Лекция 16-17. Оқыту үдерісінің маңызы.
16.1.Педагогика тарихында дидактикалық теориялардың дамуы.
16.2. Оқыту үрдісінің мәні оның әдіснамалық негіздері.
16.3. Оқытудың мақсат, міндеттері, заңдылықтары мен қағидалары.
17.1.Оқыту үрдісінің құрылымы және негізгі кезеңдері.
17.2.Оқытудың психологиялық негіздері және психологиялық теорияларға талдау.
17.3.Дидактикалық құзыреттілік –мұғалімнің педагогикалық құзыреттілігінің құрылымдық компоненті.
Негізгі ұғымдар: дидактика, оқыту үдерісі, оқыту заңдылықтары, оқыту қағидалары т.б.
Жалпы педагогиканың қарастыратын негізгі мәселелері — барлық пәндерге ортақ және оның деңгейіне үйлесімді тәсілдері мен жолдары және оқытудың мақсатына қарай нені оқыту мен қалай оқытудың теориялық негіздері болып табылады. Сондай-ақ жалпы педагогика жеке пәндерді оқыту мен білім беру әдістерін қоса қамтып, яғни бастауыш мектеп, орта оқу орындары мен жоғары мектептерде білім беру жолдарын бірлікте зерттейді. Жинақтай айтқанда, жалпы педагогика жеке пәндерді оқытудың теориялық негіздерін білгізумен қатар, сол жүйеде жүргізілген ғылыми зерттеу нәтижелеріне сүйеніп нақты тұжырымдық қорытынды жасайды. Дидактиканың негізгі міндеті мынау: біріншіден, оқыту үрдісін (процесін) түсіндіру, сипаттау және оны меңгеру мен жүзеге асыру жолдарын көрсету, екіншіден, оқыту үрдісін ұйымдастырудың тиімді жолдарын, амал-тәсілдерін, ең жаңа жетілген технологиялық жүйелерді білгізу.
Педагогика пәнін терең түсіну үшін оның дидактикалық категорияларын ұғыну керек. Ал дидактикалық категорияның бастау бұлағы — педагогикалық жүйе болып табылады. Сонда дидактикалық категорияның негізін айқындайтын құрылымы мынау: білім беру, оқыту, мақсаты, мазмұны, міндеттері, дидактикалық үрдіс (процесс), әдістемелері, құралы, оқыту формасы, окытудың заңдылықтары, принциптері және оқытудың нәтижесі.
Дидактикалық жүйе негізінен теориялық және қолданбалы практикалық мәнде болғандықтан педагогика ғылымының аумағы кең, қамтитын деңгейі қарқынды сала болып табылады. Өйткені дидактика оқыту мен білім беру негіздерінің терең дежан-жақты болуына мән береді. Сондай-ақ оқыту үрдісін талдап, оның әрбір кезеңдері мен қарым-қатынас ерекшеліктеріне мән-мағына беріп, зерттеп, тұлғаны терең де тиянақты білімдендіру жолдарын нақтылайды. Мұнымен қатар оқу үрдісін жобалау, оның нақты мән-мазмұндық сипатын анықтау білімдендірудің негіздерін дәлді белгілеу мәселелерін қоса қамтиды.
Оқыту процесі педагогикалық-психологиялық тұжырымдамаларға негізделеді де содан бастау алады, сондықтан да қазіргі кезеңде дидактикалық жүйе немесе оқыту моделі деп аталады. Мұндағы басты ерекшелік оқытудың принциптерін, мақсатын, мазмұнын, оқыту құралдарын сипаттау. Дидактика саласында алуан түрлі жүйелер болған, оны саралай келгенде үш топқа топтастырған орынды: 1. Дәстүрлі жүйе. 2. Педоцентристік жүйе. 3. Қазіргі дидактикалық жүйе. Бұл жүйелердің әрқайсысының ұстаған бағыт-бағдары бар және теориялық ұстанымы оны өмірге әкелген ғалымдардың көзқарасына, көрсеткен жол-жобасына байланысты. Сонымен қатар оқыту үрдісі дидактикалық тұжырымдамадан туындайтын, содан бастау алатын және жүзеге асатын құбылыс. Топтастырылған жүйенің әрқайсысына тән басты сипаттары мыналар:
Дәстүрлік жүйеде оқыту, білім беруде мүғалімнің әрекеті шешуші роль атқарады. Дидактикалық бұл тұжырымдама педагогика тарихына Я.Коменский, И.Песталоцци және И.Гербарт арқылы өріс алды.
Педоцентристік жүйеде оқып, білім беруде мұғалімнің жетекшілік назары шәкірттің іс-әрекетіне бағдарланады. Бұл жүйе негізінен Д.Дьюиден басталып, еңбек мектептері саласында Г.Кершенштейнер арқылы, ал XX ғасырдың алғашқы кезеңіндегі мектеп реформасына байланысты В.Лаяның педагогикалық теориясы бойынша өркендеді.
Қазіргі дидактикалық жүйе — оқыту мен білімді меңгеру бірлікте қарастырылады. Демек, оқыту үрдісіндегі екі жакты іс-әрекеттің бір арнадан тоғысуы дидактикалық пәндік негізіне саналады. Ал қазіргі дидактикалық тұжырымдамада бірнеше бағдар бар. Олар мыналар: программалап оқыту, проблемалық оқыту, дамыта оқыту — бұл жүйенің бастаушылары П.Гальперин, Л.Занков, В.Давыдов т.б. когнитивтік психология (Дж. Брунер); Кеңестік жүйеде 80 жылдары етек алған ынтымақтастық педагогикасы мен педагогикалық технология.
Дидактикалық дәстүрлі жүйе. Еуропа елдерінде бұл жүйе неміс ғалымы И.Ф.Гербарттың идеяларынан бастау алып, бүгінгі күнге дейін жалғасын табуда. Гербарттың ұстанған жолы – оқытудағы басты мақсат – тұлғаны қалыптастыратындай теориялық білім, білік беріп, ұғым түсінігін дамыту. Сонымен бірге, ол оқыта отырып тәрбиелеу принципін енгізді. Демек, оқытуды ұйымдастырудағы негізгі бағдар тұлғаны қалыптастыру болса, әрбір оқушы адамгершілік жағынан жетіліп шығады деген ойды қуаттады. Оқыту процесінде Гербарт мынадай басқыштық жүйе қолданды: тиісті материалды оқушыға түсіндіру, ұғындыру, тұжырымдау, іс-әрекетке келтіру. Ұсынылып отырған бұл жүйе міндетті түрде сақталуға тиіс, орындау міндет болғандықтан, оқылатын пәннің деңгейіне қарамастын бұл шартты жүзеге асыру заңдылық болып саналды. Әрине, бұл теория білім беруді ұйымдастыруда мұғалімнің іс-әрекеті негізінде, арнайы түсінік қалыптасып, ұғымды нақтылауда, оқушының тиісті материалды түсініп, қойылған міндетті меңгеруіне және жүзеге асыруына мүмкіндік береді. Күні бүгінге дейін жаңа сабақты түсіндіру, бекіту, пысықтау, қайталау, жаттығу жүйесі сақталып келеді. Сабақтың логикалық жүйесін құруда және оны жүзеге асуын орындауда өзіндік мәнін жоғалтқан жоқ.
Оқытудың тәрбиелік қызметі ілгері тарауда сөз етілгендей оқыту тек білімдік түсінік пен мағлұматтарды қабылдау ға, емес, тұлғаны тәрбиелейтін принцип. Халық даналығымен айтқанда: Білімсіз – тәрбие жоқ, тәрбиесіз - білім жоқ. Егіздің сыңарындай бірлікте дамиды. Сондықтан оқыта отырып тәрбиелеу педагогика саласындағы басты принципке саналады.
Оқытудағы ғылымилық принцип оқушыға берілетің білімнің мазмұны ғылымның қазіргі даму дәрежесіне сәйкес деректерді, теорияны, заңдарды қамтырлықтай болуын талап етеді. Бұл принцип оқу бағдарламасында, оқулықтарда және оқылатын басқа материалдарда да көрініс табатын болса, оқыту барысында оларға ғылыми әдістеме мен ғылыми зерттеудің қарапайым жолдарын да білгізу керек.
Оқытуда теорияның тәжірибемен байланыстылық принципі -оқушының оқу үрдісінде меңгерген білімін тәжірибедегі міндеттерді шешуге ынталандыруға тиіс. Сонымен қатар өзін қоршаған шындықка талдау жасап, оған жаңалықтар кіргізіп өзгертуге және алған білімін өмірде қолдануға бейімдеп, өзіндік көзқарас қалыптастыру керек. Ол үшін оқушыны қоғамдық орындармен, өндірістермен таныстырып, нақты өмірден көрген мысалдары мен ситуацияларға талдау жасау басшылыққа алынады.
Оқытудағы жүйелілік пен бірізділік принципі - берілетін білімнің белгілі жүйеге құрылып, оқу үрдісінде меңгерілетін білімнің логикалық жағынан бірізділік тәртібін сақтау ғалап етіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |