Бернияз және ислам
XX ғасырдың басында қамшының сабындай қысқа ғана ғұмыр кешкен, қазақтың талантты да аяулы ақыны Бернияз Күлеев өзінің артына өлмес, өшпес сыр мен мұңға толы, келісті де сұлу жырларын қалдырып кетті.
Дүниені, шындықты барлық ауқымында алып көрсетпей, жартыкештендіріп, таза таптық тұрғыда өлшеп пішетін маркстік-лениндік дүниетаным өзінінің ащы зардабын кешегі кеңестік кеңістікті мекендеген ұлттар мен ұлыстардың мәдениетіне, әдебиетіне, өнеріне қатты тигізді. Белгілі бір уақыт шегінде олардың орны ойсырап тұрды.
XX ғасырдың 20-30 жылдарынан бастау алған кеңестік қазақ әдебиеттену ғылымы осы кезең әдебиетіне қатысты идеологиялық таптаурындарға толы біржақты пайымдаулар мен тұжырымдар, жартыкеш шындыққа негізделген қисын қағидаларды айтып келді. Әдебиет тарихының осы кезеңдегі тұлғаларына әр түрлі дәрежедегі айыптаулар тағылды.
Міне, осындай кінәлаулардың негізгі нысаналарының біріне айналған ақын-жазушылардың бірі – Бернияз Күлеев. Оны бірде дарашыл күйрек сезімнің ақыны, бірде символист ақын, бірде байшыл-ұлтшыл жазушылардың құйыршығы деген секілді әр түрлі айдармен сан-саққа жүгіртіп келдік. Небары жиырма төрт-ақ жас ғұмыр кешкен, ХХ ғасырдың басында жасаған қазақтың аяулы да талантты ақындарының бірі Бернияз Күлеевтің есімі оқулықтарда бірде аталып, бірде аталмай, анда-санда зерттеу монографияларда сөз болып, топтама жинақтарда, хрестоматияларда бірді-екілі ғана өлеңдері жарияланып келді. Бернияздың таңдамалы тұңғыш жинағы 1969 жылы ғана «Айтшы, ақ қайың» деген атпен жарық көрді. Осы жинақтың алғы сөзін жазған белгілі ғалым Ысқақ Дүйсенбаев Бернияздың ақындығы турасында төмендегідей пікір айтады: «Сыршыл да нәзік лирикасы, әсем баллада, поэмаларымен XX ғасырдың бас кезінде жарқ етіп, бірден көзге түскен аса талантты ақын Бернияз Күлеевтің (1897-1923) есімі көп уақытқа дейін ұмытылып, жөнді аталмай қазақ поэзиясына қосқан оның елеулі үлесі ескерілмей келді. Бұған бірнеше себептер бар. Ең алдымен, ақынның өмірі қысқасынан қайырылып, кенеттен шорт үзілді де, өз бойындағы зор дарынын сарқа көрсетуіне мүмкіңдік мүлде кесіліп қалды. Оның бер жағында Бернияздың әдебиет майданына алғаш-ақ араласа бастаған шағы күрделі заман болатын-ды. Соның өзінде жас ақын аз жылдың ішінде-ақ талантының негізгі сипаттарын айқын таныта алды. Ол екі жүзге тарта үлкенді-кішілі өлең-толғаулар, үш поэма, бір баллада жазып үлгерді»
Бернияздың өмірбаянына қатысты деректер өте мардымсыз, тапшы. Жиырмасыншы жылдардағы қазақ газеттеріне шыққан замандастарының бірлі-жарым естеліктері мен бірді-екілі монографиялық еңбектердегі ақынның өміріне қатысты айтылған деректер ғана бар.
Ақын өмірбаянының алғашқы, негізгі биографы-ақынның замандасы, жақын жолдасы, қарт журналист Мерғали Ешмұхамедұлы.
Мерғали Ешмұхамедұлының ақын өмірбаянына қатысты алғашқы дерегі оның өмірі мен шығармашылық жолына байланысты жазылған «Еңбекші қазақ» газетінің 1928 жылғы 30 наурыз күні шыққан №72 санында жарияланған «Күлейұлы Бернияз» деген мақаласында берілген.
Және Мерғали Ешмұхамедұлы 1967 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына табыстаған Б.Күлеев жөніндегі естелік ақын өмірбаянына қатысты құнды материал болып табылды.
Бұдан кейін «Еңбекші қазақ» газетінің 1923 жылғы №19 санындағы ақын қазасына байланысты берілген «Бернияз Күлеев» деген азанаманы (некролог) осы газеттің 1923 жылғы 1 наурыз №69 санындағы Таласбаевтың «Бернияз Күлеев» деген мақаласын, Ақдәулетұлы Әбділдәнің Мерғали Ешмұхамедұлының мақаласын сынау мақсатында жазылған, айтыс ретінде деп берілген осы газеттің 1928 жылғы 10 сәуір №81 санында жарияланған «Күлейұлы Бернияз туралы» деген мақаласын, Жетісу облыстық «Тілші» газетінің 1923 жылғы 20 наурыз №28 санындағы Мағжан Жұмабаевтың «Берния Күлеев» деген мақаласын ақын өмірбаянына қатысты аздап деректер алуға болатын нұсқаларға жатқызуға болады.
1976 жылы шыққан Қазақ Кеңес Энциклопедиясының 6 томында ақын, өмірбаянынан қысқаша мәліметтер берілген.
Ақын өлімінің соңғы кезеңі туралы хабарлар Қазан қаласында шығып тұрған «Известия Тат ЦИКа» газетінде /1923 ж. 31 қаңтар, №21 /916/ татар тіліндегі «Татарстан» газетінде «Қайғылы уақиға»/ 1923, 1 ақпан, №24 /689/ деген атпен жарияланды.
Ақын өмірі мен шығармашылық жолы туралы монографиялық сипаттағы еңбектерде, атап айтсақ 1965 жылы «Ғылым» баспасынан шыққан Қазақ әдебиеті тарихы деген кітапта Шәменов Кәрібай, «Жазушы» баспасынан 1970 жылы шыққан Ысқақ Дүйсенбаетың «Ғасырлар сыры» деген еңбегінде, осы автордың «Ғылым» баспасынан 1987 жылы шыққан «Эпос және ақындар мұрасы» /зерттеулер/ деген еңбегінде авторлар көбіне-көп ақын өмірбаянын баяндауда Мерғали Ешмұхамедұлының жоғарыда сөз болған нұсқаларындағы деректкрге сүйеніп отырады.
Бернияз Күлеев 1899 жылы бұрынғы Торғай облысы Ақтөбе уезіне қарайтын Бөрте болысының бесінші аулында /қазіргі Орынбор облысының Бөрте ауданы/ Бекен деген шаруаның отбасында дүниеге келді.
Ақынның 1969 жылы шыққан «Айтшы, ақ қайың» деген таңдамалы жинағында оның шығармашылық жолына қысқаша сипаттама ретіндегі алғысөзінде белгілі ғалым Ысқақ Дүйсенбаев ақынның туған жылын 1897 жыл деп көрсетіпті.
Біз мұны жаңсақ айтылған ба деп ойлаймыз.Себебі жоғарыда айтылған ақын туралы барлық материалдарда оның туған жылы 1899 жыл деп көрсетілген.
Қазақ Кеңес Энциклопедиясының 6 томындағы Б.Күлеевтің өмірбаянына қатысты мәліметте де 1899 жылы деп көрсетілген. Және ғалымның жоғарыда сөз болған «Ғасырлар сыры», «Эпос және ақындар мұрасы» деген еңбегінде де 1897 жыл емес, 1899 жыл деп берілді.
Осыған сүйеніп және ақынның бірден-бір биографы оның замандас серігі Мерғали Ешмұхамедұлының естелік – деректеріне сүйеніп, осы жылды ақынның ақиқат туған жылы деп қабылдаймыз.
Ақынның сүйегі – Кіші жүз ішіндегі Әлім руынан, Бернияздың өзінің әкесі – Бекен, ал Күлей – оның ұлы атасы болған. Бекен орташа ғана дәулеті бар, дөңгелек шаруа адамы еді. Бекеннің бар арманы Берниязды оқыту болғандықтан ол осы жолда өзінің шағын дәулетін аямаған адам. Осылайша Бекен Берниязды 8 жасынан бастап мұсылманша сауат ашу үшін ауыл молдаларына оқуға береді.
Болашақ ақын елдегі медресе, мектептерден әуелі ескіше /қадымша/, кейін жаңаша /жәдитше/ білім алады. Бұл мұсылманша білім кейін ақын шығармаларына өз ізін қалдырған. 11 жасына дейін мұсылманша білім алуға ынталанып, құштар болуын оның өз елінен шыққан оқыған, жұртқа белгілі азаматтардың көптеп шығуымен де түсіндіруге болады.
Бернияздың немере ағасы Сағындық Досжанов көп уақыт бала оқытып, халық ағарту саласында қызмет етіп, Орынбор қаласында тұрған болатын. Ол 1917 жылғы 5-13 желтоқсан аралығында өткен II жалпы қазақ сиезіне делегат болып қатынасқан, Батыс Алаш Орданың мүшелерінің бірі. Ал Сағындықтың қарындасы Аққағаз Досжанова – осы ағасының тәрбиесінде болып 1914 жылы Орынбор гимназиясын үздік бітіріп, одан әрі жоғары дәрежелі оқу орнына түсіп, қазақ арасынан жоғары білім алған тұңғыш қазақ әйелдерінің бірі.
«Қазақтың алғашқы дәрігер қыздарының бірі Аққағаз Досжанованың есімін бүгінде екінің бірі білмейтіні өкінішті-ақ. Әйтпесе кезінде халқы үшін аянбай қызмет етіп, артында өлмес мұра, өшпес із қалдырып кеткен ұлтымыздың біртуар перзенттерінің қатарынан саналмаушы ма еді ол». Ақынның туған апасы Мәриям да мұсылманша сауаты бар, ақындық өнерден хабары бар дарынды адам болған. Замандас, құрбыларымен болатын айтыстарда үнемі жеңіп отырған.
Өз туған-туысқандарынан басқа ел арасына белгілі болған бірнеше оқыған адамдар шыққан. Мысалы ақынның ауылдасы, «Хусаиния» медресесін бітіріп, Кеңес тұсында көп жыл ұстаздық еткен Жұмабай Оразалин, көршілес елдерден шыққан Малабаев, Жиенбаев,Тойбазаров, Қазан университетін бітірген Н.Атантаев т.б. атауға болады.
Ескіше сауатын ашқан ақынды 11-12 жастарға келгеннен кейін әрі қарай орысша оқыту мақсатымен әкесі Томаркөл болыстық школына /мектеп сөзін сол кездің ұғымымен школ деп алып отырмыз. С.Ж./ береді. Бұдан әрі бұл школдан алып, Ақтөбе гимназиясына берсе де дәулеттің орталығынан, оқу қаражатының көптігі қолын байлап, әкесі Бекен Берниязды Бөрте болысындағы екі сыныпты школға кіргізген.
Бернияз осы оқуларда оқып жүргенде тек қана оқумен шұғылданып қана қоймай, сол кездегі алғашқы қазақ зиялыларына нәр берген, бағыт-бағдар сілтеген, ұлттың қараңғыда жол бастар шам-шырағы болған қазақ-татар тіліндегі басылымдар «Уақыт», «Тәржиман», «Қазақ», «Айқап», «Шура» секілді газет-журналдарды үзбей оқитын. Орыс, қазақ, татар классиктерінің шығырмаларын шәкірт шағында зер салып оқиды.
А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Абай, Тоқай, Дәрдімәндтардың шығармаларын үңіле оқиды. Бұл шығармалар болашақ ақынның ойын, қиялын қанаттандырып, оның білім көкжиегінің өрістеуіне, өзіндік дүние танымының қалыптасуына әсер етті. Бұлардан басқа өз замандас ақын-жазушылары А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Торайғыров, С.Дөнентаев, С.Сейфуллин, Б.Майлин, М.Жұмабаевтың шығып жатқан дүниелеріне зер салып, ерекше назар аударып отырды. Әсіресе, ақын лирикасының болашақ сипатына әсер еткен М.Жұмабаев, С.Дөнентаев және осы Бөртеде оқып жүргенде Ресейдегі болып жатқан дүниежүзілік маңызы бар әр түрлі қоғамдық сілкіністер ақын сана-сезіміне әсер етіп отырған.
Бірінші дүниежүзілік соғыс, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің оқиғалары, 1917 жылғы ақпан революциясы сана-сезімі сергек, жаңа қалыптасып келе жатқан ақынның көңіл-күйін бей-жай қалдырмаса керек. Ақынның замандасы М.Ешмұхамедұлы осыған байланысты бір жайтты былай баяндады: «1917 жыл, март айының алғашқы күндері. Екі класты училище Орынбордан небары 100 шақырымдай жерде болса да, қатынастың қиындығынан ауылға жөнді хабар жетпейтін, көп кешігіп баратын. Ал қаладағы оқиғалар туралы ел ішінде сан алуан лақаптар тарай тұрса да, төңкеріс жасалып, патшаның тақтан түскенін ешкім біле бермейтін, оны сезінген жергілікті әкімдер жұрттан жасыруға тырысатын еді. Бір күні кешқұрым Бернияздың өзі алдырып тұратын газеттердің бірнеше саны келеді. Екі жақтағы класс бөлмелерінің ортасындағы залда ешкім жоқ, Бепнияз жалғыз отырып, газетті оқып қараса, Петербургте революция /Ақпан революциясы/ жасалған, Россияны 300 жыл бойына билеген Романовтардан шыққан соңғы патша Николай ІІ тағынан түсірілген. Бұл туралы сол кездегі прогресшіл-демократияшыл «Уақыт» газетінде /редакторы – татардың демократ қайраткері Фатих Каримов/ толық жазылыпты. Патша үкіметінің Россия халқына көрсеткен жәбір-жапасы жұмысшы табының ауыр халі, әсіресе «бұртана» саналатын халықтарды қатты езіп-жаншуы түгел айтылған. Онан әрі оқыған сайын Бернияз ызалана түседі, зығырданы қайнайды, енді ол көп нәрсені түсіне бастағандай болады, тіпті өзін-өзі билей алмайтын дәрежеге жетеді. Газетті оқып шыққан соң басын көтергенде, залдың қабырғасында ілулі тұрған Николай ІІ оның әйелінің бояумен әдеміленіп салынған, алтындаған рамкалрдағы суреттеріне көзі түседі. Ойланбастан орнынан ұшып тұрып, жаңағы суретті талқандай бастайды …»
Бұл өз халқының ауыр тұрмысын сезінген ақынның қоғамдық-саяси көңіл-күйінің қандай болғандығының алғашқы нышандары еді.
Осылайша ой-сезімі өсіп, білім нәрімен қуаттанған Бернияз әрі қарай оқуды мақсат тұтып Бөрте болыстық школын бітірген соң 1917 жылы күзде Орынборға барып, даярланып ондағы қазақ мұғалімдер семинариясына оқуға түскен. Бұл кезде Орынбор қаласы алаш жұртының болашақ тағдырын белгілейтін ірі қоғамдық-әлеуметтік, саяси оқиғаларға толы еді.Ұлт тағдырын қолына алған, елдікті мұрат тұтқан қазақ зиялыларын ұйыстырған шын мәніндегі мәдени, рухани, әрі қоғамдық-саяси орталыққа айналған болатын. Осындай алаш жұрты үшін ірі тарихи-саяси оқиға 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында өткен II қазақ сиезі болды. Бұл тарихи сиезде алаш автономиясы жарияланып, Алашорда үкіметі құрылды. Халық кеңесі сайланып, Алашорда үкіметінің төрағалығына Әлихан Бөкейханов сайланды. Семинария шәкірті Бернияз Күлеев те қазақ халқы үшін осындай ауқымды тарихи оқиғалардан тыс қалмай, Орынбор қаласында өткен II жалпы қазақ сиезіне қатысқан делегаттардың ішінде болады. Мұндай ірі оқиғаға куә болуы ақынның болашақтағы саяси көзқарастары мен азаматтық ұстанымының қалыптасуына әсер етеді. Ақынның Алаш қозғалысына арналған «1917 жылға», «Ел ерлеріне», «Алға» өлеңдерінде қозғалысқа ерекше сенім артуы, азаттық идеясы ерекше леппен жырланады. 1918 жылы Ресейде басталған ішкі азаматтық соғыс өрті ел ішін қаулап, заман ақ пен қызыл боп дай-дай соғысқан апалаң-топалаңға айналады.
Сонымен ақын бұл оқу орнында бір-ақ жыл оқып,жазға қарай ел ішіне кетіп, шаруа, тұрмыс қамымен болған.
1918 жылдың басында қызылдар ақтардан Орынбор қаласын босатады. Осы тұста Бернияз Күлеев Орынборға келіп, Кеңес қызметіне араласады. Торғай облысының Кеңес съезінде облыстық комитетке оқу бөлімінің президиумына мүше болып сайланады. 1917 жылы қазанда Орынбордағы қазақ жастары «Игілік» қоғамын ұйымдастырады 1918 жылдың басынан Орынбор қаласында Нәзір Төреқұловтың редакторлық етуімен шығып тұрған «Қазақ мұңы» газетінің бетінде осы қоғамның мәдени іс-шаралары туралы Бернияз Күлеевтің «Игілік қоғамы» деген мақаласы басылады. Осы кезеңнің жай-жапсары туралы белгілі әдебиет зерттеушісі Тұрсынбек Кәкішев өзінің «Садақ» атты эссесінде былай деп жазады: «1917 жылдың 9 декабрінде «Тікбақайлар» пьесасын қойып, 2070 сом, 1918 жылдың 8 мартында ұйымдастырылған әдебиет кешінде Бернияз Күлеевтің «Шын сүйіскендер» атты бес перделі драмасын қойып, 2366 сом 90 тиын қаражат жинағандарын, оны мұқтаж шәкірттер мен ел игілігіне керекті істерге ұстайтындықтарын қуана хабарлапты».
Міне, осы «Шын сүйіскендер» атты пьессасын сол жылғы наурыз айында өткізілген Торғай облысы Кеңестері съезінің делегаттарына арнап қойып береді. Бернияздың өзі бас рөлде ойнайды. Пьессадан түскен қаражаттың қайда барғаны жоғарыдағы деректе келтірілді. Осы жылдары бірнеше лирикалық өлеңдер жазды. / «Қиял сөзі», «Неге», «Көңіліме», «Қымыз», «Жазғы дала», т.б./ Пушкиннің «Бұлбұл», «Ажал», «Ақын», «Бар ойым бастан кешті көзім көріп» деген шығармаларын аударды.
Бернияз семинариядағы оқуын қайта жалғастырмақ болған, бірақ қаланы ақтардың қайта алуы оның ойын іске асырмайды. Тек 1919 жылдың бас шенінде М.В.Фрунзе бастаған Қызыл Армия майданы қаланы ақтардан босатқаннан кейін ғана, Б.Күлеев Орынборға келіп,Кеңес қызметіне араласа бастайды.
1919 жылдың күзінде Орынбор қаласында қазақ даласын басқаратын революциялық комитет құрылады. Революциялық комитет Б.Күлеевті Ақтөбе губерниясына төтенше комиссар етіп жібереді. Б.Күлеев сонымен бірге Губерниялық соғыс комиссариатында да қызмет етеді. Революциялық комитетің үні «Ұшқын» газетінің редакциялық алқасы мүшесі болып қызмет етті. Осы кездеңдерде ақын өзінің жастық кезеңдерінен сыр шертетін «Жазғы жапыраққа», «Ғ-ға», «…ға» секілді махаббат лирикаларын тудырады. Кейбір мәліметтерге қарағанда ақын «Ұшқын» газетінің беттерінде мақалалары мен өлеңдерін жариялатып тұрған .
1920 жылы Қазақ АССР Халық ағарту комиссариаты өзінің уәкілеттілігімен Бернияз Күлеевті Қазан қаласына кітап бастыру ісімен айналысатын ерекше өкіл етіп жібереді. Ақын өмірінің бұл кезеңдері туралы белгілі жазушы, журналист, марқұм Ғалым Ахмедов «Қазақ әдебиеті» газетінің 1999 жылғы №30 санындағы «Бернияздың өлімі туралы бірер сөз» деген мақаласында былай деп жазады: «1920 жылы Ахмет Байтұрсынов (Байтұрсынов бұл кезде халком) Бернияз Күлеевті Қазанға жұмсайды. – Бернияз қарағым, - дейді Ахаң, - жүруге дайындал. Бұрын бармаған жерің, Қазан деген университеті бар үлкен мәдени орталық. Барған соң өзіңді ұстай біл, жеңілдікке салынба. Қазір ел ішінде мектеп ашып жатырмыз, бірақ мұғалімдер аз, оқу құралдары жоқ. Орынбор полиграфиясы әлсіз, керек кітаптарды басып үлгіре алмайды. Және мұнда математика символдары, латын әріптері жоқ, сондықтан біраз кітаптарды мүмкіншілігі мол Қазанда бастыруға тура келеді, бұл жағынан татар ағайындар көмектерін аямаймыз деп отыр. Бұл бір игілікті, сонымен қатар жауапты жұмыс, осыны саған сеніп тапсырғалы отырмыз. Жас, қайратты кезің, осы жұмысты орындасаң, мына теңдікке енді қолы жете ме деп отырған халқыңа зор қызмет еткенің. Хат жазып, жұмысыңның жайын хабарлап тұр... Осындағы бұрынғы «Уақыт» газетінің редакторы Фатих Каримов қазір Қазанда тұрады, мына хатты сол кісіге бер, саған ақылшы сол кісі болады...» Қазан қаласында ол өзінің замандас ақындарымен қатар ауыз әдебиеті үлгілерін де жинап бастырып отырған. Оларға өзі алғысөз, түсініктер де жазған. Сол жылдары Бернияздың тікелей басшылығымен Абай, Сұлтанмахмұт, Мағжан, Сәкен шығармалары жинағының басылғанын ерекше атаған жөн.Сұлтанмахмұт Торайғыровтың поэмалар жинағын да (Қазан, 1922 ж., «Татарстан» баспасы жинаққа «Адасқан өмір», «Кедей», «Айтыс» туындылары кірген.) 1922 жылы алғаш Б.Күлеев бастырып шығарған.
Бұл жылдар ақын үшін текке кеткен жоқ, әдеби мұраларды, ақын-жазушылардың шығармаларын бастырып, талғай-таразылауда, сұрыптауда ол өзінің зерделі, пайымды әдебиетші екенін көрсетті. Оның ақындық ой-өрісі де өсіп, творчестволық жағынан кемелдене, толыса түсті. Ақындық шалымы ұшталып, қаламгерлік қарым-қуаты да өрістеді. Осылайша қазақ мәдениеті мен өнерінің, әдебиетінің қаз-қаз тұра бастаған шағында Б.Күлеев халқы үшін үлкен қоғамдық, мәдени істер тындырды. Қалыптасып келе жатқан мәдени істерімізге ұйытқы болып, оның одан әрі өрістеп, қанат жаюына мұрындық болды. «Ел ерлеріне», «Алға», «Қуларға», «Заман-ай» секілді саяси-романтикалық сипаттағы бір топ өлеңдерін де осы кезеңде жазды.
Осындай жауапкершілігі мол,қоғамдық-мәдени істің басында ақын өмірінің соңына дейін, яғни 1923 жылға дейін болады. 1923 жылы ақын өмірі қысқасынан күрт үзіледі. Небары 24 жасында Б.Күлеев өмірден қыршын кетеді.
Бұл қайғылы қаза туралы «Известия ТатЦИКА» газетінде (1923, 31 қаңтар, №21 (916) татар тілінде шығатын «Татарстан» газетінде «Қайғылы уақиға» /1923, 1 ақпан, №24 /689/) деген атпен хабарлайды. Бернияз өлгенде қазақтың үлкен ақыны Мағжан Жұмабаев қатты күйзеліп, «Тілші» газетіне азалы мақала және «Берниязға» деген өлеңін жазады.
Осылайша Б.Күлеев өзінен үміт күткен әдеби жұртшылықты да, халқын да күрсіндіріп, опынтып 1923 жылғы 29 қаңтарда өмірден тым ерте, небары 24 жаста қыршын күйінде қайғылы қазамен мәңгілікке көз жұмды.
Ерте үзілген ақын ескерткішіндей болып оның артында мәңгі өлмес жалындаған жастық жігерге толы,назды да сұлу, әсем лирикасы, өшпейтін жырлары қалды.
Өмірден ерте сөнген аяулы Б.Күлеевтің лирикаларының өзекті тақырыбы – үлкен романтикалық пафоста жазылған көңіл-күй сезімдері. Махаббаттың жалынды жыршысы болды.Ол өзінің «Қыздың мінажаты» (1914ж.), «Қызықты жаз»(1916), «Қазақ қызы» (1916), «Түн» (1917), «Бостандық күнінде»(1917) т.б. өлең-жырларында махаббат, достық, бостандық тақырыптарын жырлады. «Жердің жүзі жаз еді» (1919), «Қайда екен»(1922), «Жорық»(1922) атты поэмаларында сүйіспеншілік, сезім күйлері және әлеуметтік мәселелерден сырлар қозғап толғайды. Бернияздың біраз өлеңдерінде түрікшілдік сарын, өзге бауырлас түркі ұлттарына жанашырлық, қамқорлық сезімі байқалады. Ақынның «Башқұрт қызы қарындасым Софияға», «Кім бар» т.б. біраз өлеңдерінде бұл сарын ерекше байқалады. «Башқұрт қызы қарындасым Софияға» өлеңінде ақын қызға арнай отырып,башқұрт халқына өзінің туысқандық, бауырмалдық сезімін былайша білдіреді:
Ақжайықтың бойы, Орал тауы,
Қазақ, башқұрт еркін даласы.
Жау үркіткен тасып қызу қаны,
Ер жүректі батыр баласы,
Бір күндерде билеп осы жерді,
Арыстандай шашты айбарын.
...Әлде тағдыр, әлде басқадан ба,
Ол күнгі бақ қазір сор болды,
Жаны басқа, жаны жат адамға,
Қолдан беріп, арды қор болды,
Қазақ, башқұрт болып даңқы шығып,
Жарылатын заман ағынан,
Досы жылап, дұшпан қорқып-бұғып,
Жүрген күнін ойлап сағынам.
Бұл өлеңнен Бернияздың үлкен түрікшілдік жүрегі көрінеді.
Бернияздың 11 жасқа дейін мектеп, медреселерден мұсылманша сауат ашып, білім алуы ақындық дүниетанымының ислам танымы негізінде қалыптасып, бекуіне әсер етті. Ақын шығармаларында жиі кездесетін хор, үр, жұмақ, жәннат, фирдаус, ғилман, сират, ғаршы, лауқұл-мақпұз т.б. діни лексикада кездесетін сөздер осының айғағы бола алады. Ақынның еуропаша,орысша алған білімдері оның шығармашылық жолындағы романтикалық аңсарларын, мифопоэтикалық танымын белгілегенімен, олар қалайда шығыстық, мұсылмандық дүниетаныммен орайластырыла, ұштастырыла беріліп отырады. Ақынның көптеген өлеңдерінде ислам танымының іздері сайрап жатыр.
Құдірет жаратыпты жер мен көкті,
Гүл қылып жер бетіне көкті төкті.
Болсын деп гүлдің гүлі, бәйшешегі,
Гүлдетіп қызғалдақтай адамды екті.
Бұл өлеңінде дүниенің жаратылуы,алланың хақтығы, адамның оның сүйген құлы екндігі туралы исламның аһли түсінік-танымдарының белгілері менмұндалайды. Осы таным үрдісі ұлы Абайда:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті,
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті –
деген түрде беріледі. Абайда бұл таным тікелей айтылса, Берниязда поэтикалық сурет арқылы образды сипат тапқан. Бернияздың көп өлеңдері махаббат лирикасына арналған.Ақынның осы лирикасының өзінде де жаратқан, алла аты ақынның есінен шықпайды.
Жіптіктей қолыңмен
Жазған жолың
Белгі болып қалады.
Әрбір жазғаның
Мейірімді Алланың
Нұрындай жанады.
Асылық айтсам, мүләйім,
Кешсін өзі құдайым
Жан сүйгенінің әрбір жазған лебізін алланың нұрындай көреді. Жай емес, «мейірімді алланың» деп отыр. Мұның өзі ақын жүрегінде ислам танымының терең іздері жатқанын паш етіп тұр.
Бернияздың көп өлеңдерінде «ғилман» деген сөз кездеседі. «Сүйгеніме» деген өлеңді мысалға алып көрелік:
Кел, сүйгенім, қасыма,
Сүй, мойныма асыла.
Жас баладай жұбанған
Қалсын көңіл басыла.
Қой басыңды төсіме,
Жатайын мен көсіле.
Шын перизат көр мені,
Түссін ғилман есіңе – дейді.
Осындағы ғилман – парсы сөзі, тура мағынасы – «құдайға жаққандар». Жұмақтағы хор (қыз) және ғилман (жігіт) атты қызыметкерлер әрі сұлу, әрі таза жанды адамдар. Шығыс поэзиясында бұларды,сұлулық пен адалдықтың символы ретінде суреттейді. Берниязда да солай.
Ақынның әйел теңсіздігіне арнап жазған өлеңдерінде де Алла, жаратқан, періште есімдері ұмыт қалмайды. Мысалға, «Қыздың мінахаты» деген өлеңде қазақ қызының аузымен мынадай сөздерді айтады:
Я, Алла мен ойлаймын түрлі ойды,
Суарып жүрген шақта қозы-қойды.
Ойласам , жүрегіме тұз сепкендей,
Өсірген надандықпен сорлы бойды.
Мағрифа деген қызды он жеті жасқа толуымен құттықтаған өлеңінде ақын:
Ерікті ерке сенің құдіретпен
Келген күнің бүгін жарыққа.
Хорлар күліп, құттықтап ғайып-ерен,
Құр себілген бүкіл шарыққа.
Бүгін сенің ізгі жүрегіңе
Періштелер леппен үрген күн.
Табиғатпен оны қосып бірге,
Кірсіз ерке нұрмен түрген күн .
Бүгін сені кезек қолға алып
Хорлар біткен қатты сүйген күн.
Бүгін бәрі саған көз салып,
Көркіңе бас бәрі иген күн.
Атаң алаш жаны сезіп сенің,
Тұрғаныңды жалған төрінде:
«Берді мәулім қазақ кемін»,-
Деп қуанған жатып көрінде, - дейді.
Бұл өлеңде адамның дүниеге келуіне байланысты діни ұғымдар айтылып отыр. Бұл жерде де ақынның діни лексикасына араб-парсы сөздері кіріп отыр. Ақынның барлық өлеңдерінле періште сөзі кездеседі. Ол адалдық, пәктік, тазалық ұғымдарын білдіру үшін қолданылады. Осының өзі ақын дүниетанымында ислам танымының берік орныққанын айғақтайды.
Бернияздың «Қыздың мінажаты», «Қазақ қызы», «Бостанық болғанда бір қыздың тілегі» т.б қазақ әйелдеріне арналып жазылған өлеңдерінде жаратушының аты,одан медет тілеу баса айтылып отырады.
Бернияз Күлеевтің «Бостандық күнінде», «Бұлт», «1917 жыл» тағы басқа да бостандық тақырыбына арналған өлеңдерінен де біз осы сарынды байқаймыз. «Бостандық күнінде» өлеңінде қазақты бостандыққа жеткізуші де жаратқан, Алла деген ой айтылады.
Жарық күн туды,
Жер жүзін жуды,
Көктен нұрлар төгіліп.
Ежелгі, ескі
Ортадан кетті
Етек-жеңі сөгіліп.
Міне, хақтың бергені -
Көздің жасы көргені.
Аттасаң алға:
«Оңдасын Алла»,-
Біз де саған деселік.
Жаялық құшақ,
Қолға алып пышақ,
Тұсауыңды кеселік.
Атам қазақ баласы,
Қаз-қаз тұрып қарашы?!
Ашылып көзі,
Алынып сөзі
Ілтипатқа жұртымның
Ұмтылсаң өрге
Теңеліп елге
Кетері мәлім құлқынның
Жарыл жүрек көкке ұш.
Бұл өлеңнен ұлты үшін жаны күйетін, оның теңдігі үшін жүрегі жарыла сүйінетін ақынның жан сыры, ұлтжандылық болмысы жарқырай көрінеді. Сонымен бірге ұлтын жарқын да жаңа жолға бастайтында, демейтінде, жар болатында жалғыз Алла дегенге ақын ойы нық сенімді.
Ақын шығармаларын оқи отырып, ой қорытсақ оның барша өлеңдерінен діни лексиканы кездестіреміз. Мысалы: «Жасағанның сегіз ұшпағы», «тозақ», «көк хоры», «Хор», «пері», «жел жетпесім – пырақ», «Өмір – ұшпақ», «көңілім кәусар, пейілім-маухыл махбуз», «құран сөзі», «ғилман», «күнфая күн» т.б.
Түйіндей келгенде ХХ ғасыр басындағы көптеген қазақ ақындары секілді Бернияз Күлеевтің ақындық лексикасында мектеп-медреселерден алған мұсылмандық білім, исламдық дүниетаным берік орын алады.
Сәбит Жәмбек
Достарыңызбен бөлісу: |