1. Білім беру сапасын басқару білім беру саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған және білім сапасын бағалаудың бірыңғай ұлттық жүйесін құрайтын мемлекеттік және институционалдық құрылымдарын, білім беруді қаржыландыруға бөлінетін қаражатты пайдалану ұтымдылығын және білім беру жүйесі жұмыс істеуінің тұтастай тиімділігін қамтиды.
2. Білім беру сапасын басқару білім беру мониторингінің нәтижелері, негізінде барлық деңгейлерде басқарушылық шешімдерді қабылдау арқылы жүзеге асырылады.
3. Бiлiм беру мониторингi бiлiм беру жүйесінің сапасын сырттай және iшкi бағалау үшін статистикалық және талдамалық бағалау көрсеткіштерінің кешені көмегімен жүзеге асырылады.
4. Оқу жетістіктерін сырттай бағалау білім беру ұйымына тәуелсіз, оқыту сапасына мониторинг түрлерінің бірі болып табылады.
Оқу жетістіктерін сырттай бағалау білім беру қызметтерінің сапасын бағалау және білім алушылардың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарда көзделген, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын меңгеру деңгейін айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
5. Оқу жетістіктерін сырттай бағалау, жоғары медициналық және фармацевтикалық білім беру мамандықтарын қоспағанда, орта және жоғары білім беру ұйымдарында:
1) бастауыш мектепте – оқу жетістіктерін мониторингтеу мақсатында іріктеліп;
2) негізгі мектепте – оқу жетістіктерін мониторингтеу және оқу процесін ұйымдастырудың тиімділігін бағалау мақсатында іріктеліп;
3) жалпы орта мектепте – оқу жетістіктерінің деңгейін бағалау мақсатында;
4) жоғары білім беруде – оқыту бағыттары бойынша оқу бағдарламасын игеруді мониторингтеу мақсатында іріктеліп жүргізіледі.
6. Оқу жетістіктеріне сырттай бағалау жүргізілетін орта білім беру ұйымдарының және жоғары білімді мамандықтардың тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
7. Білім беру қызметтерінің сапасына сырттай бағалау жүргізу жөніндегі іс-шаралар кешенін жүзеге асыратын ұйым:
1) жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына түсетін адамдар үшін кешенді тест тапсырмаларын әзірлейді және енгізеді;
2) оқу процесінің сапасын бақылау технологияларын, білім беру ұйымдарында білім алушылар контингентін конкурстық жолмен қалыптастыру модельдерін әзірлейді және енгізеді;
3) білім беру сапасын өлшеуді тестілеудің теориясы мен әдіснамасы және оның мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары талаптарына сәйкестігі бойынша ғылыми-әдістемелік зерттеулер жүргізеді.
Ескерту. 55-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.10.24 № 487-ІV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 13.11.2015 № 398-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |