Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті -
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің
білім ордасы
ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ҰЛТ ДЕНСАУЛЫҒЫ
Студент топтары кураторларына көмек ретінде
7-жинақ
Адамзат жаһандық проблемалардың ауыр жүгін арқалап, XXI ғасырға қадам басты, олардың шешімі әлеуметтік прогресс және адамзаттың өркениетінің аман қалуына тәуелді болып тұр. Ол мәселелердің қатарындағы ең өткірі экологиялық проблема болып табылады. Адамзат үшін атомдық және химиялық әлемде өмір сүру неғұрлым қолайлы болуда, бірақ радиация, қоршаған ортаның улы қосылыстармен ластануы, химиялық қарулардың әлеуетті қаупі адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін қосымша мәселелердің пайда болуына әкелді.
Экологиялық проблемалардың барлық түрлері тең дәрежеде Қазақстанның алдында да тұр. Алайда біздің елімізде жағдайды күрделілендіретін мәселе – Қазақстанның ұзақ уақыт бойы ядролық қаруларды сынаудың базасы болып табылуы. Қазақстандағы қазіргі экологиялық жағдайдың нашарлауы тұрғындардың өміріне қауіп төндіруде. Әскери полигондардағы сынақтарды, өнеркәсіптік кәсіпорындарды пайдаланып болған соң, улы өнеркәсіптік заттарды тонналап қоршаған ортаға тастауынан, ал ауыл шаруашылығы арам шөптер мен құрт-құмырсқаларды жою үшін улы химиялық заттарды пайдалануынан Республика аумағының төрттен бір бөлігі өмір сүруге жарамсыз. Жердің шөлге айналу салдарынан жайылымдардың тең жартысы пайдалануға келмейді, суармалы жердің 75% сортаң жерлерге айналған. Жекелеген аудандарда адамдардың орташа өмір сүру ұзақтылығы дамыған елдерге қарағанда 15-20 жылға қысқарды.
Бүгінгі күнде Қазақстанда ғылыми зерттеу жұмыстарының көбі қоршаған ортаны қорғау саласына ерекше назар аударуда. 2007 жылы 9 қаңтарда ҚР Экологиялық кодексі қабылданды.
Экологиялық проблемаларды шешу тек мемлекеттің ісі ғана болуы мүмкін емес. Әрбір адамның бойында осыған деген өз қатысын, елінің экологиялық болашағы үшін азамат ретіндегі оның жауапкершілігі туралы түсінігін қалыптастыру қажет. Сондықтан студенттерге экологиялық тәрбие беруді отаншылдық тәрбие берудің құрамдас бір бөлігі ретінде қарастыруға болады.
Бұл жинақта Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің оқытушылары дайындаған Қазақстан Республикасындағы экологиялық ахуалды, сондай-ақ экология мен денсаулықтың өзара байланысы және өзара тәуелділігін сипаттайтын материалдар ұсынылған.
Бұл материалдар «Экология және ұлт денсаулығы» тақырыбы бойынша кураторлық сағаттарды дайындау мен өткізу кезінде кураторларға ақпараттық көмек көрсетеді.