаласында (Франция) өткен халықаралық фестивалінде «Менің атым Қожа» фильмі (Б.Соқпақбаевтың сценарийі) арнаулы жүлдеге ие болды.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.
EPUB нұсқасын әзірлеген Тимур Бектұр
Word нұсқасын дайындаған Ержан Алаш
Хат-хабарламалар үшін: yeralash@yahoo.com
Үзік-үзік суреттер
Жаз. Жайлау. Шұбала қонған киіз үйлер. Қанаттас бір ауылға апам мені жетелеп, қыдырыстап келген. Үш-төрт әйел үйде шай ішіп, әңгімелесіп отыр да, мен сыртқа асық ойнаған балалардың қасында қызықтап қарап тұрмын.
Ересектеу баланың бірі кенет иығымнан жұлқып қалды:
– Әне, сені тастап, шешең кетіп бара жатыр! Ауылдың ортасын қақ жарып, тарам-тарам соқпақ жол өтеді. Сол жолмен түйеге мінгескен екі әйел соқтырып кетіп барады. Екеуі де кимешек киген. Артындағысы аумаған менің шешем. Мені бөтен ауылда қалдырып, жөнеп барады.
Мен шешемнен өлмей қалармын...
– Апа! Апа! – деп, артынан қуып бердім. Құлындағы дауысым құдайға жетіп, бақырып жүгіріп келем. Аяулы шешемнің маған бұрылып қарағысы да келмейді.
– Апа! Апа!
Бақырудан өңешім жыртыла жаздайды. Жол шетіндегі үйлердің адамдары бәрі маған қарап қалған. Тек шешем ғана қарамайды. Ұзын аяқтарымен тайраңдай желген жүрдек түйе оңайлықпен жеткізбейді.
Бір әйел көлденеңнен дауыстай:
– Әй, қатын, балаң жылап келеді! – деді.
Шешем енді ғана маған жалт бұрылып қарады. Сөйтсем, шешем деп жылап келе жатқан адамым мүлдем бөтен... Алдындағысы да мен танымайтын басқа әйел.
Өз шешем сол әлгі шай ішкен үйде отыр.
Уақыттың көбін су бойында өткіземіз. Су бойында ойнаймыз. Міне, енді қалжырап үйге қайтып келем, қарнымда түк қалмаған, ашпын.
Шешем құр талқан берді. Дәмсіз қара талқан. Жейін десем, тамағымнан жүрмейді...
Біздің ауылдан жоғары бір шақырымдай жерде Киікбай ауылы. Сонда күйеуге тиген немере әпкем тұрады. Қалай келгенімді білмеймін, сол үйде қазанға қарып жапқан күйелештеу нан жеп отырмын.
Бір кезде есіктен шешем кіріп келді. Мені көріп, жылап бас салды. Неге жылайтынына түсінбеймін.
Сөйтсем, шешем мені аяқ астынан жоғалтып алған. Бүкіл ауылдан іздеп таппаған. Суға ағып кеткен деп ойлап, есі қалмаған.
Бұдан аз бұрын шешем мені осында ертіп келіп, нан жегізген екен.
Тағы да киіз үй тіккен көшпелі ауыл. Күз кезі болар, жердің оты қашқан. Ауылға төрт-төрттен сап түзеген салт атты көп әскер кіріп келеді. Бастарында шошақ төбелі шлем – буденовка. Мойындарында найзалы мылтық. Алдыңғы біреу желбіретіп қызыл ту ұстаған. Кілең шолақ құйрық аттар.
Жұрт үйді-үйлерінің есіктерінен бастарын шығарып, қарап қалған.
Әскер ауылдан өлеңдетіп шығып кетіп барады. Дауыстарынан жер солқылдайды.
Ауылдың қасындағы қара жолдың шаңын аспанға көтеріп, қора-қора мал айдап өтеді. Аттылы-жаяу адамдар малмен бірге кетіп бара жатады. Кейі мойындарынан айқастырып тапанша, сумка салған.
Бұл «кәмпеске».
Кешқұрым от басын айнала отырып алып, үлкендер әңгіме шертеді. Іштерінде менің әкем, ағаларым. «Жұрт колхоз болады. Бір қазаннан ас ішіп, бір көрпенің астында ұйықтайды»... деген тәрізді үрейлі әңгіме айтылады.
Бай-құлақты жояды екен дейді.
Байы бай, түсінікті. Жоя берсін. Ал құлақты неге жояды? Кесе ме сонда? Түсінбеймін.
«Бәлшейбек», «социализм», «комсомол» деген тәрізді жаңа сөздер жиі айтылады. Пәленше комсомолға жазылыпты десе, тыңдап отырғандар үдірейісіп қалады.
Біздің үйдегі бірден-бір хат танитын «оқымысты» Сатылған ағайым. Ол үлкендігі тоқымдай-тоқымдай қарала қағаздар ұстап келеді.
– Аға, бұ не?
– Кәзит.
«Кәзит» те бұл ел үшін соны зат.
Сатылған оқиды. Басқалар жапырлап құлақ түріп тыңдайды. Содан соң «кәзит» олай депті, «кәзит» былай депті деп, таратып әкетеді.
Оқылған газет жыртылмайды. Үйге көрік беретін кілем орнына қабырғаға жағалата ілініп қойылады. Әр-әр жерінде адамның және бірдеңелердің суреттері. Мен суреттерге тамашалап қараумен болам. Мұншама ұқсас салынғанына таңырқаймын.
– Аға, кәзит қайдан келеді? – деп сұраймын.
– Алматыдан келеді, өкімет шығарады.
Алматы жер түбі, үлкен қала екенін білем. Ал өкімет не?
– Өкімет ол осы жұрттың бәрін билейді. Байларды кәмпеске жасайды. Түсіндің бе?
Мен басымды изеймін, еміс-еміс бірдеңелерді түсінетін тәріздімін.
Жігіт болып қалған Сатылған ағайым кішкентай ойық терезенің алдында тікесінен тік тұрып, кітап па, газет пе, бірдеңе оқып тұр. Қарағым, көргім келеді. Бірақ қазекең көңілі түскен жерден оя салған терезе тым биік, бойым жетпейді. Сатылғанның о жақ, бұ жағына шығамын, көре алмаймын.
Ал бірақ көруім керек.
Сатылғанның сол жақ қасында қабырғаға сүйелген келсап тұр. Келсаптың қасында сүйеулі шалғы тұр. Әлгінде шешем келсапты төсеніш етіп, сапсыз шалғымен тері сүргілеген. Содан соң екеуін қатар сүйеп қоя салған.
Келсаптың қол ұстайтын жері ойық. Соған аяғымның ұшын тіредім де, сатыға өрмелеген адамша созылып, көтеріле бердім. Жалаң аяқпын. Көтеріліп үлгермедім. Аяғым тайып кетті де, құлап түстім. Бір аяғымды құшақтап, зарладым да қалдым. Асыл шалғының ащы жүзі май табанымды ырситып сойып түскен.
Бұрқ ете қалған қара қан жаралы аяғымды шеңгелдеп ұстап алған қолымның сыртына көл-көсір жайылып барады.
Ас үйден шешем жетіп келді. Жараға киіз күйдіріп басып жатыр. Ыстық киіз қарып өлтіріп барады.
– Шыда! Шыда! Қаны тоқтайды.
Сүмбеден әжем Бөпке келген. «Әже, маған не әкелдің?» – деп, қалта-қалтасын ақтарып жатырмын. Әжемнің қалталарында түп болмайды. Түп болатын шығар-ау, бірақ оған менің қолым оңайлықпен жетпейді. Қолтығыма дейін сұғып жіберіп іздегенде, қалта түбінен қолыма ілінбейтін нәрсе жоқ: жіп-шу, қол орамал, оймақ, құрт, кәмпит – бәрі аралас.
Кешкі уақыт. Бәріміз үйде отырмыз. Мен әжемнің мойнына асылып, мазалап ойнай бердім. Әжем көнбіс, әрі иі жұмсақ. Мазаладың деп ренжімейді. Зекіріп, дауыс көтергенді білмейді. Қазандықтың алдында жайнап жатқан отты көрсетіп:
– Ана отқа түсесің, қой, – дейді.
Мен қоймаймын. Қой деген сайын ерегісіп кетем. Арт жақтан тағы да жүгіріп келіп, мойнына асыла кетем дегенде, Бөпке әжем еңкейіп қалсын. Мен екпініммен ары асып, домалап түсейін. Жайнап жатқан қызыл шоқтың тура үстіне құладым. Отырғандар шу ете қалды. Әсіресе, шешемнің даусы ащы шығып кетті. Мен және бір домалап, шоқтың үстінен ары асып кеттім. Қазақшылап айтқанда, құдай қаққан, еш жерім күймеген.
Шілденің ыстық күні. Әжем екеуміз Сүмбеге нағашым үйіне жаяу келе жатырмыз. Даланың шаңдауыт қара жолы. Жүргінші аз. Бойы шағын әжем аяғын тыпың-тыпың тез басады. Мен енесіне ілескен құлын тәріздімін, біресе о жағына, біресе бұ жағына шығамын. Зорға ілесіп келем.
Судың арғы өңірі ойпат, тоғайлы алқап. Одан әрі тау. Таудың аппақ басы күн нұрымен шағылып көзді ұялтады. Әжемнен ол аппақ не екенін сұраймын. Қар дейді. Жаздыгүні де қар бола ма? Болады дейді әжем. Қызық. Қалайша еріп кетпейді?
Таудан бері жазық сардала. Дала төсінде жарқырап аққан өзен. Тау өзені. Одан да әрі саржазықтың бетінде темір пештің қызуына ұқсаған жалындаған ғажайып бір толқын байқалады. Жерден будақ-будақ шығып жатқандай болады. Мен қызықтап қарап, көз алмаймын.
– Әже, анау алыстағы будақ-будақ толқын немене? Әжем оның сағым екенін айтады.
– Сағым деген немене? Түтін бе?
Әжем күледі. Сағымның түтін емес екенін түсіндірген болады.
– Қасына барып, қолмен ұстауға бола ма?
– Ақымақ неме, сағым ол жел секілді. Желді қолмен қалай ұстамақсың?
Жауыннан соң кемпірқосақ пайда болады. Дөңнің ар жағында жап-жақын жерде тұрады. Мен қанша рет оның қасына жақын бармақ болып жүгірдім. Бірақ жете алған емеспін. Бір дөңнен ассам және бір дөңнің ар жағына секіріп шығып, алыстай беретін тәрізді. Сағым да соған ұқсас болғаны ғой. Көруін ап-айқын көресің. Ал бірақ жақындап қолмен ұстай алмайсың. Қызық. Бұған да менің ақылым жетпейді.
Мен шаршай бастадым.
– Апа, Сүмбе әлі алыс па?
– Бүгін Ұшқа жетіп, қонамыз. Сүмбеге ертең барамыз.
– Ұш алыс па?
– Жоқ, онша алыс емес.
Мен әжемнің арқасында келе жатырмын. Аяқтарым тынығып, жетісіп қалдым.
Жолдың екі жақ жағасы биік шилер. Қияқтары желкілдеп қау болып көрінеді. Шидің арасы толы шырылдауық шегіртке. Төңіректі мың құбылтып әнге толтырады. Екі көзі маржанға ұқсаған, шекесінде екі тал қыл мүйізі бар, ұзын сирақ қанатты көк шегірткені көк шөптен айыру қиын. Адам жақындаған кезде әндетуін қоя қояды. Әбден үстінен басар болғанда тыз етіп бір-ақ ұшады. Анадай барып, лақтырған тасқа ұқсап, торс етіп салмақпен қонады. Сосын, сен ұзай бастағанда тағы да сайрап жөнеледі.
Ұшта әлдекімнің жер үйінде отырмыз.
Төте оқу дейтін сөз шыққан. Ауылдың бар адамын оқуға, хат тануға шақырады. Шалдарға дейін қойындарына қағаз, қарындаш салып жүреді. Жұрт бір үйге жиналын, сабақ оқиды. Оқытушы Сатылған.
Мен есікті ақырын ашып, сығалап қараймын. Тақтаға жазылған әріптің біреуін Сатылған өзінің зіңгіттей оқушыларының бірінен мынау қай әріп деп, таяқшамен көрсетіп, сұрап тұр. Анау жауап бере алмайды, шатып-бұтады.
Ол қай әріп екенін мен білемін. Есікті кеңірек ашып, айқайлап айтып жіберем де, тұра кеп қашам.
Кейде Сатылған оқушыларына дәптер, қарындаш үлестіреді. Бір дәптер, жарым қарындаш маған да тиіп қалады (Қарындаштың аздығынан екі адамға біреуін бөліп беретін). Қуанышым қойныма сыймай, үйреніп алған әріптерді шимайлап жазумен болам.
Балалық шақтың ең арғы түкпірінен есімде қалған суреттер, міне, осы тәрізді: біреуіне біреуі жалғаспайды, үзік-үзік. Мас болып немесе ұйықтап отырып көрген кино тәрізді. Басы болса, аяғы жоқ. Аяғы болса, басы жоқ. Көгендеген қозыдай уақыттың желісіне тізіп тастап, рет-ретімен баяндауға келмейді.