2.2. ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН - ҚАЗАҚ ҰЛТЫНЫҢ КӨСЕМІ
2.2. Ә.Н.Бөкейханның қазіргі қазақ әдебиеті тарихында қалдырған бірден-бір өшпес ізі- ұлы, кемеңгер ақын, ағартушы Абай туралы жазып қалдырған еңбегі. Ұлт әдебиетінің өз алдына жеке бір саласы-әдеби сынның іргесін қалап кеткен еңбегі және қазақ ауыз әдебиетінің теңдессіз үлгілерін жинақтап, өңдеп бастырған және зерттеуге қосқан үлесі де зор. Ауыз әдебиетінің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қара қыпшақ Қобыланды батыр», «Ер Тарғын» сынды үздік үлгілерін өңдеп, бастырған, өз замандастары Абай, Шәкәрім, Міржақып, Жүсіпбек сынды ақын-жазушылардың шығармаларына әділ де өткір сын жазып, насихаттаған.
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан-қазақтың 20-сыншы ғасыр басында ілгерішіл ұлт зиялыларының лидері болды. Ол қазақтың өлкетану ғылымының негізін қалаушы, қазақ халқының төл тарихы, әдебиеті, фольклоры, этнографиясы, Қазақ өлкесінінң экономикасы мен халық шаруашылығы бойынша жүздеген ғылыми ізденіс пен зерттеудің авторы есебінде, ғұлама ғалым, дарынды публицист ретінде кең танылды және өмірінің соңғы сәтіне дейін ғалым болып қалды.
«Мен Кеңес өкіметін жақтырмадым, бірақ мойындадым!».Бұл –«халық жауы» деген нақақтан-нақақ айыппен өлім жазасына кесілген адамның ақтық сөзі болатын. Кеңес өкіметі алдында ол өзін айыптымын деп мойындамады да, өзін ешбір жазықсыз ату жазасына кескен заңсыз биліктен кешірім өтініп жалынып-жалбарынбады да. Ол тұлғаның аты ғана- қалың бұқара халқын рухтандыратын, оның атұарып кеткен ісі, оның артта қалдырған орасан мол мұрасы бой көтеріп келе жатқан жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін оятар еді, ал ұлт тәуелсіздігі мен мемлекеттігі жолында қиян-кескі күреске толы өмір тәжірибесі- келешек ұрпаққа үлгі-өнеге.
Әлихан өзінің сан қырлы ғылыми және публицистік қызметін қоғамдық-саяси күресімен қарама-қатар атқаруға мәжбүр болды. 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс төңкерісі кезінде ол ұлт зиялыларының Ахмет Байтұрсынов, Жақып Ақбаев, Міржақып Дулатов, Райымжан Мәрсекұлы, Айдархан Тұрлыбайұлы сынды алдыңғы қатарлы өкілдерін өз төңірегіне топтастырып, бүгінгі күні «Алаш» деген атауымен белгілі ұлт-азаттық қозғалысының жаңа толқынын бастады.Өзінің 1910 жылы Санкт-Петербургте «Қазіргі мемлекеттердегі ұлттық қозғалыстың формалары» жинағымен басылып шыққан «Қазақтар» («Қырғыздар») атты әйгілі тарихи-анықтамалық очеркінде Қыр баласы - елағасы өзі бастаған осы зиялылар тобын «батысшылдар» деп атайды: «Таяу келешекте қырда, бәлкім, екі саяси партия ұйымдастырылатын шығар... Олардың бірі ұлттық-діни аталуы ықтимал және қазақтардың өзге мұсылмандармен бірігуі оның идеалы болып табылады. Екінші батысшыл бағыты осы сөздің кең мағынасында айтқанда - қазақ даласының болашағын саналы түрде батыс мәдениетін жүзеге асыра отырып көреді».
Бүгінгі таңда батысшыл зиялылардың атқарып кеткен қызметі «Алаш» ұранды ұлт-азаттық қозғалысы ретінде танылса, Әлихан Бөкейхановты оның идеялық негізін қалаушы, бас идеологы, саяси жетекшісі деп бірауыздан мойындайды.
«Алаш» қозғалысы мен оның көсемі Әлихан Бөкейхановтың 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін, яғни отаршыл патшалық самодержавие тұсында қандай қиян-кескі күрес жүргізгенін мынадай фактіден байқауға болады. 1917 жылғы төңкеріске дейінгі және одан кейінгі кезеңде бір Әлиханның өзі 7 рет тұтқындалып, бірнеше тәуліктен 4 және 8 айға дейін түрмеде отырып шығып, 2 рет саяси айдауда болды. Оның ішінде Самарада 8 жылын өткізсе, Мәскеуде шым-шытырық оқиғалар мен қиян-кескі күреске толы ғұмырының ақырғы 15 жылын сарп етті.
«Алаш» қозғалысының басы-қасында жүріп, ол халқының жазбаша тарихын жазу, таныту мақсатында ұлтының тарихын тиянақты зерттеді, Алтын Орданың заңды мұрагері болып табылатын, бір кезде қуатты мемлекет болған Қазақ хандығының бірліктен, күш-қуатынан айырылып, отарлыққа түсуінің объективті де субъективті себептерін анықтады. Ол, сондай-ақ, ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Ресей империясының отарлау саясатына ең ауқымды қарулы қарсылық көрсеткен Кенесары хан көтерілісінің өз мақсатына жете алмауының тарихи себептерін де зер сала зерттеді. 1903 жылы Санкт-Петербургте Әлихан екі автормен бірлесіп жазған «Қазақ өлкесінің тарихи тағдыры және оның мәдени жетістіктері» атты тұңғыш ғылыми монографиясын жариялады. Бұл шығармасында ол Қазақ хандығының тарих сахнасына шығуын, хандықтың кейінірек үш жүзге бөлініп Ресей империясымен одақ құрамын деп оның отарына айналуы, ақыр аяғында Сібір және Орынбор қазақтары туралы 1822-1824 жылдардағы екі ереженің күшімен хандық институты жойылып, қазақтың ұлттық мемлекеттігінен айырылған тарихын мейлінше жан-жақты сипаттап берді. 1910 жылы өзінің ең танымал «Қазақтар» атты тарихи-анықтамалық очеркін жариялады.
Өз туындыларында Әлихан түрлі тарихи жағдаяттардың салдарынан Ресей империясының отарлығына душар болған башқұрт, татар, хақас, қырғыз, Қырым татарлары, ноғай, алтайлықтар сынды басқа түркі халықтарының тарихын, тұрмыс-тіршілігін де, кең қамтыды. Бұлтартпайтын мұрағат құжаттары мен түрлі естелікке қарағанда, 1917-1920 жылдары Әли¬хан Ресейдің өзге түркі-мұсылман халықтарының көсемдерімен таяу болашақта біріккен түркі-мұсылман елі -Түркістан мемлекетін құру мүмкіндігін талқылайды. Сол кездегі құбылмалы саяси ахуалды ескере отырып, алты алаш көсемі оны «Шығыс Ресей мұсылмандарының федерациясы» деп атауды ұсынады.
Ұлтының тарихын зерттей келе Әлихан қайғылы болса да маңызды бірнеше тұжырымға, оның ішінде тарихи және ең бастысы, саяси қорытындыға келеді. Олардың біріншісі: алты алаш¬тың бірлігінен, соның салдарынан тәуелсіздігінен айырылуының ең басты сыры - бұрынғы хан-сұлтандардың Ресей империясы тарапынан отарлау қаупі төнген сәтте де өз билігіне қараған ру-жүздерді біріктіре алмауы. «Бұрынғының көбі, - деп жазды Түрік баласы (Әлиханның қазақша лақап есімінің бірі - С.А.) 1913 жылы «Қазақ» газетіндегі «Қазақ тарихы» мақаласында, - күш-қуатты тиісті орнына жұмсамай, бірінің көзін бірі шұқудан уақыты артылмады, істегенінің бәрі жәбір, залым болды; қылғанының бәрі зорлық-зомбылық еді».Сол себепті де Әлихан туған халқы алдында бұрынғы хан-сұлтандардың тікелей ұрпағы ретінде өзін айыпты сезінді, кең сахара даласында емін-еркін көшіп-қонып ғұмыр кешкен, қайталанбас салт-дәстүрі, мәдениеті бар халқын еш қарсылықсыз отарлыққа жегіп берген алдыңғы хан-сұлтандардың бар кінәсі мен халқының келешек тағдыры үшін бар жауапкерлікті өз мойнына алды. «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, - деп жазды Әлихан 1914 жылы жазған мақаласының бірінде, - тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қой¬маймын». Әлихан соңғы демі біткенше осы сертіне адал болып қалды.
Өзінің тарихи зерттеулерінен соң жасаған алты алаш көсемінің екінші маңызды саяси тұжырымы - қарулы күрес арқылы қуатты орыс империясының отарлық шырмауынан құтылып, ұлттық мемлекетті қалпына келтіру іс жүзінде де, теория тұрғысынан да мүмкін емес. Қалың қазақты өзін өзі билеу құқына да, одан соң толық ұлттық тәуелсіздікке де қайта қол жеткізетін жалғыз жол, Алаш қозғалысы жетекшісінің көзқарасы бойынша, заман талабына сай ұлттық мәдениет қалыптастыру және қазақ қоғамын еуропалық деңгейге жетелеп жеткізу болып табылады. «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ, - деп ашық атап көрсетті «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 3 санында тағы да сол Түрік баласы, - Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай, және өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениеті» (Казакская культура) құрып, бір жағынан «Қазақ әдебиеті» (Казакская литература) тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы».
Достарыңызбен бөлісу: |