Көпекбайұлы Жүнісбайдың қолына класкомдық тізгін тимей-ақ тұр екен. Арба қамшыдай шартылдап ол енді бізді бір шыбықпен айдайтын болды.
Жүнісбай кластағы ересек баланың біреуі. Бойы сұңғақ, талдырмаш, сіріңке өңді. Мінезі әрі шапшаң, әрі қызба. Сабаққа алғыр. Мұғалімнің аузынан шыққанды заңдай көріп, шаш ал десе бас алуға дайын, лыпып тұрады.
Жүнісбай Найза да, Киікбай да емес, ішкері Шелек маңындағы Қыстық дейтін рудан. Найзаға жиен. Әкесі Көпекбай осыдан үш-төрт жыл бұрын үйелмелі-сүйелмелі төрт ер баласы мен шүйкебас момын әйелі Әйнекті шұбыртып, жекжат-жұрағаттарын сағалап жанбағыс іздеп келген.
Көпекбай үйінің сол кездегі өзгеше жүдеу халі менің көз алдымнан кетпейді. Ауылдан шеткерек тігілген үш-төрт керегелік сомпиған шұрық-тесік құрым үйлері болушы еді. Таңертең сол құрым үйдің ішінен әдейі кісі қорқыту үшін солай киінгендей жалба-жұлба, шаштары құлақтарын жауып өсіп кеткен балалар өре шығып, киіз үйдің сырт босағасына тізіліп, күнге қыздырынып тұрады. Ең үлкені Бәзіл жігіт болып қалған. Одан кейін Жүнісбай, Жүнісбайдан кейін Қожақан, Қожақаннан кейін Мәсімбай.
Аралары екі-үш жастан ғана. Біреуінен біреуі сүйемдей аласарып, белбеуге арқаларын тіреп, тізіледі де тұрады. Әлдекім бойларына қарай әдейі тізіп тұрғызғандай. Істеуге, іс жоқ. Ішуге тамақ жоқ. Күн нұры мен таза ауаны қорек етіп, маужырап тұрғанды біледі. Ара-тұра бала мінездері ұстап, бірін-бірі бүйірге түртіп ойнап та қояды.
Жалба-жұлба киімнің жыртығынан жылтылдап жалаңаш еттері көрінеді.
Бір ғажабы осынша ауыр тұрмыста жүрсе де, Көпекбай балалары шетінен пысық. Көздерінде шақпақтың отындай жылтылдаған от, жігер бар.
Көпекбай өзі еңгезердей тіп-тік, шоқша сақалды, қара торы жүзі ызбарланып ашумен қарайтын, зор дауысты адам. Қараша үйдің көлеңке жақ іргесінде сыртта ол қашанда қамшы өріп, немесе аяқ киім жамап, әйтеуір бір ісмерлік істеп отырады. Басында тер сіңген қара тақия, бұтында бура сан тері шалбар, аяғында қоншы мен жұлығына жамау түскен жеңіл мәсі – етік.
Жоқшылықтың тепкісін қанша жесе де Көпекбайдың жүні жығылмаған, еңсесі түспеген. Тек болар-болмасқа қабаған ит тәрізді арс ете қалатын ашуланшақ.
Балалары Көпекбайдан керемет қорқатын еді. Оның алдында аяқтарының ұшынан жорғалайды. Әкелері «Жүнісбай!» немесе «Мәсімбай!» деп дауыстай қалғанда, аты аталған бала қандай қызық ойынды болса да тастай салып жүгіреді. Әкелерін екінші рет дауыстатқызбайды. Екінші рет дауыстатса, одан әрі арқаны осып-осып түсетін қамшы даяр тұратынын олар жақсы біледі.
Көпекбай өте-мөте әйеліне қатал еді. Тұрмыстың зардабына деген ашуын содан алмақ болғандай шүйкебас момын Әйнекті кейде ол үйден үйге қуалап сабайды. Қолына не ілінсе, сонымен ұрады. Жеткен жерде зілдей ауыр аяқтарымен аяусыз жаншып, тепкілеп жатады.
Ашуланған кезде Көпекбай құтырған бура тәрізденіп кетеді. Оңайлықпен араша бермейді.
Араша түсетін Көпекбайдың төрт баласы. Әлжуаз байғұс шешемізді біржолата өлтіріп қоймасын дегендей олар шыр-шыр етіп Көпекбайдың қолына, аяғына жармасады. Бір уыс әлсіз Әйнекті өздерінің сәби денелерімен бүркейді. Аяулы аналарына жан аямай пана болып, ол үшін басы-көздерін Көпекбайдың аяусыз қатты соққысына тосады.
Екі көзі қанталап құтырған бура ештеңеге қарамайды. Төрт баланы төрт жаққа допша лақтырып, әйелін мылжалап сабай береді.
Таяққа көнбіс болып алған Әйнек өлмейді де, мертікпейді. Артынан басы-көзі көкала болып, түрегеп, үй шаруасын істеп жүреді. Үш бұтты ошақ темірге қара шәугімді асып, Көпекбайға шай қайнатып береді.
Әңгіме тұжырымды болу үшін уақыттан жеті-сегіз жылдай алға озып, Көпекбай семьясының кейінгі тағдыры жайлы айта кетейін.
Кейін, заман оңала бастағанда, Көпекбай балалары шеттерінен жігерлі, қасқыр жігіттер болып ержетті. Тұрмыстарын тез түзеп алды. Бәзілі колхоз құрылысын қолдан тұрғызысқан еңбеккер азаматтың бірі еді. Отан соғысына дейін колхозда бригадир болып істеді. Әйел алды, бала сүйді.
Жүнісбай Бәзілден асып кетті. Ол ғажап зерек оқитын еді. Кластан класқа мезгілсіз аттап (ол кезде бұған жол берілетін), он жылдықты бізден бұрын бітірді. Армияға алынды. Офицерлік училищеде оқып жүріп, 1940 жылдың Қызыл Алаңдағы Бірінші май әскери парадына қатысты.
Жүнісбайдан үйлеріне хат үзбей келіп тұратын. Әскери формамен қатып түскен әдемі суреттерін жіберетін. Жарау аттай қағылез, бойшаң жігітке солдат киімі әдейі сол үшін тігілгендей керемет жарасатын. Әлгі суреттерді бүкіл ауыл болып тамашалап көретін едік.
Көпекбайдың үшінші ұлы Қожақан жас жағынан менімен шамалас. Оның өнер-қабілеті екі ағасының екеуінен де артық еді. Сабақты озат оқумен қабат, талантты музыкант болатын. Домбыраны жас кезінен безілдетіп тартатын. Домбыраны және өзі жасап алатын.
Музыка аспаптарының қай түрін де Қожақан өздігінен меңгеріп, төпеп әкететін. Қыз-бозбала кешқұрым Қожақанның маңына жиналатын.
1940 жылы Қожақан Алматы педучилищесіне оқуға түседі. Ол сонда оқып жүргенде Көпекбай бір рет сонау үш жүз елу шақырым жердегі Қостөбеден Алматыға баласына салт атпен араға пәлен қонып, азық-түлік жеткізіп беріп қайтады.
Соғыс басталғанда Қожақан өзі тіленіп майданға аттанған еді.
Осы аталған үш жігіттің үшеуі де сай тасындай ірік, аяулы жандар еді. Ащы өмірдің батпағын белшеден кешіп жүріп, қайғырып-қапалануды білмейтін.
Үшеуі де өмірге ғашық жандар, жалын атқан арман иелері еді. Алда сәулетті болашақ барына кәміл сенетін. Сол үшін жан қиюға дайын тұратын.
Үшеуі де адал коммунистер еді. Ауылдың көркі еді, сәні еді.
Жұрт балаларына «Көпекбай балаларындай неге болмайсың? Солардан неге өнеге алмайсың?» – деп ұрсушы еді.
Шіркін, амал нешік, үш әсем қызғалдақтың үшеуін де соғыс тажал мезгіл жетпей мерт етті. Үшеуі бірдей майданда қаза тапты.
Бура шал көз жасы алты тарам болып аңырап қалды.
Кішкентай шүйкебас Әйнек балаларының қайғысынан одан бетер жаншылып өлермен болды.
Көпекбай балаларының ең кішісі Мәсімбай қазір бар. Іргелі бір совхозда салауатты парторг.
Әңгіменің бастапқы мерзіміне – 1933 жылдың күзіне – қайта оралайық.
Көпекбай үйі бірінші бригадада, яғни, Найза ауылының ішінде. Жүнісбай таңертең елден бұрын тұрады. Үй-үйді кезіп, мектепке баратын балаларды оятады. Сөйтіп, бізді жинап алып, түгендеп, мектепке бастап келеді. Бірде-бір баланы ол себепсіз мектептен қалдырмайды.
Бұны өзінің класкомдық міндеті деп ұғады.
Сабақ кезінде де Жүнісбай жан-жағына алақтап қарап, бізді бақылауға алып отырады. Біреуі қыбыр етсе, мұғаліммен қабаттасып: «Пәленше, тыныш отыр!», «Жап, кітабыңды!» немесе «Артыңа бұрылшақтамай отыр!» – деп, шақ-шақ етеді.
«Өте қырғыш қазанның түбін теседі» дегендей, кейде ол мұғалімнен асып та кетеді. Бала, артық кетіп қаласың дегенді Сағатбай оған үлкендеу жұмсақ мұрнының танауы сәл делдиіп, жымиюмен білдіреді де, Жүнісбайды қас, қабағымен басып қояды.
Мұғалім барда өстетін Жүнісбай, мұғалім жоқта тіпті шырқап кетеді. Бізді бір шыбықпен айдап бағындырады. Кейде Сағатбай класты Жүнісбайға тапсырады да, өзі оны-мұны шаруамен бір жақка аз уақытқа кетіп қалады. Жүнісбай класкомның қатаңдығын сіз сонда көріңіз! Алға мұғалімнің орнына барып, қаздиып тұрып алады да, класқа дегенін істетеді.
Жүнісбайдың әміріне бағынбайтын, одан сескенбейтін бір жан жоқ.
Біреуге ашумен қараған кезде Жүнісбайдың көздері найзаның ұшындай суытып, екі беті ішке қарай сұрлана қабысып, жақ жүндері тікірейіп көтеріліп кетеді. Сәл ғана тәртіп бұзған оқушыны қысырақтың айғырынша жымқырынып, шайнап тастауға дайын тұрады.
Бізбен бірге Жанбосын деген бала оқиды. Жасы Жүнісбаймен шамалас. Ауыл совет председателі Батырқанның баласы. Ұлдан әке-шешенің жалғызы болып ерке өскен. Маңайындағы балаларға өктемдік жасап үйренген шатаққойлау. Киімді сылқым бозбалаларға еліктеп, сәндеп киінеді.
Жанбосын бүгін-ертең өзі де дайын тұрған бозбала.
Қостөбеде мектеп ашылмай тұрған кезде Жанбосын Көпекбай балаларын адам демейтін. Олардың маңынан жүруге жиренетін. Жүнісбай, Қожақанға кемсітіп, шекесінен қарайтын.
Сол Жанбосын ғана бұрынғы әдетімен кейде Жүнісбайға қодилана қарап, бетіне қарсы келіп қалады. Жүнісбайды тыңдамай, содырлық мінездер көрсетпек болып тұрады. Тежелетін бірақ Жүнісбай емес. Ол одан бетер шақылдап, өзінен гөрі денелі Жанбосынға тістене тақалып:
– Сен немене, бағынғың келмей ме? Әкем ауылнай екен деп дандайсыма! Бағынасың! Сенің мына бүтін киімің құны мен үшін бір-ақ тиын! – дейді.
Жанбосынды айбынымен еріксіз еңсеріп алады. Жүнісбай өжеттің өжеті еді. Ешкімнен қорықпайтын да, қаймықпайтын. Алдына әзірейіл келіп тұрса да қасқайып, айылын жимай сөйлесетін.
Сабақтан, мектептен тыс уақытта біз мұғалімді ұмытуға бармыз. Ал Жүнісбайды ұмыта алмаймыз. Қайда жүрсек те Жүнісбай ойымызда жүреді. Оқушыға лайықсыз сәл ғана қылмыс жасасақ, жерден шыққандай болып Жүнісбай сопаң етіп шыға келеді де, сол арада тұрып, жер-жебірімізге жетеді.
Бүкіл Қостөбеде Жүнісбайдың көрмейтіні, білмейтіні болмайды.
Бала біз түгіл, Жүнісбайдан үлкендер қаймығатын еді. Біреудің бір арқа шөп әкеле жатқанын көрсе, ол тергемей жібермейді.
– Мына шөпті қайдан әкеле жатырсың? Колхоздан ұрлап алған жоқсын, ба? – дейді.
Шүбаланса, кеңсеге ертіп келеді.
Біреу қой сойса, колхоз қойы емес пе? Өз қойы ма? дереу біліп алады.
Жүнісбайды анадайдан көрген жұрт:
– Көпекбайдың осы баласы өскенде не болар екен? Қырар біреуді, қырар! – деп, жағаларын ұстайды.
Майра
Ауыл совет председателі Батырқанда бір ұл, екі қыз бар. Ұлы Жанбосынды оқушы азды-көпті біледі. Тетелес екі қыздың үлкені Майра, кішісі Сайра.
Қазақ балаларының аттарын ұйқастырып қоюға құмар болады.
Шешелері Айсұлу кербез, келбетті адам. Үй ұстауы, бала өсіруі керемет. Екі қыз егіз қозы тәрізденіп бірдей киінеді, аршыған жауқазындай тап-таза болып жүреді. Қазіргідей жоқшылық, қиын кездің өзінде Айсұлу балаларын елден ерек жұтындырып қояды.
Батырқан шалағат болғанымен өмір сүруге өте бейім адам. Орысша біледі, шекарашылармен байланыс күшті. Қол астына екі колхоз қарайды. Сырттан келген дәрежелі қонақтар, өкілдер Батырқанның үйіне түседі.
Қостөбедегі бір-екі күйлі тұратын семьяның біреуі осы Батырқандікі.
Кластағы ең таза оқушы Майра болғандықтан біз оны тазалықшы етіп сайлағанбыз.
Майра шешесі Айсұлуға тартқан пысық та, сүйкімді қыз. Ойын десе құйынша үйіріліп, жанып кетеді. Көбінесе, ер балалармен достасып ойнайды.
Күнде таңертең оқу басталардың алдында Майра бізді есіктен бір-бірлеп тексеріп кіргізеді. Қолымыздың, құлақ, мойнымыздың тазалығын қарайды. Мін тапса, кіргізбейді. Бар, жуынып, таза боп кел. Тырнағыңды сояудай етпей, алып кел дейді.
Майра өз қызметіне адал, қатал тазалықшы. Солқылдағанды білмейді, кімге де болса айтқанын істетеді.
Ауыл балаларының қай-қайсысы да үсті-бастарын күтуге ұқыпты емес. Қысы-жазы монша дегенді білмесе, ауыстырып отыратын таза іш киімдері болмаса, үйде кір төсекте, сабалақ жыртық көрпенің астында ұйықтайтын болса, қалай ұқыпты болады?
Үсті-басын күтуге ұқыпсыз баланың біреуі – алдыңызда отырған әңгімешіңіз.
Жас кезден тазалық сақтап дағдыланбағандықтан, әрі ол үшін қолайлы жағдай болмағандықтан таңертеңгі жуыну маған бүтін бір азап болып көрінетін. Суық сумен жуынып жатқым келмейді-ақ. Ат үсті жуынуға және болмайды, тексеретін Майра бар. Қолдың күсін, құлақтың ішіне қақ болып тұрып қалатын кірлерді қалайда кетіріп жуынуың керек. Азаптың азабы емей немене?
Тырнағы құрғыр да өскіш-ақ. Ызаланып отырып бүгін алып тастасаң, ертең көстиіп шыға келеді. Тырнақтың қаншалық өскені астындағы кірден білініп тұрады.
Ал шаш алдыру ше? Мен үшін бұл азап қана емес, қасірет! Өйткені табиғат менің басыма шаш орнына ұстара өтпес қалың сым темір қадап қойған. Шашымды кім алса да бір дегеннен ұстарасы жүрмей, тұтқырланып қалады.
– Ту, шашың шаш емес, сым темір ғой! Мұндай да қайратты шаш болады екен! – деп, таңырқап жатқаны.
Шошқаның қылындай қатты шаш күшпен әрең сыпырылады.
Күшпен жұмсалған ұстара басымның құйқасын қоса сыпырғандай болады. Жаным көзіме көрінеді. Тістеніп аламын да, шыдап бағам. Екі көзімді бірдей тарс жұмып алам. Мықшиып жерге кіріп кете жаздаймын.
Мен шашымды ұстарасы өткір, қолы жұмсақ деген адамдарға таңдап алғызатын едім. Ондай адам Әубәкір Қарт. Қинала бастасам Әубәкір жігерлендіре біледі:
– Өй, жаман неме. Өзің жігіт емес екенсің ғой. Біз сендей күнімізде шашымызды қабырғамен алғызатынбыз, – дейді. Қабырға шашты қалай алды деп, таң-тамаша боламын.
Жуынуға қол сабын түгіл, кір сабынның өзі тапшы.
Ауыл қазақтары сабынды өздері жасайды. Алаботаны шауып алып, өртейді де, күліне май қосып, қайнатады. Қап-қара сабын пайда болады. Кәдімгі қара балшық тәрізді, әрі ауыр, әрі қатты, Қол жууға арналған кішкентай қара сабынды бұзаушық дейді.
Бүтін қол бізде бола ма? Көбесі шыт-шыт боп жарылып кеткен. Жуынған кезде қара сабынның көбігі тұз қайнағандай дуылдатып ашытып жібереді.
Қолың кір, мойнын, кір деп талай рет Майра мені класқа кіргізбей қуған. Мен бірден мойындамаймын, дау шығарамын.
– Менің етімнің өзі осындай – қара, – деймін.
– Жоқ, мынау еттің қаралығы емес, күс, – дейді Майра. Қолымның көбесін тырнап дәлелдейді. Тырналаған кезде күс көшеді де ар жағынан ақшылданып тері көрінеді.
Енді мойындамасқа лажым қалмайды.
Класта Майраның желке тұсында отырамын. Үзіліске шыққанда ол қайда болса, сондамын. Әлдеқандай бір сиқыр күш мені Майрадан алысқа жібермейді. Арқандап атша Майраның төңірегінде ұстайды.
Майра күн болса, мен күнбағыспын, онсыз тұра алмаймын. Майра гүл болса, мен көбелекпін, айналсоқтап шықпаймын.
Мектептен қайтып келе жатқанда бойымда табиғат сыйға тартқан қандай өнерім болса, Майраның алдында соны түгел көрсетуге тырысамын. Құс болып құбылжытып ысқырамын. Арық-ордың қайдағы жалпақ, жерін таңдап секірем. Жаяу жарыста қалайда озбақ болып, жанымды салып жүгірем. Соның бәрінде де көз қиырым Майрада болады.
Майраның жүзінен құптағандай белгі керсем, немесе оның аузынан бір тамшы мақтау сөз естісем, онда дүниеде менен бақытты адам жоқ.
Жуынып, тазалануды қанша азап санасам да, мен мектепке, мүмкін болғанынша, таза келуге тырысатын едім. Қолдың күсін тырналап күшпен кетірем. Зорлықпен тазарған терінің түсі түте-түте болып қалады. Мейлі. Алақанымды төмен қаратып, алдына жайып ұстай қалғанда бұл бәтшағар қолдарды менің қаншама азаптанып тазартқанымды Майра білсін қайта. Бағаласын. Өйткені осының бәрі Майра үшін ғой. Майрадан ескерту алып, қызармас үшін. Майраға ұқыпты, таза болып көріну үшін!