43
билеушісі Мамай Куликово даласында Дмитрий Донской бастаған орыс әскерінен жеңіледі.
Жошының ұрпағы Тоқтамыс хан Мамайдың әлсірегенін пайдаланып, Алтын Орда билігін
тартып алады. Өз билігін әскери жеңістермен нығайту үшін ол 1382 жылы Мәскеуге жорық
жасап, оны талқандап, өртейді. Ол сонымен қатар Мәуераннахр
мен Кавказдың ар жағына
бірқатар жорықтар жасайды. Тоқтамыстың кезінде (1380-1395) Алтын Орда уақытша
күшейеді. Бірақ ХІҮ ғ. соңында Әмір Темір Алтын Ордаға бірнеше рет жорық жасап (1389,
1391, 1395 жж.), оны ойрандап кетеді. Алтын Ордаға Темір мемлекетімен болған соғыс өте
ауыр тиді. Осы соққыдан ол оңала алмайды. ХҮ ғ. орта кезінде Алтын Орда құлайды. Ол
Сібір хандығы, Ноғай Ордасы, Қазан хандығы, Қырым мен Астрахан хандықтарына бөлініп
кетеді.
Алтын Ордада Жошы ұлысының мемлекеттік құрылысының негізгі бастамасы
сақталды. Жошы ұрпағының мемлекеті саяси құрылысы жағынан ұлыстарға бөлінген, өз
кезегінде ұлыстары неғұрлым ұсақ үлес-иеліктерге бөлшектенген әдеттегі көшпелі мемлекет
болған еді. Алтын Орданың ішкі басқару жүйесінде қызмет адамдарынан, әскери
ақсүйектерден құралған әкімшіл-чиновниктік аппараты маңызды орын алды. Армияны және
мемлекеттің ішкі істерін басқару үшін ерекше лауазымдар белгіленді.
Алтын Орданың
билеушісі - хан ондағы барлық қарулы күштердің бас қолбасшысы саналды. Ханның атынан
бүкіл әскери істі беклербек басқарды, ал азаматтық биліктің басында уәзір тұрды. Беклербек
уәзірден дәреже жағынан жоғары тұрды. Ол басқа мемлекеттермен дипломатиялық
қатынастарды басқарды және азаматтық істерді шешкен кезде жоғары сот билігін атқарды.
Алтын Ордада атқарушы орган – диуанның басында уәзір тұрды. Атқарушы өкіметтің
орталық органы – диуанның қарауында қаржы, салық және басқа ведомстволар болды.
Диуанның хатшысы бітікші деп аталды. Уәзір мемлекетті азаматтық тұрғыдан басқару ісінде
ханның кеңесшісі болды. Мемлекеттік басқару жүйесінде даруғалар мен басқақтар маңызды
орын алды. Даруғалар негізінен салық жинаумен айналысты, басқақтар басқару міндетін де
атқара отырып, жергілікті халыққа әскери бақылауды жүзеге асырды. Олар сонымен қатар
қалалар мен бағынышты ұлыстардан алым-салық та жинады.
Монғол әскерлерінің басқыншылығы жаулап алған елдер үшін өзінің зардабы жағынан
ауыр апат әкелді. Ол көптеген халықтардың экономикалық және мәдени прогресін, олардың
саяси, әлеуметтік және этникалық дамуын тежеді. Монғолдардың шапқыншылығы
салдарынан өндіргіш күштер әлсіреді. Көптеген қалалар қиратылып,
ортағасырлық қала
мәдениетіне үлкен зиян келтірілді. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өңіріндегі
отырықшылық өмір мен егіншілік мәдениетіне бұл ауыр соққы болып тиді. Бағындырылған
халықтан алынатын алым-салық та ауыр және көп болды. Зерттеушілердің айтуынша
салықтың 20 шақты түрі болған.
Дегенмен, монғол басқыншылығының апатты зардаптарымен бірге кейбір жағымды
жақтары да болған. Монғол өкіметтері сауда-саттық пен халықаралық байланыстың дамуына
жағдай жасады, жер-жердің бәрінде пошта және көлік қатынасы қызметін енгізді. Монғолдар
бір орталыққа бағынатын өкімет идеясын әкеледі, бұрын ұйымдаспаған тайпалардың басын
қосады. Көшпелі өмір тәртібін Шыңғысханның заңдар жинағы – «Ясасына» сәйкес келтіре
бастайды. Кейін «Ясаның» кейбір нормалары қазақ заңдарында белгілі дәрежеде
пайдаланылады. Мемлекеттіліктің әлеуметтік ұйымы мен түрлерінің
көптеген нормалары
монғол дәуірінен кейін Қазақстанда пайда болған мемлекеттерде қажетке асырылады.
Монғол жаулаушылығы Қазақстан жеріндегі этникалық процестер барысына да әсер етеді.
Бақылау сұрақтары:
1.
Жошы қай жылдары «орман халықтарын» өзіне бағындырды?
2.
Шыңғыс хан үш ұлына Жошы, Үгедей, Шағатай ұлысына бөліп берген
ұлыстық жерлерге қандай территориялар жатты ?
3.
Алтын Ордадағы «Ұлы дүрбелең кезеңі» қай жылдар?
4.
Алтын Ордадағы атқарушы ұйым қалай аталды?