№ 5410 шот. «Есептік жылдың пайдасы (залалы)» Кәсіпорын қызметінің түпкі мақсаты пайда (жиынтық табыс) алу
болып табылады. Пайда, бұл — алынатын табыстар жиынтығының
жұмсалған шығыстардан артық болуы. Ондай болмаса, кәсіпорын
залал, яғни теріс нәтиже шегеді.
Бухгалтерлік есеп шоттары бас жоспарының нұсқауында: жыл
соңында 6-шы және 7-ші бөлімдердің барлық шоттары № 5410
«Есептік жылдың пайдасы (залалы)» шотына жабылады (шығыс
етіледі) және түпкі нәтиже анықталады деп айтылған.
6-шы «Кірістер» бөлімінің барлық шоттары (№ 6020, 6030
шоттардан басқа) жыл бойы кредитте болып, ал жыл соңында № 5410
шоттың дебеті бойынша жабылатындығына назар аударамыз. 7-ші
«Шығыстар» бөлімінің барлық шоттары жыл бойы дебетте болып,
ал жыл соңында № 5410 шоттың кредиті бойынша жабылады. Ал,
№ 6020, 6030 «Сатылған тауарларды қайтару, сауда жеңілдігі мен
бағаны түсіру» шоттары қалай жабылады? Әрине, 7-ші бөлімнің
шоттары сияқты № 5410 шоттың кредиті бойынша жабылады.