Бүгінгі күні Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту моделінің жобасы әзірленіп, бекітуге ұсынылды.
Қазақстанда мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту бойынша жүйелі іс-шаралар кешені іске асырылуда. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесіндегі мемлекеттік саясат халықтың әртүрлі әлеуметтік топтарынан шыққан балалардың сапалы білім алуы үшін тең бастапқы мүмкіндіктер жасауға және қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Елдегі мектепке дейінгі ұйымдар желісі белсенді түрде, оның ішінде балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010-2020 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасының нәтижесінде кеңейді. Мектепке дейінгі ұйымдарды ашу үшін жеке бизнесті тарту және мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру есебінен жеке меншік мектепке дейінгі ұйымдар желісі 13 есеге — 2010 жылғы 347 бірліктен 2020 жылы 4556 бірлікке дейін ұлғайды. Соңғы 10 жылда балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамту мәселелері ауқымды деңгейде шешілді.
1-6 жас – 81,6% 3-6 жас — 98,7%
Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында (бұдан әрі — Мемлекеттік бағдарлама) білім беруді дамытудың, оның ішінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамытудың негізгі бағыттары айқындалған. Қолжетімді және сапалы мектепке дейінгі білім беру Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейін тұрақты даму міндеттерінде қамтылған.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту моделі (бұдан әрі – Модель) Мемлекет басшысының 2020 жылғы 27 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді және балаларды дамыту мен оқыту талаптарының өзгеруіне және өзекті ғылыми мәліметтерге сәйкес мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды трансформациялау үшін қажетті өзгерістер бағытын айқындайды.
Модель мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды дамыту мен білім беру сапасын қамтамасыз ету бойынша кешенді іс-шараларды жоспарлау үшін негіз болып табылады:
1) мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бағдарламаларының мазмұны мен іске асырылу жағдайларын реттейтін нормативтік құқықтық базаны жаңарту;
2) ғылыми-әдістемелік және оқу-әдістемелік қолдауды қамтамасыз ету;
3) вариативтік оқу бағдарламаларын әзірлеу және енгізу;
4) тәрбие мен оқытудың сапасын бағалау критерийлерін әзірлеу;
5) педагогтерді даярлау бағдарламаларын өзгерту және мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің біліктілігін арттыру курстарының бағдарламаларын өзектендіру;
6) балаларды психологиялық-педагогикалық қолдауды жүзеге асыру тәсілдерін жетілдіру;
7) балаларды тәрбиелеу, күтім жасау және дамыту мәселелері бойынша ата-аналарға (заңды өкілдер) арналған білім беру және ақпараттық-консультациялық платформаларды қалыптастыру.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапасын арттыруға бағытталған барлық шаралар балаларды мектепте оқуға табысты дайындауға және ата-аналардың мектепке дейінгі білім беру қызметтеріне қажеттілігін қанағаттандыруға ықпал етеді. Модельді іске асыру жоғары оқу орындары мен колледждердің қатысуымен мектепке дейінгі ұйымдар педагогтерінің сапалық деңгейін арттыру мәселесін шешуде кешенді тәсілдерді болжайды:
1) жоғары оқу орындары мен колледждердің педагогикалық факультеттерінің білім беру бағдарламалары қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес кадрлар даярлауды көздеуі, тәрбиелеу мен оқыту бағдарламаларын іске асыру үшін әдістемелік базаны, студенттердің педагогикалық практикадан өтуін қамтамасыз етуге тиіс;
2) кадрларды даярлауда теория мен практиканың бірлігі үшін жоғары оқу орындары мен колледждердің мектепке дейінгі ұйымдармен балаларды ерте дамыту мәселелері бойынша өзара іс-қимылы қамтамасыз етілуі қажет;