Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау құралы не нысанасы болған затты, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған мүлiктi тәркiлеу
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау құралы не нысанасы болған затты, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған мүлiктi тәркiлеу оларды заңнамада белгiленген тәртiппен мемлекет меншiгiне мәжбүрлеп өтеусiз айналдырудан тұрады.
Меншiк иесiне қайтарып беруге жататын не айналымнан алынған затты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған тұлғаның заңсыз иелiгiнен алып қою тәркiлеу болып табылмайды. Айналымнан алынған зат мемлекет меншiгiне айналдыруға немесе жойылуға жатады.
2. Егер осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнде өзгеше көзделмесе, құқық бұзушының меншiгi болып табылатын зат қана тәркiлеуге жатады.
3. Аңшылық қаруды, оның оқ-дәрiлерiн және басқа да рұқсат етiлген аң аулау және балық аулау құралдарын тәркiлеудi аң аулау (балық аулау) өмiр сүруiнiң негiзгi заңды көзi болып табылатын адамдарға қолдануға болмайды.
4. Тәркiлеудi судья қолданады және бұл осы бөлiмнiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында әкiмшiлiк жаза ретiнде көзделген жағдайларда қолданылуы мүмкiн.
Арнайы құқықтан айыру
1. Нақты адамға берілген арнайы құқықтан айыруды судья қолданады.
2. Арнайы құқықтан айыру мерзiмi бiр айдан кем болмауға және екi жылдан аспауға тиiс.
3. Көлiк құралдарын басқару құқығынан айыру мерзiмi алты айдан кем болмауға және он жылдан аспауға тиіс.
4. Көлiк құралдарын басқару құқығынан айыруды, көлік құралын масаң күйде басқару не масаң күйдi куәландырудан белгiленген тәртiппен өтуден жалтару, сондай-ақ аталған адамдардың белгiленген қағидаларды бұзып, өздерi қатысушысы болып табылған жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалу жағдайларын қоспағанда, бұл құралдарды мүгедектiгiне байланысты пайдаланатын адамдарға қолдануға болмайды.
5. Аң аулау, балық аулау құқығынан, аң аулау қаруын, оның оқ-дәрiлерiн және балық аулау құралдарын сақтау мен алып жүру құқығынан айыруды, осы құқықты пайдалану тәртiбiн үнемi бұзуды қоспағанда, аң аулау (балық аулау) өмiр сүруiнiң негiзгi заңды көзi болып табылатын адамдарға қолдануға болмайды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. ҚР Әкімшілік кодексі
Достарыңызбен бөлісу: |