ГЕНЕРАЛ Ғ.ЖӘҢГІРОВТІҢ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТІ
Аңдатпа. Бұл мақалада қазақ халқының арасынан шыққан орыс армиясының
кавалерия генералы атағын алған тұңғыш қазақ – Ғұбайдолла Жәңгіров, оның
қоғамдық-саяси қызметі, орыс-түрік соғыстарына қатысуы, ең бастысы, оның
әскери өмірі туралы мәліметтер қарастырылады.
Тірек сөздер: Ғұбайдолла Жәңгіров, кавалерия генералы, флигель-адъютант,
телеграф басқармасы, әскери реформалар, орыс-түрік соғысы, Плевна түбіндегі
шайқас, алтын сапты қылыш, Ялта.
Қазақ тарихында әскери жоғары лауазымды иеленген Жәңгір ұрпақтарының
ішінде бірнешеуін атауға болады. Солардың бірі - Ғұбайдолла Жәңгіров. Ол қазақ
халқының арасынан шыққан әскери қайраткер, орыс армиясының кавалерия генералы
атағын алған тұңғыш қазақ баласы [1, 6 б.].
Ғұбайдолла Жәңгіров 1841 жылы 6 мамырда Бөкей Ордасының соңғы ханы
Жәңгірдің отбасында дүниеге келген. Алғаш сауатын ол Ордадағы орысша-қазақша
дәріс беретін мектептен ашады. 1849 жылы тамыз айында ағасы Ахметкерей екеуі
Оренбург генерал-губернаторының адъютанты есаул Житковтың қарауымен
ХVІІ ғасырдың ортасында әйел патша Елизавета Петровна Санкт-Петербургте негізін
қалаған Ресейлiк империяның таңдаулы оқу орны – Паж корпусына келіп жетіп,
соннан білім алады [2, 783 б.].
Паждардың көпшілігі – сарайдың алдыңғы қатарлы шенеуніктерінің, жоғарғы
генералитеттің, министрлердің, дипломаттардың балалары немесе немерелері,
ресейлік атақты әулеттердің ұрпақтары болған, олардың әкелерінің байлығы өте
үлкен, ал әулеттерінің көнелігі бірнеше жүздеген жылдармен есептелген. Паж
корпусы гвардиядағы әскер қатарында қызмет ететін текті әулеттер мен қызметшілер
отбасынан шыққан жастарды даярлауға арналған жоғарғы әскери оқу орны болған.
Бұл корпусқа жылына барлығы 50 шәкірт қабылданып, Ресейдегі ақсүйек дворяндар
мен император әулетінің 10-15 жас аралығындағы ер балаларды оқытылған. Оқуға
талапкердің денсаулығы мұқият тексеріліп, сырт келбетіне де айрықша көңіл
бөлінген.
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.
276
Жәңгір ханның барлық ұлдары осы Паж корпусын бітірген болатын. Бір сөзбен
айтқанда, Жәңгір ханның төрт ұлынан басқа ешбір қазақ мұнда білім алмаған. Жәңгір
хан олармен бірге молда Ахмедшах Әбсәлімовты жібереді. Болашақ генерал «...озат
тәрбиеленуші ретінде танылып үздік оқушылардың №9 ерекше кітабына енгізілген».
Ал 1856 жылы - Ғұбайдолла Шыңғысхан корнет болып шығып, Петербургке казак
полкіне лейб-гвардияға жөнелтіледі. Сөйтіп, Жәңгірдің үш ұлы Ресей астанасында
бірге тұрып, оқып ержетеді [3, 402 б.].
Ғұбайдолла алдындағы ағалары секілді 1857 жылдың 2 қаңтарында Орынборға
жіберіліп, онда әскери қызметіне кірісті. Үш айдан кейін Перовский денсаулығына
байланысты губернаторлықтан босатылды. Орнына В.Катенин келді. Сөйтіп,
Ыбырайым мен Ғұбайдолланың өлке әкімшілігіндегі үш жыл қызметі оның
басшылығымен жалғасты. Бірақ, Петербург те, Орынбордың жаңа губернаторлары да
орда билігін Жәңгір балаларына беруді ойламады. Оның үстіне 1854 жылы
«әрекетсіздігі» үшін биліктен шеттетілген Әділ сұлтанның орнына Уақытша кеңес
төрағалығына ендігі жерде орыс шенеуніктері қойыла бастады. Орталықтан
жіберілген М.Иванин, Г.Ващенко, К.Герн секілді әскери шенеуніктер бірін-бірі
алмастырып, Жәңгір ханның орнына түпкілікті бекіп алды [3, 406 б.].
