ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ ХИЖРЕТІ
Қаныпезер құрайыштар қанды қаулыларын іске асыруға асығып, қызу
дайындыққа кіріскен. Дәл осы тұста Хазіреті Мұхаммедке Аллаһтан көшуге
рұқсат әмірі түсті.
Пайғамбарымыз әдетте Хазіреті Әбу Бәкірдің үйіне күнде таңертең,
кешке екі мезгіл соғып кететін. Жоғарыдағы әмірді алған сәтте, түс әлетінде
сыддық досының үйіне асығыс келеді. Пайғамбардың бейуақтағы келісінен
секем алған Хазіреті Әбу Бәкір:
"Әке-шешем сен үшін құрбан болсын, айта отыр, жайшылық па,
әйтеуір?" - деп сұрады.
Саңлақ пайғамбар:
"Құдіреті күшті Жаратқан Аллаһ маған Меккеден Мәдинаға көшуге
рұқсат берді", - деді.
Хазіреті Әбу Бәкір:
"Мен ше? Саған жолдас болуға жараймын ба?"
Хазіреті Мұхаммед:
"Әрине, оған сөз бар ма?" - дегенде, Хазіреті Әбу Бәкір қуанғанынан
көз жасын селдетті.
Хазіреті Айша кейінірек бұл жөнінде:
"Өмірімде қуаныштан сонша жылаған адамды көрген емеспін", - деп
еске алған.
Аллаһ Елшісі мен сахаба Әбу Бәкір өздеріне жол бастаушы етіп
мүшріктердің арасында жүргенмен сенімділігімен, жігіттігімен, сөзіне
беріктігімен танылған Абдуллаһ ибн Ұрайкитті таңдап, үш күннен соң Сәуір
тауының етегінде кездесуге сөз байласып, түйелерін дайындап, тапсырады.
Жолға дайындықты тәмамдаған соң Мұхаммед (с.а.у.) көңілі тоғайып,
үйіне қайтады.
Сол заматта уахи тасушы періште - Жебірейіл келіп пайғамбарымызға
мүшріктердің шешімін білдіріп:
"Бүгін түнде күнде жатып жүрген төсегіңе жатушы болма!" - деп
ескертеді.
Мұнан соң Мұхаммед (с.а.у.) Хазіреті Әлиді шақырып алып:
"Бүгін менің орныма сен жат. Мына жасыл шапанымды жамылғайсың.
Еш қорқушы болма, саған зиян келмейді", - деді.
Сонан соң бір кездері мүшріктердің сақтау үшін өзіне аманат еткен
қымбат бұйымдарын Әлиге беріп, осыларды иелеріне табыстағанша Меккеде
қалатынын ескертті. Меккеліктер бағалы заттарын өздерінде сақтауға
қорыққандықтан Хазіреті Мұхаммедке сеніп тапсыратын. Мұхаммедул-Әмин
атандырған да пайғамбардың асқан сенімділігі еді. Мүшріктер өздері көзін
183
жоюды көздеген адамның қолына бар бағалы заттарын, қымбат дүниелерін
табыстайтын болған. Аманатқа көзінің қарашығындай қарайтын ол, қол
астындағы заттарды иелеріне табыстауды, өзі кетіп бара жатса да, бір сәт
есінен шығармаған.
Достарыңызбен бөлісу: |