179
үрікпей тарату мүмкіндігі туды... Өйткені Мәдинаның ең мықты екі руы -
Хазраж бен Әус ел басына күн туса да меккелік мұсылмандарға қорған
болуға, көмектерін аямауға сөз берген-ді...
Ислам шұғыласы осылайша бүкіл Мәдинаға жайылды.
Мүшріктер мұсылмандардың жолы болғыштығына қызғана қарап,
Исламның кең таралуынан қауіптенсе, Хазіреті Мұхаммед Мәдинаның
тезірек Ислам орталығы болуын тіледі...
Мәдиналықтармен арадағы келісімдерін естіген меккелік мүшріктер
мұсылмандарға зорлық-зомбылықты онан сайын күшейтіп, тістерін қайрады.
Меккеде мұсылмандардың жалғыз жүруінің өзі мүмкін болмай қалды. Олар
зәр ішіп, у жұтқандай күй кешті.
Аллаһ алдындағы парыздарын да адам айтқысыз ауыр азаппен
арпалысып
жүріп,
зорға
өтейтін
мұсылмандар
пайғамбарымызға
жағдайларын айтып, елден көшуге рұқсат сұрады. Сүйікті Пайғамбарымыз
Аллаһтан ондай жарлық келмегенін түсіндіріп, діндестерін сабырға
шақырды.
Осы әңгімеден соң арадан бірнеше күн өткенде Аллаһтан бұйрық түсіп,
Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) бұл жайды мұсылмандарға сүйіншілете жеткізді:
"Сіздердің көшіп ат басын тірейтін тұрақтарыңыз - екі тастақ жердің
арасында орналасқан, құрма бағы жайқалған қала екені маған көрсетілді.
Меккеден кеткісі келгендер солай қарай бағыт алсын. Мәдинадағы
бауырларымен тізе қосып, төс қағыстырсын, ынтымақтассын. Ұлы Аллаһ
Тағала оларды сіздерге бауыр етіп, Мәдинаны сенімді, қауіпсіз мекен
қылды".
Осыдан байқалғандай, құрайыш мүшріктерінің қыспағы Исламның
әмірлерін орындауға қауіп төндірген, қу тірліктің мәнін кетіріп,
мұсылмандардың, ішкенін іріңге, жегенін желімге айналдырған.
Хазіреті Айшаның:
"Мұсылмандар дінін қорғау үшін хижрет етуге - көшуге мәжбүр болды.
Өйтпесе діннің әмірлерін орындау мүмкін емес еді", - дегені бар.
Олай болса, Мәдинаға хижрет, яғни мұсылмандардың ауа көшуі,
кейбіреулер айтқандай, қашу емес, адалдық жолындағы ізденіс. Дінге төнген
қауіпті сейілтіп, Аллаһтың қағидаларын орындау үшін тыныш, қолайлы
мекен іздеу.
Дін - Аллаһтың әмірі болғандықтан, оның шарттары міндетті түрде
жүзеге асырылуға тиіс. Егер орта ол талаптарды атқаруға қолайсыз болса, ол
жерді тастап көшу - мұсылмандар үшін шарт. Мүмкіндік бола тұрып, дініне
қауіпті ортадан бас тартпағандарға кешірім жоқ екені Құранда айтылады.
Әрбір Аллаһтың құлы парыздарын өтеуге оңтайлы орын іздеуге жауапты.
Пайғамбарлар пайғамбары Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) хижрет мәселесін
егжей-тегжейлі ойланып, мұсылмандарға өте мұқият, сақ қимылдауды тағы
да тапсырды. Мүшріктердің назарына ілікпеудің амалдарын қарастырып,
бірнеше адамнан бөлек-бөлек шығуды ойластырды.
Пайғамбардың кеңестерін тыңдап, ақылға түйген мұсылмандар екі-
үштен ықтиятты түрде сапарға шығуға бел буды.
180
Ең бірінші болып Әбу Сәлама ибн Әсет есімді сахаба Меккеден
Мәдинаға қарай бағыт алды...
Отыз тістен шыққан сөз естілмей қалсын ба, мүшріктер мұны да біліп
қойып, мұсылмандардың ізін кесіп, қолға түсіргендерін Меккеге қайтарып,
әлекке түсті. Әйелдерді күйеулерінен айырып, көнбегендерін зорлықпен
қапасқа қамап ойран топырын шығарды. Тек қана ашық шайқасқа себеп
болып кетер деген оймен адам өлтіруден басқа айуандықтың бәрін жасап
бақты. Бірақ олардыкі босқа сабылу, босқа шашылу еді. Өйткені иманнан
күш алған мұсылмандар алға қойған мақсаттарын орындауға тас-табандап
бекінген.
Бірбеткейліктерінің арқасында Аллаһтың ақ жолын ұстануға бекінген
оларды қорқыту, қайтару еш пайда әпермейтіні белгілі болды. Көш жалғаса
берді...
Қыспаққа ұшыраған сайын қанаттанған көңілдер Мәдинаға бұра
тартып, нұрлы көкжиекке ұмсынып, самғай түсті.
Құтты мекен де жаңа тұрғындарын зарыға күтуде...
Достарыңызбен бөлісу: