Білім беру ұйымдарында психологиялық-педагогикалық қолдап отыру
қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 12
қаңтардағы № 6 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде
2022 жылғы 18 қаңтарда № 26513 болып тіркелді
"Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 5-бабы 11-3)
тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Білім беру ұйымдарында
психологиялық-педагогикалық қолдап отыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Мектепке
дейінгі және орта білім беру комитеті Қазақстан Республикасының
заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде
мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне
осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың
орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан
Республикасының Білім және ғылым вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн
өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
А. Аймагамбетов
Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
2022 жылғы 12 қаңтардағы
№ 6 бұйрығына
қосымша
Білім беру ұйымдарында психологиялық-педагогикалық қолдап отыру қағидалары 1. Жалпы
ережелері
1. Осы Психологиялық-педагогикалық қолдап отыру қағидалары (бұдан әрі
– Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес білім
беру ұйымдарында психологиялық-педагогикалық қолдап отыру тәртібін
реттейді.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) білім алу үшін арнаулы жағдайлар – ерекше білім беруді қажет ететін
адамдардың (балалардың), сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалардың оларсыз
білім беру бағдарламаларын меңгеруі мүмкін болмайтын, оқу, сондай-ақ
арнаулы, жеке дамыту мен түзеу-дамыту бағдарламаларын және оқыту
әдістерін, техникалық, оқу және өзге де құралдарды, тыныс-тіршілік ортасын,
психологиялық-педагогикалық қолдап отыруды, медициналық, әлеуметтік және
өзге де көрсетілетін қызметтерді қамтитын жағдайлар;
2) ерекше білім беруді қажет ететін адамдар (балалар) – тиісті деңгейде білім
алу және қосымша білім алу үшін арнаулы жағдайларға тұрақты немесе
уақытша қажеттілік көріп жүрген адамдар (балалар);
3) ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау – білім алу үшін қажетті
арнаулы жағдайларды айқындау;
4) психологиялық-педагогикалық қолдап отыру – білім беру ұйымдарында
іске асырылатын, процесінде ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау
негізінде ерекше білім беруді қажет ететін адамдарды (балаларды) ойдағыдай
оқыту және дамыту үшін әлеуметтік-психологиялық және педагогикалық
жағдайлар жасалатын жүйелі-ұйымдастырылған қызмет.
Достарыңызбен бөлісу: |