Ауыз әдебиеті (фольклор) – барлық халықтарда бар. Әр халықтың ертеден бері ауызша айтылып, ауызша сақталып, бүгінгі күнге дейін жеткен мол әрі бай мұрасы.Қазақ әдебиетіне байланысты айтылғанда бұл ұғымның көлемі, ауқымы кең. Ертеден келе жатқан, дұрысын айтқанда, ерте заманда сөз өнерінің өзі осы ауыз әдебиеті болған. Бірақ келе-келе ол жазба әдебиетке орын беріп, жазба әдебиетпен қатар өмір сүріп келеді. Жазба мәдениеті жақында пайда болған көптеген ұсақ халықтар әдебиетін айтпағанда, қазақ әдебиетінің үлкен бір саласы әлі күнге дейін ауыз әдебиеті болып саналады. Оның себебі, қазақ халқының жадында орасан мол поэзиялық туындылар, өлең-жыр, дастандар сақталған. Алдымен, әрине, сол рухани байлықтың жасалуы, сақталуы аса үлкен ерекшелік. Сол мол дүниенің ұзақ ғасырлар бойы жазба әдебиеттің бір өшіп, бір өсіп дәуірлеген жайына қарамастан, өз алдына өміршеңдік сипаты бұл күнге келіп жетуі айта қаларлықтай құбылыс.
Ағылшын тілінен аударғанда folk – халық, lore – даналық, яғни халық даналығы деген ұғым туады.
Фольклор – халықаралық таралымға ие болған ұғым-термин. Фольклорды (ауыз әдебиеті) зерттейтін ғылымды отандық ғалымдар қалыптасқан ортақ ұғым-терминнің негізінде фольклортану (фольклористика), зерттеуші ғалымдарды фольклористер деп атайды. Фольклорға синкретизм белгісі тән, яғни ауыз әдебиетінде бірнеше өнер бірлесіп тоғысып келеді. Синкретизм (грекше – sqnkretismos – қосылу) – кең мағынасында, мәдени шығармашылық түрлерінің, яғни өнердегі тек пен түр, жанрлардың және олардың жанрлық түрлерінің әу баста бөлінбей, бірлікте болғанын білдіреді. Алғашында поэзия, музыка және би өнерлерінің антикалық эстетикада бірге, бүтін болғаны туралы Лұқпан, Платон өз еңбектерінде жазды. Көне дәуір эстетикасында синкреттік түрдегі терминдер өнерде белгілі болған – Грецияда – «хорей», Индияда – «сангит», Қытайда – «юэ».Мәдениет тарихының алғашқы сатысында музыка, поэзия және би өнерлерінің бірлікте болғаны туралы теориялық идеяны алғаш ағылшын ағартушысы Дж. Браун негіздеді. Ресейде поэзия мен музыканың бірлікте болғаны туралы Г.Р.Державин, В.Г.Белинский т.б халық әндерін негізге ала отырып айтты.
Қазақтың халық әндері, ауыз әдебиетінің жанрларындағы синкреттік құбылыстар да жоғарыда айтылған пікірлердің өміршеңдігін айқындай түседі. Мәселен, жыршы ақын жырын көпшіліктің жиналған жерінде шығарған. Сонда ол домбыраның, гармонь немесе қобыздың сүйемелдеуімен ән әуенін келтіріп алып, жыр әңгімесін белгілі бір сарынмен айта берген. Бұл сияқты жағдай жазба әдебиетте кездеспейді.
Халық ауыз әдебиетінің мәні өте зор. Ең алдымен ол халықтың өткендегі өмірі, тұрмыс тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, дүниетанымы, арман-мүддесі, таптық күресі т.б. таныстырып, көптеген мәлімет береді. Ауыз әдебиеті өткен өмірді, «халықтың психологиясын», оның «арман-мүддесін» білуімізге аса керекті материалдың бірі болып табылады.