1.2 Математикалық бағдардағы мектептер негізінде программалауға мамандандыру
Орта мектептiң оқушыларына арналған бірінші ресми программалау курсы бойынша оқу бағдарламаларының пайда болуына 60-жылдардың басында жалпы орта білім беру негiзiнде есептеуіш – программалаушыларды алдын-ала кәсіби дайындауды іске асыратын, математикаға мамандандыратын мектептердің ашылуы себепкер болды. Сол жылдары С.И.Шварцбурдтың Мәскеу қаласының Первомайский ауданындағы № 425-ші мектептің сыныптарының бірінде 1959 жылдың қыркүйек айынан бастап жүргізген тәжірибе жұмысы кеңінен белгілі болды [72-74].
1960-61 оқу жылынан бастап программалаушылар дайындайтын мектептердің саны өсе бастады. Мәскеулік №425-ші мектеп пен басқа да есептеуіш-программалаушылар дайындайтын мектептердің тәжірибесі негізінде 1961 жылдың маусымында Ресейдiң ағарту министрлiгi математикаға мамандандыратын мектептер үшін мектеп бітіруші мамандығының сипаттамасы, оқу жоспары, математиканың жалпы курсы бойынша, сонымен қатар арнайы «Математикалық машиналар және програмалау», «Есептеуіш математика» (бұл пән алғашқыда «Жуық есептеулер» деп аталды) оқу пәндері бойынша бағдарламалар сияқты құжаттамалардың бірінші нұсқасын бекітті.
Осындай құжаттамалар сол кездерде біздің елімізде де сәйкес қарастырылып, бекітілді. Қазақстанда Республикалық физика-математика мектеп-интернаты мен әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің базасында есептеуші-программалаушы қосымша мамандыққа даярлау бағытында орасан зор жұмыстар жүргізілді.
1976-1984 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі А.Т. Лукьяновтың жетекшілігімен С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің мамандандары мектеп оқушыларын программалау мен ЭЕМ-де жұмыс істеуге үйрету жұмыстарын жүргізді [99, 100]. Бұл жұмыстардың бір ерекшілігі модельдеуге, математикалық модельдеуге көңіл бөлінуінде екендігін атап өткен жөн. Осыған ұқсас жұмыстар Ядролық ғылыми зерттеу институтында, тағы басқа жерлерде де жүргізілді.
Программалау саласындағы мамандықтары бар мектептер қатарының дамуы оқушыларға программалауды оқыту мәселелеріне арналған көптеген мақалалар мен әдістемелік зерттеулердің, құралдардың шығуына үлкен ықпал жасап, барынша маңызды оң рөл атқарды. Мысалға, 1960 жылдардың басынан шыға бастаған «Математика в школе» журналы үшін оғаштау программалауды оқыту бойынша материалдарды (С. И. Шварцбурд [72, 74]), сонымен қатар, математикаға мамандандырылған мектептер үшін арнайы материалдарды (мысалы, 1965—1970 жылдары шыққан «Проблемы математической школы» атты тамаша сериясының алғашқы мақалалары жинағын [59] атап өтсе де жеткілікті) айтуға болады.
Осы жылдары математикаға мамандандыратын мектептер үшін дайындалған А.Л.Брудноның [15,69] мазмұнды белгілеулердегі программалау жүйесіне негізделген оқу құралы кеңінен танымал болды. Жоғары әдістемелік деңгейде жазылған бұл кітаптар программалау бойынша факультативтік курстардың қалыптасуына да елеулі рөл атқарды.
1980 жылдардың басында Қазақстан мектептерінде программалау тілдері бойынша арнайы курстар жүргізілді, ал Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектеп-интернатында 8-10 сынып оқушыларына программалау тілі ретінде ФОРТРАН тілі оқытылып, мектеп бітіргенде оқушыларға бірінші разрядтағы есептеуші-программалаушы куәліктері берілді.
Достарыңызбен бөлісу: |