Таулардың өсімдігі. Қазақстанның шығыс және оңтүстікшығысындағы таулардың өсімдігі биіктік бойынша өзгереді. Биіктік белдеулердің сипаты және өсімдік құрамы тау жүйесінің қандай геоботаникалық зонада орналасуымен тығыз байланысты. Қазақстандық Алтайдың солтүстік бөлігі – дала, оңтүстігі және Сауыр-Тарбағатай шөлейт, Жоңғар Алатауы мен ТяньШань шөл зоналарында жайласқан. Сондықтан биіктік белдеулік солтүстікте дала, оңтүстікте шөл зоналарынан басталады. Осыған орай таулардағы биіктік спектрі шөл мен шөлейттен биік таулық альпілік және тау тундра белдеулеріне дейінгі аралықты қамтиды. Олардың ішінде жауын-шашын мол түсетін және жылу жеткілікті орта таулы өңірдегі орман мен шалғынды дала белдеулері өсімдікке бай. Одан төменде жылу мол, бірақ ылғал жеткіліксіз, ал жоғарыда вегетациялық кезең қысқа, температура төмен болуы өсімдіктің өсуіне қолайсыз.
Биіктаулы өңірдегі климат жағдайлары оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай бірте-бірте өзгереді. Батыс ТяньШаньның оңтүстік беткейінің климаты ауаның температурасы және жауын-шашынның жыл мезгілдеріне таралуы жөнінен Жерортатеңіздікке өтпелі, ал Солтүстік Тянь-Шань, ЖоңғарСауыр-Тарбағатай жөне Алтайда қылқан жапырақты. Осыған сәйкес оңтүстік-батыста тау алды мен аласа таулы белдеудің өсімдігі субтропиктік сипатта (кейбір ботаника мамандары аласа шөпті және биік шөпті саванна теріздес деп атайды). Бұл өңірді солтүстікке таман жусанды-сораңды шөл (Солтүстік ТяньШань, Жетісу, Алатауы), жусанды-астық тұқымдасты шөлейт (Сауыр-Тарбағатай), солтүстік-батыста әртүрлі шөпті-астық тұқымдасты дала (Алтай) алып жатады.
Өсімдік ресурстары. Өсімдік – аса маңызды табиғат ресурстарының бірі. Көптеген өсімдік түрлері халық шаруашылығында тамақ, дәрі-дәрмек, бояу, құрылыс материалдары, мал азығы т.б. мақсатында кеңінен пайдаланылады. Өсімдік жамылғысы бәрінен бұрын мал шаруашылығынын азық базасы. Дала, шөлейт жөне шөл зоналарында және тауларда түрлі маусымда пайдаланылатын орасан зор мал жайылымдары мен шабындықтар бар. Мал азығы ретінде астық тұқымдастар: далалық селеу, бетеге, шөл өсімдік типіне жататын құрғақ климатқа және тұзды топыраққа төзімді ажырық, ақмамық, еркек бидайық, бозшағыл туыстары өте құнды. Бұршақ тұқымдастардан жоңышқа түрлерінің, әртүрлі шөптерден жусан мен изеннің азықтық сапасы жоғары. Қазақстан орман ресурстарына кедей. Ормандар көбінесе тауларға (Алтай, Тянь-Шань) шоғырланған. Таулы жерлерде орман өсімдігі беткейлерді шайылудансақтайды жөне су жинайды. Тері илеуге қолданылатын өсімдіктерден Гмелин кермегі бірінші орында тұрады. Көбінесе тұзды топырақта өсетін бұл өсімдік Қазақстанда өте кең таралған. Оның тамырындағы илік зат орта есеппен 15% құрайды. Бұдан басқа бадан, илік қарамық, рауғаш, қымыздық т.б өсімдіктерден илік зат алуға болады. Қазақстан флорасында эфир майын алуға болатын 450 өсімдіктің түрі кездеседі. Эфир майы парфюмерияда, кондитер және тамақ өнеркәсібінде, сондай-ақ медицинада қолданылады. Ол шөл зонасында кең таралған камфора жусаны, мускат шалфейі, киікотынан көп алынады. Дәрілік өсімдіктерден фармацевтика өнеркәсібінде мия кең қолданылады. Одан тыныс жолдарын емдейтін дәрі алынады. Сол сияқты итсигек, қылша, дәрмене, софора т.б. өсімдіктерден Шымкент химия-фармацевтика зауытында анабазин, эфедрин, сантонин сияқты аса құнды дәрі-дәрмек өндіріледі. Жеміс-жидек ағаштары мен бұталары Тянь-Шаньда кең таралған. Мұнда жабайы алма, өрік, грек жаңғағы кең көлемді қамтиды. Іле Алатауында өсетін жабайы алманың кейбір сорттары дәмі, жемісінің ірілігі жөнінен бақ алмасынан бір кем соқпайды. Ондай сорттарды селекция жұмысына әбден пайдалануға болады. Алтайда қарақат, таңқурай, сиыр бүлдірген, қой бүлдірген, шырғанақ қаптап өседі. Шөл зонасындағы өзен жайылмаларында жабысқақ тәтті жемісті жиде бұтасы жиі кездеседі. Жазықтық өзен көлдерінің жағаларындағы қамыс және ши қопалары қағаз жасайтын шикізат пен құрылыс материалдарына бай. Құмда өсетін сексеуіл тек отын ғана емес, сонымен бірге техникалық шикізат ретінде бағалы. Одан медицинада кең қолданылатын активті көмір дайындалады. Жабайы өсетін талшықты өсімдіктерден шөл зонасындағы өзен жайылмаларында кендір кең таралған. Жоғарыда, Қазақстанда өсетін пайдалы өсімдіктердің кейбір түрлеріне ғана қысқаша шолу жасалды. Ал шынында мал азығы, тамақ, дәрі-дәрмек, илік, эфир майы алынатын өсімдік топтарының әр қайсысы жүздеген түрлер құрайды. Өсімдік ресурстарын тиімді пайдалану өсімдік түрлерінің биологиялық ерекшеліктерін, олардың жалпылай және маусымдық өнімділігін зерттеумен қатар дәл есепке алу, қорғау шараларын жүзеге асыруды қажет етеді.