Білім беру саласына қатысты аса өзекті мәселенің қойылымы мен оны шешу моделі



Дата19.12.2022
өлшемі21,73 Kb.
#58269
түріСабақ
Байланысты:
8-тапсырмм


8-тапсырма

ТІЛ САБАҚТАРЫНДА ОҚУ МОТИВТЕРІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІН ЗЕРТТЕП, ЖОЛДАРЫН КӨРСЕТІҢІЗ. НАҚТЫ МЫСАЛДАРМЕН ДӘЛЕЛДЕҢІЗ.


Тәуелсіздік алған Қазақстан мемлекетінің де болашағы оның білім беру жүйесіндегі өзгерістер мен сауатты даму саясатына тікелей байланысты. Олай болса, жаһандану жағдайында ұлттық білім мен жалпыадамзаттық білім кеңістігіндегі ортақ талаптарды, мүмкіндіктерді ұштастыра отырып, олардың арасынан ұтымды жол табу қажет. Бұл орайда қай пәнді оқыту жүйесін жетілдіруде болсын заманауи білім саласының дамуына оң ықпал ететін жаңа парадигмалардың жүзеге асырылу жайын саралап, оны зерттеу тақырыбымен байланыста қарау әрі міндет, әрі талап деп санаймыз. Сондықтан мектеп оқушысының оқу мотивтерін қалыптастыра отырып, қазақ тілін оқытудың ғылыми-теориялық бағыттарын айқындап алу үшін оны қазіргі таңдағы білім берудің жаңа парадигмалармен сабақтастыра қарастырудың маңызы зор. Олардың қатарында өткен кезеңдердегі пәндік-білімдік парадигмадан бас тартып, ендігі жерде кең өріс ала бастаған білім берудегі антропоөзектік парадигманы, тұлғаның құндылықтық бағдарын күшейту парадигмасын, білімді интеграциялау парадигмасын, тілге деген сүйіспеншілік парадигмасын, білім нәтижелерін құзіреттіктер түрінде айқындау парадигмасын, оқытуды дүниетанымнан сауаттылыққа қарай бағыттау және т.б. атауға болады.


Осы жаңа парадигмаларға сүйене отырып білім беру жағдайында оқу мотивтерін қалыптастырудың басым бағыттарын айқындап алу үшін «парадигма» «мотив» терминдерінің зерттеу аясындағы қарастырылу жайына, олардың бір-бірімен ұштасу мүмкіндіктеріне тоқталған орынды. Парадигма (грек. paradeigma - үлгі, мысал) – бастапқы тұғырлы үлгі (схема) дегенді білдіреді. Білім саласына қатысты алғанда:
- нақты бір уақыт кезеңінде әрбір білім сатысы бойынша жұртшылық толық мойындаған және ғылыми зерттеулерге тірек болатын негізгі ұғымдар, жағдайлар мен идеялардың бірлігі;
- білім беру саласына қатысты аса өзекті мәселенің қойылымы мен оны шешу моделі;
- білім беру жүйесінде түрлі аспектілерде өзгерістер жасау алғышарттарының бірлігі;
- Платон теориясы бойынша, «рухани және материалдық әлемнің өзара қатынасы» [1, 51-б]. Ғылыми еңбектерге жан-жақты талдау жасай келгенде, қазіргі кезеңде ғылым мен білім жүйесін жаңаша құруға өзек етіп алынып отырған аса маңызды парадигма ретінде антропоцентристік парадигма аталады. Бұл парадигма бойынша болашақ қоғам иелерін өз әрекетінің, өз өмірінің иесі – субъектісі деңгейіне көтеру арқылы олардың қабілеттерін дамыту тұлғалық болмыс мәдениетін дамыту деген ұғыммен барабар танылады. Өйткені қазіргі заманауи білім беру саласында тұлғаның ойлау, еңбек ету, сөйлеу мәдениетін қатар дамытуға басымдылық беріліп отыр.
Білім берудің антропоөзектік парадигмасы оқу, оқыту үдерісінде оқушыны әрекет субъектісі деп тануды қажет етеді. Оқушы өздігінен әрекет еткенде ғана бұл парадигманың жүзеге асу мүмкіндігі кеңейеді. Өйткені мотив пен әрекет – біртұтас ұғымдар. Әрекетсіз мотив, ал мотивсіз әрекет болмайды. Бола қалған жағдайда мотивке бағынбаған әрекет ешқандай нәтиже бермейді, ал әрекетсіз мотив те жай ғана арман, қиял қалпында қалады. Иесінің ішкі мотивінсіз орындалған әрекет жаңа жетістіктерге қол жеткізуге ықпал ете алмайды.
Әлемдік педагогиканың озық үлгілерін саралап қарағанда, соны идеялардың қай-қайсысында да оқушының өзіндік әрекет етуіне басымдылық беріліп отырған көрінеді. А.Байтұрсынұлы: «Нәрсенің атын алмай, затын алып оқытқанда ғана ол білім балаға да, мемлекетке де пайдалы болатынын» айтқанда, білімнің мәні оның оқушының ішкі қажеттігімен үйлесуін меңзегені анық.Білімге қызықтыру, ең алдымен, оның өз өмірі үшін маңызын танымайынша, білмейінше, мойындамайынша мүмкін емес. Қызығушылық ояту, мүдделілік тудыру – оқудың әрі нәтижесі, әрі одан әрі дамытудың қозғаушы күші.
XX ғасырдың 20-30 жылдарының өзінде-ақ реформаторлық педагогика идеясын негіздеуші А.Бине «оқушы белсенді таным субъектісі болуы тиіс» деген болатын. Ал, итальян педагогі М.Монтессори оқушының өздік әрекетін айрықша бағалады. Ол: «Кімнің әрекет ету қабілеті биік болса, сол сапа»,- деді. Американың атақты педагогі әрі психологі прагматизм ілімін негіздеген Дж.Дьюи даралап оқыту идеясын қолдағанда да осы оқу әрекеті мотивтерінің рөлін жоғары бағалаған еді. Осындай иедяларға негізделген қазақ тілін мектепте мотив қалыптастыра оқыту мәселесі антропоөзектік парадигмамен біртұтастықта қаралуы заңды.
Мотив қозғаушы, итермелеуші, оятушы күш деген мағынаны береді. Олай болса, мотив туу үшін әрекет иесі, субъектісі болуы шарт. Адам әрекетінің субъективтілігі оның әрекеттегі таңдау, бағыттылық қызметтерді анықтайтын ішкі қажеттерімен, эмоцияларымен, мотивтерімен бірлігінен көрінеді. Бұлар адам белсенділігінің де кеңейіп, күшеюіне ықпал етеді. Әртүрлі әрекеттің субъективтілік сипаты оның өз иесі үшін мәнін айқындайтын мотивтерге тікелей байланысты. Өзі үшін маңызды әрекетті орындаудағы адамның табанды болуы да оған итермелейтін мотивтердің мазмұны мен сипатына байланысты болып, ол түпкі мақсатқа жетудің жолдарын анықтауға көмектеседі. Осы жолда кездескен қандай қиындықтарды да жеңуге ұмтылдырады. Мотив қалыптастырудың жүйесі: Мотивтің түпкі негізінде таңдау жатыр. Ол үшін мақсатты таңдау қажет. Себепті анықтау керек, тілекті орындау керек. Себепті анықтау – тұлға дамуының құпиясы, кілті. Мотивация – кездейсоқтық немесе жай ғана сезім емес, ол мотивтің тууына саналы түрде мүдделі болу, пайдалы нәрсені таңдау, әрекеттің тереңінде жатқан себеп. Мотивация – дене күші емес, жеке ерекшелік те емес, ол – еркін және саналы ақылдың тілегі мен еркі. Мотив – тілек пен ерік күшінің ымырасы.
Мотивтердің генезисін анықтауға қажетті оның туу, даму және жекелеген мотивтердің өзгерісін анықтау үдерісі – күрделі үдеріс. Себебі мотив гипотетикалық құрылымға жатады. Мотивтерді өлшеу үшін оның күшін, бағыттылығын, сол мотивтердің дамуының негізі болып саналатын әрекет иесі үшін маңыздылығын анықтау қажет. Бұл мотивтің даму үдерісіндегі орындаушының әрекетін сипаттау арқылы түсіндіріледі. Мотивті өлшеу барысында адамның сол сәттегі әрекеті кез келген немесе барлық мүмкін мотивтердің қатысуымен емес, дәл осы жағдайда алға қойылған мақсатқа толық сай келетін, әсері ерекше жоғары деп саналатын мотивтер негізінде анықталатынын ескеру маңызды. Сол мотив қана белсенді бола түсіп, басқа мотивтердің тууына, дамуына өз ықпалын тигізеді.
Мотив – адам орындайтын әрекеттің ішкі қозғаушы күші, оны бағыттаушы, нәтижеге жетуінің шарты. «Дидактикада белгілі бір объектіге бағытталған әрекетке түрткі жасайтын тілек, талпыныс, қызығушылық, ниет, ынта, ықылас, т.б – мотив, ал олардың бірігіп, кірігіп әрекетке бағыт беруі мотивация деп аталады. Мотивация оқу әрекетінің танымдық, эмоциялық қырларымен қатар жүреді әрі олардың қалыпты дамуына әсер етеді. Баланың ұғым-түсініктерін кеңейтуге тірек бола отырып, бірте-бірте оның ішкі қасиетіне ауысатын элементтерді саралайды. Себебі қандай әрекет түрі болсын, оның жемісті болуы, оқушының жеке басы қасиеттерін дамытудың мәнді факторына айналуы әрқашанда оған себеп болатын мотивтерге тәуелді. Мотив – әрекеттің қозғаушысы болғандықтан, ол әрекетті орындауға деген баланың ішкі ниеті, нәтижеге ықпал ететін түпкі себебі».
Адам баласының өміріне қажетті үш әрекет бар: ойын, оқу, еңбек. Осындай әрекеттердің психологиялық макроқұрылымының мақсат, мотив, тәсіл секілді элементтері туралыЛ.С.Выготскиймен С.Л. Рубинштейн еңбектерінде кең ауқымда сөз болады. Әрекет жүйесіндегі сабақтастық оған бағыт беретін мақсат пен дамуға негіз салатын мотивтердің бірлігімен көрінеді. Әрекеттің құрамына енетін еңбекке саналылық пен мақсаттылық тән. Ол еңбек жүзеге асуы үшін оған нақты бір мақсат белгіленуі тиіс. Мақсат пен сол шарттың сәйкестенуі әрекет үстінде атқаруға тиісті міндеттерді белгілейді. Кез келген әрекет ішкі қозғаушы күш – мотивтерден туындап, олардың мақсатпен байланысы әрекет барысында өз ықпалын күшейтеді, соңында әрекет нәтижесінің деңгейін, сапасын айқындауда шешуші рөл атқарады. Өз кезегінде әрекеттің мақсаты мен міндеттерінің қалай қойылуы да оқушы орындайтын әрекет мотивтерін қалыптастыруға әсерін тигізеді. Сондықтан мотив адам әрекетінің ажырағысыз бір бөлшегі ретінде бүкіл өмірінің өн бойында бірге жүреді, өмір тәжірибесі арқылы дамып, толығып отырады.
Адам әрекеті осыған дейінгі игерілген тәжірибелік қорының негізінде қызмет ететін білім мен сөзді қабылдау, ойлау, үйрену, қайта жаңғырту секілді жекелеген функционалдық қабілеттерден құралады. Осы қабілеттердің қайсысы қай деңгейде қолданылатыны оқушының мотивтеріне тәуелді болғанмен, мотивация теориясы онымен тікелей айналыспайды. Бұл теория аталған қабілеттерге сүйене отырып, әрекет иесінің альтернативті жағдайда қандай әрекетті неге таңдағанының себептерін түсіндірумен айналысады. Ал, мотивтерді тікелей бақылау мүмкін емес, сондықтан оны бірден тану, ажырату қиын. Сондықтан мотивтерді өлшеудің арнайы жасалған құралдарын қолданған дұрыс.
Жоғарыда аталған адамзат баласына тән үш әрекеттің ішінде оқу әрекетін ұйымдастыру мен белгілі бір нәтижелерге жетуда мотивтер ерекше рөл атқарады. Өйткені оқу – белгілі бір қоғамның өз болашағының дамуын қаматамасыз ететін жаңа ұрпақты арнайы оқыту, дайындау үдерісі. Сондықтан бұл әрекет, бір жағынан, оқушының жеке басының мүддесін, екінші жағынан, қоғамның мүддесін өзара орайластырып, ұштастырып отырудың қажеттігін көрсетеді. Ал, мұндай жағдайда жеке мүдде тұлғалық тұрғыда, ал елдік мүдде қоғамдық-әлеуметтік тұрғыдан әрекет мотивтерімен тығыз сабақтасып отырады. Оқу, үйрену жолында оқушының тілегі, ал оқыту, үйрету мәселесінде мемлекеттің талабы бір-бірімен тығыз байланыста болуы ескеріледі. Егер осы бір бүтін үдерісте бұл екеуінің бірі дұрыс ескерілмесе, оқудың нәтижесі болмайды. Оған біздің өткен жолымыз дәлел бола алады. Бірақ бұл жерде талап пен тілектің барлығы болашақ адамның еркіндігін қамтамасыз етуі міндетті. Альберт Эйнштейн: «Все религии, искусства и науки – ветви одного дерева. Они направлены на облагораживание жизни человека, поднятие его из жалкой сферы телесного существования и приведение личности к свободе», - деп жазды. Ғалымның бұл пікірі білімнің тұлғаның құндылықтық бағдарын белгілеудегі мәнін көрсетеді.
Білімді игеруге деген оқушының ішкі тілегі мен мүддесі, ең алдымен, өзінің адам ретіндегі орнын, адамзат ортасындағы мәнін жете түсінген жағдайда саналы түрде жүзеге асады. Сондықтан оқу мотивтерін қалыптастыра отырып, тілді оқыту мәселесі дәл осы мақсатпен бірлікте қаралады. Мысалы, тіл сабағында сөз әдебін игеру оқушының өзін де, өзгені де сыйлауға үйренуіне мүмкіндік береді, білімнің өз өмірін дұрыс құруына, салауатты, сауатты қарым-қатынас жасауға қажетті мәдени-қатысымдық дағдыларын қалыптастыруды көздейді. Осы білім арқылы оқушының ішкі мотивтері берік бола түседі. Ішкі мүдде мен сыртқы талаптың жас ұрпақты қалыптастырудағы маңызын Г. Мюррей өте дәлдікпен былай деп тұжырымдайды: «Потребность и давление взаимосвязаны: давление актуализирует соответствующую потребность, а потребность ищет соответствующее ей давление. Давление представляет собой некоторое воздействие со стороны внешней среды и воспринимается как некоторый набор стимулов, принимающих вид угрозы или пользы для индивида; давление может быть и реальным, и воображаемым».
Жаңа дәуірдегі аса маңызды парадигманың бірі – білім арқылы тұлғаның құндылықтық бағдарын күшейту парадигмасы тұрғысынан алғанда да ол алдыңғы парадигмамен терең сабақтастып жатыр. Өйткені белгілі бір құндылықтық сипатқа ие болмаса, қандай білім де оқушы үшін ешқандай мотив тудыра алмайтыны сөзсіз. Сол себепті қазақ тілі пәнінің бүкіл мазмұндық-құрылымдық жүйесі оқушыға келешек өмірінде қажетті болуымен де, оны білу арқылы өз өмірін де, өзі өмір сүретін әлеуемттік ортаны да жақсартуға үлес қоса алу мүмкіндігін сезіндіруімен де құнды болып саналады. Қарым-қатынас әдебіне, сөз мәдениетіне, қарым-қатынас мәдениетіне үйрету адамзат баласының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық та, жалпыадамзаттық та мәні ерекше құндылықтарын сақтаумен байланысты болып табылады. Оның бір жағынан, ішкі мотивтерге, екінші жағынан әлеуметтік сипат алып, қоғамдық ортадағы өз орнын иемденуіне мүмкіндік беретін сыртқы мотивтерге бірдей қатысты болуының өзіндік себептері бар. «Ни одна из великих человеческих ценностей, какие сдерживают нас и наше общество, – доброта, любовь, честность, справедливость, единство, толерантность, уважение, ответственность – не процветали бы, если бы мы не были мотивированы привнести их в жизнь. Вот почему, если мы не сможем овладеть мотивацией на индивидуальном уровне, – мы не сможем быть счастливы; а если нам не удастся удержать наши стремления к добродетели на социальном уровне – все будет потеряно» - деп жазды Брендон Берчард өзінің «Манифест мотивации» деп аталатын еңбегінде.
Анропозектік парадигма бойынша оқушының өздігінен әрекет етуіне мол мүмкіндік беретін, білімнің құндылықтық мәнін терең игерту арқылы оқушының білімді саналы игеруіне жол ашатын жоғарыда аталған парадигмалар оның келесі сатысында оқушының тілге, оқу пәніне деген сүйіспеншілігін тудыратыны сөзсіз. Олай болса, пәндік-білімдік парадигмадан тілге деген сүйіспеншілік парадигмасына ауысу үдерісі қазақ тілі пәнінің өзіндік мақсат, міндеттерімен тығыз ұштасып жатуы заңды.
Қазіргі заманда қоғамның барлық саласында психология ғылымындағы жетістіктердің ерекше мән алуы кездейсоқ емес. Себебі кез келген әрекетте адамның нақты бір жетістіктерге жетуінде олардың табиғи қабілет-қарымы қаншалықты маңызды болғанмен, сол қабілеттердің дамуы тек қана оған түрткі жасап, дамытылуына мүмкіндік беретін мотивтермен байланысты екені дәлелденіп отыр. Психологиялық зерттеулерде өмірде сәттілікке қол жеткізген белгілі тұлғалардың қалыптасуында әрекет мотивтерінің рөлі өте жоғары бағаланады. Бұл жайында Дж. Равен: «Мотивация гораздо больше, чем способности определяет поведение, действия человека»,- деп тұжырымдайды.
Ана тіліне деген қатынас арқылы адамның сөйлеуге мүдделілігі оянумен қатар оның ойлау, тыңдау, қатысымдық қабілеттері де қатар жетілдіріле отырып, түпкі нәтижесінде мектеп түлегінің дара тұлға ретінде қалыптасуына жол ашады. Олай болса, негізгі және жоғары сатыда ұсынылуы тиіс білім мен ғылымды тоғыстыра отырып тілді меңгертудің негіздері тұтастай оқушының танымдық қабілеттерін шыңдауға, қатысымдық қабілеті мен мәдениетін өзара бірлікте қалыптастыруға бағытталуы маңызды.
Зерттеу қағидалары бойынша мәдениет оқу, білім беру үдерісінде үш түрлі аспектіде қарастырылады. «Мәдениеттің гнесеологиялық аспектісінде білім алушының дүниені тануға, меңгеруге және өзгертуге бағытталған белсенді әрекетіне түрткі болатын сол әлемнің оның сезімдеріне, идеяларына ықпалы мен ой-санасындағы көрінісі танылады. Аксиологиялық аспектіде мәдениет дүниені меңгерудегі адамзаттың қол жеткізген деңгейін танытатын материалдық және рухани құндылықтардың бірлігі ретінде қарастырылса, ал гуманистік аспектісінде мәдениет адамның рухани әлемін дамытудың, оның шығармашылық қабілеттерін ашудың аса маңызды факторы болып саналады». Осыдан келіп, білім алушы тұлғаның интеллектуалдық әлеуетін ашу үдерісіндегі оның кісілік мәдениетін қалыптастыру мәселесі туады, тұлғаны тәрбиелеудің дәстүрлі мәселелерімен бірге тосын да жаңа міндеттері алға шығарылады. Дәстүр мен жаңашылдық тоғысқан жаңа білім жүйесі бойынша түлектің тілдік-қатысымдық біліктерін, іскерлік және шығармашылық қасиеттерімен бірге оның адамгершілік бейнесін қалыптастыру секілді мәселелер тұлғаны әлеуметтендірудің негізгі бағыттарына айналады.
Педагогикалық қатынас теориясы бойынша, оқушының танымдық белсенділігін дамыту мен коммуникация өзара бірлікте жүзеге асырылады. Коммуникативтік бағыт аясында оқу мотивациясы, қатысымдық бағыт, даралап оқыту, жағдаяттық сипат, функционалдылық, саналы білім беру ұстанымдары басшылыққа алынады. Олар білімді ізгілендіру жүйесін ұстанады. Ғылыми еңбектерде аталған ағымдардың барлығына ортақ бағыттар ретінде:
1. Дамыта оқытуға айрықша назар аудару;
2. Оқушылардың белсенділігін арттыру;
3. Оқушының өзгермелі өмірге бейімділігін қалыптастыру деп көрсетілген.
Пәнге деген сүйіспеншілік тудырудың бірнеше жолдары мен жүйелері бар. Мысалы, ғылыми әдебиеттерге жасалған талдаулар танымдық мотивтер ұғымының іштей өзара мәндес бірнеше ұғымдармен шектесіп жататынын көрсетті. Олар:
1)танымдық қызығушылық (белгіленген нақты бір міндетті орындауға ерекше ынтамен кірісу);
2) креативтілік (шығармашылық) – өзіндік бір идеяны ажыратып, барлық әрекеттерін соған жұмылдыра алуы;
3) ілгерілеушілік, әрбір жаңа нәтижеден кейін келесі бір нәтижеге табиғи ұмтылыс (жаңа бір нәрсені білуге, игеруге тырысу).
Бұл ұғымдар мазмұны жағынан ортақ бір негізден бастау алады: олардың қай-қайсысында да адамның өз әрекеті арқылы үнемі жаңаны білуге, игеруге құмарлығы мен бағыттылығы көрінеді, сол үрдістен қанағаттана отырып, келесі одан да жоғары деңгейдегі қызығушылықтардың тууын талап етеді. Дәл осы қызығушылық күші мотив деп аталады. Адамның өз қалауымен өзіне керегін таба алуы бақыт деп аталады. Сондықтан ағылшын жазушысы Шарлотта Бронте «Әркімнің бақытты бола алу қабілеті көп жағдайда оның өзіне байланысты» деуінің мәнісі де осында деп түюге болады.
Мотивацияның көрсеткіштері мен өлшемдері: танымдық; әрекеттік, бейімділік, ізденімдік, шығармашылық, креативтілік болып саналады. Бұл ұғымдар мазмұн жағынан өте тығыз байланыста болады және бір сатыдан келесі сатыған дамып, жалғасып отырады. Бұл орайда мотив – адам өмірінің өн бойында дамитын, өмірлік тәжірибесі арқылы байи түсетін, ол орындайтын кез келген әрекеттің міндетті компоненті. Ал мотивация үдерісі – күрделі психологиялық феномен, бірақ дәл сол ғана адамды белсенді әрекетке итермелейтін стимул болып саналады. Егер соңғы жылдары мектеп оқушыларының білім сапасы төмендеп кетті десек, оның басты себебі – осы оқу мотивациясының қатты төмендеуінің салдары.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет