Мобильді оқытудағы дизайндау принциптері.Оқытуға «арналған» дизайн.Оқытудың дизайны.Контент дизайны.Іс-әрекет дизайны. Коммуникация дизайны. Кеңістік дизайны Мобильді индустрияның жаһандық дамуын зерттеуші GSMA мәліметтері бойынша бүгінді таңда қолданыстағы мобильді құрылғылардың саны әлем халықтарының санынан әлдеқайда артық болып отыр. Мәселен, 2015 жылдың соңына қарай GSMA құралдары 7,230 млрд. мобильді қосылуларды тіркеген болса, бұл кезде әлем халықтарының сандық көрсеткіші 7,197 млрд. адамды құрады. Бұл статистикалық мәліметтерден мобильді технологиялар мен мобильді интернеттің әлемдік қауымдастықта қолжетімді және ең тиімді байланыс құралдары болып отырғанын байқаймыз. Осы жағдайда, қазіргі білім беру саласындағы «Оқуды қалай оқытуымыз керек?» деген сұраққа сәйкес өзекті «Халықтың қолындағы заманауи мобильді құрылғыларды қалай оқыту құралы ретінде тиімді қолдануға болады?» - деген мәселе туындайды.
Мобильді оқытудың тарихына көз жүгіртіп көрейік. Жиырмасыншы ғасырдың басында, яғни 2000-2001 жылдарда алғаш рет ағылшын тілді ғылыми-педагогикалық әдебиеттерде «мобильді оқыту» («m-learnng») туралы айтыла бастады. Уақыт өте келе, біздің еліміздің білім беру жүйесінде ақпараттандыру, жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және электронды оқыту жүйесін жасау, енгізу бағдарламаларын іске асыру кезеңінде «мобильді оқыту» мәселесі талқыланып, тіпті жекелеген педагогтермен қолданысқа енгізіле бастады. Мобильді құрылғылардағы оқушыларға қызықты қолжетімді түрлі оқыту бағдарламалары мен қосымшалары және сенсорлық интерфейспен жабдықталған құрылғылар білім алудың қосымша көзіне айналды. Оқушылардың білім сапасын арттыруға және білім алу мүмкіндіктерінің кеңеюіне ықпал ететін бұл құрылғыларды білім беру технологиясына айналдыру әлемдік педагогика саласының мәселесіне айналды.
ЮНЕСКО ақпараттық технологияларға оқыту Институтымен 2010 жылы жарық көрген «Сапалы білім мен әлеуметтік дамуға мобильді оқыту» бағдарламалық құжатында қазіргі педагогтер мен оқушылардың арасында сұранысқа ие мобильді құрылғыларды оқыту үдерісіне оңтайландыру жолдарын қарастыру мәселесі қарастырылды.
Мобильді құрылғыларды теориялық және практикалық мақсатта пайдаланылуы, мобильді білім беру ресурстарын жасау мәселелері бірқатар шетелдік ғылыми орталарда зерттеліп, қызу талқыланды. Осы мәселені дамыту саласында 2005 жылдан бастап Европада «Мобильді оқыту» (International Conference Mobile Learning) Халықаралық конференциясы, 2002 жылдан басқа «MLearnCon» Халықаралық конференциясы, 2007 жылдан бастап Англияда «The Mobile Learning Network Project» (MoLeNET – мобильді оқыту жүйесі) Халықаралық конференциялары үнемі өткізіліп келеді. Мақсаты – мобильді оқыту технологияларын жасау және тарату, әлем мектептері мен колледждері үшін біртұтас виртуалды мобильді оқыту жүйесін жасау болып табылады.
Мобильді оқытуды білім саласына енгізу жобаларын жүзеге асыруда түрлі мобильді құрылғылардың: смартфондар, mp3 плеерлер, планшеттер, дауысты құралдардың дидактикалық мүмкіндіктері зерттеліп, білім алуға оңтайландырыла бастады.
Мысалы: американдық «Mobile Learning Environment Project» (The MoLE – мобильді оқыту ортасы) жобасы мобильді оқыту технологияларын түрлі пәндерді оқытуға бағыттап мобильді білім беру ресурстарын құрастырды және оны меңгеруге арналған қолданылу әдістемесімен бірге бірыңғай платформа жасап, қолданысқа енгізді.Осы істеліп жатқан жобалар әлемнің білім беру жүйесінен электронды оқыту, мобильді оқытуды қалайда тиімді оқыту технологиясына айналдыруды талап етті.Шешуді талап ететін мынадай мәселелі сұрақтар туындады: Біріншіден, «мобильді оқыту» дегеніміз не?
Екіншіден, қазіргі білім беру жүйесінің деңгейлері мен компоненттеріне (теориялық- әдіснамалық негіздері, мақсаттары мен мазмұны, әдіс-тәсілдері мен құралдары, технологиялары мен формалары, оқыту әрекетінің түрлері) қандай өзгерістер енгізу керектігіне зерттеулер жасау;
Үшіншіден, мобильді құрылғылардың қасиеттерін, дидактикалық қызметін, оқу үдерісіне кіріктіру шарттарын анықтау.
Технологиялық ерекшелігі мен дидактикалық мүмкіншілігіне байланысты «Мобильді оқыту» туралы ғылыми әдебиеттерде бірнеше анықтама келтірілген. Мысалы, MoLeNet (www.molenet.org.uk) жобасы «мобильді оқыту» ұғымын - оқушының білім алуына оңтайландыру және қолдау көрсету үшін, ақпараттармен жұмыс істеуін қанағаттандыратын, оқу әрекеттерінің тиімділігін арттыруға пайдаланылатын портативті, сымсыз, ыңғайлы және қолжетімді құрал деп қарастырады.
«Мобильді оқыту» - білім беруде педагогтердің жұмысын жеңілдетуші, мүмкіндіктерін кеңейтуші, білім тереңдігін күшейтуші технология және негізгі оқыту формасына қосымша көмекші құрал деп те қарастырылады.
Дж. Тракслер «Мобильді оқыту» - дәстүрлі оқыту үдерісін өзгертеді, оқу материалдарының берілуін, оған қолжетімділікті түрлендіреді және сана мен менталитеттің жаңа формаларын қалыптастырады», - деп жаңаша тұжырымдайды.
Осы саланы зерттеп жүрген ғылыми орта: «...заманауи білім беру жүйесін мобильді оқытумен кіріктіру өз уақытында (just-in-time), жеткілікті деңгейде (just enough) және жеке тұлғаға (just-for-me) бағытталып жүріп жатқан үдеріс», - деп санайды.
«Мобильді оқыту» «қашықтықтан оқыту» ұғымымен тығыз байланысты. Себебі, оқытушы мен оқушының арасындағы қарым‑қатынас формасы қашықтықтан (оқушы – объект, оқытушы - субъект) орындалады, оқу үдерісінің компоненттері (мақсаты, мазмұны, әдіс‑тәсілі, ұйымдастыру формасы, оқыту құралдары) толық қамтылады. Мобильді оқытудың оқыту формасының қашықтықтан оқытудан өзгешелігі, мобильді оқыту технологиясы оқу үдерісін нақтылайды, яғни оқушы өзінің білім алуына қатысушы белсенді (білім беру үдерісінде оқушы - субъект).
Осы қасиеттері «мобильді оқытудың» электронды оқыту (е-learning) мен аралас оқытудан (Blended learning) еркешелігін сипаттайды.
Мобильді оқытудың дидактикалық принциптері: мультимедиялығы, құрылымдылығы, модульдылығы, интерактивтілігі, қолжетімділігі.
Аралас оқытудан (Blended learning) айырмашылығы ретінде мобильді оқытудың жеке тұлғаға бағытталуы мен формальды еместігін айта кеткен жөн.
Сонымен, «Мобильді оқыту» деп – мобильді құрылғылардың көмегімен кез келген уақытта, кез келген жерден білім алуды айтамыз».
Біздің елімізде қазір «мобильді оқыту» электронды оқытудың қосымша формасы ретінде қолданылуда. Бірақ қолданылу аясы әлі де болса қажетті деңгейде емес. Оған себеп:
1. сапалы білім беретін контенттердің жеткіліксіздігі және оны іске асыруға қажетті алғы шарттардың жеткіліксіздігі;
2. жаппай білім алуға пайдаланылатын біртұтас жүйенің жасалмауы;
3. желілік байланыс қызметінің бағасының жоғарылығы.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев Жолдауында: «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет» - дейді. Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» делінген. К.Д.Ушинский «...әр педагогтің, өз білімін жетілдіріп, бірсарынды сабақ беруден гөрі, инновациялық технологияларды күнделікті пайдалануы заман талабы»- деген. Қазіргі даму кезеңі білім беру жүйесінің алдында оқыту үдерісін технологияландыру мәселесін қойып отыр. Білім берудің нәтижелі технологияларын сараптап, әлемдік іс – тәжірибелер зерттеліп, мектеп өміріне енгізу - басты мақсат.
Мобильді құрылғыларды қолдану неліктен тиімді:
- оқу үдерісіне қатысушылар: оқушылар өзара және оқытушы үйреншікті, ыңғайлы құралдарымен әрекеттеседі;
- сыныпта бірнеше компьютер қойғаннан гөрі, қолда бар мобильді құралдарды пайдалану ықшам және тез;
- мобильді құрылғыларда жүктелген электронды контенттермен жұмыс істеу, қағаз оқулықтар мен компьютерді қолданудан гөрі жеңіл және жылдам. Стилус немесе сенсорлық экран арқылы жұмыс істеу клавиатураны қолданудан ыңғайлы;
- мобильді құрылғыларға арналған кроссплатформалық қосымшаларды (WhatsApp, Viber, Telegram) пайдалану арқылы оқушылар мен оқытушы ортақ істелетін тапсырмамен жылдам бөліседі, топ ішінде ақпараттарды бір мезгілде және әркім өзінше өңдей алады;
- кез келген уақытта, кез келген жерден білім алуға мүмкіндік бар;
- жаңа технологиялық құрылғылар: смартфондар мен заманауи гаджеттер оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырады.
Неліктен «мобильді оқытуды» енгізу білім беру үшін тиімді:
- «мобильді оқыту» – жеке тұлғаға бағытталған. Оқушылар өздерінің қойған мақсаттарына сәйкес, қажеттілігін қанағаттандыратын білім мазмұнын таңдау мүмкіндігіне ие болады;
- білімді меңгеруге икемді құрал арқылы, жылдам қол жеткізу оқушының еңбегін өнімді етеді;
- өзінің сұранысын қанағаттандыратын контентке жылдам қол жеткізу. Оқушылар сабақтан тыс уақыттардарын тиімді пайдаланады, мобильді құралдары арқылы алыстан бірлесіп білім алуға мүмкіндік бар.
Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінде электронды оқытудың «аралас оқыту» (blended learning) формасы кеңінен қолданысқа енгізілуде.
Аралас оқыту немесе Blended Learning - оқушының өздігінен, он-лайн және оқытушымен бірге дәстүрлі білім алуы. Аралас оқыту дәстүрлі әдістер мен қашықтықтан оқыту технологияларын кіріктіруді қарастырады. Мұнда білім берудің әртүрлі формаларын үйлестіру арқылы және интерактивті оқыту ортасын құру тенденциясын іске асырады. Аралас және мобильді оқытуды үйлестіру арқылы оқушылардың интерактивті оқу шарттарын қанағаттандыратын орта құруға болады.
Мобильді оқытудың кемшіліктері қандай:
- мобильді құрылғылардың экраны шағын, бұл берілетін ақпараттардың түрлері мен сандарын шектеуі мүмкін;
- мобильді құрылғылардың батареялары үнемі жұмыс істеп тұруы керек, ақпараттарды сақтау уақытында және дұрыс орындалмаса, жоғалып кету қаупі бар;
- компьютерлер мен ноутбуктерге қарағанда сенімділігі төмен;
- 3G және 4G технологиялары енгізілсе де графикалық ақпараттармен жұмыс істеу әлі де болса қолайлы емес;
- мобильді құрылғылардың мүмкіндіктері үнемі жетілдіріліп отыратындықтан, олар тез ескіреді;
- бір уақытта аудиторияда сымсыз желіні қолдану, пайдаланушылар санының өсуі құрылғылардың ақпаратты өткізу қабілетін төмендетеді;
- мобильді құрылғыны үздіксіз қолдану денсаулыққа кері әсерін тигізуі мүмкін.
Жоғарыда көтерілген мәселелер болашақта мобильді оқытуды дамытуда оны өндірушілер, мобильдік қызмет көрсету саласы білім беру индустриясы мамандарымен бірлесіп жұмыс істеуіне ықпал етеді.
Мобильді оқытуды біздің елімізде білім беру жүйесінде енгізу үшін келесі формалар мен әдістерді сынуға болады:
1. Электронды білім беру порталдарында қашықтықтан оқыту формасын ұйымдастыруда мобильді құралдарды пайдалану. Мобильді құрылғылар Интернет желісіне қосылу құралы. Электронды оқыту қурстары, білімді бақылау, тестілеулер, практикалық жұмыстарды орындау және басқа да оқу материалдарына қол жетімділікті ұйымдастырушы арнайы порталдарды қолданушылар мобильді құрылғыларды пайдалана алады.
Мысалы, Learning Academy Worldwide швед компаниясының M-Ubuntu жобасы. Компания өзінің қашықтықтан оқыту платформасын білім беруге арналған жаңа технологиялардың озық үлгілерін белсенді пайдалануға алыстағы аймақтардың педагогтерін тарту үшін жасап ұсынды. Жобада мобильді құрылғыларды пайдалануға ерекше көңіл бөлінді. Мобильді құралдарға бағытталып педагогтер үшін арнайы біліктілікті арттыру курстарының қосымшалары, тестілеу және білімді бақылау бағдарламалары жасалды. M-Ubuntu платформасын пайдаланушы оқытушы ірі университет профессорларынан консультация алу мүмкіндігін жасады.
2. Мобильді құрылғы – білім беру ақпараттарын: дыбыстық, мәтіндік, бейне және графикалық мәліметтерді жеткізуші құрал. Мобильді құрылғылар пайдаланушыларға арналып жасалған арнайы бағдарламалар арқылы Word, Power point, Excel – Office файлдармен жұмыс істеуді ұйымдастырушы жайлы интерфейсті платформалар қосымшалары сұранысқа ие. Білім алуға арналған шет тілдерін үйрену бағдарламалары көптеген аудио- және бейне- курстар мен электронды кітаптармен жабдықталған.
Мысалы, Япония және Қытайдың бірқатар университеттері осы бағытта табысты білім беру әдіс-тәсілдерін қолданады. Қоғамды ақпараттануға бағыттайтын оқушы үшін білім алу траекториясын өзі басқаратындай орта жасап шығарған осындай жобалар болашағы зор деп бағалануда. Nokia фирмасының Қытайда ұйымдастырған Mobiledu жобасы ағылшын тілінде түрлі пәндерді оқыту үшін сапалы контенттерімен жасақталып, мобильді нұсқасы 20 млн. астам оқушыларға ұсынылды және олардың білім алуын қамтамасыз етуде.
3. Мобильді құрылғылар платформасы өз бетінше білім алуға бейімдеп электронды оқулықтар, оқыту курстары, оқу құралдары және арнайы типтегі файлдарды қолдануды қарастырады. Мобильді құрылғыларға бейімделіп әртүрлі пәндерден электронды оқулықтар құрастырылған және оларды арнайы Java-қосымшалары арқылы жүктеп алуға болады. Заманауи технологияларды қолдану арқылы жылдам және сапалы ойын бейнесінде бағдарланған электронды оқу құралдары қазір оқушылар арасында үлкен сұранысқа ие. Білімді тексеру үшін түрлі тестілеу бағдарламалары да пайдаланушылардың сұранысына ие. Электронды ағылшын тілінің сөздігі, калькуляторлар, түрлі пәндерге қосымша шпаргалка бағдарламалары бүгінде әрбір оқушының мобильді құрылғысына жүктелген. ҰБТ-ге дайындалу бағдарламаларын да осы топқа жатқызуға болады.
Мобильді технологиялардың мүмкіндіктері күннен күнге жетілдіріліп келеді. Бұл құрылғылар заманауи білім берудің сұранысын қанағаттандыруға мейлінше дайын болуды көздейді. Қазіргі білім беру стратегиялары мен әдістері, оқыту формалары мобильді оқытуды енгізуге бағытталып жасалады, бұл саланы зерттеу, әдістемелік және ұйымдастырушылық жұмыстар да жасала береді. Сондықтан, отандық білім беру саласы мобильді оқытуды енгізу мәселесін жүйелі шешуді қарастырған жөн.
Қазіргі білім берудің мақсаты - білім алып, білік пен дағдыға қол жеткізу ғана емес, солардың негізінде дербес жылдам өзгеріп жатқан бүгінгі дүниеде лайықты өмір сүріп, жұмыс істей алатын, әлеуметтік және кәсіби біліктілікке, яғни ақпаратты өзі іздеп тауып, ұтымды пайдалана алатын, жан-жақты дамыған білімді, өз ісіне және өзгенің ісіне әділ баға бере алатын, Отанның дамуына әлеуметтік, экономикалық жағынан зор үлес қоса алатын жеке тұлғаны қалыптастыру. Бұл орайда мемлекеттік білім беру стандартын сапалы жүзеге асыру, білім беру жүйесін жетілдіру, жаңа технологияларды оқу үдерісіне енгізу жүзеге асырылуда. Соның ішінде, мобильді технологияны оқу үдерісіне енгізу жеке тұлғаның дамуына оң әсер етеді:
- мұнда оқу үдерісіне қатысушылардың еркіндігін қамтамасыз етеді;
- білім беру ұйымдарынан тыс оқу үдерісіне қатысуға, білімді өз бетінше жетілдіруге мүмкіндік береді;
- мүмкіндігі шектеулі жандар үшін үздіксіз білім алуға мүмкіндік жасалған;
- мобильді құралдарды пайдалану, оқу материалдарына жылдам қол жетімділік, экономикалық тұрғыдан тиімді;
- білім алушылар арасында сымсыз технологиялар арқылы (WAP, GPRS, EDGE, Bluetooth, Wi-Fi) байланыс оқу қажеттілігін қанағаттандыратын орта;
- мультимедиялық ақпараттар оқушылардың есіне жылдам сақталады және олардың білім беру үдерісіне қызығушылығын арттырады.
Еліміздің болашағы бүгінгі оқушыны психологиялық және техникалық тұрғыдан мобильді құралдармен білім алуға дайындаумен байланысты. Білім беру жүйесіне осы бағыттағы әдістемелік-зерттеу жұмыстарының нәтижесін енгізу, стратегиялары мен формалары, әдіс-тәсілдерін ұйымдастыруға мемлекеттік қолдаулар керек.