Бұлдыбай Анарбай Сағиұлы



Pdf көрінісі
Дата01.01.2017
өлшемі295,1 Kb.
#955

                                                                      Бұлдыбай Анарбай Сағиұлы 

                                                                Әл Фараби атындағы  Қазақ  ұлттық  

                                                           университетінің профессоры, ф.ғ.к. 

 

Ұлылардың ұстанымын жалғастырған - Жамбыл Жабаев 



 

Жыр  айтуда  өзіндік  өрнегі,  қолтаңбасы  бар  ақындық,  жыр  айту 

мектебінің  бірі  –  Жетісу    ақындық  дәстүрі.  Бұл  мектептің  негізін  салған 

Жетісу ақындарының барлығы дерлік өзіне ұстаз санаған Қабан жырау, XVIII 

ғасырдың  әйгілі  күйшісі,  әрі  жырауы  Күсеп  Жиенқұлұлы,  оның    баласы 

Арон,    немересі  Сүйінбай.  Ал  осылардың  дәстүрін  жалғастырған  Жамбыл 

Жабаев тұлғасы сан қырлы. Осы сан қырлы таланттың жетілуіне, ақын болып 

қалыптасуна оның ұстаздары мен, шығармашылық жолда арласқан ағалары, 

замандастары  аз  әсер  етпеген.  Сондай-  ақ  Жамбылдың  ақындық  жолын 

жалғастырған  шәкірттері  туралы  зерттеу  бұл  үлкен  бір  сала.  Біз  бұл 

мақаламызда  Жамбыл  және  оның  ұстаздары,  тұстас  ақындары  туралы  ой 

қозғауды жөн көрдік. 

Өз  тұсында  «өлең  сөздің  қызыл  желі»  атанған  Сүйінбайдың  ақындық 

өнеріне  ден  қоюшы  жас  ақындар  оның  қасынан  қалмай  топ-топ  болып 

жүрген.  Сол  жастардың  бірі,  ұлы  ақынды  төңіректеп,  оның  тәрбиесін  көп 

көрген Жамбыл Жабайұлы. 

 Жетісу  ақындық,жыр  айту  дәстүріне  сүбелі  үлес  қосқан  дарындардың 

қатарында  жоғарыда  аталған  тұлғалармен  қатар  Түбек,  Бақтыбай 

Жолбарысұлын,Құланаян Құлмамбетті атауға болады.  

Жамбыл  кімнен  тәлім  алды,  өлеңде  кімдерді  ұстаз  тұтты,  қандай  өнер 

адамдарымен  қарым-қатынас  жасап,  айтысқа  түсіп,  жыр  майданындағы 

білімін толқытырып отырды деген сұрақтардың кім-кімді де қызықтыратыны 

даусыз. Бұл ретте Жамбыл өзі мойындап айтып кетткен Сүйінбай мен есімі 

ертеден  мәлім  болғанымен  енді  ғана  өмірі  мен  шығармашылығы  зерттеу 

нысанына  айнала  бастаған    Жетісу  ақын  -  жыраулары  пір  тұтқан  атақты 

Қабан жырауды ереше атағанжөн.Қабан жырау өз заманының әрі ақыны, әрі 

батыры, әрі жырауы, әрі сәуегей абызы  болған тұлға. 

Жырау  туралы  деректер  әлі  де  аз  болғанымен,  көнекөз  қариялардың 

айтқан  аңыз,  дәйектері  ізімен,  Сүйінбай,  Бақтыбай,  Кенен,  Әбікен  т.б. 

ақындардың  жыр-толғауларындағы  деректі  жолдар  арқылы  Қабан  жырау 

туралы  біршама  мәліметтер  жинақталған.  Қабан  жырау  Жалайыр  ішіндегі 

Мырза  деген  рудан  шыққан.  Шамамен  XVIII  ғасырдың  басында  дүниеге 

келген,  тоқсан  жыл  өмір  сүрген.  Ел  есіндегі  естелік  аңыздарға  қарағанда, 

Ескелді, Балпық билермен Райымбек, Өтеген батырлармен тұстас.  

  Қабан  ақынды  ұстазым  деп  санағандар  аз  емес.  Соның  бірі  айтыс 

өнерінің асқан  шебері, от ауызды, орақ тілді Жалайыр Бақтыбай. Ол түсінде 

өзіне  Қабан  ақынның  ақ  балдақ  бергенін  өмір  бойы  мақтанышпен  айтып 

өткен,  пір  тұтқан,  Жамбыл  атамыз  секілді  арқалы,  әруақты  ақындармен 

айтысарда Қабан ақынға сыйынған [1,29]  


  М.Әуезов «айтыс өнерінің алтын діңгегі» атанған Сүйінбай мен «ағыны 

аспандағы жұлдыздай боп» (Ақын Сара) өткен Бақтыбайдың бас иген адамы  

Қабан  ақынды  (Қаблиса)  қадір  тұтқан  халайық  «Ақын  ата»,  «Абыз-ата», 

«Қаблиса  жырау»,  «Әулие»  деп  те  атаған  көрінеді.  Күміс  көмей  әнші, 

композитор Кенен Әзірбаев өзінің «Жамбыл-жыр» деген өлеңінде: 

 

   



 

Ұстазы Сүйінбайдың Қабан ақын,  

   

 

Бас иген Ұлы жүзде тамам ақын. 



   

 

Нағашысы жалайыр Қабан ед деп,  



   

 

Жамбыл атам айтатын маған атын. 



   

 

Атағың үлкен еді-ау, Қабан жырау, 



   

 

Жамбылдың айтқан сөзі есте тұр-ау, –[2,98] 



 

деп  тебірене  толғайды.  Бақтыбай  Жолбарысұлы  өзінің  түсіне  кіріп,  бойына 

ақындық  шарапатын  дарытқан  аруақты  жырауды  ғұмыр  бойы  аузынан 

тастамаған: 

 

   


 

Қабан атам дейтұғын, 

   

 

Менің пірім болады, – [1,101] 



 

деп, немесе, 

 

   


 

Атам Қабан оңласа,  

   

 

Ескелді, Балпық, Нарымбай, 



   

 

Асан - Сиық қолдаса, – 1,101] 



 

деп арқаланып, 

 

   


 

Асанда ақын ата әулие өткен, 

   

 

Инеге қара сөзді сабақтаған, –[1,101]  



 

деп аспандата ардақ тұтып отырады екен. Мұндай мойындау, сиыну, құрмет 

лебіздері Жетісу жерінің арғы-бергі заманында өткен Мәулімбай, Қыдырәлі, 

Есенгелді,  Қалқа,  Темірғали,  Артық,  Әбікен  және    т.б.  айтыскерлер  әр 

кездерде-ақ айтқан.  

М.Жолдасбеков    «Қабан  кезінде  жырау  болған,  айлап  айтса 

таусылмайтын  эпостарды,  замана  жайында  терең  толғауларды  жырлаған. 

Өкініші,  соның  ешқайсысы  да  сақталып  бізге  жетпеген.  Сыпыра  жырау 

тәрізді,  Қабанның  есімі  өзінен  кейінгі  ақындардың  аузынан  түспеген. 

Сүйінбай жасында Қабанның көшінен жеті күн қалмай, ілесіп жүріп батасын 

алса керек»,- [3,254]  дейді.  

  Қабан  жырау  XVIII  ғасырдағы  Шал,  Көтеш  ақындар  тәрізді 

айтыскерлігімен  де  аты  шығып,  кейінгі  ақындарға  үлгі  мектебі  болған. 

Ақынның  Таутан  қызбен,  Тұмаршамен  айтысы  ел  аузында  жатталып, 

сақталып  бүгінгі  күнге  жеткен.  Қабан  жырау  есімі  М.Әуезовтың  «Айтыс 


ақындары» деген зерттеуінде, «Қазақ әдебиеті тарихында» Қалқа Жапсарбаев 

туралы мақалада кездеседі. [4, 70] 

Жамбылдың  тағы  бір  ұстазы  Сүйінбай  Аронұлы  –  XIX  ғасырдың  30-

жылдарынан  80-жылдардың  соңына  дейін  алпыс  жылдан  астам  іркіліссіз 

жырлаған,  айтыста  жеңіліп  көрмеген  аса  көрнекті  ақын  -  жырау.  Оның 

өлеңдері  мен  айтыстарында  XIX  ғасырдағы  қазақ  елінің  өмір-тіршілігі, 

арман-мұраты  көрініс  тапқан.  Жасынан  қолында  билігі  мен  байлығы 

барлардың  кедей-  кепшікке  көрсеткен  зорлық-зомбылығын,  әлеуметтік 

әділетсіздікті  көріп-біліп  өскен  ол  қара  халықтың  жоқшысы  болды.  Би  мен 

бектің,  атқа  мінерлердің  халыққа  жасаған  қиянаттарын  алмастай  өткір 

жырлармен  естен  кетпестей  қып  бетіне  басты.  Ел  бірлігін,  оның 

тәуелсіздігін,  сол  жолдағы  ерлердің  жанқиярлығын  талмай  жырлады.  Ол 

өзінің  бұл  биік  адамгершілік-этикалық  ұстанымын  жолын  қуған  талантты 

шәкірттерінің көкірегіне құйып отырған. 

  Жамбылдың  Жетісу  өңірінің  даңқты  ақыны  Сүйінбаймен  кездесіп, 

батасын алуы оның ақындық бағын ашқан айтулы оқиға болады. Бірде 14-15 

жастардағы  Жамбыл  жарапазан  айтуды  сылтауратып,  Сүйінбай  ауылына 

келеді.  Үйінің  сыртында  ат  үстінде  тұрып,  жарапазанға  жалғастыра  өз 

жанынан өлең шығарып, ұзақ жырлайды. 

 

Ардақты үйдің иесі, 



Бата бер менің жырыма. 

Қуат бітіп үніме, 

Көңілін тапсын елімнің. 

Жар бол да, өзің жәрдем ет, 

Жібер мені бір демеп, –[5,102] 

 

деп өтінеді жасөспірім ақын. Жамбылдың жыр жолдарына сүйінген Сүйінбай 



Жамбылды  үйге  шақырып,  ұзақ  отырып,  өлеңін  зор  ықыласпен  тыңдайды. 

Бала  ақынның  болашағынан  үлкен  үміт  күткен  көреген  жырау:  «Осы 

шабысыңнан  тайма!  Өлең-жырыңды  дауылдата  бер!  Жолың  болсын! 

Бақытың  ашылсын,  балам!  Шындықты  айт,  әділдікті  жырла!  Кәне,  тозығы 

жеткен  жолға  түспе,  жаңа  жол,  даңғыл  жолға  түс!  Өлеңің  бүкіл  халық 

сүйсініп,  көңілімен  иіліп  тыңдайтын  өлең  болсын!  Сенің  көңіліңнің  асылы 

патшаның қазынасынан да бай болсын!» –[6,92]  деп бата береді. Жамбыл да: 

 

Менің пірім – Сүйінбай, 



Сөз сөйлемен сиынбай. 

Сырлы сұлу сөздері 

Маған тартқан сыйындай. 

Сүйінбай деп жырласам, 

Сөз келеді бұрқырап, 

Қара дауыл құйындай, – [5,28] 

 


деп,  Сүйінбайдың  өсиетін  өмір  бойы  есінде  сақтап,  ұстазының  есімін 

ардақтаумен өтеді. 

Ұлы  Жамбылдың  даңқты  ұстазы  Сүйінбай  Аронұлы  –  қазақ  халқының 

ХІХ  ғасырда  өмір  сүрген  ең  әйгілі  өнерпазы,  табиғи  зор  талант  иесі, 

суырыпсалма  өнердің  жарық  жұлдыздарының  бірі.  Оның  озық  поэзиясы 

біздің  көп  ұлтты  әдебиетіміздің  алтын  қорына  қосылған  әлеуметтік  мәні 

үлкен шығармалардың қатарына жатады.  

Сүйінбайдың 

поэзиясы 

әрқашан 


терең 

философиясымен, 

ой 

сұлулығымен  және  тіліндегі  соны  поэтикалық  өрнек  -  айшықтарымен 



ерекшеленеді. Оның ақындық, азаматтық даңқы туған жерінің шегінен асып, 

туысқан  қырғыз,  қарақалпақ  халықтарына  да  кеңінен  мәлім  болды.  Міне, 

сондықтан  да  академик  -  жазушы  Мұхтар  Омарханұлы  Әуезов  Сүйінбайды 

«айтыс өнерінің алтын діңгегі» деп атаған [4, 13]. 

Халық  ақындарының  ақындық  атының  шығуы  айтыс  өнерімен  тікелей 

байланысты.  Жамбылдың  ақындық  қызметінде    айтыс  елеулі  орын  алады. 

Жамбыл өзінің ақындық өнерін көбінесе осы айтыстар үстінде көрсете білді. 

Жамбылдың айтыстаға бір ерекшелігі - өзінің ақындық өнерін тиісті идеялық 

бағытта  пайдалана  білгендігі.  Ақын  айтыста  қалың  көпшіліктің  көңіліне 

қонымды  ел  ішіндегі  әлеуметтік  теңсіздік,  әділетсіздік  сияқты  мәселелерді 

қозғайды.  Айтыс  үстінде  халық  атынан  сөйлеп,  халыққа  арқа  сүйеп 

отыратын Жамбылдың бұрынғы айтыстарының ішінде, әсіресе оның өзі пір 

тұтқан Құланаян Құлмамбет ақынмен айтысы ерекше көзге түседі. Жамбыл 

атының кең тарауына бірден-бір себепкер болған бұл айтыста Жамбыл мен 

Құлмамбет  өз  руларының  атынан  сөйлейді.  Құлмамбет  Албан,  Дулат 

руларының атынан сөйлеп, сол руларының байлары мен билерін мақтайды. 

Жамбыл да өз руы атынан айтады, бірақ ол сөзін байлық, мол мүлікке қарай 

емес,  адамгаршілікке,  ерлік,  әділдікке  қарай  бұрады.  Сөйтіп,  Жамбылдың 

айтысында ру мүдделерінен гөрі халық мүдделері тереңірек көтеріледі. Бұл 

айтыста  Құлмамбет  Шапырашты  -  кедей,  Сұраншы,  Саурық    дегендердің 

ажалынан  өлмей,  жаудан  өлгенін,  өзің  де  кескінсіз  екенсің  деп  сөгеді. 

Жамбыл оған Шапырашты елінің байлығын, Алматының салтанатын мақтай 

келіп,  Сұраншы  мен  Саурықтың  өлімі  ерлік  өлім  екенін,  ерлердің  жорық 

тарихын  зор  мақтап,  байлыққа  батырлықты  қарсы  қояды.  Батырлар  елді 

жаудан қорғап өлетін болса, Құлмамбеттің ағасы Мақсұтты ағайындарымен  

ұрсысып,      даудың  кесірінен    өлгендігін  бетіне  басады.  Мені  қара  күңнің 

баласы деп кемсітесің, сен өзің қашып келген ақтабан ұрысың, басыңда бір 

тал қыл жоқ деп кемітіп жырлайды.  

Жамбыл айтыстарын зерттеушілер Құлманбетпен өткен айтыс тарихын 

былай таратады.  

Құланаян Құлмамбет  XIX ғасырдың 80-жылдарында жыр сайыстарында 

талай рет сыналып, арындап тұрған кезі еді. Арқаны, Жетісуды, Сыр бойын 

аралап, талай айтыста жеңіп, атағы шыққан Құлмамбет ақын байтақ өлкенің 

айтыста  алдына  жан  салмайтын  жүйрігі  саналатын.    Жамбыл  мен  сол 

құдіретті  Құлмамбетті  бір  айтыстыру  қызық  құмар  елдің  елегізе  күткен 

арманыны еді. Ақыры соның сәті түседі. 1881 жылы Іле бойындағы үлкен бір 



жәрмеңкеде  тоғыз  ақынды  жеңіп:  мерейі  асқан  Құлмамбет:  "Әлгі 

Жамбылдарың қайда, шақыртыңдар"  – дейді. Жамбыл табалдырықтан аттай 

бергенде, домбырасын қолына ала салып: 

 

Болғанда мен ақсұңқар, сен – бір тауық, 



Сен – әтеш айғайлағыш ауық-ауық. 

Болмаса аты шыққан Сүйінбайың, 

Басқасын қою керек жылы жауып. 

Ажал түртіп жүрмесін аңдамастан, 

Оқтаулы ақ перенге қарсы шауып, – [5,162] 

 

деп,  Жамбылды  біржолата  тұқыртып  тастамақ  ниетімен  тұрпат-тұрқынан 



бастап,  кем-кетігін  санамалай  жөнеледі.  Одан  әрі  майталман  жырау  таныс 

даңғылға  түсіп,  елінің  атқа  мінерлерін,  бай-манабын  мадақтап,  Жамбыл 

жағын жамандап, сөз нөсерін төгеді. 

 

Жамбыл-ау, Албан да ағаң, Дулат та ағаң, 



Не қылса да артық тұр сенен бағам. 

Қасқарау Нұрқанның жылқысын мен қаптатсам, 

Қырылар, Шапырашты, бұзау, танаң. 

Бұлбұл қабақ бастанған Екейім-ай, 

Жұлып алып басыңды кетейін бе-ай! 

Не деп айтқалы отырсың бұл өлеңді, 

Түбіңе, таза тақыр, жетейін бе-ай! [5,163] 

 

Айтыс  дәстүрінде  мұндай  "психологиялық  шабуыл"  кешірімді, 



сыйымды  саналады.  Анық  дарынды,  алғыр  ақын  әріптесінің  айбатынан 

қаймықпай, қарсы жауап әзірлеп, алып ұратын сәтін күтеді. Құлмамбет өзінің 

тегеурінді екпінін байқатқан соң, елінің байлығын тізбелеп мақтауға көшеді. 

Мұндайдың талайын көрген өжет те дарынды Жамбыл бойын тез жинап, 

аға ақын күтпеген, әрбір ақын өз руын мақтайтын үйреншікті, ескі сүрлеуге 

қарсы  жаңа  –  халықтық  сарынға  көшеді.  Өлеңнің  түрі  мен  ырғағын  сан 

құбылта, құйқылжыта келіп: 

 

Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт, 



Ел бірлігін сақтаған татулықты айт. 

Қарынбайдай сараңдар толып жатыр, 

Оны мақтап әуре болмай жөніңе қайт, – [5,167] 

 

дейді.  Адамдық,  батырлық,  елдік  жоқ  жерде  адам  мен  мал  басының 



көптігінде  ешқандай  қасиет  болмайтынын  дәлелді,  қисынды  етіп  алға 

тартады.  Осылайша  қарсыласын  тыңдаушылардың  көкейіне  қонымды, 

салмақты  уәжбен  тұқыртып  алған  соң,  оның  мақтаған  байлары  мен 

саудагерлеріне  қарама-қарсы  елдің  тәуелсіздігі  үшін  күрескен  Сұраншы,  

Сауырық батырларды нағыз ерлер, халық қалаулылары етіп көрсетеді. 


 

Батыр Сауырық, Сұраншы жауда өлген, 

Халық үшін шайіт болып, жанын берген. 

Елді қорғап өлгеннің арманы не, 

Қалың қазақ құрметтеп, соңына ерген. 

Қажылық қып кетті ме Мақсұт ағаң, 

Ағайынмен ұрысып, даудан өлген. 

Мақтаған байларыңның оңғаны жоқ, 

Төңіректің төрт бұрышын жалмап өлген...[5,175] 

 

Жамбылдың сынауы мен мадақтауының тағы бір ұтымды артықшылығы 



– олардың ел-жұртқа, мына тыңдаушылардың бәріне мәлім шындыққа, нақты 

деректерге  негізделуінде.  Екі  батырдың  есімі  де,  олардың  Жетісуды 

қоқандықтардан  азат  етудегі  басшылық  және  қаһармандық  ерліктері  де 

баршаға белгілі жайт. Бұған қарсы қисынды ештеңе таба алмаған Құлмамбет 

домбырасының ішегі ұзіліп кетіп айтысты доғаруға мәжбүр болады. 

Сөйтіп,  Жамбылдың  Құлмамбетпен  айтысы  өз  кезінің  әлеуметтік  өткір 

мәселелерін  көтеруімен,  халықтық,  гуманистік  сипатымен,  образды  өлең 

өрнегімен,  идеялық  -  мазмұндық  жақтан  айтыстың  жаңа  өрісін  ашуымен 

бағалы  да  мәнді.  Жамбыл  айтыстарынан  оның  қиыннан  қиыстырып  сөз 

табатын, үлкен қоғамдық мәселелер көтеретін, халық мүддесіне табан тіреген 

хас  шеберлігі  сезіледі.  Ол  айтыстардың  әрқайсысы  табанда  сөз  тапқыштық, 

халықтың  көңіліндегі  арман,  мұратты  тауып  айтқыштық  сияқты 

сипаттарымен  ерекшеленеді.    Кейін  Жамбыл  Құлманбетті  талай 

айтыстарында  да, өлеңдерінде де  атын  қосып,  құрметтеп жүреді.  Бала  ақын 

мен дана Құлмамбеттің бұл өнердегі үлкен сыйластығы болса керек. Атақты 

Бақтыбай ақынмен кездескенде де: 

 

Қаздай қалқып, ерінбей, 



Өлең тердім жасымнан. 

Майкөт ақын, Құлмамбет 

Орын берді қасынан, –[5,17] 

 

деп, Жамбыл аға ақынның есімін құрметтеп, ардақтай ауызға алады. 



Ал  осында  аты  аталатын    Майкөт  ақын  да  Жамбылдың  Құлмамбет 

секілді аға,  ұстазы болған ақынның бірі. 

Жамбылдың  ақындық,  жыраулық  тұлғасының  қалыптасуына  Түбек,  

Құлыншақ, 

Бақтыбай, 

Майлықожамен 

қатар 

аталатын 



Майкөт  

Сандыбайұлының септігінің тигеніне көз жеткізу қиын емес.  

Көптеген айтыстарда тұрмыстық жай, әдет-ғұрып, жол-жоралғылар сөз 

бола  отырып,  әлеуметтік  мәселелерге  барып  тіреледі.  Уақыт  көшінде 

көңілдің  рухани  көкжиегін  кеңітетін  Жамбылдың  Құлмамбетпен  айтысы 

қазақ  әдебиетінде  біршама  кең  зерттеліп,  бағасын  алды  деп  айта  аламыз.  

Жамбылдың Құлмамбетпен қағысы әлеуметтік мәселелерге түзілсе, Майкөт 

ақынмен дидарласуы сыпайы сөздермен өрілген. 



Майкөт Жаныс руынан, Әулиеата маңында тұрған. 1825 жылы Қаратау 

топырағында  дүниеге  келген.    Ол  кез  ән-күйін  әспеттеп,  қаһармандық  пен 

сұлулықтан  сыр  тартып,  жанартаудай    лапылдаған  жырға  құлақ  құрышын 

қандырған көшпелілер ұрпағы әлі де ішкен асын жерге қойып, өнер десе өре 

тұрған  заман  еді.  Майкөт  Сандыбайұлы  Сыпыра  жырау,  Асанқайғы  мен 

Бұқар жырау дәстүрі мен жаңашылдығын жандантып,  бұйығылана бастаған 

рауан  рухты  қайта  оятып,  поэзияның  ыстық  демінің  көкіректегі  қоламта 

шоғын үрледі. Майкөт Майлықожа, Құлыншақ, Түбек, Мәделіқожа, Бұдабай, 

Бақтыбай  және  басқа  жыр  тарландарымен  айтысып,  ақындық  биігін 

шыңдады.  Оның  Бөлтірікпен  сөз  қағысуында:  “Сен  түгіл  Сүйінбай  мен 

Бақтыбайдың бәпігін  Майкөт ағаң  басқан, бала” -, деуіне қарағанда, жасы 

екі мүшелдей үлкен Сүйінбай Аронұлымен  айтысқандағы   жыр  шоқпарына 

сүйсінбеу мүмкін  емес.  

Майкөт 


Сандыбайұлы 

Жамбыл 


Жабаевпен 

ұстаспаған. 

Тек 

«Жамбылдың Майкөтпен дидарласуы» деп аңыздай есте қалған. 



 «1891  жылы  Шапырашты  Сарыбай  асына  келген  Майкөт  ақын 

Жамбылға  ағалық  назын  білдіріп,  парасат-пайым  танытып,  “кәрі  досыңа” 

неге сәлем бермедің деп өкпесін білдіреді. 

 

Алыстан нәсіп айдап, Майкөт  келді 



Бір сөзі бір сөзінен қайта өтпейді 

Сағынып бала қаздай зорға жеттім, 

Саңлағын Жетісудың көргім келді» [7,59], -  

 

деген суырыпсалма сыры өз турасында көп жайды аңғартатындай. Өкінішке 



орай, өткен ғасырдың басында көз жұмса да, бізге жыр тарланы – Майкөттің 

бар өмірі жөнінде жеткен мәліметтер тақұл-тұқыл тым аз, сақталған аз ғана 

еңбектері  оның  ақындық  та,  азаматтық  та  тұлғасын  тұтас  ашып  бере 

алмайды.  

         Кенен  Әзірбаев  Ғылым  академиясы  қорына  өткізген  «Жетісудың  игі 

жақсыларымен  жүздесуі»    атты  материалдарда,    Ж.Жантөбетов, 

Қ.Байболұлы  мен  Ф.Ғабитова  нұсқаларындағы  «Құлмамбет  пен  Майкөттің 

айтысы»  және  «Жамбылдың  Майкөтпен  дидарласуы»  жыраудың  құдірет 

қуатын байқатқанымен, толық тануға әлі жеткіліксіз.  

Ал осы дидиарласу қалай  өтті дегенге келетін болсақ, 1890 жылы «Дала 

уалаяты»  газетінде  жазылғандай,  Алатау  аймағының  атақты  биі  Сарыбай 

Айдосұлы  қайтыс  болады  да,  1891  жылы  Майтөбе  жайлауында  ас 

болатындығы айтылады. Уағдалы хабарланған уақытта Майтөбеде Үлкенсаз 

жайлауында  Екейдің  беделді  адамы  Сарыбайға  ас  беріледі.  Бұған  көрші 

қырғыз  елі,  бір  жағы  Шымкент,  Әулиеата,  бір  жағы  Жоңғар  Алатауындағы 

Найман,  Жалайыр,  төрдегі  Албан  жұрты  шақырылады.  Жиынның  иесі  

Сүйінбай  болады  да,  ал  Жәпек  батырдың  ұрпағы  Қосай  Әжібаев  асты 

басқарады. Осы асқа отыз кісімен Майкөт ақын келеді: 

 

Болғанда жерде сұңқар, көкте сұңқар, 



Өлмейтін бұл дүниеде қандай жан бар. 

Екейдің мұқалмаған қылыш тілі 

Армысың, ер Сүйінбай – аға сұңқар 

Ел жаңа елу жылда, жүз жыл – қазан, 

Қандырар құлақ құрышын – ертеңгі азан 

Өлді деп Сарыекемді естіген соң 

                                      Барсам деп, күндіз-түні кетті мазам, - [7,25] 

 

 деп  Майкөт  Сүйінбай  бастаған  салтанатты  топқа  өлеңмен  амандасады.  Бұл 



кезде  ас  қамында  жүрген  Жамбыл  алыстан  ат  арылтып  келген  Майкөттің 

алдынан  дер  кезде  шыға  алмай  қалады.  Бұған  Майкөт  ағалық  наз  білдіріп, 

қасына Жамбылды шақырып алдырады. Сол жолы Жамбыл: 

 

Сіз бе еді ақын аға, Майкөт деген, 



Бір сөзі бір сөзінен қайта өтпеген 

Саңқылдап сарайыңнан өлең шықса, 

Именіп өзге ақындар бәйпектеген, - [5,168] 

 

деп жасы үлкен ағаға сәлем бере танысқанда,  риза болған Майкөт: 



 

Бәрекелді, Жамбылым, 

Сөз жүйесін келтірдің 

Аңғарыңды таныдым 

Көтеріліп желпіндім 

Аталы сөз мәні мол 

Жылағымды келтірдің 

Тал бойыңда бар екен 

Алыс шабар серпінің, -  [5,126] 

 

деп  оған  ыстық  ықылас  білдіреді.  Арысы  шығыс,  берісі  төл  тума 



өнеріміздің  кәусәр    қойнауынан  сусындап,  нұрлы  бастаулардан  нәр 

алған  Майкөт  ақын  мейірімі  түскен  Жамбылға  аталық  батасын  береді. 

Томағасын сыпырған тау бүркітіндей, бұған қатты толқыған Жамбыл: 

 

Әумин, батаңызға көтердім қол, 



Етейін сізге қызмет мен осы жол 

Той қылып тобымызда отырыңыз, 

Менің де Майкөт аға тілегім сол, -[5,215] 

 

деп қол жаяды. 



 

Сонда Майкөт ақын: 

Аман-есен жүрмісің 

Шапырашты Екейім 

Ауылыңды ду етіп 


Ән  таратып кетейін 

Саудегерден бөз қалар – 

Айта жүрер артымда 

Сөзімді аяп нетейін, -  

 

деп ақ тілегін  білдіреді. [5,33] 



“Шәкіртсіз – ұстаз тұл” деген қағида әлдеқашан қанатты сөзге айналып 

кетті. Майкөттің көп ақынға жолбасшы болып, құтты қадамдарын бақылап, 

керек  кезінде  жөн  сілтеп  отырғаны  ешкімге    дүдәмал  ой  туғызбайды. 

Пырақтары кең құлаштап жайып, жыр көгінде сылана самғаған Жамбылға да 

Майкөттің  аталық  батасы,  ұстаздық  қамқоры  өміріне  өзек  болып,  талай  ой 

салған болар. Талай текетірестерде тіс қағып қалған Жамбылдың жауабында 

да  інілік  ізет,  үлкенге  деген  ізгі  ілтипат  тұнып  тұрғандай.  Осы  ілтипатты 

сұлу, сыпайы тілмен ақын былай өрнектейді. 

 

Ассалаумағалейкум, Майкөт аға 



Естіп даусыңызды келдім жаңа 

Алдынан үлкендердің өтпейін деп, 

Аялдап әдеп еттім біраз ғана. [15,65] 

 

Майкөт  ақынды  поэзия  алыбы  Жамбыл  және  өзгелер  тәлімгер  тұтса, 



өзінің  бел  баласы  Арқабай  да  дастаншылдықпен  айналысып,  Ұлбике, 

Қылышбай,  Сауытбекпен  айтысында  бұл  қиын  өнердің  қыр-сырын  едәуір 

меңгеріп,  ел  арасында  атағы  кеңінен  жайылып  қалғаны  мәлім.  Майкөт 

Сандыбайұлының  тәлімгер  ұстаздық  қырын  мынадан  да  байқауға  болады: 

Жамбыл  “Көрұғлы  сұлтанды”  Сарыбайдың  асы  өткен  соң,  Әулиеатаға 

арнайы іздеп барып, осы Майкөттен үйренген. Майкөт “Көрұғлыны” қырық 

күн жырласа, Жамбыл он бес күн жырлаған. 

Артына  әлі  жиналмаған  мол  мұра  қалдырып,  өміршең  өнерпаздық 

өмірдің ізін салып кеткен ұстаз Майкөт пен шәкірт Жамбылдың дидарласуы 

бүгінгі күні қазақ әдебиетінде зерттелмей жатқан тың мәселелердің бірі. 

Әдебиет  зеттеушісі  Әубәкір  Диваевтың:  «Қаратаудың  күллі  маржанын 

алқа  етіп  тағып  алған  ақын»  деп  бағалаған  Майкөт  Сандыбайұлының 

мұрасын, оның жыр дүлдүлі Жамбылға ұстаздық жолын зерделеу ғалымдар 

арасында қолдау табары сөзсіз. 

Жамбылдың  тектілігі,  мәрттігі,  кішілігі  ел  арасында  аңыз  болып 

тараған.  Жүз  жылдық  өмірінің  сексен  бесін  өлеңмен  өткізген  Жамбыл 

айтысқанда да, арнау жырларында да, дастандарда да осы тұрғыдан айныған 

емес,  сол    себепті    де  ол    ел  ықыласына  бөленді,  жаңа  заманда    жаңаша 

түрленді.  Жамбыл  поэзиясының  өміршеңдігінің  де,  ақын  есімінің  ел 

жадынан  өшпейтіндігінің  де  сыры  осында.  Жамбылдың  майталман  ақын 

болып қалыптасуы тек Жетісу ақындық мектебінің ауқымында болған жоқ. 

Ол  өзіне дейінгі    ертеде  өмір  сүрген  атақты  жыраулардың,  өзімен  қатарлас 

айтулы ақындар мен  жыршылардың мұрасын, күллі халық поэзиясын толық 

меңгерген,  өз  шығармашылығына  да    негіз  еткен.  Жоғарыда  айтылғандай, 



Махамбеттен  отыздай  жас  кіші,  Абайдан  бір  мүшелдей  үлкен  болған, 

ешқандай  ағымға  қосылмай,  зар  заман  ақындарының  тобын  көбейтпей, 

оңаша  күй  кешкен  Майкөт  толымды  зерттеуге  лайыық.  Осынау  жыр 

тарланының  Жамбылмен  дидарласуы  да  көптің  қалам  тарта  бермейтін  тың 

тақырып. 

Жамбылды  жыр  даңғылы  десек,  оның  басқа  ақындармен  сөз 

жарыстыруы      я  қағысу  машықтары,  я  болмаса  дидарласа  табысқан, 

танысқан өлеңдері де ел санасынан өшірілмей, қайта дәуір толқынымен жаңа 

арнаға  құйылмағы  хақ.  Сондықтан  “Өлең  сөздің  пірі  -  Жамбылдың” 

көмейінен төгілген ұлы жырдың куәсі болған заңғар жазушы  М. Әуезовтің: 

«Бұл жүз жылдарда бір-ақ көрінетін құбылыс... Гомер деуімізге осы Жәкең 

ғана  сыятын  болуы  керек»  [4,96],  -  деп  кесіп  айтуы  тегін  емес!  Жамбыл 

тектілігінің  құпиясын  жырларымен,  дастандарымен,  айтыскерлігімен,  ең 

ақыры, жүз жастың шыңына шықса да, қажымай, алаулай соққан жүрегінің 

табымен  дәлелдеп  кетті.  Жамбыл  бұл  фәниден  озғанымен,  қайталанбас 

жамбылдығы  жұртымен  мәңгі  жасайды:  Ол  -  өз  елінің  ар  -  намысы,  үні, 

жүрегі, қазақ халқының табиғи талантының ақиқат шыңы деуге болады. 

Ал  Сарыбаспен,  Досмағанбетпен  айтыстарының    да  сюжеттік  мотиві 

кең.  Ол  сүре  айтыс.  Мұнда  жеке  батырлардың  жорығы  да,  ел  тарихының 

шежіресі  де,  тарихы  аңыз,  оқиғалар  да,  қоғамдық  өмірдің  шындық  бейнесі 

де,  әралуан  адамдардың  образы  да  таратылып,  айқын  жырланған.  Себебі 

Жамбыл  айтыстарын  әрі  айтыс  ретінде,  әрі  сюжетті  дастан  ретінде  тану 

қажет. Үлкен бір жиында тоғыз ақынды бірдей жеңіп, өзіне тең келетін ақын 

жоқтығын  айтып,  тасып  отырған    Құлмамбет:  «  Осы  елде  Жамбыл  деген 

ақын  бар  дейді,  маған  соны  шақырып  келтір»-,  деп  тілек  білдіреді.  Сол 

сияқты  Жамбыл  да,  Сүйімбай,  Шөжедей  ақындық  дәстүрді,  өзі  сол  жолды 

қуған алып екендігін айтып, Досмағамбетті айтысқа шақырады. Сол айтыста 

Досмағамбет  Жамбылға  қарап  өзін  таудан  аққан  бұлақтай  сөзі  мол,  тұлпар 

аттай  жүйрік  ақынмын,  байлығым,  салтанатым  сенің  аймағыңды  он  орап 

алады,  Қолдай,  Маман,  Желдібайлар  байларым бар,  маған  теңі келер  жерің 

жоқ, елің де, өзің де қу кедей, киер киімің жоқ, келер жерің жоқ, ішер асқа 

жарымай, өлеңмен қайыр тілеп, күн көріп жүрген  қойдың кәпірі азбанындай 

ақынсың, – деп соқтығады. 

Сонда Жамбыл оған қарсы шығады. Өлеңнің асау теңіздей,  нажағайдай 

оқ боп атылатын сөзім бар ақынмын, апшыңды қуырып, алды-артыңды орап 

алайын,  елді  қорғаған  батырың  қайда?  Еліме  шапқан  жауға  қара  түнек 

орнатып, қару жарағын асынып, Алатауға қарай асынған Қарасайдай ерлерің 

жоқ,  немен  мақтанасың?  Өзіңе  бір  тиындық  пайдасы  жоқ,  тайын  мінуге 

бермейтін байды несіне мақтадың. Сенің молдалығың да байға сатулы – деп 

айқасады.  Тарихи  елдерді  жырлау  идеясы  Сарыбаспен  айтысуда  тереңдей 

түседі.  Бұл  айтыстағы  тарихи  ерлерді  жырлау  идеясы  Сарыбаспен 

айтысында тереңдей түседі. 

Қазіргі қазақ поэзиясының эстетикалық байлығы мол, көкжиегі кең . Ал 

қазақ  ақындарының  әр  қайсысы  шын  мәнінде  талант  ретінде,  қайталанбас 



творчестволық түлға ретінде , дара ғ- дара . Сондай дара таланттардық бірі - 

Жамбыл Жабаев. 

Ол  -  біздің  XIXғасырда  қазақ  поэзиясының  шоқтығын  биікке  көтерген 

талант иесі. Әдебиет есігін алғаш ашқан жылдардан  -ақ жыр әлеміне үлкен 

дайндығын  танытқан  ,  халқымыздық  ауыз  әдебиетінің  бай  мұраларынан 

терең сусындап шабытына талмас қанат байлай келген ақын. Ұлы Сүйінбай 

ақынды  пір  тұтып  ,  өлең  -  жырдық  тылсым  құдіретіне  бас  иген,  оның  игі 

дәстүрін  терең  түйсікпен  қабылдап  ,  ақындық  өнегесін  бойына  мейілінше 

сіңіре келді. 

Халықтың  рухани  бай  әдеби  мұрасынан  күш  —қуат  алган  Жамбыл 

Жабаевтың қазақ әдебиетіне, қазақ поэзиясына шалқар шабытпен, тегеурінді 

серпінмен,  суырып  салма  айтыс  өнерінің  ішінен  ерекше  өз  үнімен  оқшау 

келгені    баршаға  белгілі.  Жыр  әлемінде  өз  ойын,  өмір  шындығын,  көркем 

тілде  ақындық  биік  тұрғыда  тұтас  шеберлікпен  жырлау  екінің  бірінің 

қолынан келе беретін нәрсе емес, бұл тек жұлдызы жогары өзін жыр жолына 

арнаған үлкен таланттың қолынан келеді. Ақынның тау суындай сарқылмас 

жырлары  өз  тыңдаушыларының  жүрегінен  жол  тауып  ,  оларды  жақсы 

жырдың  эстетикалық  жанға  жағымды  ләззәт  рухымен,  жан  -  жүрегімен 

баурап алады. 

Жамбыл  Жабаев  1945  жылдың  аптабы  алқынған  жаз  айында  қайтты. 

Бұл  соғыс  салған  көздің  жасы  әлі  құрғамаған,  өңкей  әкесіз  жетімдердің 

тастай қатқан жүрегін аштық әлі сорып жатқан кез еді.  

Жамбыл  өле  -  өлгенше  өз  сертінен  айныған  жоқ,  жақсылықты  жырға 

қосты,  жамандықпен  алысты,  гүлден  шыққан  Феникс  құсындай,  еркіндік 

сүйген  халқының  өршіл  рухы,  бүкіл  жарасымды  болмысымен  оның 

шығармашылыық    мұрасында    қайта  жаңғырды  .  Еш  нәрсеге  таң  қалуды 

доғарған  әлемді  көне  мәдениеттің  жанды  дір  еткізер  тірлігімен  танысуға 

мәжбүр  етті.  Аңыздар  елінен  жыр  патшалығынан  шыққан  осынау  құдірет 

иесінің мәңгі жасар гұмырының мәні, ұлылығының сыры да, осында шығар? 

Жамбыл Жабаевтың   қайталанбас шығармашылығы қазақ поэзиясында 

ерекше  еленіп,  ғасырдан  ғасырға  тарих  көшімен  бірге  ілесіп,  ұрпақтан  - 

ұрпаққа ұласып мәңгі жасай бермек. 

     Қазақ халқының талай ғасырлар бойғы даналығының белгісі ретінде асыл 

қазына  болып  сақталған  інжу-маржан  сөз  өнері  мен  музыка  өнерін  кейінгі 

ұрпақтарға жеткізген тамаша талант иелері – ақынның, айтпақ ойын, қуаншы 

мен  мұңын  жеткізіп  отырған.  Кезінде  халықтың  көрер  көзі  естір  құлағы, 

айтар  тілі  болған  ақындардың  қайталанбас  тұлғаларының  бірі  –    Жамбыл 

Жабаев.  

    Он  үш  жасынан  ақындықтың  «ақ  таяғын»  ұстап,  Сүйінбайдан  бата  алып, 

өмір бойы: 

Менің пірім – Сүйінбай, 

 Сөз сөйлемен сыйынбай. 

                                              Сырлы, сұлу сөздері 

      Маған тартқан сыйындай, -  

 


деп өткен ақынның өмір жорлында, жыр жолында бұрылысы мен бұралаңы 

да, қуанышы мен қызығы да аз болмаған. 

    Домбырасын  серік  қылып  Жетісу  мен  Қырғыз  елін  аралай  жүріп  жырына 

халық мұңын, ел тілегін арқау еткен ақын сөзінің көпшілігі табан астын да, 

таудан  құлап  аққан  бұлақтай  төгіле  айтылып,  естігеннің  құлағында,  желдің 

сыбдырында кеткен кезі де аз болмаған. 

   Ақындықтың  қатты  сыналар  бір  мектебі  әсіресе  ақындар  айтысы.  Өйткені 

алқалы топ алдында жыр жауһарын ағызған импровизатор ақындардың бәрі 

бірдей  айтыс  сайысына  түсе  бермеген.  Ауыз  әдебиетінің  тарихына  көз 

жіберсек,  нағыз  айтыскер  ақындардың  елге  аттары  кең  танылуы  айтыс 

үстінде  болған.  XIX  ғасырда  өмір  сүрген  Жанақ,  Шөже,  Сүйінбай,  Түбек, 

Майкет,  Құлмамбеттерді  осы  қатардағы  суырыпсалма  жүйріктер  десек, 

осылардың қатарында Жамбылдың да есімі тұруы заңды. 

   Айтыскер  ақын  әр  кез  оқтаулы  мылтықтай  ойда  жоқ,  тосын  жағдайдың 

барлығында  да  дайын  тұратын,  тез  тұтанғыш,  тапқыр  жауап  бергіш,  ойы 

ұтқыр  жан.  Ақындықтың  осындай  күшті  қуатына  азаматтық,  кісілік, 

білімділік  қосылса  оның  ел  арасындағы  беделі  аса  түспекке  керек. 

Жамбылдың ақындық атын шығарған бір ерекшелігі осы айтыскерлігі десек, 

екінші  бір  ерекшелігі  оның  дастаншылдығында  жатыр.  Заман  тынысын  кең 

эпикалық сарында жырлауда ол айрықша өнер танытқан жүйрік. Әрине, осы 

екі  жанрда  бірдей  тамаша  өнер  танытқан  Жамбылдың  толғау,  терме-

өлеңдерінің  көркемдік  мазмұны  да  өзінің  әсерлілігімен,  өрнектілігімен, 

ойлылығымен ерекшеленген. 

    Табиғатында  ақын  адам  өзін  қоршаған  қоғамдық  болмыстан  сырт  қалмай 

халық  ерлігін  ту  етіп  ұстап,  моральдық,  эстетикалық  мәселелерде  де 

барынша  әділ  жырлап  өзінің  ілгерішіл  позициясымен  сол  кездің  өзінде-ақ 

көпшілікті аузына қаратқан. 

   Патшалы Россияның өкілдері Романовтар әулетінің таққа отырғанының 300 

жылдығына арнап Верныйда өткізілген салтанатты көрмеге /жиын/ жиналған 

ақын,  жыршы,  әнші,  күйшілердің  алдыңғы  қатарына  шығарғанда  оның 

жасын  ғана  емес,  ең  алдымен  дарынын  мойындағандықтан  еді.  Жетісудың 

сол  кездегі  от  ауыз,  арақ  тілді  ақынын  өз  мақсаттарына,  яғни  патшаны 

мақтауға пайдаланғысы келегендердің ойы орындалмай, мақтау орнына: 

 

 Үйсін,Найман саңлағы, 



                                               Өстепкеге жиылдың. 

    Жолдың ұшып шаңдағы, 

 Алматыға құйылдың... 

 Ұлық көрсең ұйлығып, 

Желді күнгі қамыстай, 

                                               Жапырылып иілдің. 

 Жүріппіз сыр алыспай, 

   Жайларыңды түйіндім... 

      Шұлғымаймын сендерше, 

Керегі жоқ сыйыңның. 



     Қор болмаймын өлгенше, 

                                                Өлеңіме-ақ сыйындым, -  

 

деген  сыбағаларын алады. Ақынның ертерек жырланған шығармаларының 



көбі бізге толық жеткен жоқ. Ал жеткендеріне назар аударсақ шебер 

ақынның керзамандағы теңсіздікті, халықтың ауыр тұрмысын жыр еткенін 

әділдікті, адалдықты, адамдықты, елдікті, бірлікті уағыздағанын көреміз. 

Жалғандық пен опасыздықты, халық мүддесіне жат нәрсенің қандайы болсын 

ащы әжуа, алмастай кесіп түсетін мысқылмен аяусыз шенеп отырған. 

   Ақынның  ертеректегі  творчестволық  өмірі  туралы  әңгімелегенде  оның 

айтыстары мен дастандарына ерекше тоқтала кеткен жөн. 

   М.О.Әуезовтің  «Қоғамдық,  халықтық  бағасы  зор,  таптық  мүддесі  айқын 

және  тарихи  орны  ерекше  болып  шыққан,  қазақ  фольклорындағы  ірі  айтыс 

Жамбылдың  айтыстары,»  -  деген  пікірі  оның  Сарыбас,  Құлмамбет, 

Досмағамбет,  Шашубай  және  т.б.  айтыстарына  нақты  баға.  Бұл 

айтыстарында  жыр  алыбы  дәстүрлі  сүре  айтыс  үлгісімен  елдікті,  ерлікті, 

бірлікті  айтып  қарсыласын  жеңіп  қана  қоймай,  Сұраншы,  Саурық  секілді 

батырлар,  Домалақ  секілді  анаға  сүбелі  жырдан  ескерткіш  орнатқан. 

Бұнымен қатар оның Бақтыбай, Бөлтірік, Айкүмістермен жауаптасуларының 

өзі де тапқырлықтың, ақындық жоғарғы мәдениеттің, шеберліктің үлгілерінің 

бірі. 

   Ақынның  айтыстарынан  бастау  алып,  кейін  үлкен  эпикалық  дәрежеге 



жеткен  «Өтеген»,  «Сұраншы»  дастандарындағы  айтылған  ой  ақынның  өмір 

бойғы  айтпақ  ойының  желілерінің  қосындысы  десе  де  болады.Өмірінің  әр 

кезеңінде  осынау  дастандарға  қайта-қайта  айналып  соғып  оған  тарихи-

экономикалық,  саяси  жағдайларға  байланысты  туған  өз  дүние  танымы,  көз 

қарасын  қосып  отырған.  Оған  бірр  ғана  мысал  Жәкең  Өтегеннің  алғашқы 

нұсқасында  патшаның  отарлау  саясатын  ащы  шындықпен  жырласа,  кейін 

түрлі себептермен ол жолдар түсіп қалған. Ал 1937 жылы жырлаған нұсқаға 

кейінгі  кез оқиғаларын  қосып  жіберуі  де  ақынның идеологиялық  қысымнан 

шет қала алмағанын көрсетеді. 

   Жамбылдың замандас, әріптес ақындарының қай-қайсысынан болса да биік 

тұрғанын  ең  алдымен  оның  өмірге  халықтық  көз  қараспен  қарай  білуінде 

екенін  көреміз.  Осы  бұқарашылдық,демократиялық  позиция  оның  бүтін 

творчествосына тән. 

   Ақын  өмірінің  бұралаң  соқпағының  бірі  –  1916  жыл.  Бұл  жылы  ол 

көтеріліске  қатысқаны  үшін  түрмеге  де  жабылды.  Жетпіске  жеткен 

Жамбылдың  өмірден  алған  «сыйы»,  «көрген  қызығы»  осы.  Бұл  жалғыз 

Жамбыл емес бүкіл өнер иелерінің басындағы хәл еді. 

   Қазақ  даласына  келген  жаңалық  халықпен  бірге  тыныстап,  бірге  жасасып 

келе  жатқан  қарт  жыршыға  қайта жасарғандай  күш-қуат  өмірге  деген  сенім 

беріп, еңкейген белін жазып, жанына жайсаң рух, шабыт берді. Ақынның: 

 

Бұл Жамбыл көрген бұрын, талау-тарап, 



                              Кез болды енді оған алшы заман, 

                              Кең жатқан байтақ ұлан шежіремін 

                              Тарихтың домбырасын қолыма алам, 

                              Жиырма бес маған тағы қайтып келді, 

                              Сәлемін алтын күннен айтып келді. 

                              Қалайша жыр төкпесін, ән соқпасын  

                              Шақтықтан нөсер төккен дәуірде енді, – 

 

деген сөзі оның осы кездегі көңіл-күйінің айқын көрінісі.  



    Жамбыл  1919  жылы  ақындар  слетін,1922  жылы  Ұзынағаштағы  өткен 

қосшы  одағының  сьезін,  1934  жылы  Алматыда  ашылған  Қазақстан 

жазушыларының  бірінші  сьезін  өлең-жырмен  ашып,  халық  поэзиясының 

жаңа  беттеріне  өз  үлесін  қоса  жүріп  1936  жылы  Республикалық  ақындар 

слетіне қатысады. Бұл жырау өміріне үлкен өзгеріс слетіне қатысады. 

    Патшалық  Россиядан  қалған  иық  көтертпес  қайғы  мен  қасіретті  жеңе 

бастаған  Республика  бұл  кез  халық  таланттарына  ерекше  қамқорлық  жасай 

бастаған  еді.  Осындай  істің  бір  айғағы  1936  жылы  Москвада  өткен  қазақ 

әдебиеті мен мәдениетінің он күндігі. 

    Он күндік басталар алдында Жамбылдың «Туған елім» толғауы орыс тіліне 

аударылып,  Қазақстаннан  барған  өнерпаздарды  тоқсандағы  Жамбылдың 

бастап  баруы  қазақ  мәдениетінде  ерекше  оқиға  болды.  Бұл  сапар  Жамбыл 

атын  күллі  Одаққа,  іле  бүкіл  әлемге  таратты,  Ұлы  жырау  құрметке  бөленіп 

қазақ әдебиетінде тұңғыш рет «Еңбек Қызыл Ту» орденін алған ақын болды.  

    Тоқсандағы ақынның жырлары халық жүрегіне жетіп, тез арада даңққа ие 

болуының себебін М. Қаратаев: «Жамбылдың талантының құдіретінде болса, 

екіншіден жыраудың халық ойын дәл тауып, халық үнімен сөйлеуде, халық 

поэзиясының  асыл  тіл,  образын,  байлығын  жаңа  мазмұнға  жарата  білген 

даналығында, шеберлігінде,» - деп атап көрсетеді.  

    1938  жылы  Қазақстан  жұртшылығы  Жамбылдың  ақындық  қызметінің  75 

жылдығы кеңінен атап өтті. 

    Ұлы  Отан  соғысының  қарсаңында  Жамбыл  тағы  бір  рет  Москваға  барып 

қайтты.  Бұл  кез  оның  өлеңдері  «Правда»    газетінде,  басқа  Республика 

халықтарының  тілінде,  шет  елдерде  үзбей  басылып  шығып  жатты.  1939 

жылы  өкіметіміз  жырауды  үшінші  орден  «Құрмет  Белгісімен»  наградтап, 

1941 жылы СССР Мемлекеттік сыйлығын берді. 

    Ұлы  Отан  соғысы  басталғанда  Жамбыл  96  жаста  еді.  Бұл  соғыс 

Отанымыздың  ер-азаматтарына,  халқына  және  соның  ішінде  Жамбыл 

бастаған халық ақындарына үлкен сын болды. Босай бастаған белбеуін бекем 

буып,  елін,  жерін  қорғауға  халықты  жігерлендіру,  үндеудің  жыраулық 

дәстүрі  қандай  болатынының  үлгісін  көрсеткен  Жамбыл  тағы  да  асқар 

биіктен  көріне  білді.  Жамбылдың  соғыс  жылдарындағы  шығармаларының 

барлығының мәні үлкен, шоқтықтар биік десек, осылардың ішінде бөле-жара 

айтуды  керек  ететіні  «Ленинградтық  өрендерім».  Бұл  өлеңнің  мәнін  түсіну 

үшін ақын А.А.Прокофьевтің: «Ленингардтың халінің аса бір ауыр шағы еді. 

Міне,  осындай  халде  Жамбылдың  «Ленинградтық  өрендерім»  деген  жыры 

газеттерге  жарияланды.  Халықтың  рухын  көтеруде  ерекше  күшті  көрінген 


бұл жырды Ленинградтың радиосы күніне әлденеше рет оқып тұрды. Жыр ірі 

әріптермен теріліп, көшелерде плакат болып ілінді. Сол плакатты үймелесіп 

оқысып,  көздерінен  жастары  сорғалаған  талай  адамдарды  көрдім. 

Немістердің  самолеттері  төбеде  ұшып,  бомба  тастап  жүргенде,  онан  қашып 

тығылудың  орнына,  Жамбылдың  жыры  басылған  газетті  сатып  алуға, 

көшедегі киоскілерде кезекте тұрған адамдарды талай көрдім»- деген пікіріне 

көз  жүгіртсек-ақ  жеткілікті.  Мұндай  пікірді  кезінде  Н.Тихонов, 

В.Вишневский, О.Бергольц және т.б. жазушылар да айтқан. 

     Жеңіс  күнін  асыға  күткен  Жәкең  оны  көзімен  көріп  100-ге  қараған 

жасында дүние салды. 

     Ғасырлар  бойы  екшеліп,  сұрыпталып,  жетілген  халық  поэзиясының 

қайнар бұлағынан нәр алған Жамбыл Жабаев өз шығармашылығы арқасында 

асқар  көркемдік  биікке  көтерілді.  Ақын  өлеңдері  қырықтан  аса  қазақша, 

жиырма  сегіз  рет  орысша,  жетпістен  аса  басқа  тілдерде  миллионнан  аса 

тиражбен шығуы бұған бірден-бірі мысал. 

    Жамбыл  Жабаевты  халқымыздың  ерекше  бағалап,  халық  санасында 

ғасырлар  бойы  қалыптасқан  алып  сөзін  қосып  жыр  алыбы  деуі  оның 

творчестволық тұлғасына берілеген әділ баға. 

 

Пайданалынған әдебиеттер тiзiмi 

 

 1. Жолбарысұлы Б. Басылып жатқан қазынам Алматы.2005  -361 б. 

2  Әзірбаев  К.  Аңыздар  сыры  /Құраст.  Кененқызы  Т/.  –Астана:  Елорда, 

2000. –348 б. 

3. Жолдасбеков М. Асыл арналар. –Алматы: Жазушы, 1986. –328 б. 

4  Әуезов  М.  Он  екі  томдық  шығармалар  жинағы;  Он  бірінші  том.  –

Алматы: Жазушы, 1969. –480 б. 

  5. Жабаев Ж. Екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы:Жазушы, 

1982ж. 

       6. Сүйінбай Аронұлы. «Ақиық», Алматы, 1975  -325 б. 



7. Сандыбайұлы М. Жампоз. –Алматы:  2004 -215 б. 

 

 

 




Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет