Түйсіктің түрлері.
Түйсіктер сезім мүшелерімізге байланысты: көру түйсігі, есту түйсігі, дәм түйсігі, иіс түйсігі, тері түйсігі, кинестезиялық, статикалық, вибрациялық және органикалық түйсіктер болып бірнеше түрге бөлінеді. Ерте кезден бастап адамның сыртқы бес сезім мүшесіне орай көру, есту, сипап сезу, иіс және дәм түйсіктерін ажыратқан. Қазіргі кезде сыртқы және ішкі ортаны рецепторда бейнелейтін 20-дан астам түрлі талдағыштар бар деп саналады. Түйсіктер бірнеше негіз бойынша жіктеледі. Түйсік туғызатын тітіркендіргіш пен рецептордың тікелей жанасуының болатындығы немесе болмайтындығына қарай дистанттық және түйісу рецепторлары болып бөлінеді. Түйсіктің бұл түрлері жақын ортада бағдар жасауды қамтамасыз етеді. Дәм сезу, ауырсыну, тактильдік түйсіктері түйісу рецепторларына жатады.Рецепторлардың организмде орналасуына қарай түйсіктерді үлкен үш топқа бөлуге болады: дененің беткі қабатында орналасуына қарай экстерорецептор (керу, есту, тактильдік т.б.) бұлшық ет, сіңірде орналасқан түйсіктер проприорецептор (кинестезиялық, статикалық, вибрациялық т.б.) және ішкі мүшелеріміздің күйін бейнелейтін яғни, аштықты, шөлдегенді, ыссысуықты түйсіну интерорецепторлар (органикалық түйсіктер) болып бөлінеді.Ағзаның сыртында орналасқан көз, құлақ, мұрын, тіл, тері мүшелері — экстерорецепторлар. Бұл рецепторлар арқылы адам өз денесінің сыртында тұрған заттар мен құбылыстардың сипаттарын бейнелейді. Бұлшық еттерде, тарамыс пен сіңірлерде орналасқан сезім мүшелерін проприорецептор деп айтады. Бұл рецепторлар арқылы адамның қимылдау түйсіктері мен тепе-теңдік түйсіктері сезіледі. Дененің ішінде (қарында, ішекте, өкпеде) орналасқан сезім мүшелерін интрорецептор деп атайды. Бұл рецепторлар арқылы ішкі мүшелерімізде ас қорыту, қан айналысы, тыныс алу сынды басқа да қандай процес болып жатқаны жайында хабар алып отырамыз. Адамның ішкі мүшелерінде туатын осындай түсіктерді органикалық түйсіктер деп атайды.
Достарыңызбен бөлісу: |