Акмеологиялық парадигма инновациялық білім беруде мәндік тұрғымен тығыз
байланысты. «Акмеология» (грекше «акме» - шың, биіктік, жоғарғы деңгей) – зерттеу
нысаны (объектісі) өмірдің кез келген сферасындағы өзін-өзі дамыту, өзін-өзі жетілдіру, өзінің қол жетер мүмкіндігін жүзеге асыру динамикасындағы адам болып табылатын ғылыми білімнің жаңа аймағы, ғылыми пәндер кешені. Акмеология пәні – адамның шығармашылық әлеуеті, субъектінің шығармашылық деңгейге жету заңдылықтары мен шарттары, өзінің мүмкіндігін шарықтау шегіне жеткізуі. Акмеология міндеті - іс-әрекет субъектісін кез-келген әрекетте, сондай-ақ, өзі таңдаған мамандықта үлкен жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін білім және технологиялармен қаруландыру. «Акме» - бұл кәсібилік шыңы – тұрақты жоғары нәтижелер, келешекке сенімділік. Шығармашылық – кәсібиліктің қажетті компоненті. Өзін-өзі дамыту – кәсіби шыңға жету жолы. Барлық білім алушылардың бойында өзін-өзі дамыту, өзін-өзі жетілдіру, өз бетімен білім алу, өзін-өзі бақылау дағдысын қалыптастыру қажет, бұл «акме» жағдайына жету факторлары.
Жоғары білім мазмұнын айқындайтын нормативтік-құқықтық құжаттар: мемлекеттік
жалпыға міндетті білім беру стандарты, типтік оқу жоспары, оқу бағдарламалары,
оқулықтар. Қазақстан Республикасының Конституциясында (1995 ж.) «мемлекет білім
берудің жалпыға міндетті стандарттарын белгілейді. Кез келген оқу орнының қызметі осы
стандарттарға сай келуі керек» деп көрсетілген (30 бап, 4-тармақ). Стандартта жоғары
білім беретін оқу орны дайындайтын мамандығына сәйкес білім мазмұнына, оқу
жүктемесінің көлеміне және бакалаврлардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар
беріледі.
Стандарттың ережелері олардың ведомстволық бағыныштылығынан, ұйымдық-
құқықтық оқыту нысандарынан тәуелсіз, бакалаврларды және дипломды мамандарды
дайындауды іске асыратын Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары үшін
қолданылуы және сақталынуы міндетті.
Мемлекеттік білім берудің жалпыға міндетті стандартында типтік оқу жоспары
беріледі. Типтік оқу жоспары – мамандық бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті білім
беру стандарты негізінде жасалатын және студенттердің меңгеруге қажетті ең аз көлемдегі кредиттерін, бақылау формаларын, сондай-ақ оқытудың қосымша түрлерімен қорытынды атестаттауын көрсете отырып жалпы білім беру пәндері (ЖБП), базалық пәндер (БП), кәсіптендіру пәндері (КП), циклдеріне шоғырландырылған оқу пәндері тізімі тұрғысынан міндетті компоненттерді белгілейтін негізгі оқу құжаты.
Типтік оқу жоспарында белгіленген әрбір оқу пәніне типтік оқу бағдарламасы
дайындалады. Типтік оқу бағдарламасы – ол мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру
стандарты негізінде жасалып, типтік оқу жоспарындағы міндетті компонент пәндерінің
мазмұнын, оқу көлемі мен тәртібін анықтайтын, меңгеруге қажетті негізгі білімдер,
іскерліктер, дағдылармен құзыреттіліктер тобын, ұсынылған әдебиеттерді көрсететін және
Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы өкілетті органымен бекітілетін оқу
құжаты.
Маман дайындауда типтік оқу жоспарында көрсетілген Жалпы білім беру пәндері,
Базалық пәндер, Кәсіптік пәндер блогындағы міндетті компоненттегі пәндер тізіміне енген пәндерді барлық студент міндетті түрде оқиды.
Міндетті компонент – мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты
белгілеген және оқу бағдарламасы бойынша студенттің міндетті түрде оқитын оқу пәндері
көлемінің тізімі.
Сонымен қатар Жалпы білім беру пәндері, Базалық пәндер, Кәсіптік пәндер блоктарының әр қайсысын тереңірек меңгеру мақсатында таңдау бойынша компонент құрылады. Бұл пәндер тізбегі жоғары оқу орны жұмыс берушілермен бірлестікте ғылыми жаңалықтар және қоғам мен өндіріс қажеттілігіне байланысты ұсынылады. Осы блоктағы пәндерді студенттер өз қалаулары бойынша таңдап оқиды. Яғни, таңдау бойынша компонент – жоғары оқу орны ұсынатын, барлық академиялық кезеңде оқытылатын студенттердің жеке таңдалған пәндерінің тізімі. Сондай-ақ, оқу бағдарламасында берілген мазмұнды меңгеру мақсатында пререквизиттер мен постреквизиттер көрсетіледі. Жоғары оқу орны студентінің білім мазмұнын меңгеруде ескеретін жайлардың сол пәнді меңгеруге дайындығын анықтау және осы пәнді меңгерудің келесі пәнді меңгерудегі орнын білу болып табылады. Олай болса, өз кезегінде оқытушы пререквизиттермен постреквизиттер туралы білулері қажет.