Болмаған балалық шақ



Pdf көрінісі
бет2/6
Дата03.12.2023
өлшемі2 Mb.
#133524
1   2   3   4   5   6
 
Бірінші бөлім
 
Үржардағы сары үрпек
Әкем жарық дүниеден өтісімен, біз Үржарға көштік. Алматыдағы үйімізден алғанымыз
– бар болғаны екі-үш шамадан киім-кешек екен. Соны автобусқа артып алып, шешемнің төр-
кініне тартыппыз. Әкемізден үшеу қалған ек. Үлкеніміз Маржан, ағам Данышпан және мен.
Бұл қайғылы һәм күрделі күндер менің есімде әлбетте жоқ. Жасым бар болғаны
төртте ғана. Әкемнің түр-сипаты, кескін-келбеті, мінез-құлқы, жүріс-тұрысы туралы жадымда
ештеңе сақталмапты. Жоқ, тұра тұрыңыз, ауылда болу керек, әкем мені көтеріп ап, атқа мін-
гізіп жатқан еді. Эверестке шыққан альпинистей алқымыма түсініксіз бір шаттық сезімі кеп-
телгені есімде. Тек мені көтерген қуатты қол иесінің іңірде көшкен көлеңкедей бақиға сіңіп,
түр-түсінің көзімнен бұл-бұл ұшқаны жаныма қатты батады қазір. Болды, осы естеліктен
өзге санамда дым жоқ. Бақытты балалық шақтың барлық өмірдерегі осылай сүртіліп қалған.
Балғын жанарымыз бен құлағымыз естіп-көрген өзге жағдайлар да үшті-күйлі буланып кеткен.
Жадымды қанша жұлмалап, қалтарыс-бұлтарыстарын сілкілеп көргенмен, тас та табылмады.
Өкініштісі – осы.
***
Сонымен біз Үржарға көштік. Айтпақшы, Алматыдан әуелі Шұбартауға барып, бауыр-
ларын жоқтап, қайғы жұтқан күллі туыс-туғандармен әкемізді ақтық сапарға шығарып салып-
пыз. Сол күннің бірде-бір мезеті де есте жоқ қой!
Кейін Асқар (жаны жәннатта шалқығыр!) ағам айтатын: «Данышпан екеуіңді бейіт
басына мен апарғам. Сен тыныш тұрмай, басыңды мәшиненің есігіне оңдырмай соғып алдың
да, бақырып жыладың. Жұбатсам, көнбейсің ғой, көнбейсің! Бір уақытта есіңді жинадың да,
көкемнің бейітіне тесіле қарап тұрып: «Ей, ағалар, неге менің әкемді көміп тастадыңдар?!» –
деп айқайлап жібердің! Жұрттың бәрі саған қарай ошарыла қарап, жүзін тайдырып әкеткен
еді. Әлгі сөзден кейін жасыңды бірден тыйдың, бет-ауызың енді ештеңеге мызғымастай саза-
рды да, өзің сұп-суық боп қатып қалдың…» – деп еді. Соны Асқар ағам кейін мен ержеткенде
басын шайқап отырып бір-екі рет айтқан-ды. Бозарып кеттің ғой, бірдеңе білетіндей деген еді,
жарықтық.
Кім біледі, сол кезде менің байғұс бала жүрегім бірдеңені сезген де шығар…
Әкеміздің жетісінен кейін шешемнің төркініне көштік.
Бұрынғы Семей облысына қарасты Үржар – өзіне аттас ауданның орталығы. Қысы
қақаған аязды, көктемі сұлу, жазы күннің мейірімді нұрына малынған, күзі жеміс-жидекке
бай, табиғаты тамаша жер. Бір барып қайтыңыздар, өкінбейсіздер.
Үржар – қалың найман мен керейдің байырғы құтты мекені. Шығысында Тарбағатайдың
тәкаппар шыңдары осы бір сұлу өлкеге ерекше бір асқақтық беріп тұратын. Үржарда адам
баласының көңілді өмір сүруіне Тәңірім барлық жағдайды жасап қойған.
Біз осында тұратын болдық.
«Үлкен үй» деп аталатын үй – нағашы әжем, анамның үш інісі, бір сіңлісі тұратын қара-
шаңырақ. Үш нағашы ағамның да енді-енді шаңырақ көтеріп жатқан кезі екен, әжем зейнет
жасына шыққан кісі, анамның сіңлісі бойжеткен қыз еді. Ортасынан кіретін есігі, бірінен біріне
кедергісіз өте беретін үш бөлмесі бар, ескі, ұзынша үй. Алдында үлкен ауласы бар, картоп,
сәбіз тағы басқа көкөніс егілген бақшасының сыртында жылтылдап өзен ағып жатыр. Өзеннің
жағасы кішігірім тоғай. Осындай қоңыр тіршілік кешіп жатқан ағайынның үстіне төрт кісі боп
біз кірдік.
Бұл үйдегі алғашқы кезең төрт жастағы менің есімде қалмаған екен. Тек кішкене ес кіре
бастаған шақта білетінім: көрші-қолаң, туыс-жекжат мені «қияли бала» деп атайтын. Оның


А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
7
өзіндік себебі де бар еді. Үлкендердің айтуына қарағанда, мен маңайдағы тәмам жұртты жинап
алып, «өзім бастан кешкен» таңғажайып оқиғаларды баяндайды екем.
Мысалы былай. Біздей пақырға басқа планеталарға шеккен сапарлар жайлы таңды таңға
ұрып, елді еш шаршатпай әңгімелеп беру аса қиынға соқпайтын. Немесе, сол кездегі КСРО-
ның таңбамаңдай басшысы Михаил Горбачевпен өткен неше дүркін кездесулерімнің нәтиже-
лерінен хабардар қылып жүру маған бұйым емес еді. Ол ол ма, менің әңгімемді қызықтаған
қауымға үйдің қасындағы тоғайдан кинодан атын жиі еститін Гитлермен кездесіп, әңгіме
соққанымды паш етемін!
Жұрт ду күлісіп, «айт, айта түс, айт!» дегендей, менің «естеліктерімді» тыңдау үшін
үйінен арнайы ала шыққан кәмпит пен пірәндікті жейдемнің етегіне уыстап төгеді. Әлгілерді
ауызымды бұлтыңдатып жеп алған соң (мен де адаммын ғой!), шөлдей бастаймын. «Әңгімемді
ертең жалғаймын» деп міндетсіне тамағымды кенеп ишара білдіруім мұң, жақын маңайдағы
дүкендерден лимонад әкелінеді. Бұл кезде пақырыңыздың қиялына жарықтың өзі жете алмай
шексіз кеңістікте жыландай ирелеңдеп аласұратын ғой! «Тархун» әкелінсе (сол кезде ол лимо-
надтан қымбатырақ тұратын), мен, сөзсіз, жаңа, тың «естеліктеріме» көшем.
«Тархунның» тәтті дәмінен хабар берген жасыл шиша маған кәдімгідей шабыт сыйлай-
тын. Көк шишаның «пышшш!» етіп ашылған дыбысы біздің санаға «анабір әңгімені баста» деп
белгі беретіндей.
«Тағы не айтар екен?» деп ауызы аңқиып қарап тұрған ақ жүрек ағайынға сол сәтте
көзіммен көріп, өз тілінде тілдескен Қар адамы туралы қызықты ертегімді бастап кеп жіберем!
Мен сонда, бәлкім, Қар адамының Тарбағатайда, адам аяғы жетпеген шыңырау, шатқалдарда,
тұмса табиғаттың құшағында сүріп жатқан ғажайып өмірі туралы, оны көрген адамдардың
айтқан әңгімелерін там-тұмдап естіген болуым керек. Ары қарай қиялдың шаруасы еді…
Оһо, Қар адамы туралы «естеліктерім» басталғанда ауылдағы ең әңгімешіл деген қария-
ның өзін дуылдаған жұрттың маңайына еріксіз келтіріп, кеңкілдете күлдіруші едім! Тау-тасты
кезіп жүрген жылқышысы бар, аңшысы бар, мені арнайы шақырып ап, «әлгі албасты туралы
айтып берші», – деп жалынатын. Тіпті дерсіз, менің қияли әңгімелеріме өздері кәдімгідей
сенетін де еді! Әй, баладан бетер аңқылдаған, бүлдіршіннің сөзіне сенген, қазағым-ай!
Менің нем кетті, қойын-қонышымды тәтті мен дәмдіге толтырып ап, өз есебім өзімде,
мәз боп үйге келе жататынмын.
Балмұздақ деген бір сиқырлы дәм келгенде ше?! Ой, пәлі, десеңші! Онда кез келген фан-
таст жазушы қызғанатындай аңыз-әфсаналарды дереу ойдан шығарып жіберіп, елді бір риза
қылатын едім-ау, шіркін. Балмұздақ ол кезде қат. Қат болған соң, бұл қат дүниенің өтеуін
біздің балғын миымыз аса ыждаһаттылықпен, аса бір еңбекқорлықпен орындайтын. Балмұз-
дақ жер бетіне, Үржардың шетіндегі әуежайға бөгдеғаламшарлықтар табақшасының қонғаны,
бізбен мәслихат құрғаны туралы қиялымызды ұштайтын. Олар бұрын осы жақтан ұшып кет-
кен қазақтар екенін мен «әп, бәрекелдеее!» – деп тұрған тындармандарымды сендіре баяндай-
тынмын.
– Әй, ол табақшаға тарбиып мінгендердің руы кім екен-ей? – деп сұрақ қояды бір кезде
таяғына сүйеніп тұрған әлгі кеңкілдек, қуақы шал.
– Найман екен!
– Қой-ей!
– Рас, өздері айтты ғой, ата!
– Әй, оларың өзінің атамекенінде ғұмыр кешпей, неғып қаңғып жүрген наймандар, ә? –
деп кейігендей басын шайқайтын қария.
– Ата, сіз өзіңіз найман емессіз бе?
– Найманмын, балам!
– Онда сіз де басқа планетадан келген екенсіз!
– Не дейді, Құдайым-ау?!


А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
8
– Сізді олар сұраған өткенде. Әлгі біздің Шүңірей шал қайда жүр деп.
– Ех-ех-ехе! Әй, иттің ғана күшігі! Әй, иттің ғана күшігі! Әй, иттің ғана баласы! Мә,
апаңның жайған құртын ала ғой. Хе-хе-хе-хе, иттің ғана баласы, айтып тұрғанын қарашы-ей!
«Шүңірей шал» деді ме-ей?!
– Иә, ата!
– Хе-хе хе, олар найман дейсің ғой?!.
– Нағыз найман екен! Түрлері сізден айнымайды!
– Әй, бар бол, иттің баласы, таппайтының жоқ…
Міне, көрдіңіз бе?! Мен жеген кәмпит я пірәндік, ішкен лимонад пен балмұздақ маған
өздігінен өзенмен ағып, жаңбыр боп аспаннан құламайтын, тегін келмейтін.
Бұл «мінезімді» біліп алған ағайын күн ара менің әңгімелерімді тыңдауға әжептәуір дай-
ындалып келетін. Мен де олардың көңілдерін қалдырмауға тырысам. Ұйқыға кетерде, жаңа
хиқаяларды ертеңгі күнге дайындап жатамын. Ол үшін, менің бала миым ұдайы жұмыс істеп
тұратын. Жаңа «қырық өтірікті» ойлап табу оңай деймісіз?! Ол бір бес минутта айта салуға
келмейтін күрделі және машақатты жұмыс. Елді мезі етпеу үшін айтылған әңгіме қайталан-
бауы тиіс. Оның үстіне, айтылып отырған оқиғаларда қисын болу керек. Бір жерден сондай
дүниелерді оқып алып, соған өз жанынан бірдеңелерді қосып, шұбыртып айта беретіндей, мен
бұл уақытта әлі хат тани қойғам жоқ. Естіген-білгенімнен құрастырам да, оған өз ойымнан
адамның ақылы жетпейтін «деректерді» қосып, әдемілеп тұздықтап, дәмдеп беремін. Сонды-
қтан мен тәтті-мәтті мен сусындарды маңдай тер, адал еңбегіммен алатынмын.
***
Қиял-ғажайып әңгімелер мен өзім ойдан қиыстырған ертегілерімді айтып тапқан
нәпақамның тең жартысын міндетті түрде науқас ағама әкеліп берем. Ол өз кезегінде маған
салған суреттерін сыйлайтын.
Ағамның аты – Данышпан.
Менен екі жас үлкендігі бар. Нағашыларым оны «қаршадай боп алып үлкен кісілердің
әңгімесін айтатын», – деуші еді. Туғанынан мүгедек боп қалған Даныш, күнұзақ отырып сурет
салатын. Үнемі қабағы түйіліп, әлденелерді ойлап отыратын. Мен оның салған суреттеріне
сүйсінуші едім. Бірде ол маған дәптердің бетіне салынған гүлдің суретін сыйлады. Шетіне
«Бауырым Ақберенге ағасы Даныштан», – деп жазып қойыпты. Оны мен хат таныған кезде
оқыдым. Мектеп түгілі, балабақшаның табалдырығынан аттамаған ағам сол кезде өздігімен
қара танып, оқуды үйреніп алған. Әлгі суреттегі гүл тап бір тірі гүл сияқты еді-ау. Әлі есімде,
жататын кереуетімнің басына іліп қоятынмын. Таңертең оянған кезде ағама: «Дәкай, қарашы,
сен салған гүл жел өтінде тұрғандай ырғала билеп тұр!» – деп таңқалатынмын. Ол соған мәз
болушы еді… Ал, мен болсам, ол суретті жоғалтып алдым. Әлі күнге дейін суретті сақтай
алмағаным есіме түссе, өзімді жүндей түтемін.
Данышпанның дерті – қарғыс атқыр КСРО-ның басшылығы жасаған Семей полигоны-
ның зардабынан пайда болған ауру. Әкеміз Шұбартау ауданының тумасы болғандықтан, сынақ
полигонына жақын жерде туып-өсті. Тіпті, оның өмірден ерте кетуі де осы ядролық сынақтар-
дың салдарынан болды деп ойлаймын. Атам (ол кісі жайлы алдыңғы бөлімдерде баяндай-
тын боламыз) айтып отыратын: бала кезімізде Шыңғыстау жақтан алып саңырауқұлақ секілді
жалын көтерілгенін талай көргенбіз. Сосын қораның төбесіне шығып алып жарылысты қызы-
қтаймыз деп, бірнеше бала жалбырап күтіп тұратынбыз. Пәленбай шақырым жерде әлгі күл
мен оттан жаралған аждаһа көкке көтерілгенде дем арасында біз тұрған қораның төбесіне
бір қуатты толқын жетіп келетін. Жетіп келетін де, дауыл соққандай екпінмен бізді қораның
төбесінен домалата құлататын. Біз соған мәз боп күліп жатушы едік. Кейін зардабын әбден
тарттық қой, – дейтін.
Есімде, жаз шықса, атамның бет-ауызы қып-қызыл боп бөртіп, көзі жабылып, жүзі күп
боп ісіп, түрі құбыжыққа ұқсап кететін. Атамның біз үшін үйреншікті бұл бейнесі күзге


А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
9
дейін жалғасып, біртіндеп қайтатын. Ядролық сынақтардың зардабы тұқым қуалайды деп оқы-
ғам. Сол апайым екеумізді айналып өтіп, Данышпанға келгенде аяушылық танытпапты. Кейін
естідік, әкем көзі тірісінде Данышпанды Мәскеуге апарып емдетем деп біраз әрекеттеніпті.
Өкінішке қарай, үлгермеді. Ол үшін салқар кезекке тұрып, қол жетпес квоталар алу керек
екен, қысқасы, машақаты көп шаруа дейді. Әлде сол кездің қанқұйлы саясатының ұстанымы
бойынша дәрігерлер полигонның әсерінен мүгедек боп қалған балаларды эксперимент ретінде
зерттеп, әдейі емдеуге асықпаған шығар. Ол жағы маған беймәлім. Бірақ жүрек құрғыр соны
сезеді. Әкемізді де Үкімет жыл сайын шипажайға жіберіп, үнемі анализ алып отыратын деп
айтатын шешеміз… Әкей кеткен соң, Данышпан кімге керек?! Шешемнің түрі болса – мынау.
Мынандай жағдайда ауру баланы емдетпек түгілі, артық қимыл жасауға жағдайы жоқ, туыста-
рын паналап отыр.
***
Ағам екеуміз дос едік.
Жаздың бір ыстық күнінде Данышпан екеуміз суға шомылайық деп үйдің іргесінде ағып
жатқан өзенге бардық. Сол күн есімнен еш кетпейді. Адам боп ең алғашқы рет өзенге шомы-
луға келіп тұрмыз. Суда жүзуді білмесем де, өзенге әдеттегідей бірінші боп мен қойып кеттім.
Қойып кеттім… ал аяғым жерге тимей қалды. Өзені бар болсын, мұндайда малтуды білу керек
екен ғой! Оны кім ойлаған? Адам терең су болса батады екен, батқан соң, тұншығады екен, оны
бізге кім айтты дейсіз. Ал тұншық! Ал тыпырла! Ал жанталас! Дүние шыркөбелек айналып
бара жатты. Ағам менің батып жатқанымды ұқты ғой деймін, «әй, әй» деуге ғана шамасы жетті.
Судың түбіне бір кетіп, бір шығып қалытқыдай қалтылдаған мен жағада шырылдап жүр-
ген ағамды көрем. Бір кезде Данышпан суға дір-дір етіп, киімшең түсті, әйтеуір. Қолымды
беріп үлгердім, өзіне қарай тарта бастады… Жаным қалды. Жағаға қалай шыққанымызды біл-
меймін, су құсып жатыр екем.
Ағамның алғашқы және соңғы ұрысқаны сол болды. Бірдеңені бүлдіріп қойсақ, нағашы
апамның айтатыны бар: «Қазір ішіңнен ішегің шығады, бәлем!» деген. Данышпанның да ести-
тіні сол ғой, маған ыза боп тұрып, «суға неге секіресің? Жағаға жақын жерге түспейсің бе!
Әне, тұншығып едің, ішегің шығайын деп тұр, қара әне, ішіңе!» – деп айқайлады. Ішек туралы
әңгіме естілісімен мен бақырып қоя бердім. Ағам өзі өкініп қалды ғой деймін, жүгіріп келіп,
мені құшақтай алды. Жүрек дегенді қойсайшы, туыс құшақтан еріп кете жаздады ғой сол
кезде.
Онсыз да әкеміз қайтқалы іштей қамығып жүрген екеумізді бұл оқиға ерекше толқытты
және қатты жақындастырып жіберді. Бірге жыладық. Данышпан мені ерекше мейіріммен
құшақтап алып, аға болып жұбатты. Жағада құшақтасып, ұзақ отырғанымыз есімде. Ой, Алла-
ай, десеңші, сол кезде Данышпан бар-жоғы жеті жастағы бала екен ғой…
***
Данышпан көбінесе үйде отырады. Сурет салады, ежіктеп кітап оқиды. Одан қалса,
теледидардың алдында шоқиып, үлкен адамдар көретін фильмдерді тамашалайды. Мульт-
фильм дегенді көріп отырғанын байқамаппын. Данышпанды туған-туыс жақсы көретін. Үлкен
кісілермен шай ішіп отырып, ойлы жанарын арлы-берлі аударып, үлкендердің әңгімесін
мұқият тыңдап отыратыны әлі көз алдымда. Біздікі не? Біздікі сол нанға майды жағып жіберіп,
үстіне қантты сеуіп жіберіп, оқыра тиген бұзаудай далаға атып шығып, жын соққандай шапқы-
лай беру, шапқылай беру.
Денсаулығы жақсы, зырылдап тұрған балаға даладан басқа не керек?! Ал ағамның дерті
оған ондай мүмкіндік бермейтін. Соны түсінетін мен бе, ойын баласымыз, күнұзақ айдалада
қаңғып, кешке көшенің шаңын көтеріп кеп, сілейіп жатамыз. Ойға ештеңе кіріп-шықпайды.
Маңайдағы сары домалақ, қара домалақтармен алысу, доп тебу, үйдің маңындағы тоғайдан
Робин Гудты іздеу, күшіктің тұмсығын жалау, құмырсқа төбелестіру – бар жұмысым осы. Сол
кезде деймін ғой, ағамның қасында болып, әңгімелесіп, сырласу керек-ау дегенді мен қайдан


А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
10
білейін? Жан ағамның да әкемнің артынан көп ұзамай мәңгілікке сапар шегетінін мен ақымақ
білгем жоқ қой…
***
Сол сұрқайы күзді есіме алсам, денемді әлі күнге дейін бір отты шер қариды. Қазанның
сүрекей сүйкімсіз күндерінің бірі еді. Семей жаққа күз ерте келіп, артынан көп ұзамай аспан-
нан салбырап қыс түсе қалатын. Сондай бір жауынды-шашынды, ызғарлы күндердің бірінде
мен аяулы ағамнан айырылып қалдым.
Данышпан екеуміз қуықтай бөлмедегі жиналмалы тар төсекте қатар жататынбыз. Бір
күні кешке қарай мазасы болмай тұрған ағам менен су сұрады. Ойын баласымын, шаршап,
сілікпем шығып келіп құлаған мен оның көңілін қимай ожаумен су әкеп бердім. Ол оны ішпей,
«мынауың жылы екен, суығын әкел», – деп қайта жұмсайды. Тағы әкелем. Ол «құдықтан тар-
тып әкел», – деп тағы жібереді. Мен баруға ерініп, «өзің тұр да ал», – деп жатып кеп қырсы-
қтанам. Сөйтіп, салғыласып жатып ұйықтап қаппын. Кейін ойлап отырсам, Данышпан ағам бұ
фәни жалғаннан кететінін біліп, өлгенімді көрмесін деп далаға шығара берген екен ғой…
Түн ішінде біреу мені көтеріп ап, басқа бөлмеге ауыстырып жатқызып жатқаны есімде.
Таңертең оянсам, сыртта жұрт жиналып қалған, у да шу, біреулер еңіреп жылап, біреулер басу
айтып жүр. Түсінбеймін. Басқа бөлмеде жатқаным да түсініксіз.
Біз Данышпан екеуіміз үйдің қасындағы өзен арнасында нағашы апамыздың қазын баға-
тынбыз. Күнделікті әдет бойынша, атып тұрып, Данышпан жатқан ортақ бөлмемізге беттедім.
Біздің төсек жиналып, бөлмеге басқа көрпеше төселіпті. Соның үстінде бетіне ақ мата жабы-
лған біреу жатыр. Ашып қалсам, ағам! Оятам деп жұлқылайын кеп. «Тұр, тұр, Дәкай! Қазды
шығару керек, апам ұрсады ғой!» – деп қоям. Ағам қозғалмайды. Көздерін тарс жұмып алған.
Бала санам оның ойлы жанары жарық дүниені енді ешқашан көре алмайтынын түсінбеген еді.
Далаға атып шығып, жылап отырған шешеме келіп: «Дәкай тұрмайды, мен қазға жалғыз бар-
маймын!» – деп қиғылық сала бастадым. Бір жағынан жиналған жұрттың жылауы маған бір
сұмдықты сездіргендей шошытып, дауысым бәсең шығып, аяқтарым дірілдей бастағанын да
сезіп тұрмын.
Шешем:
– Дәкай қатты ұйықтап қалды. Ол енді оянбайды… – деді. Мен әлі де елең-алаң қал-
пымдамын. Бір кезде санамның түкпіріне «ағам қайтыс болды» деген суық хабар жетті. Осы-
лайша мен алғаш рет ажал деген сұмның бар екендігін білдім. Қазалы жұрттың бір шетінде,
«енді маған кім сурет салып береді, кім мені қорғайды енді?» – деп еңіреп жылап тұрғаным
көз алдымда. Сол кездегі ащы өкініш сезімі әлі күнге дейін кеудемді тозақ отындай күйдіріп,
ұмытылмай жаңғырып тұр.
Ержеткен соң, ағамның рухына бағыштап, өлең жаздым.


А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
11


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет