Қазақстанның өсімдік дүниесі. Флоралық құрамы және қалыптасу тарихы. Қазақстан аумағында 5000- ға га тарта жоғары сатыдағы өсімдік түрі кездеседі. Флорасының құрамында шөптесін өсімдіктер негізгі орын алады (84,5%-ы). Бұталар мен шала бұталар 15,3%, ағаш өсімдігі 1,2%-ын ғана құрайды. Қазақстан флорасы эндемик өсімдіктердің көп таралуымен де ерекшеленеді (12%). Олардың біразы реликт түрлерге жатады. Республика аумағының орасан зор екендігін ескерсек, оның өсімдік жамылғысының флоралық құрамын бай деп айтуға келмейді. Мәселен, аумағы Қазақстаннан 6 есе кіші (440 мың км2 ) Кавказ флорасы 6000-ға га тарта өсімдік түрінен тұрады. Қазақстан флорасының түрге оншалықты бай болмауы екі түрлі себеппен байланысты. Біріншіден, оның аумағының 60%-дайы топырақ-климат жағдайлары өсімдіктің өсуіне қолайсыз шөл жөне шөлейт зоналардың үлесіне тиеді. Екіншіден, Қазақстанның едәуір бөлігі геологиялық жағынан жас-бүкіл Каспий маңы ойпаты және Тұран ойпатының батыс бөлігі теңіз астынан түпкілікті төрттік дәуірде ғана босаған. Ал Үстіртті миоценде Сармат теңізі басып жатқан. Сондықтан Қазақстанның батыс жазықтық бөлігін өсімдік кейін басқан және таралуы әлі де аяқталмаған. Қазақстанның өсімдік жамылғысының ерекшеліктері оның қазіргі табиғат жағдайлары ғана емес, сонымен бірге даму тарихымен де тығыз байланысты. Қазіргі өсімдік жамылғысы бор дәуірінің соңы мен палеогеннің басында қалыптаса бастаған. Бұл кезде Қазақстанның көпшілік бөлігін теңіз басқан. Оңтүстіктегі Тұран жазығындағы теңіз Торғай бұғазы арқылы солтүстіктегі Батыс Сібір теңізімен жалғасып жатқан. Торғай бұғазынан батыста – Мұғалжарда, Жалпы Сырт пен Жем үстіртінде Полтава флорасы тараған. Ол лавр, емен, пальма, секвойя т.б. мәңгі жасыл субтропиктік өсімдіктерден тұрған. Торғай бұғазынан шығыста Торғай флорасы деп аталатын мезофильдік жапырақ тастайтын ормандар өскен. Оның құрамына гинкго, шамшат, граб, қарағаш тұқымдастар кірген.
Палеогеннің соңында Торғай бұғазы тартылуына байланысты батыс пен шығыстағы құрлықтар бір-біріне жалғасады. Соған орай полтава флорасы шығысқа, торғай флорасы батысқа қарай таралып, бір-біріне араласады. Неогеннің екінші жартысында климаттың біраз салқыңдауына байланысты полтава флорасын торғай флорасы түгелдей ауыстырады. Бұл флора жалпақ жапырақты ормандардың да, қылқан жапырақты ормандардың да өсімдіктеріне бастама берген.
Теңіз бассейндерінің тартылуына және альпі-гималай белдеуіндегі таулардың көтерілуіне байланысты климаттың континенттігі артып, құрғай түскен. Соған сәйкес Қазақстан аумағыңда орман өсімдігімен қатар саванна, дала және шөл өсімдік типтері қалыптасқан.
Ксерофиттік өсімдік түрлері Оңтүстік Африка және Жерорта теңіз провинцияларынан Иран тау қыраты мен Орта Азия арқылы өткен. Олар оңтүстік шөлдердің және Батыс Тянь-Шаньның тау алды өңірінің эфемерлік формацияларына бастама берген. Мұндай өсімдік түрлеріне қазіргі кезде өсетін бойдана, жоңышқа, эспарцет, бозтікен, кемпіршөп, кейбір бұта және ағаш (Семенов үйеңкісі) туыстары жатады.
Неогенде шөл өсімдігі Каспий теңізі мен Балқаштың арасына түгелдей таралады. Қазақстанның жазықтық бөлігіндегі неогендегі жалпақ жапырақты орман флорасы түгелдей жоғалады. Орманның жеке ареалдары тек біршама ылғалды тау жоталарының беткейлерінде ғана сақталып қалады. Мәселен, Қазақстандық Тянь-Шаньдағы жаңғақ ормандары осындай реликтіге жатады. Тап осы кезде Қазақстанға Орталық Азия тау қыраттарынан тау ксерофиттері таралады. Оның басты өкілдері: қараған, бетеге, қазселеу, таспа туыстары. Олар қазіргі кезде Алтай мен Тянь-Шаньның биік тау даласы өсімдігінің құрамына кіреді және жазықтағы дала мен шөлейт зоналарында кең таралған.
Сонымен, палеогенде, елдің жазықтық бөлігінде, теңіз жағалауларында және құрлық аралдарында қалың субтропиктік жалпақ жапырақты ормандар өскен. Неогенде теңіз алаптарының тартылуына байланысты климат құрғап, салқындаған кезде субтропиктік ормандар алдымен қоңыржай ормандармен алмасты. Кейін климаттың континенттік әрі қарай артуына байланысты орманның аумағы қысқарып, оның орнына ксерофиттік өсімдік типтері басқан.
Қазақстанның шығысы мен оңтүстік-шығысындағы таулар жергілікті мұз басуға ұшырады. Салқын және ылғалды климат орнауына байланысты жалпақ жапырақты орман флорасы түгелдей дерлік құрып кетті. Оның тек аздаған жұрнақтары оңтүстіктегі таулардың ылғалды беткейлерінде ғана аз көлемде сақталып қалды. Оның есесіне қылқан жапырақты орман ареалын кеңейтеді. Бұрынғы жалпақ жапырақты ормандардың орнын солтүстіктен келген қарағай, шырша, майқарағайдан тұратын қылқан жапырақты ағаш туыстары және оларға ілесе кірген қайың, қандыағаш, көктерек алады. Қазіргі Сарыарқадағы Баянауыл, Қарқаралы, Көкшетау оқшау қайың аралас, қарағай ормандары, Ертіс бойының шұбатылған қарағай ормандары осы мұзбасу дәуірінің реликтері болып табылады. Тап осы кезде Жоңғар Алатауы мен Солтүстік Тянь жоталарына Алтай арқылы өсімдік түрлері таралады. Олардың көпшілігі мұз басудан кейінгі неғұрлым жылы және құрғақ климат жағдайына бейімделіп, қазіргі кезге дейін сақталып қалған. Осы жолмен тау жоталарын бойлап Сібірден арктикалық-альпілік өсімдік түрлері де өткен. Олар қазіргі альпі және субальпі өсімдіктерінің негізін құрайды.
Мұзбасудан кейінгі дәуірде ксерофиттік өсімдіктер кең таралып, Қазақстанның жазықтық бөлігінде солтүстікте орманды далаға дейін барады, ал оңтүстік-шығыс және шығыс таулы аудандарда жоғарыда биіктау белдеуіне дейін кетеріледі. Мұзбасу дәуірінде кең жайылған қылқан жапырақты ормандар, Сарыарқаның аласа тауларында және биік таулы аудандарда жеке аралдар түрінде сақталып қалған. Қазақстанның жазықтық бөлігі орманды дала, дала, шөлейт жөне шөл геоботаникалық (табиғат) зоналарына белінеді.
Орманды дала табиғат және геоботаникалық зонасы. Қазақстанның қиыр солтүстігіндегі шағын алқапты қамтиды. Мұнда шалғынды дала мен ұсақ жапырақты шоқ ормандар кезектесіп таралған. Зонаның өңірінде жеке өсімдік топтарының таралуы аумақтың ылғалдану дәрежесімен тікелей байланысты.
Ең құрғақ қыраң суайырықтарда әртүрлі шөпті – астық тұқымдасты дала өсімдігі өседі. Табиғи күйінде сақталған алқаптарда жіңішке жапырақты шымды астық тұқымдастар-қызғылт селеу, боз селеу және бетеге орын алады. Әртүрлі шөптерден мезофильдер-алты күлте лабазник, ұйқы шөп, терістік қызылбояуы т.б көп таралған.
Ылғал молырақ жерлерде шалғынды астықтұқымдасты әртүрлі шөпті дала алып жатады. Дала өсімдігінің бұл типі плакорларда кең таралған. Астық тұқымдастардан боз селеу мен жіңішке жапырақты селеу және жалпақ жапырақты мезофильдік шөптер жатаған бидайық, қылтанақсыз арпабас басым. Әртүрлі шөптерден мезофильдік түрлер-дала лабазнигі, шелна туыстары т.б. кездеседі.
Бұдан да ылғалдырақ жерлерде қайың-көктерек ормандары өседі. Қазақстандық орманды даланың солтүстік бөлігінде орман плакорларда кең таралған, ал оңтүстікке таман олар шұқанақтардағы шағын алқаптарды ғана алып жатады. Орманды даланың көк желегі қайың мен көктеректен тұрады. Негізгі орынды түкті қайың алады.
Шұқанақтардағы сортаң топырақта түкті қайыңға туыстас эндемик қырғыз қайыңы өседі. Құмды жерлерде бірен-саран шағын қарағай орманы кездесіп қалады. Шұқанақтардың орталықтарын ылғалды, кейде батпақты қияқ шалғыны алып жатады. Су көктемде уақытша түсетін тайыз, шағын көлдердің тартылып қалған орнында, өзен жайылмалары мен көл қазан шұңқырларының шеттерінде айрауық, бидайық жене түлкіқұйрық шалғындары өседі. Орманды дала зонасының далалық алқаптары көбінесе егістікке айналып кеткен.
Дала зонасының өсімдік жамылғысының ерскшелігі – оның құрамында ксерофиттік жіңішке жапырақты астық тұқымдастардың басым болуы. Зонаның өсімдік құрамы топырақ-климат жағдайларына байланысты солтүстіктен оңтүстікке қарай өзгереді. Солтүстігінде кәдімгі және оңтүстік қара топырағында астық тұқымдастар мен әртүрлі шөп өсімдіктері аралас таралған. Оңтүстікке қарай жүрген сайын әртүрлі шөптер азайып, оның орнына астық тұқымдастардың ксерофиттік түрлері басым орын алады. Жалпы алғанда зонада астық тұқымдастардан қызғылт селеу, қылтан селеу, бетеге, қоңырбас, сұлыбас, атқонақ; әртүрлі шөптерден дала шалфейі, сары жоңышқа, беде, ұйқы шөп, қазтабан, жусан т.б. басым.
Әртүрі шөпті – астық тұқымдасты даланың өсімдік құрамы жер бетінің ылғалдану дәрежесіне қарай өзгереді. Неғұрлым ылғалды жерлерді даланың бұл типінің шалғынды түрі алып жатады.
Мұндай даланың неғұрлым құрғақ түрі селеулі-әртүрлі шөпті дала. Мұнда да негізінен қызғылт селеу мен бетеге басым. Сонымен бірге оларға көп мөлшерде қылтан селеу, қоңырбас, сұлыбас араласады. Әртүрлі шөп құрамында жусанның бірнеше түрлері, жоңышқа, бөденешөп кіреді. Сарыарқаның аласа тауларында, Торғай үстіртінің солтүстігі мен Ертіс маңында қарағай ормандарының шағын аралдары кездеседі. Ойыс жерлерде қарағайға қайың, көктерек және түрлі бұталар араласып өседі. Бұл ормандар төрттік мұз басу кезеңінің реликтері болып табылады.
Зонаның оңтүстігінде күңгірт қызыл қоңыр және қызыл қоңыр топырақты бетегелі-селеулі далада Лессинг селеуі, қылтан селеу және бетеге басым. Әртүрлі шөптер өте аз және олар көбінесе оңтүстік ксерофиттік түрлерден тұрады (қалампыр, қызылбояу туыстары т.б.).
Зонаның өсімдік жамылғысының басты ерекшелігі – кешенді болып келуінде. Шағын алқапта астық тұқымдасты далалық өсімдіктер мен жусанды-сораңқы шөл өсімдіктері араласып кездеседі. Олардың қайсысының басым болатындығы ылғал мен топырақтың сортаңдығына байланысты.
Ең құрғақ жерлерде бозғылт қызыл қоңыр топырақта жусанды және жусанды-соранды өсімдік ценоздары таралған. Плакорларда сортаңдығы төмен топырақтағы астық тұқымдас ценоздардың теңбіл аралдары сортаңдау топырақта өсетін ақ жусан, изен, мыңжапырақ теңбілдерімен кезектесіп келеді. Сортаңдарда бүйірғун, көкпек, итсигек, қара жусан теңбілдері орын алады. Осы айтылған өсімдік топтары микрорельеф жағдайларына байланысты таралып, бір-бірімен құрақты көрпедей ұштасып жатады.
Шөлейттің өсімдік кешені әдетте екі мүшеден: астық тұқымдасты ценоз бен жусанды ценоздан тұрады. Кейде үш мүшелі: астық тұқымдасты, жусанды және соранды ценоздардан тұратын кешен құрайды. Астық тұқымдастардан: бетеге, селеудің ксерофиттік түрлері (қылтан селеу, Лессинг селеуі) еркек өседі. Жусанның түрлерінен: ақ жусан, Лессинг жусаны, қара жусан басым. Сораңдар негізінен бұйрғын, көкпек және итсигектен тұрады. Зонадағы ұсақ шоқылы алқаптардың (Сарыарқа, Мұғалжар) топырағы қиыршықты болып келеді. Мұндай топырақ су өткізгіштік және жылу қасиеті жөнінен саздақ топырақтан айырмашылық жасайтындықтан оның өсімдік құрамында айқын өзгешелік байқалады. Қиыршықты бозғылт қызыл қоңыр топырақта өсімдік сирек, негізінен қылқан селеу мен Лессинг жусанынан тұрады. Кейбірі грунт суы бетіне шығып жататын жерлерде қараған, итмұрын және қотырқайың бұталары кездеседі. Олардың көлеңкесінде шалғын шөп өсімдігі өседі. Гранит шоқыларда жеке өскен қарағай және арша бұталары ұшырасады (Қызылрай, Қарқаралы т.б.).
Шөлейт зонаның едәуір бөлігін құм алып жатады. Төбешікті және қырқа құмдар батыста Каспий маңы ойпатында (Нарын, Тайсойған т.б), шығыста – Ертістің жоғарғы ағысында (Қызылқұм), және Зайсан қазан шұңқырында (Бұландықұм) таралған. Батыстағы құмдарда еркек-шағыр ценоздары басым. Көпшілік жағдайда еркек дербес өседі. Шығыстағы құмдарда еркек, қияқ, ерсағыз, сүттіген т.б араласып кездеседі. Құм төбелердің аралықтарындағы қазан шұңқырларда грунт суы жеткілікті жағдайда тал, көктерек, қаратерек тоғайлары және сортаңдау шалғындар кездеседі.
Шөл зонасы Қазақстанның оңтүстік үлкен бөлігін (аумағының 40%-ын) қамтиды. Оған Каспий маңы ойпатының оңтүстік бөлігі, Тұран жазығы және Тянь-Шань мен Жоңғар Алатауының тау алды жазықтары кіреді. Шөл зонасының солтүстіктегі шөлейтпен арасындағы шекара шамамен 48 және 46° с.е аралығымен өтеді.
Биоклиматтық жағдайларына қарай шөл зонасын әдетте солтүстік және оңтүстік кіші зоналарға бөледі. Солтүстік шөлге Каспий маңы ойпаты, Үстірт, Солтүстік Арал маңы, Бетпақдала, Сарыарқаның Балқашқа қараған оңтүстік шеті, Оңтүстік Балқаш маңы құмдары мен Мойынқұм кіреді. Оңтүстік кіші зона негізінен Сырдария өзенінен оңтүстіктегі алқапты және тау алды жазықтарын қамтиды. Солтүстік және оңтүстік кіші зоналар бір-бірінен жауын-шашынның мөлшері, температураның амплитудасы және жауын-шашынның жыл маусымдарында таралуы жөнінен айырма жасайды. Осы айтылғандардан өсімдік жамылғысының сипатына әсіресе жауын-шашынның жыл маусымдарына қарай бөлінуі үлкен әсерін тигізеді. Солтүстік кіші зонада жауын-шашын вегетациялық кезеңде біршама бөлініп таралған. Оңтүстік кіші зонада жауын-шашын ерте көктемде көп түседі және бұл уақытта буланушылық дәрежесі әлі де төмен болады. Сәуірден кейін ылғалды, әрі жылы көктем құрғақ жазға ауысады. Сондықтан оңтүстік кіші зонада көктемде эфемерлер қаулап өседі. Топырақтағы ылғал қоры таусылғаннан кейін эфемерлердің өсуі тоқталады, дамуы бүкіл вегетациялық кезеңге созылатын өсімдіктің өсуіне жағдай қалмайды.
Төбешікті және қырқа құмдардың бастарында нағыз псаммофиттер шоғырланған.
Олар ақселеу, раң, құмаршық, қияқ. Ақселеу немесе құм селеу, сусыма құмда алғаш қоныстанатын өсімдік. Биіктігі 1 м-ге дейін барады. Кейде әр жерде бытырап жататын шағын топтар құрайды, бірақ жер бетін 10%-дан артық жаппайды. Ақселеу құмның астындағы ылғалды қуалай таралатын ұзындыгы 10 м дейін баратын бүйір тамырлар жібереді. Шоқ түпті құм басып қалған жағдайда жапырақтардың қойынындағы бүршіктен тамыр шығады да буынаралық бөлігі құмды тезарада жарып жер бетіне шығады. Одан жаңа бір топ жапырақ пайда болады да, ол сабаққа айналады. Керісінше жел құмды үріп алып кетіп, өсімдіктің түбі ашылып қалған жағдайда саудырап түскен жапырақтар оны тез кеуіп кетуден сақтайды. Тамырдың өзін тұз қатырған құм түйіршіктері жабысып, қаптап жатады. Ақселеу құмның көшуін саябырлатып, басқа өсімдіктердің өсуіне жағдай тудырады.
Төбешіктердің беткейлерінде ағаш және бұта өседі. Ағаштардан ақ сексеуіл, бұталардан жүзгін, құм қараған (немесе қандым), теріскен, шеңгел сипатты. Сексеуіл тоғайлары негізінен ұсақ төбешікті құмдарға шоғырланған.
Төбешіктердің, қырқалардың және барқандардың аралықтарындағы алаңдардың өсімдігі тегістелген құмды жазықтарға ұқсас. Кейде ірі қазаншұңқырлардың түбінде шұраттар кездеседі. Ондай жерлерді айрауық, бидайық, ажырық, ақмамық шалғындары, қамыс, балғын сораң қаулары немесе сорлар, тақырлар алып жатады.
Саздышөлдер Үстіртте, Маңғыстау үстіртінде, Бетпақдалада орын алады. Мезозой және палеоген – неоген түпкі жыныстарының үстіңде түзілуіне байланысты сазды шөлдердің топырағы азды-көпті сортаңданған. Сондықтан сазды шөлдерге жусандысораңды ассоциациялар сипатты. Топырақ неғұрлым тұзды болып келсе, оның әсімдік жамылғысында сораңдар көп орын алады да, эфемерлер аз кездеседі. Жусанның түрлерінен сұр жусан, тұран жусаны, хош иісті жусан басым. Сор топырақта: бұйрғын, көкпек, ақсора өседі.
Тастақ немесе қиыршық тасты шөлдер аз таралған. Олар Сарыарқаның оңтүстік шетін, Бетпақдаланың шығысын және оңтүстіктегі тау етектерін қамтиды. Көпшілік жағдайда қиыршық тасты шөлдерде гипс минералы топырақтың беткі қабатынан шайылып, аз тереңдікте жинақталады (Сондықтан оларды гипсті шөл деп те атайды). Осыған байланысты қиыршық тасты шөлдерді әр қашанда сортаңданған шөл деп есептеуге болады. Бұл жағдай оның өсімдігіне де шешуші әсерін тигізеді. Қиыршық тасты шөлдердің өсімдік жамылғысы тұзға төзімді ксерофиттерден, негізінен аласа бұталар-жусан мен сораңдардан тұрады. Мұнан қиыршық тасты шөл өсімдігінің сазды шөлдерден аз айырма жасайтындығы байқалады. Шамалы сортаң топырақта баялыш (бұта түріндегі сораң) ал топырақ көбірек сортаңданған жағдайда тас бұйрғын (сораң шала бұта) басым келеді. Сортаң және сор топырақта түрлі галофильдер (сораң, ақсора т.б.) кең таралған. Солтүстік Кіші зонада сұр жусан басым.
Сор басқа зоналармен салыстырғанда шөл зонасына өте сипатты элемент болып саналады. Сорлар шағын ойыстарда. Каспий, Арал, Балқаш көлдерінің жағалауларында, өзендердің сағасына жақын маңда жиі кездеседі. Жаз кеуіп қалатын шағын көлдер де сорға айналады да олардың төңірегін сор кешендері түгел қамтиды. Сорда өсімдік жер бетін біртұтас жаппай шөлдің басқа типтеріне сұғына кірген шағын алқаптар құрайды.
Эфемерлік шөлдер Батыс Тянь-Шань жоталарынын етегіндегі тау алды жазықтарын және Қызылқұм шөлінін оңтүстік бөлігін қамтиды. Оңтүстік кіші зонаға эфемерлі және жусандыэфемерлі ассоциациялар сипатты. Эфемерлерден баданалы қоңырбас және жуан сабақты қияқ басты орын алады. Көктемде эфемерлік шөл өсімдігі қаулап өседі. Олар бір жылдық шөптер (арпабас, мортық, сарғалдақ, көкнәр), монокарпиктер (рауғаш және сасыр) және эфемероидтардан (қазжуа, қызғалдақ, шырыш, көбенқұйрық) тұрады. Мамырда, жазғы құрғақшылық басталысымен-ақ бұл өсімдіктер қурап қалады да, ояңдарда кейбір ксерофиттер сақталады.