Keywords: Kazakh patriotism, Kazakh culture, moral values.
Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық, саяси-идеологиялық даму барысында жеке тұлғаны отансүйгіштікке тәрбиелеу үкіметіміздің жаңа стратегиялық бағдарламасының басым бағытттарының бірі болып отыр. Оның дәлелі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында: «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», - деп келтірілген [1]. Яғни әрбір қазақ баласы еліне, халқына адал қызмет ету, бауырларына қамқор болу, т.б. деп түсінсек, оны негізі рухани мұралармен де шендесіп жатады.
Бүгінгі Қазақстан – геосаяси маңызы зор, жетістіктері мен талпыныстарын әлем таныған, қалыптасқан мемлекет. Ең бастысы, біздің еліміз дамудағы болашағы мен әлеуеті мол және әлемдік беделге ие. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы терең мазмұнға және сындарлы сипатқа ие тарихи құжат. Мұнда Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттілігінің негізгі нәтижелері қорытындыланып, ұзақ мерзімді дамуының басым бағыттары айқындалды. Мұндай мазмұндағы талап-міндеттер бүгінде жас ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие беру ісінің жалпы ұлттық сипатқа ие болып отырғандығын көрсетеді. Қоғамның даму тарихында түрлі кезеңдерде патриотизм, қазақ патриотизмі, советтік патриотизм, елжандылық, ұлтжандылық, қазақстандық патриотизм, т.б. туралы айтылған тұжырымды ойлар бұл проблеманың тамыры тереңде екендігін көрсетеді. Демек, бұл ұғымдардың мағынасы кең.
Қазақ елінің ғасырлар бойы қалыптасқан отансүйгіштік тәлім-тәрбие дәстүрлерін, әдістері мен құралдарын жинақтап, оны бүгінгі патриот тұлғаны тәрбиелеуде оқу-тәрбие үдерісінде ұтымды қолдану – уақыт талабы. Патриоттық тәрбиенің негізі, қазақ патриотизмі ерте кезден бері қалыптасты. Себебі сонау сақ дәуірінен Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде туған жер үшін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен күресіп, келешек ұрпағына Отанымызды, «қазақ» атауын мұра етіп қалдырған батырлар, билер, хандар заманында хатқа «қазақ патриотизмі» деп жазылмаса да, ауызекі түрде кейде жыр, өлеңмен тараған отансүйгіштік өсиеттердің негізінде бізге жеткен.
Ел ішіндегі бейбіт өмірге іріткі салуға бағытталған топтардың әрекетінен соңғы уақытта халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі пайда болды. Бізде сенім бостандығы бар, бірақ соқыр фанатизм бейбітсүйгіш халқымыздың психологиясы мен діліне мүлдем жат. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек. Сондықтан біз әлеуметтік, этностық және діни шиеленістердің алдын алуға, дәстүрлі емес секталар мен күмәнді жалған діни ағымдардың іс-әрекетіне тыйым салуға бағытталған іс-шаралар жоспарын жасауымыз керек. Яғни иманды ел – берік ел қағидасын ұстауымыз керек. Тарихты парақтасақ, қазақ жерін мекендеген ұлы түркілердің ардақтайтын моральдық құндылықтарының ішінде отансүйгіштік рух, отансүйгіштік қасиет жетекші орын алды. Бумын Қағанның баласы Мегенің жат жұртқа бір уыс топырақты беруге болмайтыны туралы: «Топырақ – халықтың негізі, оны беруге болмайды, топырақ жат жұртқа берілсе, халқымыздан айырыламыз!» - деген патриоттық өсиеті бүгінде өз маңызын жойған жоқ.
Ал қазіргі таңда рухани байлығымыз мемлекеттік тілдің қолданылу аясын одан әрі кеңейту күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Жолдауда атап көрсетілген осы міндеттерге орай, әліпбиімізді латын қарпіне көшіру дайындығына кірісуді пәрменді жүзеге асыру қажет. Шетел тілінен енген сөздерді қазақ тіліне аудару жөніндегі терминдік комиссия құрып, жаңа бағыттағы сөздік қорын нығайту қажет. «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағытын жүзеге асыруда бізге – қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Тағылымы мол тарихымызбен, ұлы бабалардың ұлағатты өмірінен алар тәлімімізбен біз алдағы асулардан алқынбай асамыз. Үдеудің сыры – бірлікте, жүдеудің сыры – алауыздықта. Осыдан үш ғасыр бұрын Аңырақайда болған шайқаста ата-бабаларымыз бірліктің құдіреті қандай боларын өзіне де, өзгеге де дәлелдеген. Сын сағатта туған елге деген перзенттік парызды бәрінен биік қоя білген. Сол шайқаста төгілген қан барша қазақтың тамырында бар. Бізді бір-бірімізбен біріктіретін де, бауыр ететін де батыр бабаларымыздың бостандық жолында төгілген қаны деп білеміз. Бейбіт күндегі белестерді бағындырып, алдағы сындардан сүрінбей өтеріміз, ең алдымен, өзімізге, бірлігіміз бен берекемізге байланысты. Біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз. Бәріміздің де туған жеріміз біреу – ол қасиетті қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан. Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қылдық. «Қазақстан – 2050» стратегиясы осынау мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі.
Қасиет деген сөздің өзі қазақ халқында кездесетін киелі ұғым. Мұнымен байланысты «қастерлеу», «қасиетті жер», «қасиетті сөз», т.б. сөздер қолданыста бар. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: «Қасиет – адам бойындағы жақсылық, адамгершілік, ар-абырой, қадір», - деп түсінік берілген [2, 45]. Қазақ халқына тән жақсы қасиеттерді профессор А.Тайжанов: «кеңпейілдігіміз, аршылдығымыз, намысшылдығымыз, бәсекешілдігіміз, жаңаруға, жаңа ортаға құмарлығымыз, тәуекелшілдігіміз, т.б.», - деп көрсетеді [3, 6]. Демек қасиет адамның өмір сүру барысында қоғамдық факторлар негізінде тәрбие арқылы қалыптасады. Олай болса батырлардың қаһармандық бейнесіндегі отансүйгіштік қасиеттерді кең мағынасындағы ұғым деп айтуымызға болады.
Зерттеуші Ғ.Б.Базарғалиев өзінің «Х.Досмұхамедовтың ағартушылық қызметі мен шығармашылық еңбектеріндегі отансүйгіштік тәрбие идеялары» атты ғылыми еңбегінде Х.Досмұхамедовтың ғылыми мұраларына сараптама жасай отырып: «Отансүйгіштік сезімнің нысанасы мен қайнар көзі Отан десек, оның мазмұны – туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр, адам көкірегіне жылылық, жақындық, туысқандық сезімдерді ұялатады, ізгі де ерлік істердің қайнар көзіне айналуы отансүйгіштікке тәрбиелеудің арқауы болады», - деп, отансүйгіштік тәрбие мәселелеріне жан-жақты тоқталады [4].
Біздің көзқарасымызша, отансүйгіштік тәрбие – халық дәстүрлері негізінде адам баласының бойына жинақталған ерекше белгі. Ол әрбір жеке тұлғаның бойында белгілі бір қасиетке ие. Осы қасиеттер жиынтығы арқылы ғана әрбір тұлға өз Отанының патриоты болады.
Отансүйгіштің тәрбие мәселесінің өзектілігі айқын. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында: білімді өркендетіп, мемлекеттілік пен демократияны дамыту және сыртқы саясат пен қауіпсіздікті нығайтып, елдегі патриотизмді күшейту. Оның ішінде үшінші бағыт, ұлттық бірегейлікті сақтау өте маңызды болып табылады. Онда: «Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап бағаланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді. Осының бәрін егжей-тегжейлі айтып отырғандағы мақсатым – бойымыздағы жақсы мен жаманды санамалап, теру емес. Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деп Елбасы ерекше атап өтті [5].
Біз еліміздің болашағын сенімді жастардың қолына тапсыруымыз тиіс, сондықтан да тәрбие біліммен қатар жүруі тиіс. Сонау Күлтегін заманынан қалған «Халқы бегіне, бегі халқына сенген ел ұзақ жасайды» деген өсиет өзектілігін ешқашан жойған емес. Сенім – сын сағаттағы серігі екенін нық ұғынған халқымыз, ең бастысы, кемел келешекке деген сеніміне көлеңке түсірген жоқ. Соның арқасында қиындық атаулыны қайыспай көтерді, белестерді бірге бағындырып, асулардан бірге асты. Қысталаң уақыт, қиын кезеңнің бәрінде дұрыс шешім қабылдап, тура жол таба білді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ең қиын-қыстау күндерде бірлігінен танбай, бар қиыншылыққа төтеп берді, қисайған жүгін түзеді, тұманды жерден жол тапты, күмәнді жерден жөн тапты. Елі дүйім дүниеге танылды, Елбасы күллі әлемге сыйлы болды. Бұл – шын мәнінде тәу етер құндылығымыз – Тәуелсіздігіміздің жемісі, тәуелсіз елді өз қолымен құрған Елбасының жеңісі деп білеміз.
Бүгінгі қазақ патриотизмі туралы айтар болсақ, ол мынадай принциптерге сүйенуі тиіс:
- өз ұлтын, ана тілін, мұсылман дінін, туған жерін жанындай сүйетін, қорғай білетін;
- өз ұлтын әлемге танытатын;
- өз халқына деген отансүйгіштігі, бауырмалдығы жоғары;
- отандық өнімдерді, ұлттық тағамдарды әрқашан тұтынатын;
- өз елінің ырымдары мен тиымдарын берік ұстанатын;
- өз елінің салт-дәстүрлерін қастерлейтін және үнемі насихаттайтын;
- өз елінің отансүйгіштік тақырыптағы әндерін тыңдайтын;
- мемлекеттік рәміздерді қасиет тұтатын және қорғай білетін;
- отансүйгіштік ой-санасы жетілген, ары таза;
- қазақ батырларының ерлігін, үлгі-өсиетін өнеге тұтатын болуы керек.
Бізге белгілі, жер көлемі жөнінен дүние жүзінде тоғызыншы орынды иеленетін, табиғат ресурстарына бай Қазақстан мемлекеті әрбір азаматына Отан туралы патриоттық санасын, ой-өрісін дамыту, жаһандану үрдісіндегі бәсекелестікке, өзіміздің ұлттық ерекшелігімізді сақтайтын, елімізді өркениетті елдер қатарына жеткізуде патриоттық тәрбиенің ең пәрменді және сенімді идеологиялық құрал ретінде маңызы зор. Яғни:
- ұлттық білім беру жүйесінде мемлекеттік тұрғыдан патриоттық тәрбие берудің басымдық тұстарын қаржыландыру, құқықтық-нормативтік, әлеуметтік статусын көтеру, бүкіл қоғамдық қолдау жүйесін қалыптастыру;
- білім беру жүйесіндегі ұлттық ерлік дәстүрлерді кешенді пайдалану, патриоттық тәрбие берудің технологияларын жетілдіру және біртұтас «қазақстандық патриотизмді» қалыптастыруда (тіл, дәстүр, дін) пәрменді нығайту;
- жастарға патриоттық беруді мемлекет тарапынан тікелей әсер ету – негізінен жалпы білім беретін орта мектептерде білім беру мазмұнында патриоттық тәрбие беру ісін жетілдіру, материалдық базасын нығайту, яғни отбасынан жоғары оқу орны аралығына дейін үздіксіз білім беру жүйесінде патриоттық тәрбиені дамыту. Сөзімізді түйіндесек, Қазақ халқы өз ұрпағына отансүйгіштік тәрбие беруде баға жетпес тәрбиелік мүмкіндігі зор рухани, мәдени мұраның мол тәжірибесін жинақтаған. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін отансүйгіштік тәрбие жөніндегі халықтық қағидалар, талаптар және әдіс-тәсілдер қолданылған. Демек, қазақ патриотизмінің негізгі талаптары еліміздің тарихи дамуына, әлеуметтік-экономикалық жағдайына, өмір салтына, түрлі тарихи уақиғаларға байланысты қалыптасқан отансүйгіштік тәрбие берудің алғышарттары деп түсінгеніміз жөн.
Достарыңызбен бөлісу: |