І. Әлемдік және отандық тәжірибеге сүйене отырып, 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшудің негіздемесі
Білім беру жүйесіндегі өзгерістерге негізделген әлемдік дамудың негізгі үрдістері мыналар болып табылады:
қоғам дамуының қарқындылығы;
постидустриалдық, ақпараттық қоғамға көшу, мәдениаралық өзара қатынас ауқымының кеңеюі,;
халықаралық ынтымақтастық нәтижесінде шешілуі мүмкін ғаламдық проблемалардың туындауы және өсуі;
қоғамның демократиялануы;
экономиканың қарқынды дамуы, бәсекелестіктің өсуі;
адам капиталы мәнінің артуы.
Осыған сәйкес дамыған елдердің білім беру жүйесінде білім беру философиясы мен әдіснамасын жаңарту үрдістері, білім беру мазмұнын құру әдістерінің өзгеруі, білім беру мазмұнындағы жетілдірілген моделдердің жасалуы, білім беруді басқарудың тиімді тәсілдерін іздеу және т.б. үрдістер байқалып отыр.
Оқытудың дәстүрлі өнімсіз стилін ығыстыру және оқушылдың танымдық белсенділігі мен өзіндік ойлауын қамтамасыз ететін жаңа дамытушы, сындарлы білім беру моделіне көшу әлемдік білім берудің стратегиялық бағыттарының бірі болып табылады.
Қазақстандық жалпы орта білім беретін мектеп соңғы жылдары өзінің келбетін өзгертті. Білім беруді жаңарту жүйесін қолдайтын нақты қадамдар жасалды. Олардың ішінде мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандарттарының әзірлену және енгізілуі, кредиттік технология негізіндегі үш сатылы жоғары білім моделінің енгізілуі, вариативті білім берудің енгізілуі, білім сапасын бағалау критерийлерін әзірлеу жөнінде жұмыстар басталды.
Бірақ қол жеткен жетістіктер адам капиталының дамуы мен орнықты экономикалық өсуді толық қамтамасыз ете алмайды.
Қазақстанның білім беру жүйесінің даму деңгейіне кері ықпал ететін мынадай факторлар қалып отыр:
Орта білім беру жүйесінде диагностикалық мақсаттылықтың болмауы.
Білім берудің жеке тұлғаның дамуына емес, формальды нәтижелерге бағдарлануы.
Оқу жетістіктерін бағалауда оқушыны қызықтырмайтын, шынайылықты қамтамасыз етпейтін және қиындық тудыратын жағдайға душар ететін ескірген жүйенің сақталуы.
Жасөспірімдердің тұлғалық, азаматтық және адамгершілік қасиеттерінің жеткілікті дамымауы, өзін-өзі анықтау мотивтерінің болмауы, өзіндік қызығушылығы мен болашақ жоспарын сезіну деңгейінің төмендігі.
Достарыңызбен бөлісу: |