Тұқымды өсімдіктердің бір және екіжылдық түрлері ғана табиғи вегетативтік жолмен көбейе алмайды, ал көпжылдық шөптесін және сүректі өсімдіктердің барлығы да табиғи вегетативтік жолмен көбейе береді. Бұлардың арасында табиғи вегетативтік көбеюдің мынандай түрлері кездеседі:
Өркенін бөліп көбею. Кейбір өсімдіктердің денесінде пайда болған өркендер бөлініп, өз алдына жеке өсімдікке айналады. Мысалы, балықоты деген өсімдікті алуға болады. Балықоты көбінесе ағынсыз суда өседі, оның қыстан аман сақталып шыққан бірнеше данасы ғана жазда аз күннің ішінде тынық судың жарты гектардай бетін жауып кетеді.
Жер астындағы өркендерден көбею. Біраз өсімдіктердің метаморфозданған өркендері жер астында — топыраққа көмулі жатады. Бұлар сол өсімдіктердің жер бетіндегі өркендеріне мүлде үқсамайды. Жер астындағы өркендер топырақ ішімен жылжып, бойлай өсе отырып, әрбір буынынан жер бетіне жаңа өркен шығару арқылы көбейеді, мұндай өсімдіктерді тамырсабақты немесе борықты өсімдіктер деп атайды
Тамыр атпаларынан көбейетін өсімдіктер. Кейбір өсімдіктердің жанама тамырларында болатын қосалқы бүршіктерінен өскен өркендерін тамыр атпасы деп атайды. Біраз өсімдіктер тамыр атпаларынан көбейеді. Мысалы, теректер, сүр қандыағаш, тал, ақ қараған, бөртегүл, сарыағаш, таңкурай, қара бүлдірген, алхоры, сүттіген, шырмауық, күреңот, жантақ, сары қалуен, бақ-бақ, т.б. Осылардың ішінен таңкурайды алайық. Таңкурай — раушангүлділер тұқымдасына жататын жартылай бүталардың бір туысы, мүның тамыры мен тамырсабағы — көпжылдық та, ал жер бетіне шығатын өркендері — екіжылдық.