Болмаған балалық шақ



Pdf көрінісі
бет3/6
Дата03.12.2023
өлшемі2 Mb.
#133524
1   2   3   4   5   6
 
ЕЛЕС
 
Ағам Данышпанның рухына
Бір көрініс келгенде көз алдыма кештетіп,
Опынумен отырам, көңіл өшіп, ес кетіп.
Құтыла алман одан мен…
Дымқылданса жанарым,
Өлең жазу тек қана – құтылатын амалым.
Көңіліме көп сурет жабысқанда баттасып,
Мен көремін күнде осы көріністі, қысқасы:
Сақалынан іңірдің шашыраса қызыл нұр,
Аппақ үйді көремін,
Шөлмектерін тізілтіп,
Тұрғындары той жасап жатады ылғи мәз болып,
Жымиысып алады, мұңдануға аз қалып.
Шатырына сол үйдің жетім құстар қонақтап,
Үнсіз ғана отырар, жан-жағына алақтап.
Әткеншектің зарлы үні жұбатады тек мені,
Күлкісіндей сәбидің нұр кернейді өкпені…
Сол бір елес, білемін – өң мен түстің арасы,
Аула ішінде бір сәби былдырлайды, адасып.
Былдыр-былдыр сөйлеуі жүрегіме тым жақын,
Жазғым келер сондағы қызылсары құмға атын.
Былдырлайды маған ол, екі дүниеде қымбаттым,
Өлімнен де тым қиын оған бірақ тіл қату.
Сол бейнені (түр-түсі – өз әкемнен аумаған)
Іздейтұғын боп алдым тұман басқан ауладан.
Ағам еді ол менің, елес іші қамалған,
Мүлде бөтен кеңістік жолатпайды мені оған.
Қайран менің аулада, құмда ойнаған жолдасым,
Қолын бұлғап тұрады, ағылғанда көз жасым.
…Аппақ үйдің алдында иіскеп алып басынан,
Ертіп кетер оны әкем, жұлдыз ағып шашынан…


А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
12
 
Құдайдың баласы
 
Шешем бір жылдан кейін күйеуге шығатын болды. Бұл мен үшін мүлде күтпеген жайсыз
хабар еді. Марқұм нағашы апамның: «Мамаңды бір жақсы аға үйіне әкетеді, сол сенің папаң
болады», – деп жатқаны жадымда.
Әке болудан әдірам қалғыр әлгі «жақсы ағамыз», елу жасына дейін жылқы бағып, дала
кезген, адамдармен араласпағасын түз тағысына айналған, қарабайыр һәм қатал адам екен.
Елу жасына дейін әйел мен бала дегенді білмеген дүлейге менің шешемді зорлап қосқан
сияқты. Шешемнің қалыңмалы ретінде нағашы апамның босағасына бір қара бие байланды.
Сол қарыны қампайған қара биені сұмдық жек көретінмін. Ешкім жоқта қорада тұрған байғұс
жылқыға алыстан тас атамын. Сөйтіп, менің шешеме айырбасталған жануардан өш алғандай
боламын.
Шынымен бір күні шешем ақыры үйден кетіп тынды. Есімде қалғаны той болатын күні
мені үйге қамап тастады. Түні бойы я қорқыныштан, я қорланғаннан, я шешемді қимағаннан
ба, ұзақ жыладым. Ертеңгі күні тойдан әкелген бауырсақты жеп, өксігі басылмай отырған мені
Маржан әпкем жұбатқансыды: «мамамыз барған үй үлкен екен, болашақ папамыз бай екен,
бәрімізді жарылқап тастайды екен», – деген сөздерді айтып, өзі де қыстыққан жасын жасыра
алмай жылап жіберді.
Күннен күн, аптадан апта озып жатты. Мен болсам, көзім бозарып нағашыларымның
үйінде әлі жүрмін. Шешем анда-санда келіп тұратын. Кейін онысы сирей бастады. Соған
қарағанда, қара қайыстай күйеуі жібермейтін болуы керек деп ойладым.
Бестен асып алтыға бет алған кезім. Күнде бір ермек тауып алып, ағам мен анамды ұмы-
туға тырысып жүрмін. Түк етпейді деп қоям, өскесін мамамды анабір сорайған сұмырайдан
құтқарып алам деп өз-өзіммен серттесемін. Сол ұлы жорыққа аттану үшін, ағаштан қылыш
жасап, садақ иемін. Күнде кешке қарай қысқа көшенің ана басынан мына басына дейін жүгіріп
жаттығамын. Мен бір күні анамды құтқарамын!
Шешем кеткеннен кейін, бұрыңғы менің әңгімемді асыға күтіп жүрген тындармандарым
енді еңбексіз кәмпит-сәмпиттерін беретінді шығарды. Біреу қолыма құрт немесе пішінә бере
қалса, бір әңгіме бастай қалсам, «рахмет, айтпай-қой», – деп, басымнан сипап, күрсініп кете
беретін. Мен оған не боп қалды-ей деп, артынан қуып барам. Жетіп алған соң, «бір әңгіме
айтып берейінші», – деп жалынам. Ол: «Жоқ, кәмпитті былай-ақ ала қой», – дейді. Мен түсін-
бей далмын. Олардың мені аяп жүргендерін қайдан ғана білейін? Осындай екі-үш жағдайдан
кейін, жыным ұстап, тегін келетін тәттіден бас тарттым. Содан бері тәттіге жаным қас, мүлде
жемеймін, осы күнге дейін.
***
Шешем тұрмысқа шыққалы, ағам қайтыс болғалы көңілсіз күндердің тізбегі еш тола-
стаған емес. Бір күнім бір күнімнен аумай, ақырын жылжып өтіп жатты. Сырттағы жылдың
қай мезгілі де еш өзгермейтін секілді боп көрінетін. Көшедегі ойынға да, үстелдегі кәмпитке
де зауқым жоқ.
Біреуді барып, жабысып құшақтағым келетін сияқты. Біреу мені құшақтап, еркелетсе
деп армандаймын. Нағашы ағаларым өз балаларын айналып-толғанып жатқанда, маған да бір
жылы сөздің ұшқыны тиіп қалар деп жәутеңдеп тұрғаным.
Өзіңіз ойлаңыз: мен әкемнің жан еркесі, шолжаңбайдың нақ өзі болған баламын.
Жұмыстан келе сала әкейдің мойнына мініп алып, «анау тиісті, мынау тиісті!», «ананы әпер,
мынаны әпер!» деп ырбиып жылай беретін балпанақтай баланы арада екі жыл өтпей-ақ
сирақтары сыриған, көзі мұңлы, жан-жағына үрейлене қарайтын, өзі сақ, бетінде қан-сөлі жоқ
балаға айналады деп кім ойлаған! Әке-шешесінің қасында пысылдап ұйықтап, көзін былшы-


А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
13
қтан тазарта сала, еркелеп ойнақтаған баланың алдында қандай тағдыр күтіп тұрғанын кім
білді дейсіз?!
Тәңірі салса, бәрін көресің. Аяқ-астынан бәрі өзгеріп шыға келгенде, не істеріңді біл-
мей абдырап, жан-жағыңа жаутаңдайсың да қаласың. Жып-жылы үйден даладағы қақаған
аязға лыпасыз лақтырып жібергендегідей күй. Қорғансыздық. Һәм осы хәл әділетсіздік секілді.
Немесе біреудің қылық-күнәларының өтеуі сияқты. Бірақ неге мен? Қаршадайымнан жүре-
гімді қарыған осындай сұрақтарға мен қаншама рет кездестім екен?..
Дегенмен бала жанымды шырқыратқан, азапқа салған осынау шиеленісті күндерде менің
қазіргі күрделі болмысым қалыптасып жатты. Мен өмірдің бояуларын өзімше көруге үйрен-
дім.
***
Шешем басқа үйге көшкен жылы, Маржан Талдықорғандағы училищеге оқуға түскен
еді. Одан да көп болды, хабар жоқ. Жалғызсырағанның көкесін көрген екі бала болса, оның бірі
– менмін. Жалғыз болса, тағы – менмін. Жаратылысымнан жүрегім нәзік екенін сезетінмін,
бала кезімнен өзге балалардан жүрісім де, тұрысым да өзгеше болатын. Дүниені қабылдауым
да. Бұдан кішкентай кезімде қандай қияли болғанымды жоғарыда сізге баяндап бергем. Қазір
де жетісіп тұрғаным шамалы. Әрнені қиялдап, жоқтан бар жасап, жан-сарайымда өзіме ұнай-
тын әлемімді сомдап алғам. Ол әлемде бәрі мүмкін.
Кейінгі уақытта, бұл жалғанда қарасы көрінбейтін әкені сағыну сезімі пайда бола
бастады. Сол кісінің рухынан медет тауып, іштей сырласатын едім. Әр күнім мен үшін ғасыр-
дан да ұзақ болатын. Әсіресе, кеш қарайған кезде өзімді қоярға жер таппай, ғаламат аласұра-
тын болдым. Тезірек ұйықтауға асықсам да, маза бермейтін сансыз ойлар мен жанымды жегі-
дей жеген сағыныш, тағдырдың жасаған әділетсіздігіне деген ыза бойымды билеп, ұйқымды
қашыратын. Тәнімнен гөрі, санамның тез есейіп келе жатқанын мен сол ұзақ-ұзақ кештерде
өте жақсы түйсінгем. Ауладағы балалардың сөздері сәбидің былдырындай әсер ететін болды.
Еш менсібеймін. Сөйлескім де келмейді. Ойындары да қызық емес. Мұның бәрі жалғыздықты
одан әрмен үдеткенін сізден несіне жасырайын, қадірменді оқырманым.
Адам қандай жағдайға түссе де көнеді екен ғой. Егер ол қуанышты жағдай болса, оны
тудырған уақыт лезде жоғалады. Қиын жағдай болса, созыла береді. Менің балалық шағым да
созылмалы дерттей бітпей қойды, өтпей қойды.
Өзім де ержетпей қор болдым. Кілет үйдегі (біздің елде артық-ауыс заттар тұратын қой-
маны «кілет үй» деп атайды) бағанаға сызып қойған межеге бойым әлі жетер емес. Турникке
тартылып, сәбіз жесем де, бойым сол қалпы. Ал ойым бойымнан әлдеқайда өсіп кеткен. Сыр-
тым – бала, ішім үлкен адам боп қақ жарылдым.
Ертерек ержетсем, мына адамдардан, мына үйден, мына ауылдан қарамды батырамын
деп ойлайтынмын. Алматыда дүниеге келсем де, ол кезде менде қала туралы түсінік мүлде жоқ
қой. Барлық ойым: әйтеуір үлкен адамдар сияқты бөлек тұру, ызғарлы жанарлар қарасынан
құтылу болатын.
Алайда ол күндер әлі тым алыс еді. Ол күндерге жеткенше әлі талай қызық пен теперіш
көруім керек екенін мен ол кезде әрине білген жоқпын.
Дегенмен бұл дүниеде мейірім бар, достар! Мәселен, нағашы апам мені керемет жақсы
көретін. Менің әкем жайлы қызықты әңгімелерді де сол кісі айтатын. Тұңғыш күйеу бала-
сын өз ұлындай көргендігін жиі айтып отыратыны жадымда. Есімде қалғаны, нағашы апам
зауыттағы станокқа қырқып алған шолақ саусақтарымен күнұзаққа картоп аршып отыратын.
Ырғағы әдемі бір әнді ыңылдап отырушы еді, жарықтық.
Сөйтіп жүргенімізде, кейінгі күндері нағашы апам мені «Құдайдың баласы» деп атай-
тынды шығарды. Бала болған соң, ойнап жүріп бірдеңені бүлдіріп қоясың. Онсыз да жүрегің
езіліп жүргенде, қырсығып, айтқанды тыңдамайсың. Сондай кездерде нағашыларымның бірі
қабағын шытып ұрысса, апам: «Әй, тиме оған, ол Құдайдың баласы емес пе!» – деп бетін қай-


А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
14
тарып отыратын. Бір емес, екі-үш рет естідім. Беті жұп-жұмсақ, қызылшырайлы әжелер келіп,
шай ішіп отырғанда: «Еее, Құдайым-ай, аман болсыншы әйтеуір! Енді бұл Құдайдың баласы
ғой…» – дегенді тағы да естігем. Сонда мен «неге Құдайдың баласы? Ол кім Құдай деген?» деп
ойлайтынмын. Апамнан осыны сұрайыншы деп жүргенде, өзі бір күні мені айналып-толғана
қалды.
– Апа, менің папам Құдай ма?
– Не дейт, пәтшағар! Әкең Құдай болса, неге өліп қалды? Үй, жүгірмек, қайдағыны
айтпа!
– Апа, айтшы енді! Менің папам Құдай ма?
– Жоқ, сенің папаң Құдай емес!
– Енді сен ылғи мені «Құдайдың баласы» деп айтасың ғой, сонда қалай? Әлде мамам
Құдай ма?
– Әй, баламысың деген…Мамаң қайдағы Құдай, Құдай болса, тағдыры анадай бола ма? –
деп ауыр-ауыр күрсінді.
– Туу, апа, айта салшы, Құдай кім?
– Анау төбедегі Күнді көріп тұрсың ғой, анау талды ше? Соны сенің әке-шешең туды
ма?! Ой, шіркін-ай деген! Мені де, сені де жаратқан Құдай бар. Ол бәрінен күшті, бәрінен
мейірімді, балапаным.
– Ол қайда сонда?
– Анау жақта! – деп апам шолақ саусақтарымен аспан жақты нұсқайтын.
– Ол неге түспейді бізге, апа?
– Ол түссе, жер көтере алмай қалады Оны…
– Рас па не? Не, Ол соншалық алып па? – деп менің ауызым ашылып қалатын…
– Ол – дәу, Ол – өте күшті және құдіретті!
– Мен сонда кәдімгідей сол Құдайдың баласымын ба?
– Иә, құлыным! Бар ойнай ғой, бара ғой…Ииии, сары сапалағым, қайтейін…
Мәссаған, мынау қызық болды ғой! Мұны, бәлем, ана Татарков Женя білсе, шалбарын
дымдап қоятын шығар, ә! Анау тракторист Жәкеңнің қарабұжыр баласына айтпасам осыны!
Жақсы болды-ей! Енді маған көшедегі боқмұрындар «папаң да жоқ, мамаң да жоқ, кім сені
қорғайды?!» – деп көрсін осыдан!
Көшеге атып шығып, жан-жағыма қарасам, Жәкеңнің қарабұжыры құмырсқа төбеле-
стіріп отыр екен. Шалқая басып қасына бардым.
– Ей, қара маңқа, бері қара!
– Немене деп тұрсың-ей?! Кім қара маңқа? Көрсетейін қазір мен саған, қара маңқаны.
– Тұра тұр, тұра тұр-ей, ұрсаң, пәлеге қаласың! Сен менің кімнің баласы екенімді білесің
бе?
– Иә, кімнің баласы екенсің? Ана байға тиіп кеткен шешеңнің баласысың да, басқа кімнің
баласы едің?! Әлде, әкең тіріліп келді ме?
– Сен білмейді екенсің ғой, мақау-ей! Мен – Құдайдың баласымын!
– Құдайдың баласы? Хахахахахаха! Қайдағы Құдай? Құдай жоқ қой! Не тантып тұрсың?
– Қалай жоқ, бар?! Апам айтқан! – деп аңтарылып қалдым кәдімгідей.
– Апаң оттай береді, Ленин: «Құдай жоқ» деген.
– Кім ол Ленин деген? Ол менің апамнан артық біле ме, не?
– Ой, ақымақ, анау автобаздың маңдайшасында кімнің суреті тұр? Сол Ленин деген ата-
мыз. Сол айтқан «Құдай жоқ» деп. Хахахаха, Құдайдың баласымын дейді ғой! Бері кел, сөзіңе
жауап бересің қазір.
Зытып бердім. Қашқан бойда, жүгіріп кеп қой қораның артындағы көңнің үстіне отыра
кеттім. Апам «Құдай бар» дейді, қарабұжыр «жоқ» дейді. Апам «бар» дейді, Ленин «жоқ»
дейді. Қарабұжырдың Ленині бар. Менің апам бар. Апамның сөзі маған қанша жерден жақын


А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
15
боп тұрса да, әлгі Ленин дегенің бір пәлені білетін сияқты. Тұра тұр, сонда апам өтірік айтқан
ба? Жо-жоқ, апам ешқашан өтірік айтпайды. Ленин апамнан ақылды болса, ақылды шығар,
бірақ апам өтірік айтпайды. Ол нақты. Онда неге Лениннің суретін автобаздың маңдайшасына
жапсырған? Егер апам ақылды болса, автобаздың маңдайшасына апамның суретін ілер еді.
Қап-ай! Құдай бар ма, сонымен жоқ па? Әлде ана Күнді, талды және апамды Ленин жаратты
ма екен? Миым ашып кетті, құрысын. Татарков Женяға айтпаймын деп шештім. Тағы да күл-
кіге қалып жүрермін.
Құдай бар болса, Оның Өзі аспанда. Өмірдегі ең жақын адамдарымның барлығы алыста.
Екеуі – о дүниеде, екеуі мен бара алмайтын аймақта. Жарайды, бірдеңесі болар. Солай да солай
боп жүргенде қыс өтіп, жайнаған көктем жетті.
Көктеммен бірге Талдықорғаннан бойжетіп, бәденді өңі ажарлана бастаған Маржан келді
бір күні. Мереке күндері болу керек, демалысқа келіпті. «Урррааааааа!!!» Әкейден қалған
екеуміз ғана. Көрісіп, көзайым боп, мәре-сәре болдық та қалдық.
Мен апайымның жанынан қалмаймын. Қайда барса да, еріп алам. Құшағына тығылам,
айтқан әр сөзіне құнығып, тоймаймын. Әр қимылын жіті бақылаймын. Түріне қарай бергім
келеді. Менің апайым! Бірдеңелерді былдырлап айтып жатырмын, айтып жатырмын. Менен
назарын алып кетпесе екен деп сөйлей беремін, сөйлей беремін, бірдеңелерді сұрай беремін,
сұрай беремін. Бар өнерімді көрсетіп әлекпін. «Міне, мен бір аяқпен көп уақыт тұра ала-
мын!» «Міне, мен төбелескенде былай ұрамын!» «Міне, мен демалмай осыншама уақыт шыдай
алам!» «Қарашы маған! Менің бойым кішкене өсті!» «Қарашы маған, Маржан! Міне, мен ән
айта аламын! Үнді әні! Тыңдашы, Маржан!» «Үстелдің үстінен кәмпит ұрлап әкелейін бе?»
Жауап күтпей, кәмпит әкелем. Әйтеуір, апайымның көңілі мен жақта болса екен деп тілеймін.
Бақыттан басым айналып жүр. Ең қуанышты күндерім сол күндер еді. Апайым мамама барып
келіп, маған көйлек әкеп кигізді. Мамамыздың әзір келе алмайтынын айтты, ауруханада ма,
бір жақта бөпелі боп жатыр екен. Оған да аса назар аударғам жоқ. Есіл-дертім қаладан келген
апайымда.
Сол күндері уақыт дариғаның ұшқыр болғаны-ай! Апайыммен өткен әрбір сәт – мені
тағы да жалғыздықпен бетпе-бет қалатын болашаққа қатігездікпен сүйреп, жақындатып алып
келе жатыр еді.
Жалғыз туысыңмен сағынысып қауышқан тәтті мезеттер келмеске кетті. Көздің алдында
ащы жастың алғашқы дымқылы мен иекті алатын кемсеңнің алғашқы дірілі пайда бола бастай-
тын уақыт та жетіп келді.
Мен ол кезде мықты психолог болып алғам. Үлкендердің мені қалай алдағысы келіп
тұрғанын, менен нені жасырғысы келетінін, не ойлап, не қойғанын беске біліп, көкейім сайрап
тұратын ғой!
Қысқасы, апайым мен ұйықтап жатқан кезде, таңғы автобуспен оқуына тартып кетпек
болды. Тапқан екен, алданып қала салатын баланы! Түні бойы ұйықтамадым. Апайымның
бауырына тығыла түсіп, қимастықпен құшақтап шықтым.
Таңертең апайым тез-тез жиналып, үйден шығып кетті. Бәрін ап-анық біліп жатырмын.
Амалым жоқ. Үлкендерге не деп айтасың? Олардың өз шаруалары бар. Сенің сағынышың, сенің
қимастығың оларға керек пе еді?! Сен еріккен баласың, ал, оларды үлкен шаруалар күтіп тұр!
Есік ақырын жабылды. Аулада күбірлеген біреу Маржанды шығарып салып тұрды. Кетті.
Мен көрпенің астында алғашқы жасымды төгіп алдым. Сосын…
Сосын мен өзім бар я жоғына көзім анық жетпеген Құдайға жалбарындым. «Құдай аға,
егер мені естіп тұрсаңыз, апайымды үйге қайтадан алып келіңізші! Ол кетсе, маған өте жаман
болады. Маған Маржансыз өте қиын! Өтінемін Сізден, Құдай аға!».
Үш сағаттан соң апайым мінген автобус жол ортада бұзылып, Маржаным үйге қайтып
келді. Қарабұжырдың Ленині қателескен екен! Әп, бәлем, кім айтты Құдай жоқ деп саған? Ей,
қарабұжыр, Құдай бар екен! Алақай! Сөйтіп, апайым тағы бір күн қасымда болды.


А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
16
Сол күннен бастап мен Құдайдың мейіріміне, Жаратқан Хақ пендесінің дұғасын қабыл
ететініне көзім де, жүрегім де анық жеткен еді. Содан бері мен анама да, апайыма да үміт
артып, оларды тосуды доғарған болатынмын.
Сол күннен бастап менің жалғыз қорғаным, жалғыз панам – тек жаратқан Аллам болды.
Осы күнге дейін. Ертең де солай болары хақ! Мен сол күннен бастап, кез келген пенде құдіреті
шексіз, мейірімі шексіз Жаратушының назарында болатынын ұғынғам едім. Шын тілегенге
Алланың жәрдемі тез келеді екен.
***
Бұл оқиға 1986 жылдың мамырында болған екен. Арада 26 жыл өткен. Бәріміз Маржан-
ның туған күнінде үйінде жиналдық.
Содан әркім туған күн иесіне ақ тілегін ақтарып, құттықтап жатты дегендей… Кезек
маған келгенде, Маржаннан сұрадым:
– Маржан, сен 86 жылы Үржарға көктемде демалысқа келгенің есіңде ме? – дедім.
– Білмеймін, бірдеңе еміс-еміс есімде бар – деп жауап берді.
– Нақтырақ есіңе түсіру үшін былай сұрайын: сол демалыстан Талдықорғанға қайтып
бара жатқаныңда автобус сынып, үйге оралып едің ғой? Тағы бір күн болып, қайттың. Солай
ма?
– А, иә, иә! Тура солай болған!
– Мхм…
– Үйбай, ол сенің есіңде қалай сақталып қап жүр! – деп апайым аң-таң болды
– Қалай есімде сақталмасын, сені Талдықорғанға оқуға жібермеген мен болатынмын…
– Қалай сонда?
– Құдайдан тілегем.
Сосын жоғарыдағы әңгімені айтып бердім. Солқылдап жылаған Маржанды сол күні әрең
жұбатып алған едік…


А. Елгезек. «Болмаған балалық шақ»
17


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет