2-тарау. Қамқоршылық кеңесті сайлау тәртібі 4. Қамқоршылық кеңесті тиісті саланың уәкілетті органы немесе білім беру саласындағы жергілікті атқарушы орган құратын комиссия (бұдан әрі – Комиссия) сайлайды. Қамқоршылық кеңестің өкілеттік мерзімі 3 (үш) жылды құрайды. 5. Комиссия мүшелерінің саны тақ санды құрайды, кемінде 7 (жеті) адам, оның ішінде мемлекеттік органдар өкілдерінің саны Қамқоршылық кеңес мүшелерінің жалпы санының 2/3 (үштен екісінен) аспайды. Комиссия құрамына жергілікті өкілді, атқарушы және құқық қорғау органдарының, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіреді. 6. Комиссия төрағасы Комиссия мүшелерінің арасынан оның бірінші отырысында сайланады, ол туралы хаттамалық шешім шығарылады. Комиссия хатшысы оның жұмысын ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның мүшесі болып табылмайды және дауыс беруге қатыспайды. Тиісті саланың уәкілетті органының немесе білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органның қызметкері Комиссияның хатшысы болып табылады. 7. Комиссияның жалпы құрамының кемінде 2/3 (үштен екісі) қатысқан жағдайда Комиссияның отырысы өткізілген және оның шешімі заңды болып есептеледі. Комиссия шешімі комиссия мүшелерінің жалпы санының дауыстар басымдылығымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Комиссияның барлық шешімдері хаттама түрінде рәсімделеді, оған төраға, отырысқа қатысқан комиссия мүшелері және хатшы қол қояды. 8. Тиісті саланың уәкілетті органы немесе білім беру саласындағы жергілікті атқарушы орган күнтізбелік жылдың 1 мен 10 қыркүйек аралығындағы кезеңде (Қамқоршылық кеңестің өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай ішінде) Қамқоршылық кеңестің сайлануы жөніндегі конкурсты өткізу туралы хабарландыруды, оның атауын, сапалық құрамын, сондай-ақ Қағиданың 9-тармағына сәйкес құжаттар мен мәліметтер жіберілетін почта және электрондық мекенжайларды көрсете отырып, өзінің интернет-ресурсында және/немесе тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымында қазақ және орыс тілдерінде жариялайды. Құжаттарды қабылдау хабарландыру орналастырылған күннен бастап күнтізбелік 20 (жиырма) күн өткен соң аяқталады. 9. Үміткерлер Қамқоршылық кеңесті сайлау және оның құрамы бойынша ұсыныстарды қабылдау туралы хабарламада көрсетілген мерзімде Комиссияға мынадай құжаттарды ұсынады: 1) өтінім (еркін түрде); 2) үміткердің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі; 3) қазақ немесе орыс тілдеріндегі түйіндеме; 4) білімі бар екендігі туралы құжаттың көшірмесі (бар болса); 5) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің аумақтық бөлімшелері берген соттылығының және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың жоқтығын растайтын құжаттар. Үміткерлер өздерінің кәсіби (немесе) қоғамдық қызметі туралы қосымша мәліметтер ұсынады. 10. Қамқоршылық кеңестің құрамына: 1) осы білім беру ұйымындағы білім алушылардың ата-аналары немесе заңды өкілдері (әрбір сынып параллельінен осы білім беру ұйымындағы білім алушылардың бір ата-анасы немесе заңды өкілі) – 11 адамнан аспайды; 2) педагогикалық еңбек ардагерлері (бар болса) – 1 адам; 3) жергілікті өкілді және/немесе атқарушы, және/немесе құқық қорғау органдарының өкілдері – 1-3 адам; 4) үкіметтік емес (коммерциялық емес) ұйымдардың өкілдері – 1-2 адам; 5) қайырымдылық жасаушылар және/немесе меценаттар (бар болса) – 1-2 адам; 6) бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері (бар болса) – 1 адам; 7) оқушылық өзін-өзі басқару органдарының өкілдері – 1-2 адам. 11. Қамқоршылық кеңес мүшелігіне үміткерлерді ата-аналар жұртшылығының жалпы жиналысында іріктеуден өткен білім беру ұйымдары ұсынады. Ата-аналар жұртшылығынан үміткерлердің тізімі (әрбір сынып параллельінен осы білім беру ұйымындағы білім алушылардың бір ата-анасы немесе заңды өкілі) осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген құжаттармен қоса тиісті саланың уәкілетті органына немесе білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органға жіберіледі. 12. Комиссия өтініштерді беру мерзімі аяқталған күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде үміткерлер ұсынған құжаттарды қарайды, үміткердің осы Қағидалардың 9, 10, және 11-тармақтарына сәйкестігін бағалауды жүргізеді. Жүргізілген бағалау нәтижелері бойынша Комиссия 10 (он) жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың талаптарына сәйкес үміткерлерді іріктеуді жүргізеді. Қамқоршылық кеңес мүшелігіне үміткерлерді іріктеу кезінде білімінің болуы, кәсіби білімі, құзыреттілігі, іскерлік беделі ескеріледі. Барлық қажетті рәсімдерді ескере отырып, Қамқоршылық кеңесті сайлау күнтізбелік жылдың 30 қазаннан кешіктірілмей аяқталады. 13. Қамқоршылық кеңестің сайланған құрамы тиісті саланың уәкілетті органы немесе білім беру саласындағы жергілікті атқарушы орган Комиссия хаттамалық шешім шығарған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде бекітеді, сайланған құрамның тізімі олардың ресми интернет-ресурсында және білім беру ұйымдарында орналастырылады.