Буйраева Ж.Ө., Ахантаева Ә. Ж. ҚАзақстан тарихы электронды оқу құралы


Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстан. Қазақтардың 1916 жылғы



Pdf көрінісі
бет53/74
Дата09.10.2024
өлшемі5,01 Kb.
#147318
1   ...   49   50   51   52   53   54   55   56   ...   74
Байланысты:
Электронды Казахстан тарихы

Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстан. Қазақтардың 1916 жылғы 
ұлт-азаттық көтерілісі. 
Бірінші дүниежүзілік соғыс 1914 жылғы 19 шілдеде (1 тамызда) 
басталды. Соғысқа дейінгі тұста Ресейде жаңа өнеркәсіп салалары жедел қарқынмен 
дамыды. Өнеркәсіп өндірісінің ішінде металлургия өндірісі үлкен жетістіктерге жетті.
Бірінші дүниежүзілік соғыс Қазақстан экономикасының құлдырауына әкеліп соқты. 
Ауыл шаруашылығы өлкедегі егіншілік облыстар бойынша біркелкі дамымады. Ол құнарлы, 
егіншілік шаруашылығын жетік меңгерген аудандарда жақсы дамыды. Соғыс егін 
шаруашылығына да елеулі өзгерістер енгізді. Ең алдымен, ауыл шаруашылық бақша 
дақылдарының егіс көлемі ұлғайды. Мәселен, Қазақстан бойынша күзгі бидайдың егіс көлемі 
1913 жылмен салыстырғанда 1917 жылы 63,5%-ға, жазғы бидай - 8,4%-ға, тары - 22,1%-ға, 
картоп - 46,3%-ға қысқарды. Ал бақша дақылдарының егіс көлемі 433,8 мың десятинадан 
1115,0 мың десятинаға дейін, яғни екі еседен астам көбейді. Өлкенің солтүстік-батыс және 
батыс облыстары бойынша дәнді дақылдардың өнімділігі 1914 жылдан 1917 жылға дейін әр 
десятинадан алынатын 38,7 пұттан 29,8 пұтқа дейін төмендеді.
Ер азаматтарды жаппай майданға алу мал шаруашылығының да құлдырауына әкеліп 
соқты. Оған сан және сапа жағынан үлкен зардап келтірді. Ұсақ мал көбірек, ал ірі мал 
азырақ өсіріле бастады. Байырғы халықтың басым көпшілігі тұратын жерлерде жылқы, түйе, 
ірі қара мал саны кеміді. Мәселен, Ішкі Ордада 1915 жылы жылқы саны 310,3 мың болса, ал 


106 
1916 жылы 160,2 мың болып, үлес салмағы жөнінен 48,5%-ға кеміп кетті. Маңғыстау уезінде, 
Сырдария мен Жетісу облыстарында да осындай көріністер байқалды.
Мал санының қысқаруы, ең алдымен, қазақ халқының армия қажеттері үшін мәжбүрлеу 
тәртібімен ет беруге міндетті болғандығынан орын алды. Сан миллиондық армияның өсе 
түскен қажеттерін қанағаттандыру мүмкін емес еді. Өйткені қазақ шаруашылығында мал 
саны жылдан-жылға азая берді. Сондай-ақ соғыс жылдарындағы мал санының қысқаруына 
ауық-ауық өткізіліп тұратын реквизиция да әсер етті. Осы жылдарда Түркістан өлкесінен 300 
мың пұт ет, 70 мың жылқы, 13 мың түйе әкетілді. 1914 жылдың ішінде Жетісудан ғана 34 
миллион сомның малы мен мал өнімдері тасылып әкетілді. Қазақ шаруашылықтарында 
малды реквизициялау және жылқы малын есепсіз пайдалануға байланысты мал санының 
қысқаруы село мен ауылда шаруашылықты қалыпты жүргізуге кері әсер етті. Жылқы малы 
әсіресе солтүстік облыстарда азайып кетті. Соғыс жылдарында армияны жабдықтау үшін 
мол мөлшерде азық-түлік даярлау, мал және ет өнімдері бағасының өсуіне әкеліп соқты. 
Осыған байланысты бұл кезеңде өлкеде анағұрлым арзан ет беретін сала - шошқа 
шаруашылығы жедел дами бастады. 
Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған соң, Қазақстан өнеркәсібі де соғыс қажеттері 
үшін жұмыс істеді. Өлкедегі кен өнеркәсібінің маңызды салаларының бірі Успен және 
Сасық-Қарасу кеніштерінен темір кенін өндіру арта түсті. Бұл кеніштерден 1914 жылы – 246 
пұт, ал 1916 жылы – 1551 пұт темір кені өндірілді. Соғыстың үш жылы ішінде темір кенін 
өндіру 6,3 есе ұлғайды. Салықтардың жоғарылығынан, қатынас жолдарының қашықтығынан, 
құрал-жабдықтардың жетіспеуі салдарынан және басқа себептерден алтын кеніштерінің саны 
қысқарды. Түсті металлдарға деген қажеттіліктердің артуы және олардың бағасының күрт 
өсуі соғыс жылдарында түсті металлургияның, әсіресе, Риддер және Сокольский 
кеніштерінің дамуына түрткі болды. Түсті рудалар өндіру 1913 жылмен салыстырғанда 1917 
жылы 25,3 есе өсе түсті. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында мыс рудасын негізінен 
«Спасск мыс рудалары» акционерлік қоғамы мен «Атбасар мыс кендері» акционерлік 
қоғамы өндірді. Бірақта, мыс кенін өндіру жылдан-жылға кеми берді. Жер қойнауын
жыртқыштықпен пайдалану «Спасск мыс кені» акционерлік қоғамының Успен кенішіндегі 
барлық бай кенді (құрамындағы мыс 25%) алып қоюына әкеп соқты. Соғыс жылдарында 
Сарысу байыту фабрикасы салынды. Ол революцияға дейін құрамында 25-30% мыс бар 128 
мың пұт шикізат өндірді. 
Көмір өндіру Семей, Торғай, Ақмола облыстарында жүргізілді. Соғыс жылдарында 
Екібастұз кен орындары елеулі рөл атқарды. Ол Екібастұз қорғасын-мырыш зауытын, 
Ертістегі жекеше кеме қатынасын, Оралдағы Боголовск және Қышым зауыттарын көмірмен 
жабдықтап отырды. 
Өңдеуші өнеркәсіп соғыс мұқтаждығына ет-сүт өнімдерін, былғары тауарлар және 
басқа да тұтыну заттарын беріп отырды. Әсіресе, былғары тауарларын өндіру өсті, бұл 
кезеңде өлкеде 139 былғары кәсіпорны жұмыс істеді. Олар негізінен Семей және Ақмола 
облыстарында орналасты және бүкіл ауыл шаруашылық өнімінің 64,3% -ын өңдеді. Шынына 
келгенде, былғары, тері және ішек-қарын өндірісінің майдагерлік кәсіпорындары одан әрі 
ұқсату үшін Ресейдің ірі өнеркәсіп орталықтары - Пермь, Вятка, Рига қалаларына өнім 
жеткізіп берді. Соғыс жылдарында интенданттық армия тарапынан былғары аяқ киімге және 
тері тондарға сұраным ерекше өсті. Соғыс жылдарында жүн өніміне сұраным ұлғайып, 
өлкеде шұға өндіретін тұңғыш Қарғалы фабрикасы әскери тапсырыс орындап, шинельге 
арнап шұға дайындай бастады. Петропавлда ет-консерві комбинаты ашылса, Оралда мал 
соятын арнайы орын ашылды. Өнеркәсіп орындарындағы жұмысшылардың, қалалардағы 
еңбекшілердің 
жағдайы 
күрт 
нашарлады. 
Кәсіпорындарда 
жас 
балалардың, 
жасөспірімдердің, әйелдер мен соғыс тұтқындарының еңбегі кеңінен қолданылды. 
Жұмысшылар тәулігіне 10-12 сағат, ал кейде 16 сағаттан жұмыс істеді. Жұмысшылардың 
нақты жалақысы үнемі төмендей берді.


107 
Шаруалар көтерілістері Қазақстанның солтүстік аудандарын да қамтыды. Мәселен, 
1916 жылы 21 наурызда Торғай облысы Ақтөбе уезінің Ақбұлақ селосында 30 адам болатын 
солдат әйелдерінің тобыры көпестер - Незвановтың, Пряткиннің дүкендерін қиратады.
1916 жылы 25 маусымда патшаның Қазақстан, Орта Азия, Сібір тұрғындарынан 19 бен 
43 жас аралығындағы ер азаматтарын тыл жұмысына алу туралы жарлығы шығады. Бұл 
жарлық 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің басталуына себеп болды. Шілденің бас кезінде 
Қазақстанның барлық аймақтарында дерлік стихиялы наразылықтар басталып, көп ұзамай 
қарулы көтеріліске ұласты. Іс жүзінде тізімдер жасауда пара беру мен бұрмалаушылықтар 
болды. Патшалық өкімет орындары лауазымды адамдарды, болыстарды, село және ауыл 
басқарушыларын, байырғы тұрғындардан шыққан төменгі шенді полицейлерді, имамдарды, 
молдалар мен мүдәристерді, ұсақ кредит мекемелеріндегі есепшілер мен бухгалтерлерді, 
жоғарғы және орта оқу орындарындағы оқушыларды, үкіметтік мекемелердің шенеуніктерін, 
дворян және құрметті азамат құқықтарын пайдаланатын адамдарды әскерге алудан босатты. 
Қазақстанның әр түрлі аудандарында пайда болған стихиялы қозғалыс бірте-бірте 
ұйымдасқан сипат ала бастады: Жетісуда (басшылары: Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, 
Жәмеңке Мәмбетов, Тоқаш Бокин, Әубәкір Жүнісов, Серікбай Қанаев, Монай және Мұқан 
Ұзақбаевтар және т.б.) және Торғайда (басшылары - Әбдіғаппар Жанбосынов, Амангелді 
Иманов, Әліби Жангелдин және басқалар) оның ірі ошақтары пайда болды. 
Жетісудағы көтеріліс тарихын: 1) шілде - стихиялық наразылық көріністері, 2) тамыз - 
оның қарулы көтеріліске ұласуы және 3) қыркүйек-қазан - көтерілістің біртіндеп бәсеңдеуі 
және жеңіліс табуы деген кезеңге бөлуге болады. 
М. Тынышбаевтың мәліметі бойынша, 25 маусымдағы патша жарлығы Жетісу 
қалаларында 8 шілдеде белгілі болған. Облыстың жекеленген уездерінде жұмысшыларды 
шақыру туралы телеграммалар одан бұрын, 2 және 3 шілдеде келіп түскен. Шілде айының 
бас кезінде-ақ толқулар Верный уезінің батыс және оңтүстік бөліктерін қамтып, оларда 
көтерілісшілерге Бекболат Әшекеев, Тоқаш Бокин, Аққоз Қосанұлы және басқалар 
басшылық етті. Соғыс ошағы ұлғайып, халық наразылығы үдеп кетуіне орай, патша үкіметі 
ендігі тұста көтеріліс қимылдарын басу үшін іс-шаралар қолдануды ұйғарды. Нәтижесінде 17 
шілдеде Жетісуда және Түркістан өлкесінде соғыс жағдайы жарияланып, патша үкіметі 
мұнда ірі әскери күштер алып келді. Жетісу облысы Жаркент уезі көтерілісшілерінің Асы 
жайлауында, Қарқараның таулы алабында, Самсы, Кастек, Нарынқол, Шарын, Жалаңаш, 
Құрам елді мекендері аудандарында, Лепсі уезінің Садыр-Матай болысында және басқа 
жерлерде патша жазалаушыларымен ірі қақтығыстар болады. 
Осындай жағдайда Верный уезінде Б. Әшекеев Жетісудың бытыраңқы көтерілісшілер 
топтарын біріктіру үшін шаралар қолданып, 1916 жылғы 13 тамызда Ошақты деген жерде әр 
түрлі болыстар өкілдерінің съезін шақырады. Съезде тыл жұмыстарына адамдар алу туралы 
жарлық шығарған үкімет орындарына қарулы қарсылық көрсетуге дейін барып, бағынбауға 
шешім шығарды. Өз жақтастарымен Үшқоңыр тауындағы Ошақты сайына орнығып алған Б. 
Әшекеев қарулы қарсылыққа дайындала бастады. Алайда, бұл әрекеттер айтарлықтай 
жетістіктер бермей Б. Әшекеев басшылығымен орын алған Жетісудағы ұлт-азаттық көтеріліс 
басылып-жаншылады. 7 қыркүйекте Верный қаласында Верный әскери гарнизонының соты 
болып, көтеріліс басшыларының бірі Б. Әшекеевті өлім жазасына кесіп, дарға асу туралы 
үкім шығарды. Соттың үкімін облыстың әскери губернаторы Фольбаум нақ сол күні бекітіп, 
үкім бір күннен соң, яғни 1916 жылғы 9 қыркүйекте Верныйдың жанындағы Боралдай деген 
жерде орындалады.
Сотсыз және тергеусіз атылғандарды есептемегенде, сот үкімімен Түркістан өлкесінде 
1917 ж. 1 ақпанына дейін 347 адам өлім жазасына, 168 адам каторгалық жұмыстарға, 129 
адам түрмеге жабылуға кесілді. Жетісудың байырғы тұрғындарының төрттен бірі Қытайға 
қашуға мәжбүр болды.
Дәл осындай көтерілістің ірі ошақтарының бірі - Торғай өңірі болды. Көтерілісшілер 
саны 50 мыңға жетеді. Бұл кезде Торғай уезі негізінен қыпшақ және арғын рулары 
шоғырланған 13 болыстан тұратын. Көтерілістің бастапқы кезеңінде толқулар қыпшақтар 


108 
мекендеген Қайдауыл, Аққұм, Қаратоғай, Сарытоғай, Қарақопа болыстарын, сондай-ақ 
негізінен арғындар мекендеген Тосын, Майқарау, Сарықопа, Наурызым, екінші Наурызым 
болыстарын қамтыды. Көтерілістің етек жаюы барысында Әбдіғаппар Жанбосынов қыпшақ 
көтерілісшілерінің ханы етіп жарияланса, Шолақ Оспанов арғын көтерілісшілерінің ханы 
болып сайланады. Кейіннен 1916 жылы 21 қарашада 13 болыс (6 болыс арғын, 6 болыс 
қыпшақ, 1 болыс найман) өкілдерінің құрылтайында халық арасындағы атақты Нияз бидің 
ұрпағы Әбдіғаппар Жанбосынов көтеріліске шыққан Торғай уезінің ханы болып сайланады. 
Құрылтайға қатысушылардың келісімімен Кенесары Қасымовтың серігі, атақты Иман 
батырдың немересі Амангелді Иманов көтерілісшілердің сардарбегі болып тағайындалады. 
Әрбір қолды басқаруға тиісінше онбасы, елубасы, жүзбасы, мыңбасы тағайындалды. 
Сардарбек жанында әскери кеңес жұмыс істеді. 
22 қазанда А. Иманов бастаған 15 мың қол Торғай қаласын қоршады. Қаланы қоршау 
бірнеше күнге созылып, қоршау кезінде генерал-лейтенант А. Лаврентьевтің жазалаушы 
корпусы қалаға қарай үш бағытта бет алды. 16 қарашада А. Иманов бастаған 12 мың адамға 
жуық сарбаздар Түнқойма пошта станциясына шабуыл жасайды. Көтерілістің негізгі 
көпшілігі адам күшін сақтау үшін қарашаның екінші жартысында Торғайдан 150 шақырым 
жерге жетіп, Батпаққара ауданына шоғырланады. Осы жерден 1916 жылғы қарашаның 
екінші жартысынан 1917 жылғы ақпанның ортасына дейін жазалаушыларға қарсы 
партизандық жортуылдар жасалады. Көтерілісшілер мен жазалаушылар арасында Татырда, 
Ақшығанақта, Доғал-Үрпекте, Күйікте шайқастар болды. Шайқас 1917 жылғы ақпанның 
екінші жартысына, яғни ақпан революциясына дейін созылды.
Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі Торғайдан өзге барлық аймақтарда 
қатаң басып-жаншылды. Семей және Ақмола облыстарында көтерілісшілерге қарсы 12 атты 
әскер жүздігі, 11 күшейтілген жаяу әскер ротасы қимыл жасады, ал Торғай көтерілісшілеріне 
қарсы патшалық өкімет орындары 17 атқыштар ротасын, 18 казак жүздігін, 4 атты әскер 
эскадронын, 18 зеңбірек, 10 пулемет және басқаларды әкеп төкті.
Қазақ қауымында патшаның 1916 жылғы маусым жарлығы мен көтеріліске көзқарас 
бірдей болған жоқ: ауылдың феодалдық-байшыл билеуші тобы мен жергілікті әкімшіліктің 
белгілі бөлегі патша жарлығын толығымен қолдап, оны белсенді түрде жүзеге асырушылар 
болды; қазақ интеллигенциясының радикалды батыл іс-қимылға бейім өкілдері (мысалы, Т. 
Бокин, Ж. Ниязбеков, Т. Рысқұлов, Ә. Жангелин, С. Меңдешев, Б. Алманов, Ә. Жүнісов т.б.) 
халықты қарулы көтеріліске шақырып, оған өздері де қатысты.
Ал «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов 
сияқты либерал-демократиялық зиялылар өкілдерінің жетекшілері халықты жарлықты 
орындауға қарсы шықпауға үгіттеп, оны орындамаған жағдайда қазақтар қантөгіске 
ұшырауы мүмкін деп санады. Осынау алмағайып кезеңде «Алаш» қайраткерлері халықты 
жаңа аласапыраннан қорғаштап, қайткен күнде оны аман сақтауға тырысты. Сондықтан да 
олар қарулы көтеріліске қарсы болып, қазақтарды патша жарлығын орындауға шақырды. 
Біріншіден, олар Ресейге төнген сыртқы қатердің бодан болып отырған қазақтарға да толық 
қатысы бар деп санады. Бұдан сырт қалуға болмайды, - деп есептеді. Екіншіден, іс жүзінде 
қарусыз қазақтардың тұрақты орыс армиясына қарсы бас көтеруін болдырмауға талпынды. 
Қарусыз халық өкіметтің жазалау шараларының құрбаны болады деп қауіптенді. Үшіншіден, 
соғыс Ресей үшін жеңіспен біткен жағдайда қазақтардың хал-күйі жеңілдеп, ұлттық 
автономия құрылатынына үміт артты.
Жеке-жеке бұрқ еткен толқулар көп ұзамай қарудың күшімен жанышталып, 
жұмысшыларды реквизициялаумен майданға жөнелту басталды. Зиялылар (көпшілік бөлігі 
мұғалімдер) бұған үн қосты және көп кешікпей Минскіде земство одағының жанынан 
бұратаналар бөлімі құрылды.
Қазақ зиялылары майдан тылында еңбек еткен қазақ жігіттерінің сөзін сөйлеп, мұңын 
жоқтады. Ә. Бөкейханов, М. Дулатов т.б. бастаған қазақ зиялылары Минскіде, тағы басқа 
тыл жұмысына шақырылғандар көптеп шоғырланған қалалар мен елді мекендерде болып, 
оларға қолдан келген көмектерінің бәрін көрсетті.


109 
1916 жылғы көтерілістің айрықша ерекшелігі өлкенің бірқатар аудандарында (негізінен, 
Қазақстанның оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында) оған қазақтармен қатар қырғыз, 
ұйғыр, өзбек және басқа да халықтар өкілдерінің де қатысуы болды. 
Қазақстан мен Орталық Азиядағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тұтас алғанда 
Ресей империясындағы саяси және әлеуметтік-экономикалық дағдарыстың одан әрі асқына 
түсуіне себепші болды.
Бақылау сұрақтары: 
1.
1905-1907 жж. Бір інші орыс революциясының Қазақстанға әсері қандай болды? 
2.
Қарқаралы петициясын кім дер дайындады және оның мазмұны қандай? 
3.
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің себептері неде? 
4.
Ә.Бөкейханов, М.Дулатов т.б. бастаған қазақ зиялыларының 1916 жылғы 3 
маусымдағы патша жарлығы туралы пікірлері қандай болды? 
5.
«Қазақ» газеті, «Айқап» журналы қашан шықты және олардың бағыттары қандай? 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   49   50   51   52   53   54   55   56   ...   74




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет