Бәйгетөбе обасы Үшінші «Алтын адам» – нағыз Сақ патшасы «Шілікті» қорғандарын зерттеуді аяқтап, жеті жыл бойы жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесін шығарған Қазақ ұлттық университеті мен семейлік жас археологтар үшінші «Алтын адамға» қатысты «нағыз Сақ патшасы осы болған» деген тұжырымға келіп отыр.
Алматының іргесіндегі «Есік» қорғандарынан табылған ең алғашқы жәдігерден кейін еліміздің әр жерінен төрт алтын адам табылды. Соның ішіндегі ең ерекшесі – үшінші «Алтын адам». Ол Шығыс Қазақстанның Зайсан өңірінен табылған болатын. Археологиялық қазба жұмыстары барысында он шақты қорған қазылып, соның біреуінен ғана құнды мұра кездескен. Тарих ғылымының докторы, профессор Әбдеш Тәшкенұлы зәулім ескерткіште жалғыз жерленген адамды ерте сақ заманына жатқызады. «Алтын адамның» түр-тұлғасы мен киген киімін, сондай-ақ әшекей бұйымдарын жан-жақты зерделеген ғалымдар бір тоқтамға келіпті. Біздің дәуірімізге дейінгі VIII ғасырда өмір сүрген бұл адам сақтардың патшасы болған. Тағы бір анығы, жасы 37-де екен. Үстіндегі әшекейлер сол маңда өндірілген саф алтыннан жасалған. Және бұл патша осы уақытқа дейін табылған басқа «Алтын адамдардан» бірнеше ғасыр бұрын өмір сүріпті.