Ақындар айтысы Ақындық шеберлік пен тапқырлық көркемдігі Келелі ақындар айтысы – екі дай жұрттың ортасында бетпе-бет отырып, қолма-қол шығарылып айтылады. Қазақ қоғамында ақынның ақын болып танылуы да тек айтыс арқылы жүзеге асқан. Көбіне-көп айтыста жеңілген ақын өткен айтысты ел арасына таратуға міндетті саналған. Сөйтіп, бір-біріне логикалық ой-жүйемен терең жымдасқан екі ақынның өлеңдері біртұтас дүниеге, қисса, дастан секілді желілі шығармаға айналған. Ақындар айтысы – айтыс жанрының кейінгі даму кезеңінің жемісі. Ол қазақ ауыз әдебиетіндегі айтыстар негізінде өріс алып дамыған. Ақындар айтысының негізгі тартыстары ру мәселесінің айналасында болады. Дәстүрде әр ақын өз руы атынан сөйлейді, екеуі де өз руларының басшыларын, қасқа мен жайсаңдарын, бай-феодалдарын мадақтап, дәріптейді. Сонымен қоса, үстем тап өкілдерінің халыққа жасап отырған зорлық-зомбылықтары да әшкереленеді, яғни сол заманның ащы шындығы айқын көрінеді.
Сонымен қатар, ақындар айтысында тілге тиек болатын – әр рудың батырлары, олардың ел үшін жасаған ерліктері.
Ақындар айтысының ішінде ең көркемі, ақындық тілге байы, сұлуы да «Біржан мен Сара айтысы». Бұл жағынан алғанда, ол шын мәніндегі көркем шығарманың бірінен саналады. Айтысқа қатысқан екі ақынның қайсысы болса да халықтың тіл байлығын молынан пайдалана отырып, неше түрлі әдемі теңеу, сөз образдарын жасайды, айтайын деген ойын әрі ашық, әрі терең мағыналы етіп жеткізеді.
Біржан мен Сараның ақындық тіліндегі ерекшелік бұл ғана емес. Олар ақындық тілдің бір түрі болып табылатын ирония мен сарказмды да орынды және әдемі қолданады. Мәселен, осы ирония, сарказм арқылы Жиенқұл бейнесі шебер суреттеледі. Мысалы, Біржан «Жиенқұлды шақырт»,- дегенде, Сараның айтқан сөзі ирония мен сарказмге құрылады. Сол сияқты метафора – бұлбұл, арғымақ, ақ иық бүркіт, майталман, ақтаңгер, қырандай – теңеу. Айтыс бойында келетін монологтар да тіл көркемдігінің ең үздік үлгілері.
Тамағым жас баланың білегіндей,
Иығым тік сандалдың тірегіндей
Бет алдым қоңыр қаздың кеудесіндей,
Тал бойым жолбарыстың жүрегіндей