1.2. Даму ұғымы Аталмыш ұғым қайсыбір өзгерісті, жаңа қабілеттердің туындауын, жетілуді қамтиды. Кез келген өзгерісті даму деп атауға бола ма? Өсу, даму жəне жетілу ұғымдарын салыстырып көрелік. Аталмыш ұғымдар өзара байланысып, өзара ұштасатын болса да, олар бір-бірінен өзгеше үдерістер болып табылады.
Өсу – жеке ағзалардың, олардың жүйелерінің, тұтастай организмнің маңызды мүмкіндіктерінің сандық өзгерістері, мөлшерлерінің ұлғаюы.
Даму – құрылымның сапалы өзгеру, қайта құрылу, өңделу үдерісі. Даму əрдайым жүйенің дамуы болып табылады, жаңа қасиет тек жүйенің қайта өңделуі ретінде туындайды. Соған сəйкес даму объектісі – оқшауланған элемент емес, жүйе болып табылады.
Жетілу – генетикалық жоспарға сəйкес органикалық өсу мен дамудың бағдарламаланған үдерісі. Жетілу сандық жəне сапалы өзгерістерді қамтиды.
Адамның шынайы тіршілік əркетінде жəне психикалық дамуында аталмыш үш үдеріс бір-бірімен тығыз байланысады. Алайда зерттеу мақсатында олар бір-бірінен ажыратылуы тиіс. Даму онтогенезде генетикалық бағдарламаланған өзгерістерді болжау қажеттілігінен жетілу жағдайында жүзеге асады. Жетілу қажет алғышарттарды құрып, дамуды шектейді. Жетілу – дамуды шектейтін əрі мүмкіндіктерін қалыптастырушы объективті үдеріс болып табылады. Даму сапалы өңдеулердің негізі болып табылатын сандық өзгерістерге негізделеді.
Дамудың негізгі сипаттамаларын ерекше атап көрсету үшін оның философиядағы түсінігін қарастыралық.
1. Дамудың сапалы өзгерістері. Сапалы бір күйден екіншісіне өту. Мəселен, ойлау көрнекі əрекетшіл түрінен көрнекі бейнеліге жəне сөздік қисынды ойлауға алмасады.
2. Өзгерістердің мұрагерлігінің негізінде дамудың қайтарымсыздығы. Дамудың қайтарымсыздығы дегеніміз – біздің балалық шаққа, жеткіншек кезеңіне қайта орала алмайтынымыз. Мəселен, 40-45 жас шамасындағы дағдарыс кезеңінде жастық шақтың символды өлімін қабылдау қажет. Дамуды алға жылжу бар да, кері қайту жоқ. Алайда, біз ойша өткен шаққа орала аламыз, оны өңдеуге мүмкіндігіміз бар, психоанализ бен психотерапия дəл осы əдіс-тəсілдерге сүйенеді. Мұрагерлік сапалы, қайтарымсыз өңдеудің сақтаумен жəне тұрақтылықпен үйлесімін білдіреді.
Мəселен, «эго-ұқсастық» ұғымы орын алған барлық өзгерістерге қарамастан «Мен» ұғымының мұрагерлігі мен сəйкестігінің сақталуын білдіреді. Эго-ұқсастықтың құрылымы тұлғаның тұрақты негізін құрайды. Даму əрдайым қайсыбір тұрақтылықты болжайды.
3. Даму объектісінің ерекше болуы. Дəл не нəрсе дамиды?
Психика, ес, зейін, бала, индивид немесе əлеуметтік байланыстар жүйесіндегі индивид пе? Дамудың нысанын түсінудің екі тұрғысы бар:
● дəстүрлі классикалық психологияда индивид (оның нысаны немесе санасы) даму объектісі ретінде анықталады;
● мəдени-тарихи тұғырда даму нысаны ретінде əлеуметтік қатынастар жүйесіндегі адам болып табылады, оқшауланған индивид емес, əлеуметтік қатынастар мен байланыстар жүйесіндегі субъект (бала) дамиды. Аталмыш тұғыр кеңестік ғалымдар Л. С. Выготскийдің, А. Н. Леонтьевтің, Д. Б. Элькониннің, А. В. Запарожецтің, сондай-ақ шетелдік зерттеушілер У. Бронфенбреннердің, М. Коулдың еңбектерінде көрсетілген.
4. Дамудың құрылымы немесе механизмі. Психикалық дамудың заңдылықтарын зерттеудің ақырғы мақсатын құрайды. Дамудың құрылымы:
● бастапқы жəне ақырғы күйіндегі даму нысаны;
● нысанның бастапқыкүйінен ақырғыкүйіне (даму үдерісіне əсер ететін факторлар мен шарттардың жиынтығы) заңды алмасуын қамтамасыз ететін даму шарттарын қамтиды.
5. Дамудың бағыттылығы. Даму бағыттылығының: алға жəне кері шегінуші екі түрі болады. Алға жетелейтін даму төменгі реттегі құрылымнан жоғарғысына көшуді білдірсе, кері шегінуші даму керісінше бағытта жүреді. Қалыпты жағдайда алға жылжитын даму басымырақ. Тұлғаның кері дамудың себептері мен барысын анықтаумен клиникалық психология айналысады. Кəріліктегі кері даму міндетті шарт емес. Дəстүрлі психологияда кəріліктегі психикалық даму тек кері жүретін үдеріс ретінде қарастырылған.
6. Дамудың қайнар көзі. Ішкі қарама-қайшылыққа толы; даму өз бетінше жүзеге асқан қозғалыс ретінде қарастырылады. Кеңестік психологияда бала дамуының əлеуметтік жағдайы мен оның тұлғалық жəне ақыл-ой аумақтарындағы психологиялық жаңалықтарының арасындағы қайшылық дамудың қайнар көзі ретінде анықталады (Л. С. Выготский).
7. Дамудың екі қалпы болады: эволюциялық – баяу, сандық өзгерістер; секірмелі – салыстырмалы қысқа мерзімде маңызды өзгерістердің орын алу, яғни дағдарыстар арқылы даму.
Психологиядағы дағдарыстар негізі – дағдарыстардың табиғаты (пайда болу себептері) жəне олардың қалыпты жəйт болып табылатын ерекше мəселе. Л. С. Выготскийдің еңбектеріне дейін онтогенетикалық дамудағы дағдарыстар дамудың бұзылуы деп есептелген болатын. Ол ұстанымға сəйкес дағдарыстар нақты бұзылыстарын дұрыс тəрбиелеу арқылы болдырмауға болатын дамуға қатысты оғаш үдеріс ретінде қарастырылған.
Қазіргі таңда дағдарыстар дамудағы, тұлғаның түрленуі мен жетілуіндегі қажетті сатысы. Егер бұрында балалық шақтағы жəне жасөспірімдік кезеңдегі дағдарыстар зерттелсе, бүгінде дағдарыстардың егдежастарға қатыстыда қалыптыүдеріс екендігі мойындалуда. Мəселен, Д. Левинсон 27-30 жастағы «арманның» қирауынан туындайтын дағдарысты жəне егде жастағы ең күрделі де айқын көрініс беретін 45 жастағы дағдарысты зерттеген.
8. Дамудың сатылылығы. Дамудың əрбір сатысының өткен шақты қамтитынын, яғни тұрақтылығын сақтай отырып, жаңа қасиеттің туындауына негіз болатынын білдіреді. Сатылылық адамның психикалық дамуының үзбелілігі мен үздіксіздігінің бірлігі ретінде түсіндіріледі.