Алайда, қызмет бабымен Орынбор өлкесінің әкімшілік-әлеуметтік ісіне етене
араласқан ағайынды Шыңғыстардың жолы Бөкей ордасын айналып өткен жоқ.
Саясаттан алыс, отарлық басқару шырғалаңын түсіне бермейтін орданың қарапайым
халқы әлі де Жәңгір балаларына арқа тұтты. Ғұбайдолла туған халқы үшін әжептәуір
қызмет атқарғанымен өз мансабы үшін ешнәрсеге қолы жетпестен Орынборда
жастық шағының ең қажырлы он жылын өткізді. Онда жұмыс жасаған жылдарында
ол төрт губернатормен қызметтес болды. Ал, генерал-адъютант Н.Крыжановскийдің
тұсында қызметінен босанып, лауазымсыз, жалақысыз, подполковник шенімен
әскери кавалерияға сұранды. Бір жылдай тәжірибе жинап, алды-артын ойланып алған
ол, Ахметкерейдің ізімен 1867 жылдың наурызында жиырма жеті жасында Дон
әскері атаманының қарамағындағы қызметке кірді.
Иә, Ғұбайдолланың әскери мансабы осы Дон бойынан басталған еді. Жас
офицердің басшылық қабілетін таныған наказной атаман А.Л. Потапов оған бір
жылдан соң полковник атағын бергізіп, Дон войскосына сенаттық тексеру құқындағы
комиссияның мүшесі етіп ұсынды. Келер жылы Солтүстік-Батыс өлкенің генерал-
губернаторы болып тағайындалған А.Л. Потапов Ғұбайдолланың өзіне ауысуына
ықпал етті. Губернатордың тапсырмасымен Гродно, Вильно, Витебск губернияларын
аралап, әскери орындар мен әскер қатарына алу мекемелерін тексерді. Ресей
императоры ІІ Александрдың Солтүстік-Батыс өлкені аралауға келген сапарларында
Ғұбайдолла үнемі императорға жолбасшы болды. Варшава, Гродно, Динабург
қалаларында патшаның қатысуымен өткен әскери жаттығулар байқауында
ІІ Александр оны жанынан тастамады. Осылайша, әскери өнерімен ерекше көзіне
түскен қазақ жігітін 1871 жылдың 19 шілдесінде император өзіне флигель-адъютант
етіп Петербургке алдырды. Ал 1873 жылдан бастап патша жарлығымен Ғұбайдолла
Жәңгіров Самар губерниясының Новоузенск сот-әкімшілік округіне құрметті
бітістіруші сот болып сайланды. Бітістіруші соттар уездерде 1864 жылғы реформа
бойынша бекітіліп отырды. Іс-қағаз жүргізу көп уақытқа созушылықсыз ұсақ құқық
бұзушылықтарды және 500 рубльге дейінгі азаматтық шағымдарды шешуге
мүмкіндік берді. Бітістіруші сот болып жас, мүлік және білім деңгейі бойынша
жергілікті тұрғын сайлана алатын еді.
1874 жылы 18 тамызда патша бұйрығымен Ғұбайдолла Ішкі істер
министрлігіне «қырғыз істерімен айналысуға» жіберіледі [3, 411 б.]. Оның қазақ
ордаларына, сонымен қатар, Ішкі ордаға да қатысты көптеген мәселелерді шешуде
көп атсалысқанын сенімді түрде айта аламыз. Осы кезеңге әр түрлі қызметтік
сатыларда «Қырғыз Ішкі ордасы үшін қарыз кассасының жаңа қаулысының жобасы»
(1874 жылы 7 қыркүйек), «Ішкі орда қырғыздарынан елтаңбалық алым туралы
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.
277
Қаулыны қолдану туралы» (1875), Орал және Неплюев әскери гимназияларында және
Неплюев корпусында қазақ балаларына шәкіртақыларды Торғай және Орал
облыстарынан «қырғыз» халықтары Орынбор есебінен жинау туралы талқылаулар
жүріп жатты. Министрлікте Бөкей қазақтары мен Орал казактары арасындағы жер
мәселелері қаралады. Осы уақытта қазақ балалары үшін мектептер мен училищелер
ашу, Бөкей Ордасынан келген кейбір студенттерге материалды көмек көрсету туралы
шешімдер қабылданады.
1876 жылы 20 ақпанда қырғыз (қазақ) істерінен бөлек Ғұбайдоллаға телеграф
басқармасы саласында жұмыстануға тапсырылады. Электромагнитті телеграф
үкіметтік, коммерциялық және жеке корреспонденциялық хабарламар таратуда
Ресейде 20 жылға жуық қолданылды. Хабарламаның жаңа түрі мемлекеттің саяси,
сауда-өнеркәсіптік және қоғамдық өмірінде маңызды роль атқара бастады.
Телеграф Ресейдің орталық бөлігіндегі ірі қалаларды байланыстырды,
біртіндеп стратегиялық маңызға ие линиялар мен бағыттардың құрылысы басталды
(батыс шекара, Қырым, Кавказ, Қиыр Шығыс). 1870-1873 жылдары Бұқар әмірінен
алынған салық есебінен (500 мың рубль) Түркістанда (Ом – Семей – Верный -
Ташкент) телеграф салынады. Үлкен шығындарды қажет ететін бұл ірі жұмыс қиын
жағдайда жүріп жатты: Түркістандағы линияларды қондыру үшін телеграф
бөренелерін Ертіспен ағызды, Бетпақдаламен түйемен жеткізді. Қатты және тасты
топырақ бөренелерді қондырып бекітуге мүмкіндік бермеді, соған байланысты
оларды сазбалшықты пирамидалармен немесе темір бөренелермен алмастыру
жобалары ұсынылды, алғашқы жоба тәжірибесіз, пайдасыз болғандықтан, ал екіншісі
қымбатқа түсетіндіктен қабылданбады.
Ресейдегі телеграф корреспонденциясының өсу қарқыны мына сандармен
сипатталды: 1855 жылы 534762 депеша (жеделхат) жіберілсе, 1865 жылы – 1744834,
ал 1875 жылы – 7686539 жеделхаттар жіберілді [4].
Телеграф торабына бүкіл уездік қалаларды қосу мәселесі өзекті болды, бірақ
қазына бұған кететін қаржылай шығындарды көтере алмады. 1875 жылы
министрлікте Нарынқұмында Ішкі орда бойынша пошта бөлімшелері мен пошта
департаментін құру туралы мәселе қозғалды (1874-1875 жылдары), сонымен қатар,
Орал және Торғай облыстарында және Ішкі ордада телеграф желісін дамыту туралы,
орал казактарын пошта станцияларын ұстаудан немесе оларға жәрдемақы беруден
босату туралы да мәселелер қозғалды.
Осы телеграф басқармасының басшылығында отырып, Ғұбайдолла Жәңгіров
Ресейдің Түркиямен соғысқа дайындықтардың үстіне түседі. Оның тікелей
қатысуымен және ұсынысы бойынша Севастопольде, Одесса және Очаковода
маяктар және жағалау батареялары байланыстырылады, Қара теңізден Каспий
теңiзіне дейін телеграф кабелiнiң төсемiн төсеу басталады.
1860-1870 жылдары елде әскери министр Д.А. Милютиннің бастамасымен
бірқатар әскери реформалар жүзеге асырылды. Милютин қызмет ету мерзімін 25-тен
15 жылға дейін қысқартуға, әскерде денені жарақаттайтын жазалау түрлерінің
алынып тасталуына қол жеткізді, әскери басқару жүйесі қайта құрылды. 1864 жылдан
бастап Ресейдің бүкіл территориясы 15 әскери округке бөлінді. Мұндай өзгерістер
әскери-оқу мекемелерін де жанап өтті.
Патшаның жоғарғы бұйрығымен Ғ.Жәңгіров рекрут (әскерге) алу өндірісінің
дұрыстығын тексеруге бірнеше айлап іссапарларға жіберілді. Ол 1871 жылдың
15 желтоқсанынан 1872 жылдың 7 наурызына дейін Пермь, 1873 жылдың
24 желтоқсанынан 1874 жылдың 7 сәуіріне дейін Самара губернияларында болып
қайтты. Император бұл тапсырмадан бөлек Ғұбайдолла Жәңгіровке аталған
губернияларда болған қуаңшылыққа байланысты жеке тапсырма берді.
Әскери реформалар саласындағы ең маңызды заңнамалық акт 1874 жылы
1 қаңтарда «Әскери борыш туралы жарғыға» қол қойылу болды. Рекруттік қабылдау
жүйесі 20 жасқа толған ерлердің әскерге алыну жүйесіне орын берді. Борыш өтеу
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.
278
енді жаяу әскерде 6 жыл және флотта 7 жылды құрады. Егер ата-анасында жалғыз ұл
бала болса, іні және қарындастарын бағып отырса, және үлкен ағасы әскери міндетін
өтеп болса немесе өтеп жатса әскери міндет өтеуге отбасы жағдайына байланысты
шақырылмайтын болды. Әскери міндет өтеуден Орталық Азия және қазақ жеріндегі
дін өкілдері босатылды [4].
1874 жылы 28 қыркүйекте Ғ.Жәңгіров жаңа жарғы бойынша әскери міндеттің
өтелу барысын бақылау үшін Астрахан губерниясына аттанады.
Ғұбайдолланың телеграф басқармасындағы жаңа қызметі кездейсоқ болған
жоқ. Өйткені, Балқан дағдарысына байланысты телеграф ерекше маңызға ие бола
бастаған еді. Ішкі істер министрлігінің телеграф департаментінде Ғұбайдолла әскери
дайындықтардың дәл үстіне түсті, департаменттің бүкіл қызметі негізінен Ресейдің
Түркияға қарсы әрекеттеріне бағытталды.
Әскери министрлікпен бірігіп жұмыс жасаудың арқасында Одессада,
Очаковада және Севастопольде маяктар мен жағалау батареялары қосылды. Қара
теңіз бен Каспий теңізі түбімен кабель тартылды [4]. Хабарламалар таратуда ерекше
құпиялық сақтау мақсатында арнайы шифрлар ойлап табылды. 1876 жылдың аяғынан
1877 жылдың шілдесіне дейін «Ресейдің оңтүстігі мен Кавказда әскери
қажеттіліктерге телеграф линиялары мен станциялар орнатуға, телеграф
материалдарын дайындау мен оларды әскер орналасқан жерге жеткізуге, сонымен
бірге керек бола қалған жағдайда қосымша материалдар құруға Әскери министрлікке
кеткен шығындардан бөлек 300 мың рубльге дейін шығын шықты» [5].
Департаментте жинақтаған тәжірибесі мен арнайы білімі Ғұбайдоллаға әскери
телеграф хабарламаларының қозғалысын басқаруда үлкен көмегін тигізді.
1877 жылдың 5 шілдесінде «Бас Императорлық пәтер қолбасшысы әскери министрге
жоғары мәртебелінің бұйрығымен флигель-адъютанттар: барон Н.Е. Мейендорф 2-ні,
сұлтан Ғұбайдолла Жәңгір Шыңғысханды, Н.П. Шлиттерді, граф И.И. Чернышев-
Кругликовты, А.А. Горяиновты, И.И. Нейкерді, граф Г.А. Милорадовичты және граф
Голенищев-Кутузовты әскерге Бас штаб қаулысымен курьер ретінде жіберу
керектігін ескерген жөн деп хабарлайды» [1, 86 б.].
Осы 1877 жылдың 12 шілдесінде Ғұбайдолла Бела қаласында императордың
бас пәтеріне келіп, ұлы князь Николай Николаевичтің басшылығымен тікелей оның
қол астына қызмет жасауға қабылданады. Император мен басқолбасшының өзіне
сеніп тапсырған тапсырмаларын орындай жүріп, Ғұбайдолла Ресей патшасы мен оған
қарасты бүкілресейлік империяға, яғни Отанға ант берген адам ретінде қолынан
келгенше аянбай қызмет етті. Әскери өнерді жетік меңгерген және қызметіне адал, өз
саласының шебері ретінде бағалаған Бас қолбасшы Ғұбайдолланы пошта және
телеграф бөлімдері басшысының көмекшісі етіп тағайындады [6]. Сол жылдың
15 желтоқсанынан бастап Ғұбайдолла армиядағы телеграф корреспонденциясының
бастығы атанады.
Ал 1877 жылы Балқанда орыс-түрік соғысы басталғанда осынау бейбіт сала
майданның ең алдыңғы шебіне қажет құралға айналды. Соғыс қимылдарына
патшаның ағасы, ұлы князь Николай Николаевич басшылық етті. Ал түрiк әскерiн
(206 мың адам, 400 саймандар) тәжірибелі сердар-экрем Абдул-Керiм-Паша
басқарды (генералиссимус), кейін оны (мұсылмандықты қабылдаған немiс Карл
Детруа) мехмед-Әли-Паша (генерал-фельдмаршал ) мүшір ауыстырды [4].
Соғыс барлық әскер түрлерiнiң (жаяу әскер, флот, артиллерия, атты әскер тағы
басқалар) пайдаланылуы арқасында екi майданда (Балкан және Кавказ) бiр уақытта
жұмыс iстей алған Ресейдiң әскери саласының ары қарай дамуына үлкен ықпалын
тигізді. 1853 - 1856 жылдары болған Қырым соғысындағы жеңілістен кейін елде
әскери реформа жүргiзiлдi. Әскер құрамындағы сарбаздардың жауынгерлiк
дайындығы жетілдірілді, әскери өнеркәсiп дамытылды, телеграф және телефон
желiлері салаларында бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Соғыс қарсаңында
австриялық үлгi бойынша орыс әскерiнде әрқайсысында сегіз Морзе аппараты бар
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.
279
тоғыз әскери жорық телеграф парктері, 35 шақырымға созылған мыс телеграф
өткiзгiшi, 7 арба, 2 станциялық күймелері болды. Парк штаты соғыс уақытында
373 адамнан тұрды, соның iшiнде 6 офицер және шенеунiктер, 12 телеграфшыдан
тұрды. Соғыста 6 әскери телеграф парктері қатысты, олардың iшiндегі төртеуі
(3, 4, 5 және 6-шы) әскерді дала байланыстарымен тiкелей қамтамасыз еттi, ал екi
парк (1-шi және 2-шi) резервте болды.
Әскери телеграф парктерін ұйымдастыру инженерлiк әскерлердiң сапер
бригадалары құрамына кiрдi, бiрақ әскердiң штабы және бас қолбасшы нұсқауды
жеке орындап, өз алдына жұмыс iстедi. Әскери телеграф паркі (35 шақырым) бiр
өткелге телеграф сызығының құрылымына есептелiнiп, әрбiрi екi телеграф
станциялары бар 33 шақырым сайын линия жасай алатын үш бөлiмшелерден тұратын
болды [5]. Сол жылдың 12 шілдесінде Ғ.Жәңгіров Бас қолбасшының қарамағына
майданға келді.
Көп кешікпей Бас қолбасшының «Флигель-адъютант полковник сұлтан
Шыңғыс-ханды почта мен телеграф бөлімінің меңгерушісі генерал-майор
Н.К. Штальға көмекші етіп тағайындаймын. Николай» деген бұйрығын алды. Бас
қолбасшының штабымен және бас пәтерімен Беладан бастап Константинопольге
дейінгі даңқты жолдан өтті. Әсіресе, Плевна қаласының түбіндегі шайқастарда
Ғұбайдолла басқарған байланыс бөлімшесі ұтқыр қимылдады. Ғұбайдолла өзінің
жұмысқа қабiлеттiлігімен, техникалық сауаттылығы және ерекше ұғымталдығымен
көпті таң қалдырады. Соғыс қызған уақытта телеграф өткiзгiштерiнің қоры
таусылған кезде ол олардың орнына казак найзаларының саптарын қолдануға бұйрық
бердi.
Плевна түбіндегі шешуші шайқастарға басшылық жасау үшін Александр
патшаның өзі майдан шебіне келді. Әрекеттегі армия 1877 жылғы 16 қыркүйектегі
№177 бұйрықпен Шыңғысхан бастаған жеті полковник «Ерлігі үшін» жазуы бар
алтын қылышпен марапатталды. Әскери қаруды Ғұбайдоллаға патша өз қолымен
тапсырды [7].
Соғыстан көп уақыт өткеннен кейін де император:
«- Шыңғыс, менің туған күнімде майдан шебінде сүйінші хабармен шаттыққа
бөлеп едің-ау. Сен сол күнді ешқашан естен шығармайтын боларсың? – деп
сұрайтын.
- Ешқашан ұмытпаймын, жоғары мәртебелім! – деп жауап беретінмін мен».
Бұл Ғұбайдолланың өз күнделігіндегі жазу. Екі қаруластың – Александр патша
мен Ғұбайдолла генералдың жорық жолдарын еске алуы еді [1, 123 б.].
Осындай еңбегі үшін Мәскеу Кремлінің Георгиев залының қабырғасында
Балқан соғысы батырларының қатарында қазақ генералының аты-жөні жазылды.
«Ерлігі үшін» Алтын қылышынан басқа І дәрежеге дейінгі үш Анна орденімен,
Ресейдің Әулие Станислав орденінің үш бірдей дәрежесімен, Ресейдің және Еуропа
елдерінің басқа да жоғары наградаларымен марапатталды. Патшаның ерекше
жарлығымен 1877 жылы Алтын қару алғандардың бәрі Георгиев кавалеріне
теңестіріліп, ал үлкендік реті жөнінен 4-дәрежелі Георгиев орденінен кейінгі орында
саналды.
Әкесі Жәңгірдің қарулар жинағындағы Елизавета патшайымның бабалары -
Әбілқайырға, Нұралыға, І Александр патшаның – атасы Бөкейге, әкесі Жәңгірге
берген атаулы-жазулы қылыштары қазақ хандарын ұлықтау рәсіміне орай берілген
ескерткіш қарулар болатын. Ғұбайдолла болса сол тізімді жалғастырып, орыс
патшасы ІІ Александрдың қолынан әскери қару алды.
Ғұбайдолла Жәңгірұлының орыс-түрік соғысына қатысуы Бөкей Ордасы
жұртшылығын қуанышқа кенеді. Бұл жаңалықты газеттен Медетқали Шөкіұлы оқып,
халыққа жариялады [3, 415 б.].
Ғұбайдолла
1878
жылдың
сәуірінде
«Ливадия»
яхтасымен
Константинопольден Қара теңіз арқылы елге оралды. Келер жылдың тамызынан
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.
280
бастап Ресей Ішкі істер министрлігінің қазақтарды басқару бөлімінің меңгерушісі
болып [8], ұлт игілігіне қызмет етті. Түркістан өлкесін басқару жөніндегі ереженің
жобасын түзейтін комиссия құрамындағы «Ерекше пайдалы және ынталы қызметі
үшін» І-дәрежелі Әулие Анна орденімен марапатталды. Толық генерал шенімен
отставкаға шыққаннан кейін де ол Ресей астанасында маңызды қоғамдық
жұмыстармен айналысты. Петербургтегі әйгілі Собор мешітін салу жөніндегі
комитеттің мүшесі болып, мұсылмандық парызына адалдық танытты.
Жәңгірұлының
адамгершілігі,
қайырымдылығы,
рухани
тазалығы
замандастарын тәнті етті. Елінен, жерлестерінен көмегін аямады. Қазақ өкілдерін,
депутацияларын патшаның қабылдауына кіргізді. Жаламен түрмеге жабылған
Ақмолла ақынға араша түсті. «Ассалаумағалайкүм, асыл затқа, майданнан озып
келген арғымаққа» деп алдына барғанда, Ғұбайдолланың басына ерік әпергенін,
фаэтонына отырғызып Петербург көшесімен қыдырыстатқанын Ақмолла
ризашылықпен еске алып, дастан арнады.
Ал Ғұбайдолла Ішкі істер министрлігіне қазақ мәселелерін қадағалайтын
қызметке тағайындалғанда біраз іс үкіметтік деңгейде шешілді. Әкесі қазаққа тиесілі
етуге көп күш-жігер жұмсаған теңіз жағалауының Бөкей ордасына қарауы үшін
бұрынғы иелеріне мемлекет тарапынан өтемақы төлеу мәселесі шешімін тапты.
Торғай мен Орал облыстарында мектептер ашу, оқу орындарындағы қазақ жастарына
стипендия тағайындау ісі қолға алынды.
1882 жылы Ғ.Жәңгіров Астрахан губернаторы Протасов-Бахметовтен
университет және гимназияның толық курстарын бітірген қазақ балаларының
жағдайы туралы мәлімет сұратты [1, 128 б.].
Отставкаға шыққаннан кейін (1902 — 1903 жылы) ол 69 жасына келген
шағында Петербургтен денсаулығын түзету мақсатында император сыйға тартқан
Ялтадағы иелігіне көшіп барады [1, 151 б.]. Бірақ тағдыр оған сауығуды жазбады.
Соңғы кезде асқынып кеткен созылмалы ауру мықты әрі берік ағзаны әбден
әлсіреткен болатын. Сөйтіп, қазақтан шыққан тұңғыш кавалерия генералы
Ғ.Жәңгіров дүниеден өтті. Таңқаларлық сәйкестікпен оны жерлеу күні ол жақсы
көрген патшаны жерлеу күніне, яғни, 1 наурызға сәйкес келеді. Ол Ялтаға жақын
жердегі Дерика жерінде мұсылмандық бейітте жерленген [1, 151 б.]. Оның өлімі тек
туыстары мен жақын достарын ғана емес, сонымен қатар оны жақсы адам ретінде
танығандарға да ауыр тиді.
1941-1945 жылдардағы соғыстан кейін Ялта төңірегіндегі мұсылман бейіттері
қалалық құрылыс салу мақсатында тазартылды. Бірақ Ғұбайдолла Жәңгіров есімі
ешқайда да жоғалып кеткен жоқ, ол үшін оның жақындары, достары, тіпті
танымайтын адамдар – мұрағат, мұражай, кітапхана қорғаушылары көп еңбектенді.
Әдебиеттер:
1. Мукатаев Г.К., Ирхина М.В. Султан Губайдулла Чингисхан – полный генерал
от кавалерии: Документы и материалы. - СП6: «Издательство М.В. Ирхиной»,
2003. – 159 с.
2. О. фон Фрейман. Пажи за 185 лет: биографии и портреты бывших пажей с
1711 по 1894 г. – Фридрихсгам, 1894. – 952 с.
3. Боранғалиұлы Т. Жәңгір хан. – Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2014. – 528 б.
4. Абдиров М. Русско-турецкая война. – http://military-kz.ucoz.org. –
Пайдаланған уақыты: 02.05.2013 ж.
5. Кочуков С.А. Общество, правящая элита, армия Российской империи и
Русско-турецкая война 1877-1878 гг. – http://www.docme.ru. – Пайдаланған уақыты:
27.03.2015 ж.
6. История свиты. Столетие Военного министерства 1802-1902.
Императорская Главная кваритра. История Государевой свиты царствования
Императора ІІ. Ред. Генерал-адъютант Д.А. Скалон, составитель полк. В.К. Шенк.
– СПб., 1914. – 1376 с.
БҚМУ Хабаршы №2-2016ж.
281
7. Газенкампф М.А. Мой дневник (1877 – 1878 гг.). – СПб., 1908. – 624 с.
8. Адрианов С.А. Министерство внутренних дел. Исторический очерк. (1802-
1902). – СПб., 1901-1902. – 815 с.
Рысбеков Т.З., Кенесова А.С.
Военная деятельность генерала Г.Жангирова
В данной статье приводятся сведения о первом казахе, получившем звание
генерала кавалерии русской армии – Губайдулле Жангирове, о его общественно-
политической деятельности, о его участии в русско-турецкой войне, и, самое
главное, о его военной деятельности.
Ключевые слова: Губайдулла Жангиров, генерал кавалерии, флигель-
адъютант, телеграфное ведомство, военные реформы, русско-турецкая война,
битва под Плевной, золотая сабля, Ялта.
Rysbekov T.Z., Kenessova A.S.
Military activities Gubaydulla Zhangirov
This article describes the information about the first Kazakhs received the rank of
general of cavalry of the Russian army – Gubaydulla Zhangirov, about his social and
political activities, about his participation in the Russian-Turkish war, and the important
thing, about his military activities.
Key words: Gubaydulla Zhangirov, general of cavalry, adjutant, telegraph office,
military reforms, Russian-Turkish war, battle of Plevna, saber gold, Yalta.
***
ӘОЖ 316.4.063.7.94(574).082.
Бақторазов С.У. – тарих ғылымдарының кандидаты, доцент
М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті
E-mail: nucha13-94@mail.ru
Достарыңызбен бөлісу: |