«Cауат ашу және жазуға үйрету әдістемесі» пәнінің мақсаттары мен мазмұны. Қазақстан Республикасының білім беру жүйесіндегі нормативтік құжаттарға сипаттама. «Сауат ашу әдістемесі»
«Cауат ашу және жазуға үйрету әдістемесі» пәнінің мақсаттары мен мазмұны. Қазақстан Республикасының білім беру жүйесіндегі нормативтік құжаттарға сипаттама. «Сауат ашу әдістемесі» пәнінің мақсаты – сауат ашу әдістемесінің теориясынан студенттерге жүйелі білім беру, сабақ жүргізу әдіс-тәсілдерін меңгерту.
Осы мақсатқа жету мынадай міндеттерді көздейді:
сауат ашуға байланысты практикалық іскерлік пен дағды қалыптастыруға негіз болатын теориялық және практикалық мағлұматтар беру;
оларды пәннің танымдық, тәрбиелік, дамытушылық мақсаттарын іске асыруға дайындау;
сауат ашудың әдіс-тәсілдерін меңгерту.
Сауат ашу әдістемесі педагогика, психология, лингвистика ғылымдарымен тығыз байланысқа түсіп, жеке тұлғаның қалыптасуының белгілі бір аспектілерін қарастырады.
Сауат ашу әдістемесі психологиямен тығыз байланысты. Психология оқушының психологиялық ерекшеліктерін сипаттайды: жоғары нерв жүйесінің қызметі туралы ілімге сүйене отырып, ол оқытудың әдісі мен тәсілін психологиялық тұрғыда дәлелдеуге көмектеседі. Сөйтіп сауат ашуға байланысты әдістемелік мәселелерді дұрыс түсініп, практика жүзінде шешуге мүмкіндік береді.
Оқушының оқу материалын қабылдауы, есінде сақтауы, түсінуі, ойлауының дамуы олардың жан дүниесінің ерекшелігімен байланысты. Осыған орай мұғалім өзінің әрбір оқушысын, оның психикасын, материалды қабылдау және есінде сақтау дағдыларының дәрежесін білуге, жағдай жасайды, оқушыларды жүйелі зерттейтін әдістермен қаруландырады.
Пән бойынша берілетін теориялық білім тәжірибе арқылы бекітілуі, яғни іскерлік пен дағдыға айналуы тиіс. Дағдыға, іскерлікке айналмаған білім тез ұмытылады. Ал дағды мен іскерлік – психологиялық ұғым. Дағды дегеніміз – адамның әрекетті орындау процесінде жасалатын саналы әрекеттің дағдыланған бөліктері. Дағдылар жаттығу арқылы туындайды. Дағды іс-әрекет процесінде оған бағынышты құрылым ретінде қалыптасады. Демек теориялық білім жаттығудың, қайталаудың негізінде дағдыға айналады. Осыған орай оқулықтарда міндетті түрде жаттығулар беріледі, қайталау сабақтары жүргізіледі. Яғни, оқушының сабақты жақсы немесе жаман оқуы олардың психикалық әрекеттерінің дамуымен тікелей байланысты.
Сауат ашу әдістемесі ғылымы педагогика ғылымымен тығыз байланысты. Педагогика ғылымы: дидактика және тәрбие теориясынан құралатыны белгілі. Ал оқу мен тәрбие – егіз. Дидактика мен әдістеме ғылымының қарастыратын нысандары бір. Ол – оқыту үрдісі. Айырмашылығы: дидактика білім беру, оқыту үрдісін жалпылама қарастырса, әдістеме жеке пәндерді оқыту заңдылықтарын қарастырады.
Дидактика педагогиканың маңызды бір бөлігі – оқытудың жалпы теориясы ретінде қазақ тілі әдістемесінің негізі болып табылады. Сауат ашу әдістемесі ғылымы дидактиканың ұстанымдарына, оқытудың әдіс-тәсілдеріне, тексеру формаларына, білімді бағалау нормаларына сүйенеді. Мысалы, оқушыларға ұсынылатын тілдік материалдар ғылым негіздеріне (ғылыми ұстаным) сүйене отырып, жүйелі және бірізді (жүйелілік ұстанымы), саналы түрде (саналылылық ұстанымы), берік, тиянақты (берік, тиянақты болу ұстанымы), өмірмен байланыстыра (теорияны өмірмен байланыстыру ұстанымы) беріледі. Осыған орай әдістеме ғылымы педагогиканың бір саласы ретінде қарастырылады.
Сауат ашу әдістемесі ғылымы тіл білімімен тікелей байланысты. «Сауат ашу» пәнінің оқыту аясы қазақ тілінің дыбыстық және әріптік (графикалық) жүйесі; қазақ тілінен алғашқы грамматикалық мағлұматтар болғандықтан, ол алдымен тіл біліміне арқа сүйейді. Мысалы, тіл білімінен берілетін фонетикалық мағлұматтар: дыбыстарды дұрыс айту, жазу, дұрыс сөйлеу, мәнерлеп оқуға, емлеге үйрету т.т. әдістемелік мәселелермен тығыз байланысты іске асырылады.
Қазақстан Республикасындағы орта білімді дамыту концепциясы маңызды нормативтік құжат болып табылады. Онда білім беру саласының жағдайына сыни тұрғыда баға берілген. Концепция білім берудің басты үш мақсатын (шығармашылық, дүниеге көзқарас, терең білім) алуға қояды және мектептегі оқу-тәрбие процесінің негізгі мақсатын айқындайды.
Қазақстан мектептерінің қызметіндегі басты бағыт оқушылардың білім, білік, дағдыларын біртіндеп қалыптастыру және олардың талдау, логикалық ойлау қабілеттерін дамыту болып табылады. Осыған байланысты концепция білім берудің әрбір кезеңінің негізгі мақсаттарын анықтайды:
мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие: мектепке дейінгі білім беру бағдарламаларына орай білім алуда балалардың тең дәрежелі мүмкіндікке ие болуын қамтамасыз ету;
жалпы орта білім: азаматтардың міндетті жалпы орта білім алуына және оның сапалы болуына конституциялық құқықпен қамтамасыз ету;
бастауыш және орта кәсіптік білім: бастауыш орта кәсіптік білім беру орындарын бітірушілердің еңбек рыногында бәсекеге жарамдылығын қамтамасыз ету, сонымен бірге үлкендерді кәсіби даярлау мен қайта даярлаудан өткізу;
жоғары және жоғары оқу орындарынан кейінгі білім: орта мектепті, бастауыш және орта кәсіптік оқу орындарын бітірушілерді кәсіби дайындауға, жоғары оқу орындарын бітірушілерді қайта даярлауға жағдай жасау.