«Төрт» сөзі көз сөзімен тіркесіп метафораланған тіркестер жасайды: қазақ тіліндегі екі көзі төрт болу «күту, әбігерлену, тынышы кету», төрт көзі түгел «жанұясы аман-есен, барлығы түгел», түн ұйқысын төрт бөлу «мазасы кету, алаңдау», төрт арыстың баласы «бүкіл ел, халық», төрт аяғы тең теңселген (жорға) 1. «жақсы жорғалайтын ат»; 2. «төгіле жырлайтын халық», төрт аяқтан ақсады «ауыртпалық басына түсіп, қатты қиналды», төрт аяқты екенсің! (қарғыс) «қу,зұлым», төрт табандады «екі аяқ, екі қолын тіреп тұра қалды». Түркі халықтарында, әсіресе, қазақ халқы үшін төрт түлік күн көріс пен тіршіліктің негізгі көзі болған. Төрт түлік мал фраземасының мотиві – түйе, жылқы, сиыр, қой. Тілде сақталған төрт түлігі сай болды «малға байыды, бай болды» фраземасы да осы түсінікпен тікелей байланысты.