Жыныссыз көбею формаларын топтастырыңыз.
Жыныссыз көбею — өсімдіктер мен жан-жануарлар ағзаларының бір бөлімінен өзі тәрізді жаңа ағзаның өсіп шығуы; ағзалардың жыныстық қарым-қатынассыз және жыныстық жасушалардың қатысуынсыз көбеюі. Ұрпақ таратудың өте ертеде қалыптасқан жолы болғандықтан жыныссыз көбею көбінесе біржасушалы ағзаларда кеңінен таралған бірақ кейбір көп жасушалы ағзаларға да тән: саңырауқұлақтарда, өсімдіктерде, жануарларда жатады.[1]
Жыныссыз көбеюдің екі жолы бар: 1) вегетативтік өніп-өсу, 2) споралану.[2]
Жыныссыз көбеюдің нәтижесінде түрлердің биологиялық қасиеттері ұрпақтан ұрпаққа беріліп, сақталып отырады. Жыныссыз көбеюде бір ата-аналық дарабас тұқым қуалау белгілері бойынша өзіне ұқсас екі немесе одан да көп жаңа дарабасқа бастама береді. Жыныссыз көбею гаметалардың түзілуінсіз, бір клеткалы және төменгі сатыдағы ағзалардың бөлінуі немесе бүршіктенуі нәтижесінде, сондай-ақ әрі қарай жеке өмір сүруге қабілетті спора түзу арқылы жүзеге асады. Жаңа ағзаның дамуына бастама беретін арнайы жасушалар (споралар) түзілуін – жыныссыз көбею және вегетативтік көбею деп бөліп қарайды. Олар негізінен өсімдіктерде кеңінен таралған. Олардың айырмашылығы: біріншісінде көбею тек бір жасушадан (цитогония), ал екіншісінде көп жасушадан немесе жасушалар топтарынан түзіледі. Бөліну арқылы бір жасушалы азғалар көбейеді. Әр дарабас өзіне ұқсас екі немесе одан да көп жасушаларға бөлінеді. Клетканың бөлінуінің алдында ДНҚ-ның репликациясы болып өтеді. Көп жағдайда бір-біріне өте ұқсас жасушалар түзетін бинарлы бөліну байқалады. Бұл жолмен бактериялар, көптеген қарапайымдар, оның ішінде амебалар, парамеция және кейбір бір жасушалы балдырлар (мысалы, евглена) бөлінеді. Көптік бөліну (шизогония), организмнің ядросы алдымен бірнеше қайтара бөлініп, соңынан ядро санына қарай өте көп дарабастар пайда болуы арқылы жүзеге асады. Мысалы, оған адамдағы безгек ауруын қоздырушы безгек плазмодийі жатады. Бүршіктену арқылы көбейгенде жаңа дарабас алғашында аналық ағзасынан өскін ретінде түзіліп, соның нәтижесінде оған өте ұқсайтын жеке ағза болып бөлініп түседі. Бүршіктену ішекқуыстыларда, мысалы, гидра және бір жасушалы саңырауқұлақтарда кездеседі. Дарабастардың екі немесе бірнеше бөліктерге бөлінуі арқылы көбеюі талшықты балдырларға, теңіз құрттарына тән. Олардың әр бөлігінен жаңа дарабас түзіледі. Спора арқылы көбейетін түрлерде, жаңа ағза ата-анасының біреуінің тұқым қуалайтын негізі бар арнайы жасуша – спорадан дамиды. Спораның түзілуі бактерияларда, қарапайымдарда, саңырауқұлақтарда және өсімдіктердің барлық түрлерінде кездеседі. Споралар өзінің құрылымы және қызметі бойынша әр түрлі болуы мүмкін. Дәнді өсімдіктердің микроспоралары (тозаң түйіршіктері) және мегаспоралары (ұрық қапшығы), тозаң қапшығы және ұрық бастама деп аталатын спорангияда түзіледі. Споралар өте көп мөлшерде түзіледі және олар жеңіл болғандықтан жел, жануарлар және жәндіктер арқылы оңай таралады. Жыныссыз көбею. структуралық-физиологиялық құрылымы төмен сатыдағы жануарларда, мысалы, адамның паразиттерінде кездеседі. Паразитті тіршілік ететін түрлерде Жыныссыз көбею олардың санының өсуіне ғана емес, сондай-ақ қолайсыз жағдайда тіршілігін сақтап қалуға да көмектеседі. Мұндай жағдай сүтқоректілердің кейбір түрлеріне де тән. Мысалы, сауыттылардың (Dasypodіdae) эмбриондық дамуының ерте кезінде бөлінуге қабілетті ұрық дискісі бірнеше дарабастарға бастама беретіні анықталған. Мұндай сирек құбылыс адамда да кездеседі (мысалы, бір жұмыртқалы егіздер). Тіршіліктің даму процесінде Жыныссыз көбею жынысты көбеюден ерте пайда болған. Жыныссыз көбеюдегі генетикалық өзгергіштіктің бірден-бір көзі кездейсоқ мутациялар болып есептеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |