5-тарау. Қамқоршылық кеңестің жұмысын тоқтату 33. Қамқоршылық кеңестің жұмысын тоқтату: 1) тиісті саланың уәкілетті органының немесе білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органның бастамасы бойынша; 2) білім беру ұйымы таратылған және қайта ұйымдастырылған кезде; 3) осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген Қамқоршылық кеңестің өкілеттік мерзімі өткеннен кейін; 4) Қамқоршылық кеңес мүшелерінің өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда жүзеге асырылады. 34. Қамқоршылық кеңестің мүшесі Қамқоршылық кеңестің құрамынан: 1) жеке бастама бойынша (Кеңес төрағасының атына еркін түрдегі жазбаша өтініш негізінде); 2) кеңес отырыстарында дәлелсіз себептермен жыл ішінде үш реттен артық болмау себебінен шығарылады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 27 шілдедегі № 355 бұйрығына 3-қосымша
Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында Қамқоршылық кеңестің жұмысын ұйымдастырудың үлгілік қағидалары және оны сайлау тәртібі Ескерту. Бұйрық 3-қосымшамен толықтырылды - ҚР Оқу-ағарту министрінің м.а. 01.03.2023 № 56 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен. 1-тарау. Жалпы ережелер 1. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында Қамқоршылық кеңестің жұмысын ұйымдастыру және оны сайлау тәртібінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 44-бабының 9-тармағына сәйкес әзірленді және Қамқоршылық кеңесiнiң (бұдан әрi – Қамқоршылық кеңес) қызметiн ұйымдастыру және оны сайлау тәртiбiн айқындайды 2. Қамқоршылық кеңес техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымының (бұдан әрі – ТжКБ ұйымы) дамуына ықпал ететін және ТжКБ ұйымдардың қызметіне қоғамдық бақылауды қамтамасыз ететін алқалы басқару орган ретінде өз қызметін мына қағидаттар негізінде жүзеге асырады: 1) тәуелсіздік; 2) оның мүшелерінің өтеусіз негіздегі қызметі; 3) еріктілік; 4) ашықтық; 5) жариялылық пен шынайылық. 3. Қамқоршылық кеңестің мүшелері өз қызметінде: 1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, осы Қағидалардың және өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарын сақтауға; 2) өз қызметін ТжКБ білім беру ұйымымен, жұртшылықпен, жергілікті атқарушы және өкілді органдармен, мүдделі мемлекеттік органдармен және өзге де жеке және/немесе заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасай отырып, жүзеге асыруға міндетті.