Дамуы артта қалған балаларды коррекциялық педагогика негізінде оқыту мен тəрбиелеу ісінің бай тарихи тəжірибесі бар



Дата23.03.2023
өлшемі16,58 Kb.
#75743
Байланысты:
срс - 2


СӨЖ №2.

Дамуы артта қалған балаларды коррекциялық педагогика негізінде оқыту мен тəрбиелеу ісінің бай тарихи тəжірибесі бар. Адамзат қоғамының қалыптасу тарихына көз жіберсек, дамуында кемістіктері бар балаларға деген көзқарас қоғамдық эволюция барысында біркелкі болмағанын байқаймыз. Дамуында дефектісі бар адамдарға қоршаған ортаның қарым-қатынасы бірнеше факторларға байланысты белгіленіп отырады. Олар: қоғамның экономикалық дамуы, оның өндіргіш күштерінің даму деңгейі, қоғамдық сананың, ғылым мен денсаулық сақтау сферасының, білім беру мен мəдениеттің жағдайы, т.б. Мүгедектерге деген көзқарас шыдамсыздық пен қатыгездіктен – аяушылық, көмек көрсетуге жəне қорғауға дейінгі аралықта өзгеріп отырды.


Қайта өрлеу дəуірінен бастап ХIХ ғасырдың ортасына дейін еуропалық дефектология ғылымында жəне тəжірибесінде балалардың ақыл-ойы жəне дене бітімі ауытқуларына деген көзқарастың бірқалыпты эволюциялық арнаға түскенін байқаймыз. Бұл арада, əсіресе дəрігерлердің, педагогтар мен психологтардың еңбектерін ерекше атап өткен жөн. Есінен ауысқан ауруларға деген алғашқы гуманистік қарымқатынас қадамдарын жасаған француз психиатр дəрігері – Филипп Пинел (1745-1826) болды. Ол алғаш рет жан ауруларының классификациясын жасап, оларды туа біткен жəне жүре біткен деп бөліп, негізгі екі клиникалық түрін ажыратып берді. Пинелдің ісін əрі қарай жалғастырған шəкірті Жан-ЭтьенДоминик Эскироль (1772-1840) осы екі форманы аменция (туа пайда болған) жəне деменция (жүре пайда болған) деп атауды ұсынды. Эскироль ақылдан ауысудың симптоматикалық классификациясын негіздеп, бұл аурудың жетекші белгісі ретінде сөйлеу ерекшелігіне назар аударуды ұсынды.


Ақыл-ой дамуында кемістіктері бар балаларды оқытуда жəне тəрбиелеуде ерекше əдіс-тəсілдер қолдану керектігі туралы проблеманы өз еңбектерінде алғаш рет Швейцария педагогы И.Г. Песталоцци (1746-1827) көтерді. И.Г. Песталоцци алғаш рет мұндай балаларға арналған оқыту принциптерін ұсынды. Олар: оқытудың баланың даму деңгейіне сай болуы, дидактикалық материалдарды қолдану, ақыл-ой жəне еңбек тəрбиесін қатар жүргізуді жəне оқытуды өнімді еңбекпен ұштастыруды іске асыру. ХІХ ғасырдың орта шеніндегі жаратылыстану ғылымы саласындағы түбегейлі жаңалықтар педагогика мен психология ғылымдарының дамуына да зор ықпал етті. Бақылай отырып ойша қорытындылар шығару əдістерінің орнына зерттеудің эксперименталдық əдістері келді. Бұл жағдай ақыл-ойдың артта қалушылығы проблемасын түсіндірудің екі бағытын айқындады:


1) анатомиялық физиологиялық (Д. Бурневиль, Б. Морель, Э. Крепелин, С.С. Корсаков, Г.И. Россолимо т.б.);
2) психологиялық-педагогикалық (А. Бине, Т. Симон, Санктис де Санктис, т.б.).


Анатомиялық-физиологиялық бағыттың дамуына айрықша үлес қосқан неміс психиатры Эмиль Крепелин (1856-1926) болды. Ол алғаш рет ақыл-ой кемістігі ауруларының барлық түрлерін біріктіріп, оларды «психикалық дамудың тежелуі» деп атап, олардың туа біткен түрлерін бір топқа біріктіріп, ғылымға «олигофрения» деген терминді енгізді. Бельгия психиатры Жан Демор (1867-1941) алғаш рет бұл аурулардың шығуындағы биологиялық жəне əлеуметтік факторларды бөліп қарастырды. Бұл топтағы балаларды ол медициналық жəне педагогикалық дамуы жағынан артта қалғандар деп бөлді. Медициналық артта қалу себептерін жатырдағы кезінде немесе сəби шағында белгі берген патологиялық факторлармен байланыстырды. Педагогикалық себептерге жас кезінде дұрыс тəрбие берілмеген, дертке шалдыққан немесе мектеп тəрбиесінің «құрбаны» болғандарды жатқызды. Италия педагогы Мария Монтессори (1870-1952) ақыл-ой дамуы тежелген, артта қалған балаларға арналған ортофеникалық мектеп ашып, мұнда емдеуші педагогиканың негізі ретінде сенсомоторлық тəрбие жүйесін енгізді. ХХ ғасырдың бас кезіне қарай проблемаға сəйкес жинақталған тəжірибелер, түрлі көзқарастар, белгілі бір деңгейде қалыптасқан терминология баланың психофизикалық артта қалуының жетекші белгілерінің негізінде ғылымның осы саласын бір ізге түсіруді талап етті. Француз психологы Альфред Бине, психиатр Томас Симон сөйлеудің коммуникативтік функциялары негізінде алынған жаңа тестілік əдіс жасап шығарды. Эксперименттік жұмыстар нəтижесінде «қалып» жəне одан ауытқушылықтар диапазоны анықталды. Қалып диапазоны 1,0-0,8 бірліктерінің аралығы деп табылды. Бұл көрсеткіш «интеллектуалдық коэффициент» деген атау алды. Бұл атау зерттеушілерге арнаулы «ақыл-ой қабілетінің өлшем шкаласын» жасауға мүмкіндік берді де, эксперимент қорытындылары нəтижесінде «Қалыптан тыс адамдардың ақыл-ой деңгейін диагностикалаудың жаңа əдістері» (1905) атты еңбек жарық көрді. ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басында қалыптан тыс балаларды оқытып тəрбиелейтін көптеген қоғамдар мен қоғамдық ұйымдар құрыла бастады. Бұл мəселелермен аса көрнекті ғалымдар – Е.К. Грачева, В.П. Кащенко, Г.И. Россолимо, В.М. Бехтерев, П.П. Блонский, т.б. айналысты. 1918 жылы Совнаркомның қалыптан тыс балалар мекемелерінің барлығы Наркомсобес қарауынан Наркомпросқа өткізілсін деген декреті қабылданды. 1924 жылдан бастап кəмелетке толмағандарды əлеуметтік-құқықтық қорғау жүйесіне жұмысқа белгілі ғалым-психолог Лев Семенович Выготский (1896-1934) келеді. Оның қалыптағы балалардың дамуын зерттеу нəтижесінде жасаған психикалық даму теориясы қалыптан тыс балалық шақты зерттеулердің негізіне алынды. Л.С.Выготскийдің коррекциялық педагогика саласындағы барлық еңбектерінде адамға тəн жоғары психикалық функциялардың əлеуметтік жағдайлармен тығыз байланыстылығы туралы идея басым. 1926 жылы РСФСР Совнаркомының «Естімейтін, көрмейтін, сөйлей алмайтын жəне ақыл-есі кем балалар мен жасөспірімдерге арналған мекемелер туралы» қаулысы қабылданып, соның нəтижесінде алғаш рет арнайы оқу орындарының төмендегіше түрлері ашылды:
 қалыптан тыс мектеп жасына дейінгі балаларға арналған балалар үйі;
 мектеп жасындағы балаларға арналған мектеп – интернаттар мен мектептер;
 жасөспірімдерге арналған кəсіби-техникалық бағыттағы мектеп-интернаттар мен мектептер;
 аралас жастағы балаларға арналған мектеп-интернаттар жəне мектептер;
 жалпы білім беретін мектептер жанындағы көмекші топтар.


Осылайша, 30-жылдардың бас кезіне қарай арнайы мектептер білім беру мазмұны жағынан да, ұйымдастырылуы жағынан да арнаулы оқу мекемелерінің ерекше түрі болып бөлініп, елдің білім беру жүйесінің құрамына түпкілікті енді. ХХ ғасырдың орта шенінен бастап қазіргі кезге дейін коррекциялық педагогика мəселелерімен Г.Е. Сухарева, М.С. Певзнер, Л.С. Славина, Т.А. Власова сияқты ресейлік ғалымдар айналысып келеді. Егемен Қазақстанда бұл сала енді дамып келеді.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет