52-бап. Білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесі
1. Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалады.
Жеке меншік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың құрылтайшылары немесе оған уәкілетті адам айқындайды.
2. Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлеріне жалақыны есептеу ережесін еңбек саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
3. Білім беретін мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың педагог қызметкерлерінің лауазымдық айлықақысы, қосымша ақылар мен үстеме ақылар, сондай-ақ ынталандыру сипатындағы басқа да төлемдер Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
4. Білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне ауылдық жерде жұмыс істегені үшін, сынып жетекшілігі үшін, дәптерді, жазу жұмыстарын тексергені үшін, оқу кабинеттеріне меңгерушілік еткені, пәндерді тереңдетіп оқытқаны үшін, эксперимент режимінде жұмыс істегені үшін, мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істегені үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қосымша ақы және басқа да төлемдер төлеу жүргізіледі.
5. Ерекше мәртебесі бар мемлекеттік жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен басшы қызметкерлерінің лауазымдық айлықақысы арттырылып отыратын коэффициентті ескере отырып айқындалады.
6. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлеріне тиісті дипломы бар болған кезде негізгі жұмыс орны бойынша:
философия докторы (РhD) және бейіні бойынша доктор дәрежесі үшін бір айлық ең төменгі жалақы мөлшерінде;
ғылым кандидаты дәрежесі үшін бір айлық ең төменгі жалақы және ғылым докторы дәрежесі үшін екі айлық ең төменгі жалақы мөлшерінде қосымша ақы белгіленеді.
7. Мемлекеттік білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие процесін тікелей жүзеге асыратын педагог қызметкерлерге айлық жалақыны есептеу үшін аптасына нормативтік оқу жүктемесі:
1) 18 сағат:
орта білім беру ұйымдары және техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары үшiн;
білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қосымша білім беру ұйымдары үшін;
мамандандырылған және арнайы білім беру ұйымдары үшін;
2) 24 сағат:
мектепке дейінгі ұйымдар және мектепке дейінгі тәрбие берудің мектепалды топтары және білім беру ұйымдарының мектеп алды сыныптары үшін;
балалар мен жасөспірімдердің спорттық білім беру ұйымдары үшін;
3) 30 сағат интернаттық ұйымдардың, демалыс лагерьлерінің, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары жатақханаларының тәрбиешілері үшін;
4) 25 сағат арнайы білім беру ұйымдары және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының тәрбиелеушілері үшін белгіленеді.
Нормативтік оқу жүктемесі белгіленбеген білім беру ұйымдары қызметкерлерінің жұмыс уақытының ұзақтығы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес белгіленеді.
Жоғары оқу орындары профессор-оқытушылар құрамының жылдық оқу жүктемесі жұмыс уақытының жылдық нормасының шегінде белгіленеді және ғылыми кеңестің шешімі негізінде жоғары оқу орнының басшысы бекітеді.
8. Мемлекеттік білім беру тапсырысын айқындау кезінде жоғары оқу орындары профессор-оқытушылар құрамының жалпы саны мынадай орташа арақатынасты негізге ала отырып есептеледі:
1) студенттер мен оқытушылар (бір оқытушыға шаққандағы студенттердің орташа саны) тиісінше:
күндізгі оқу нысаны үшін - 8:1 (медициналық жоғары оқу орындары үшін - 6:1);
кешкі оқу нысаны үшін - 16:1;
сырттай оқу нысаны үшін - 32:1;
2) магистранттар және оқытушылар - 4:1;
3) докторанттар және оқытушылар - 3:1;
4) резиденттер мен оқытушылар 2,5:1;
5) тыңдаушылар 6:1.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген нормалар әскери, арнаулы оқу орындарына қолданылмайды.
Ескерту. 52-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.10.24 № 487-ІV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 13.11.2015 № 398-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |