көзқарас дұрыс емес. Ол – тілдің табиғи қалпының
біртіндеп бұзылуына
апарады.
Тілдегі өзгерістер мен жаңалықтар жайдан-жай пайда бола салмайды.
Оны тілді тұтынушылардың түрлі қажеттілігі туғызады. Олардың түрлі
қоғамдық іс-әрекет кезіндегі тілді қолдануы – тілдік жүйедегі өзгерістердің
шынайы сипатын көрсетеді. Тілдің қоғамдық қызметі әр тілдің өзіндік
ерекшеліктерін айқындаумен қатар тілдік құралдар дәстүрлі қолданысына да
әсер етеді, оның үстемдігі мен пәрменділігін де айқындайды.
Қалай дегенмен, қазақтармен қатар көптеген ұлт өкілдерінен тұратын
қазақстандық қоғамның қазіргі қостілділігі (қазақша-орысша)
барлық ұлт
өкіліне бірдей тән емес. Көбіне, қазақ қоғамы екі тілді, яғни қазақтар өз ана
тілімен қатар орыс тілін меңгерген болып келеді. Қазақтардың орыс тіліне жетік
болуына байланысты болар, еліміздегі басқа ұлт өкілдерінен олардың саны
қаншалықты артық (60%) бола тұрса да, қазіргі
таңда еліміздегі қоғамдық
қарым-қатынастың бірқатар саласында, негізінен, орыс тілі үстем қолданыста
болып отыр. Мәселен, техникалық сала, жаңа технологиялар саласы,
ақпараттық технология (ІТ), экономика, бизнес, банк-қаржы жүйесі,
жаратылыстану ғылымдары мен медицина сияқты т.б. салалардағы тіліміздің
қолданыс аясы орыс тілімен салыстырғанда кенже қалып отыр.
Бұлай болып қалыптасуына кеңестік дәуірдің саясаты ықпал еткен еді.
Сол заманда еліміздің мемлекеттік басқару орындарының тілі ғана орысша
болып
қойған жоқ, гуманитарлық ғылымдардан басқа ғылымдардың пәні де
орысша оқытылып, орысша зерттелетін. Елге ең қажетті білікті мамандар мен
кәсіп иелері орысша дайындалатын. Жаратылыстану мен медицина секілді
ғылымдардың әдебиеттері көпшілікке арналған шағын кітапша түрінде немесе
мерзімді баспасөз беттерінде ғылыми-көпшілік мақала ретінде ғана
басылатыны болмаса, қазақ тілінде зерттеліп жазылмайтын, тек орыс тілінде
жазылушы еді. Міне, соның зардабынан тіліміздің
қоғамдық-әлеуметтік
қызметінің үлкен бір саласы әрі тілдің дамып жетілуінің негізгі бір бағыты
болып саналатын ғылым тілі дамымай қалған еді. Сан алуан ғылым саласының
терминдері ғана қазақшаланбай қалған жоқ, ғылыми стиль бойынша сөз саптау
да, сөйлем құрау да, ғылыми ой-пікірді мәтін ретінде жүйелі жеткізу де өз
дәрежесінде қалыптаспады.
Соның әсерін тәуелсіздік алып, өз алдымызға
дербес ел болсақ та, күні бүгінге дейін айқын сезініп отырмыз. Бұған
Елбасының мына бір сөзі де нақты дәлел: «Ұлттық сана-сезім үшін этикалық
мәдениет пен тілді қорғап дамытатын қоғамдық институттар жүйесіне арқа
сүйеу мейлінше маңызды. Мұның, әсіресе, білім беру жүйесі мен бұқаралық
ақпарат құралдарына қатысы бар. Біз білім беру жүйесінің «қазақ тілін қалыс
қалдыру» ұстанымына құрылғанын көрдік, онда
ең бір ділгір де мұқтаж
кәсіптер мен мамандықтар бойынша қазақша білім ала алмайтын.